КІРІСПЕ
Жүрдек уақыт жылдарды жылдарға алмастырып, алдыға бастай береді. Қым-қуыт тіршілік, кезегінен шатыспаған мезгіл. Бұл – табиғи құбылыс, өмір заңдылығы. Қуанышы мен қайғысы, табысы мен шығыны, үміті пен өкініші алма-кезек дүниеде есте қалар сәттердің аз болмасы анық. Маңдайына жазылғанын көрген пенде қалайда бақыт пен берекеден, жақсылық пен жетістіктен күдер үзбейді. Сол үшін де талпынады. Тер төгіп, еңбектенеді. Адамның жақсылыққа тез үйреніп, өткен күндер еншісіндегі қиындықтар мен кедергілерді ұмытуға бейім келетіні тағы бар. Алайда, зер салып қарайтын болсақ, бүгінгі таңдағы толағай табыстар мен жетістіктердің өзінен өзі келмегеніне көз жеткізе аламыз. Ол үшін ерік-жігер мен тынымсыз ізденіс қажет болған-ды.
Қош делік, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған мемлекеттерді үлкен сын-қатерлер күтіп тұрды. Солардың қатарында елдікті аңсаған Қазақстан да бар еді. Күйреген экономика, күйзелген шаруашылық, тоқтаған өндіріс, тоқыраған ғылым, қысқасы, барлық саладағы дағдарыс. Бұл – сол кездегі алып держава Кеңес Одағының бізге қалдырған мұрасы болатын. Бірақ, тығырықтан жол тауып, жарқын болашаққа ұмтылу қалай дегенмен де қажет болды. Экономиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, жаңа кәсіпорындар ашу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу жас мемлекетіміз үшін оңайға түскен жоқ. Әр саланың тамырына қан жүгірту үшін іскер азаматтардың қолдауы аса қажет болды сол кезде. Мемлекет те оларға мейлінше қолдау көрсетуге тырысып бақты. Түрлі бағдарламалар, жобалар мен кешенді іс-шаралар бірінен кейін бірі жүзеге асырылып, әркімге демеу болды.
Егемендіктің алғашқы жылдары құрылған сауда орындарының бірі «Семей базары» серіктестігі жаңашылдықты игеріп, заман көшінен қалмауға бел буғаны айтпаса да түсінікті. Толқымалы тоқсаныншы жылдар әркімді жүз сынап, мың құлатты. Сауда саласына енді келіп жатқан іскер азаматтарды жұмыспен қамтып, тығырықтан шығудың жолын іздеген білікті басшы Марат Серікжанұлы Құрманбай да сол уақыттарда көп ойланды, көп ізденді. Бірақ батыл қадамдар мен ұтымды шешімдер арқасында дұрыс бағытқа бет бұрылды. Сол кездегі шағын ғана сауда орны ширек ғасырда алпауыт корпорацияға айналды.
Бұл кітап тек қана шығыс өңірі емес, сонымен қатар бүкіл республикаға танымал Семейдегі ірі сауда орталығы – «Ақшың» корпорациясының 25 жылдығына орайластырылып жазылды. Дана халқымыздың “Кәсiп түбi – нәсiп” деген ежелгi мақалы тереңге меңзейдi. Нәпақа табудың да, дүние арттырудың да алуан жолы жетерлiк. Бірақ, кім адал ісінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Жалпы, еңбекпен ширап өскен, өмiрден үйренуге үйiрсек жан жаңашылдыққа жақын қоныстанады. Біз сөз етіп отырған ширек ғасырлық тарихы бар «Ақшың» корпорациясы — тыным таппай, жарғақ құлағы жастыққа тимей қарекет қылуға бейiмденген Марат Серікжанұлының жобасы. Идеясы әрі еңбегінің жемісі.
Туындыны қолына алған талғамы мықты оқырман осы бір сауда орнының қалай құрылғандығы, атқа мінген азаматтардың қыруар еңбегі, көрген бейнетімен және зейнетімен жақын таныса алады. Бергісі шаһар, арғысы аймақ, тіпті ел экономикасының еңсесін көтеруге аянбай тер төккен білгір басшы Марат Серікжанұлы Құрманбайдың, сол сияқты жанында жүріп, мұнарлаған мақсаттарды бірге игеруге бел буған азаматтардың ширек ғасырлық мерейтой аясындағы ой-толғамдары мен естеліктерін мақала және сұхбат түрінде оқуға болады. Сауда саласын ілгерілете жүріп, халық қамын ойлаған халық қалаулысы Марат Құрманбайдың атымтай жомарттығы жайлы да көпке мәлім және тың деректерімен де танысуға мүмкіндік туады.
Ауыр да жауапкершілігі мол басшылық қызметте жүріп, мәдениет, спорт сынды түрлі саланы дамытуға үлес қосқан халық қалаулысын жаңа бір қырынан танисыздар. Ежелгі римдіктер секілді меценат атанған азаматтың «әттеген-айлары» мен асқақ армандары, туған елі мен жеріне деген ыстық махаббатының ұшқындары мен ерекше патриоттық сезіміне тағы бір мәрте куә боласыздар.
Тың туынды жылдан жылға қарыштап дамуды көздеген және сол мұраттарына жете білген корпорацияның тарих беттерінен сыр шертетін фотосуреттермен де құнды. Кітапты қолға алған алдыңғы толқын ағалар мен бүгінгі жастар сауда орталығының бірқатар ардагерлері мен ұжым мүшелерінің мерейтой аясында берген сұхбаттарын оқи алады. Әр жылдарда түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдардың бір топтамасын да жариялауды жөн көрдік.
Ширек ғасырдың беттерін саралайтын бұл туынды өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиеге, еңбекқорлыққа және өз кәсібіне деген сүйіспеншілікке тәрбиелесе деген ойда қаласың. Солай болары да сөзсіз. Егеменді елдің іргесін қалауға сүбелі үлес қосып, өзі сүйген кәсібін шыңға шығарған азаматтардан үлгі алу, соларға қарап бой түзеу – жастарға тек дұрыс бағыт көрсетері анық. Олай болса, жаңа кітап сөрелерде қалып қоймай, өткен күндерді тағы бір саралап өткісі келген аға буын өкілдері мен ізденіс пен талпыныста жүрген келешек ұрпаққа ұзақ жылдар қызмет етсін дегім келеді.
Автор