Бүгінде елімізде нәзік жандылар бизнес саласын сәтті игеріп жүр. Олардың әрқайсысы өзіне ұнаған іспен шұғылданып, шаһар мен тұтас аймақтың гүлденуіне орасан зор үлес қосып келеді. Бірі – өндіріс басқарса, бірі – шағын дүкен ашып, халықты сапалы азық-түлікпен қамтып отыр. Кондитер өнімдерін шығаратын заманауи ірілі-ұсақты цехтардың жұмысын жөнге қойып, жиһаз, киім-кешек, тұрмыстық тауарлар саудасымен айналысатындар қаншама?! Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлік саласындағы әрбір екінші бизнестің тұтқасы нәзік жандылардың қолында екен. Істері тыңғылықты, мақсаттары айқын. Осындай топ жарған кәсіпкерлердің бірі семейлік Анар Маханова екені даусыз. Жастайынан кәсіптің кілтін тапқан нәзік жанды қазір бірнеше қалалықты жұмыспен қамтып отыр. Жастарға ақыл-кеңес айтып, қоластындағы кез-келген адамға қамқорлық танытуға дайын.
Табысты нәзік жанды іскерлік пен үлкен жеңістің артында білім мен еңбек тұратынына сенімді. Сол үшін, қашанда ізденіс пен бизнестегі жаңашылдықтарды игеруге асығады. Тың идеялар мен ұтымды жобаларды жүзеге асыруға дайын. Нәтижесінде, қолға алған ісі алға басып, кәсіптің нәсібін көріп отыр.
Анар Серікжанқызы — сүйікті жар, аяулы ана. Бизнестің басы-қасында жүрсе де отбасылық құндылықтарды ешқашан ұмытқан емес. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты сақтай білген жан, балаларына жақсы тәрбие беріп, олардың лайықты білім алуына жан-жақты көңіл бөліп келеді.
Жалпы еліміздегі нәзік жанды кәсіпкерлерге жер-жердегі іскер әйелдер қауымдастығы да үлкен қолдау болып отыр. Олар жиі бас қосып, жолдарындағы кедергілерді бірге талқылап, одан шығу тетіктерін бірлесе іздейді. Бір жерге топтасып, келелі істер болса, жұмыла атқаруға мүдделі. Түрлі мерекелік шаралар мен қайырымдылық акциялардан да шет қалған емес.
МАХАНОВА Анар Серікжанқызы,
кәсіпкер
Анар Серікжанқызы 1973 жылы 2 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген.
1980-1983 жылдары №21, 1983-1990 жылдар аралығында №13 мектепте білім алды.
1990-1995 жылдары Семейдедің ет және сүт өндірісі технологиялық институтында «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша («Экономика» факультеті) оқыды.
1995-1996 жылдар аралығында Семей қаласының қазынашылық бөлімінде маман болып еңбек етті.
1996-1997 жылдары шаһардағы Казкоммерцбанкінде валюта бөлімінің маманы болса, 1997-1998 жылдар аралығында қалалық банкте валюта бөлімін басқарды.
1998-2001 жылдар аралығында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде оқыды. Мамандығы – заңгер.
1998-2009 жылдары ТұранӘлемБанкінде операциялық залдың басшысы болып еңбек етті.
2009 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Жолдасы Маханов Марат — «Ақшың» корпорациясы директорының
әкімшілік-шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары. Үш баласы бар.
КЕЛБЕТІ ЖАРҚЫН КӘСІПКЕР
— Анар Серікжанқызы, банк саласында әжептәуір еңбек етіпсіз. Қазіргі жастардың қызығушылық танытатын мамандықтарының бірі. Дегенмен, неліктен кәсіпкерлікке бет бұрдыңыз?
— Негізі кәсіпкерлікті банк саласында жүрген кезде ақырындап бастаған болатынмын. 2009 жылы тұңғышым Аида мектепке барды. Сол кезде барлық уақытымды балалардың оқуына арнап, олардың дұрыс білім алуын қадағалайын деген шешімге келдім. Осылайша, мәнсапты біржола тастап, өзімді бала тәрбиесіне арнадым. Әрине, мұндай шешіміме таңғалғандар көп болды. Неге десеңіздер, банк салсында 15 жыл еңбек етіппін. Ол жердегі қызметім де, лауазымым да жаман болған жоқ.
Ағам Марат Серікжанұлы «Ең үздік инвестиция, ол — балалардың болашағына жұмсалған инвестиция» деп жиі айтып отырады. Сондықтан, ұл-қыздардың лайықты деңгейде білім алып, өз елінің нағыз патриоты болуы жолында ештеңеден аянып қалған жоқпыз. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, зияткерлік деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуге ерекше мән беремін. Әрине, кез-келген ата-ана балам жаман болсын деп тілемейді ғой. Барлығы да осы бағытта еңбек етіп, тер төгеді.
Қазір, шүкір, балаларым жақсы білім алып жатыр. Қызым Аида — Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы. Айжан 37 мектепте 7 сыныпта оқиды. Ұлым Оразхан аталған білім ордасының 5 сынып оқушысы.
Аида қазіргі таңда «Хиросима-Семей» жобасы шеңберінде Жапонияда білімін жетілдіріп жатыр. Мектебіндегі сабақтарын білім берудегі жаңа технология — қашықтықтан оқыту әдісі арқылы оқып жатыр. Күн шығыс елінде қызымыз тіл үйреніп, өзі қызығушылық танытқан ғылымдарды тереңінен зерттейтін болады.
Осылардың барлығын ойлап отырып, банк саласынан кетіп, кәсіпкерлікпен айналысқаныма өкінбеймін.
— Ата-ана үшін баланың жетістігі – үлкен қуаныш әрі бақыт. Мұндай жетістікке өзіңіз де куә болып жүрген шығарсыз?
— Мектепте ата-аналар жиындарына жиі қатысамын. Оның үстіне оларды сабақтан алып қайтқанда басқа да нәзік жандылармен кездесеміз. Балаларымның сыныптастарының көбінің ата-аналары бізге қарағанда жас. Олармен тілдескенде, «ұл-қыздарыңыз өте тәрбиелі, білімді…» дегенді жиі естимін. Әрине, ана болғаннан кейін, мұндай жылы сөздерге қатты қуанып қаламын.
Жасырары жоқ, қазір көп балалар бос уақыттарын тиімді пайдалана алмайды. Бұл ретте ата-аналар үлкен жауапкершілік танытуы тиіс деп ойлаймын.
Мысалы, менің ұл-қыздарымның бос уақыты жоқ. Әрқайсысы өзі ұнатқан іспен шұғылданады. Үйірмелерге қатысады. Қосымша ақылы сабақтарына барады. Ұлым бес жыл болды спорттық гимнастикамен айналысады. Соның арқасында түрлі жарыстарға қатысып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап шықты. Үйде да әрқайсысының өз міндеттері бар. Жолдасым Марат екеуіміз күнделікті жұмыста болсақ та, олар барлығын ұқыпты атқарып отырады.
Достары көп, ортада сыйлы. Адамгершіліктері мол, еңбекқор деп ойлаймын. Қай жерге барсам да, мен балаларыммен мақтана аламын.
Осы тұста айта кетерім, әлем елдерінің алдыңғы шебіне білім-ділігімен іліккен ұлттың ғана еңсесі биік, жүрісі нық болады. Бұл көшбасшылыққа ұмтылған көптеген мемлекеттердің арасында талай мәрте дәлелденген қағида. Құқықтық, зайырлы, тәуелсіз ел үшін жастардың жаңа заманауи үрдерістердің бәрін меңгеріп, көш алдында жүргені мәртебе. Ал сол жастарды тәрбиелейтін біз – ата-аналармыз. Осы бағыттан айнымай, дұрыс келе жатырмыз деп ойлаймын.
— Әңгімеміздің арнасын қайта кәсіпкерлікке бұрайық. Басшы болу да оңай емес. Ұжымды басқаруда өзіңізге тән принцип бар ма?
— Біреуге талап қою үшін, өзіңнің бойыңда мін болмау керек. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жетуге болады. Жұмыс барысында жауапкершілік, адалдық, ұқыптылық болу керек, әрине. Ұжымда өз басым қоластымдағы кез-келген адаммен тіл табысуға тырысамын. Өмір болғаннан кейін, оның тәттісі де, ащысы да болады. Әр адамның басында түрлі-түрлі мәселе бар. Қолымнан келгенше, соларға көңіл бөліп, жылы сөзбен болса да шешіп беруге тырысамын. Қанша жерден талапшыл болсам да, түсіністікпен қараймын.
Ұжым ішінде ұрыс-керісті болдырмауға тырысамыз. Тұтынушылармен де жақсы қарым-қатынас орнатып, көңілінен шығуды басты мақсат еткенбіз. Бір сөзбен айтқанда, ұжымым берекелі, бір-біріне қолдау болған адамдардан құралған. Түрлі мерекелік шараларды бірге атап өтеміз, табиғат аясына да шығып, бас қосып тұрамыз.
— Қазақтың халық жазушысы Ғабиден Мұстафин «…арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деген екен. Арман болмаса тірлік те жоқ, алға басуда жоқ…
— Әрине, арман – адамды алға жетелейді. Күнделікті күйбең тіршіліктегі армандар таусылмайды. Бірақ, ана үшін ең басты арман – баланың адам болып қалыптасуы мен оның тек жақсылы мен жетістігін көру.
Қандай да бір жетістіктер туралы, алдыңғы қатарлы жандар жөнінде сөз қозғағанда мен әрқашан ағам Марат Серікжанұлын мысалға алып отырамын. Ұл-қыздарыма осындай азамат секілді болып өсіңдер деймін. Ағам бүгін Өскеменде болса, ертең Астанада жүреді. Тынымсыз еңбек пен қыруар жұмыстар. Бизнесінен бөлек, ел мен жұрттың қамын ойлаған жан.
Марат ағам – сөзі–айқын, әркеті–батыл адам. Бұған қоса, еңбекқорлық, жауапкершілік, іскерлік пен тиянақтылық бір басынан табылады. Халық қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген депутат. Оның елдің күйін күйттеп, қордаланған мәселелерінің шешімін табуда табандылық танытып жүрген ұлт жанашырларының бірі. Қалай айтсақ та, ағама жарасып-ақ тұрады. Сондықтан, ұл-қыздарым осындай азамат болса екен деген арман-тілектің болатыны рас.
— Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің кілтін ұстаған нәзік жандылар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүр. Бұл — құптарлық қадам. Сіз де бұл кешенді шаралардан шет қалмайтын шығарсыз?
— Мен кәсіпкер ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесімін. Аталған ұйым өз қанатының астына аймағымызда түрлі салада еңбек етіп жүрген ең мықты, ең үздік нәзік жандыларды жинап отыр. Олар — бизнес, медицина, білім, ғылым, мәдениет саласының көшбасшылары. Соның ішінде кәсіпкерлікпен айналысқан нәзік жандылар ерлерден еш қалыспай, өз істерін жауапкершілікпен өте жақсы деңгейде атқарып жүргені қуантады. Жұдырықтай жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ.
Бизнесте жүрген қыз-келіншектер түрлі қайырымдылық шаралардан шет қалған емес. Мүмкіндігінше қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
— Әңгімемізді ақ тілегіңізбен түйіндейік.
— Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Шаңырақта қандай ынтымақ болса, қазіргі ағайын-туыстың арасында да сол ауызбіршілік сақталған. Ағам Марат Серікжанұлы мен жеңгем Айсұлу Ақанқызы – көшбасшысымыз, ақылшымыз. Бизнес болсын, отбасылық шаруалар болсын, қашанда кеңес сұрап отырамыз. Дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, жан-жақты қолдау көрсетуден жалыққан емес. Осыны сезініп, көріп, әрине, қатты қуанасың.
Корпорация – береке-бірлігі жарасқан ұжым. Қаншама жұмыс орындары ашылып, әркім еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр. Аға-жеңгеме мықты денсаулық тілеймін! Қажырлы еңбектері мол табысқа, үлкен жеңістерге бастай берсін. Ұрпақтарының қызығын көріп, «Ақшың» әлі талай биіктерді бағындырсын дегім келеді. Оқырманға жол тартатын кітап әлі талай еңбектің бастауы болсын!
— Рахмет! Сізге де жемісті еңбек тілейміз!