ЖАКУПБЕКОВ Тұрсынғали Айкелұлы,
кәсіпкер, ресторатор
«АҚШЫҢ» АСҚАН АСҚАРҒА ҚУАНАМЫЗ
Тарихи қысқа уақытта тәуелсіз жас мемлекетіміздің негізін қалау, оны нығайту, одан әрі дамыту бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Соның арқасында асқақ мәртебелі, әлемдік аренада басқаларға жол көрсететін, дүниежүзі елдерінің сенімі мен құрметіне бөленген жаңа да жасампаз Қазақстан мемлекетін құрдық. Бұл, әрине, ең алдымен Елбасының салиқалы саясатының арқасы болса, екінші жағынан елім деп еңіреген ұлтжанды азаматтардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Егемендіктің алғашқы жылдары тоқырауға тап болған әр сала белсенді, бойында күш-жігері бар азаматтарға мұқтаж болды. Тәп сол кезде, жер-жердегі ахуал секілді, Семейде де бизнес саласы мәз емес еді. Талай жігіттер кәсіпкерлікті қолға алып, нәтиже шығара алмады. Соңында, жаңа ғана құрылып жатқан «Семей базары» серіктестігінің басына елді сөзімен де, ісімен де табындыра алатын бауырымыз Марат Құрманбай келді.
Жанына іс білетін азаматтарды жинаған кәсіпкер алдына мақсат қоя біліп, оны еңсеруге білек сыбана кірісті. Жұмыстың қалай жүргені, қандай кедергілердің болғанын біз жақсы білеміз. Бастысы, Марат ел ертеңіне сенгендердің бойына үлкен бір жігер құйды, рух берді. Осындай алғыр да, бірбеткей азаматтың қолға алған ісін көріп, «Арамызда осындай жігіттер бар екен ғой» деп біз де қатты қуандық. Тілеулес болдық.
Жасыратын несі бар, тірліктің қыр-сыры жетерлік… Бірде жеңіске жетсең, бірде жеңілістің ащы дәмін татасың. Өкінесің, күйінесің. Жетістіктің шыңын бағындырсаң, жауапкершілігің артып, өзіңді өзің қамшылайсың. Осындай жандардың бірі Марат бауырымыз болды. Ол өзінің әділдігі мен табандылығының, адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында сан қилы белестерді басынан өткерді.
Сондағы жетістіктің құпиясы неде? Ең алдымен, Марат — білікті ұйымдастырушы. Жоспарлы шараны орындайды, одан нәтиже шығарады. Қолда бардың берекесін көреді. Екінші, еңбекқорлық пен жауапкершілік, Үшінші, адам еңбегін жемеу. Қызмет барысындағы ең басты қағидат – басшының әділеттілігі. Басшы адамның мерейін өсіріп, беделін көтеретін де әділеттілік. Осындай адам басқарған ұжымда ешқашан алауыздық пен өсек-аяңға жол берілмейді. Себебі, жаман нәрсе жоқ болса, жаман деп айтуға ешкімнің батылы да жетпейді. Төртінші, кадр тәрбиелеудегі өзіндік шеберлік. Оның өз дәстүрі немесе киесі болады. Марат өсірген мамандар қазір көштің соңында қалып жүрген жоқ, белді кәсіпкерді қолдайды, іскер азамат та оларды қанатының астына алып жүреді.
Олай болса, толағай табыстарға жетіп, кәсіпкерліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген бауырымызға «Ақшыңның» ширек ғасырлық тойы қайырлы, құтты болын деп тілек айтамыз.