ҚҰРМАНБАЕВА Гүлнәр Серікжанқызы

ҚҰРМАНБАЕВА Гүлнәр Серікжанқызы,

«Ақшың» корпорациясының аға кассирі

BAG_5116.JPG

Гүлнәр Серікжанқызы 1968 жылы 1 қыркүйекте Қайнарда дүниеге келген.

1975-1979 жылдары Семейдегі №21, 1979-1983 жылдар аралығында №13 мектепте білім алды. Қаладағы аң терісі-мех техникумын бітірген. Еңбек жолын Семей мауыты-шұға комбинатында (комвольно-суконный комбинат) бақылаушы болып бастады.

1996 жылы «Семей базары» ЖШС кассир ретінде жұмысқа орналасқан. 2009 жылдан бері аға кассир. Жұмыста алдыңғы қатарлы маман, ұжымда сыйлы. Шаңырақта сүйікті жар, аяулы ана. Үш баласы бар. Ұлдары Бақытбек пен Асылбек – жеке кәсіпкерлер. Қызы Аружан – Алматыдағы НАРХОЗ университетінің І курс студенті.

ӨМІРІ ОНЫҢ — ӨНЕГЕ

Адам баласының шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, тәрбие алатын, өсіп-өнетін, ержетіп, болашақ өмірдің биік шыңына қанат қағатын бірден-бір ортасы, алтын ордасы – отбасы. Әке – асқар тау, ана – қайнар бұ­лақ, шаңырақтың алтын қазығы. Сә­биі дүние есігін ашқаннан еміреніп, құшағына басып, мейірімін төгетін де осы – ана! Ес біліп, айналамды тани бастаған сәттен әке мен ананың шексіз мейірімі мен ыстық мхаббатын сезініп өстім. Біз – көпбалалы, базары қайнаған, береке-бірлігі жарасқан шаңырақ болдық. Әкем Серікжан Мұханбекұлы мен анам Рыстыжамал Исеханқызы ұл-қызын бір-бірінен артық көрмей, қазақы дәстүрмен тәрбиеледі.

Ағам Мараттың еңбекқорлығы мен алғырлығы сол бала кезден қалыптасты. Бәрімізге қамқор бола білген ол отбасының беткеұстары болды. Әр нәрсені жүйелі түрде ұйымдастырып, тыңғылықты жүзеге асыратыны сол кезден бартұғын. Бұл – ата-ана мектебі болса керек.

Сол бір қабілеті қолдау болды ма, әйтеу, тоқсаныншы жылдардың басында кәсіпкерлікке ақырындап қадам басып, қаладағы ең үлкен базардың жұмысын жөнге қоюға білек сыбана кірісіп кетті. Ол кездегі жағдай баршамызға белгілі. Бір күдік, бір үмітпен күй кештік. Десек те, ағамызға жылы сөзімізбен болса да қолдау көрсетіп, демеп отырдық. Өзі де қандай тығырыққа тірелсе де бордай үгіліп, сағын сындырмауға тырысты. Қызмет барысында сүрініп қалған әріптестері болса, бірінші кезекте оларды жазалауға емес, жағдайын түсінуді ойлады. Ағам бұл қағиданы әлі күнге дейін бұзған емес. Содан бері 25 жыл уақыт өтіпті. Ширек ғасырдағы тынымсыз әрі қажырлы еңбектің бүгінде жемісін көріп отыр. Ағамыздың жанында бір мақсатқа қорықпай қадам басқан барлық жандарға ризашылығымды білдіремін. Осындай толағай табыс пен ірі корпорацияның жұмысын жөнге қою – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

Белгілі ойшыл әрі ғалым Жүсіп Баласағұн «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қона бермейді» деген екен. Ағам Мараттың бойында адамда қандай  жақсы қасиеттер болуы керек болса, соның бәрі толығымен бар деп еш күмәнсіз айтар едім. Осы уақытқа дейін, арғысы атамекеннің, бергісі туған жердің жақсы жаңалықтарына сүйініп, жаманшылығына күйініп отырады. Балалары мен немерелеріне деген махаббатын, ағайын-туысқа деген риясыз сезімін бір сәт суытқан  емес.

Марат ағамның бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі – асқан қарапайымдылығы мен ұстамдылығы дер едім. Үлкенге де, кішіге де бірдей көзқарас танытып, барлығының көңілін таба білу – әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Бұл ретте жеңгеміз Айсұлу Ақанқызы да әрқашан қолдау көрсетіп, өмірден алған сыбағаның салмағын арттырып отыр.

Жарасым тапқан жұп корпорацияның қанат жаюына да үлкен себепкер болып отыр деуім орынды болар. Оның үстіне аға-жеңгемнің жанына кілең тәжірибелі, іскер азаматтар топтасқан. Барлығы да ұжымда беделді, сыйлы.

Шынтуайтқа келгенде, ағамнан өмір атты тылсым дүниенің кілтін дұрыс таба білуде көп нәрсе үйрендім. Бойымда жұрт айтатындай жақсы қасиет болса, «ағамнан жұқты» деп, ал биікке көтерілсем «ағамның тәрбиесінің арқасында» деп есептеймін. Өмір болған соң, өріне шығып, сүйіндік те, өзегіне түсіп, күйіндік те. Құласам демеді, қанат қақсам қолдады.

Осы орайда айта кету керек, әкем Серікжан Мұханбекұлы барым да, нарым да еді. Оның әділеттілігін, азаматтығын аса бағалайтынмын. Ол кісі бізге ешқашан сен бастық бол, яки бай бол деп талап қоймаушы еді. Ең бастысы, біздің қандай жағдайда да адам болып қалуымызды, азаматтықтың ала жібін аттамауымызды құлағымызға құятын. Міне, сол асқар азаматтың орнын қазір Марат басты. Өмірі өнеге ағам – даналығы дархандылығымен, сабырлығы салиқалы ойымен, ақжарқын мінезі адалдығымен ұштасқан адам. Ақылшымыз, қорғанымыз.

Алланың бергеніне мен ризамын, аға-жеңгем ғұмырлы, бақытты болып, Жаратушы халқымызға амандық, жерімізге тыныштық, тіліміз бен діні­мізге қуат берсін! Балалары мен немерелерінің қызығын көрсін!

Барша ұжымды қуанышқа бөлеген ширек ғасыр «Ақшыңның» жарты ғасырлық тарихына бастайтын үлкен қадамы болсын! Осында еңбек етіп жатқан ұжымға, барлық кәсіпкерлерге мол табыс, шаңырақтарына бақыт тілеймін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ