БАҚТАЖАРОВ Серікбек

орнамент.jpg

SCAN_20181214_130509078_005.jpg

БАҚТАЖАРОВ Серікбек,

зейнеткер, 1998-2004 жылдары Семей қаласында өнеркәсіп, көлік және байланыс комитетін, 2006-2011 жылдары кәсіпкерелік бөлімін басқарған

ЖІГЕРЛІ ЖІГІТКЕ БАТАМДЫ БЕРДІМ…

Өмір жолында етене жақын таныс, кезінде әріптес немесе серіктес болған тұлға жайлы бір үзік сыр жазу әншейінде оңай секілді болып көрінеді. Ол адамды жақсы білемін, қым-қуыт тіршіліктегі жасаған еңбегі мен жеткен жетістіктерін де тізбектеп айтып бере аламын деген ойда қаласың. Бірақ, компьютер алдына отыра қалып, пернетақтаға жақындағанда мұншалықты қиналамын деп ойламаппын. Не аузыңа сөз түспейді, не ойыңды жинақтай алмай қалады екенсің. Неге? Орынды сұрақ. Себебі, сол адам туралы жазатын жақсы сөздер мен игі тілектердің көптігінен. Бәрін де жазғың келеді, бәрін де айтқың келеді. Ел білсін, ұрпақ білсін деген ниетпен.

Бүгінде өзінің шыққан биігі, қайнаған тіршілігі мен алған бағыт-бағдары бар «Ақшың» корпорациясының президенті, біреуге – аға, біреуге – іні бола білген қазақтың қайсар ұлы Марат Құрманбайды мен сонау сексенінші жылдардан бері жақсы білемін. Ол уақытта Семейдегі ет комбинатының коммерциялық директоры, артынша 1995-жылға дейін бас директоры болып еңбек еттім. Сол кезде Марат қоластымда жұмыс істеген-ді.

Адам өткен ғұмыры мен өмір жолдарын ұмытсын ба? Жігері тасыған жас жігіт еңбекке құштар, айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей, ой түбінде жатқан пікірін ашық айтатын, елмен санасатын өжет жігіт болды. Кәсіпорынның өндірістік үрдісіне қажетті ұсыныстары болса оны да біркісідей айтып, бөлісіп отыратын. Қоластымдағы жұмысшылармен жиі тілдесіп, цехтарды аралау менің дәстүрге айналған әдетім еді. Мұндай қабілеттерін осындай сәттерде байқайтынмын. Көп талап-тілектері орындалып, қызу жұмысқа демеу болды десем де болады.

Сол алғырлығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі болса керек, Марат көп ұзамай қалалық кеңеске депутат болуды қалады. Бұл — 1994 жыл болатын. Бір күні кабинетіме келген Марат: «Аға, көп ойландым. Ақыры бір ұйғарымға келген секілдімін. Семейге, сонымен қатар Жоламан кентіне қатысты күрмеуі шешілмеген көптеген мәселелер бар. Соларды жұмылған жұдырықтай болып, бірге шешпесек болмас. Ол үшін халықтың қолдауы арқылы қалалық кеңеске депутат болып сайлануым керек. Осыған не айтасыз?» деді. Мен бірден құптадым. Туған шаһардың келешегіне алаңдаушылық білдірген жас жігіттің жігеріне қайран қалдым. Сүйсіндім. «Ойың дұрыс екен, батамды бердім! Қай жағынан көмек керек болса, сені қолдауға дайынмын» деп, ақ тілегімді айтып, кабинеттен шығарып салдым. Сол кезде батамды берген Марат бүгінде талай сыннан сүрінбей өтіп, қазір облыстық мәслихаттың депутаты болып отыр. Оның халық игілігі жолында атқарған жұмыстарын тізбектеп айтудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Оның әрқайсысын жұрт жақсы біледі.

Уақыт өте Марат бауырым іскерлікпен айналысып, бизнеске бет бұрды. Бұл қадамына да тілеулес болдық. Қазір еңбектің зейнетін көрген адаммын. Кейде «Ақшың» корпорациясының сауда орнына бас сұғып қалатынымыз бар. Сол кезде заманауи үлгіде бой көтерген ғимаратты көріп, бір қуанып қаламын. Еліміздің бас қалаларында жұмыс істеп тұрған ірі сауда орындары мен бүгінгі күннің тіршілігімен біте қайнасқан супермаркеттерінен еш кем емес. Бұл – қажырлы еңбектің жемісі. Марат шағын және орта бизнестің қанат жаюына, шаһардың гүлденуіне, халықты жұмыспен қамтуға, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге өз үлесін қосып отырған азамат.

Ширек ғасырда ол өз сөзінде тұратын, сенімді ақтаған қызметкерлері мен мамандарын тағдыр тәлкегіне тастамайтын, керек жерінде өз басын тәуекелге де тіге білетін әділетті әрі қайсар басшы екенін дәлелдеді.

Жасырары жоқ, тоқсаныншы жылдар оңай болмады. Талай қиыншылықтар, кедергілер мен өкініштер болды. Бірақ, бизнестегі мұндай соққыға жігері таудай адамдар ғана қарсы тұра алды. Соның бірі — Марат болатын.

Өмір болған соң, оның ащысы мен тұщысы және ақиқаты мен әділетсіздігі қатар жүреді. Тырнақ астынан кір іздеп, пәле жапқысы келіп тұратын пенделер де болады. Осының аясында бір адам туралы түрлі қарама-қайшы ой-пікірдің болатыны да заңдылық. Оны дұрыс түсініп, ой елегінен өткізе білу де әркімнің маңдайына жазыла бермейтін қабілет. Кім не десе о десін, менің «Ақшың» және оны басқарып отырған менің «ескі» әріптесім Марат туралы бір үзік сырым осы болды.

«Орынды сөздің де киесі бар» дейді. Сондықтан, шынайы ойым мен ақ тілегім «Ақшыңды» әлі талай шыңдарға бастай берсе екен.

орнамент.jpg

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ