СӘТІМОВ Нұрбек Төлеубекұлы,
құрылыс саласының ардагері
Нұрбек Төлеубекұлы 1951 жылы 20 қазанда Павлодар облысы Май ауданы Май ауылында дүниеге келген. Май орта мектебін 1968 жылы бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1972-1979 жылдары Май темір-бетон бұйымдары зауытында фарсировщик, шебер болып бастаған. 1979-1983 жылдар аралығында астық қабылдау комбинатында бас инденер болып еңбек етті. 1983-1998 жылдарда Бесқарағайдағы №82 жылжымалы механикаландырылған кешенде (ПМК) шебер, учаске басшысы болды. Ауыр да жауапты міндеттерді атқары жүріп атқарушы комитеттің төрағасы да болып қызмет етті.
Целиноград механикалық-технологиялық техникумының 1980 жылғы түлегі. «Техник-технолог» мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған.
1998 жылдың ақпанында «Семей базары» ЖШС жабдықтаушы ретінде жұмысқа орналасып, база меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. Аталған серіктестікте 13 жыл жемісті еңбек етті.
ЖЕТІСТІК — СЫНДАРЛЫ ШЕШІМДЕРДІҢ НӘТИЖЕСІ
— «Семей базарына» 1998 жылы келдіңіз. Құрылыс жұмыстарының нағыз қайнап жатқан тұсы бұл. Қандай ілкімді істердің басы-қасында болдыңыз?
— Ол кезде жалпы құрылыс жұмыстарына серіктестің вице-президенті Төлеген Алдабергенұлы Жанәбілов бақылау жасайтын. Ғимараттың сұрқы қашқан болатын. Бізді қыруар жұмыстар күтіп тұрды. Негізінен күнделікті жөндеу жұмыстарымен айналысатынбыз, екі ауысымда жұмыс істейміз. Екінші топтағы жігіттер кешкі сағат 5-6-да кірісіп, сол түнгі 2-3-ке дейін жұмыс істейтінбіз. Сырлау жұмыстарымен де айналыстық. Цементшілер кентіндегі филиалдағы құрылыс шараларына етене араластық. 2001 жылы серіктестік Дальняядағы базаны алды, мен меңгеруші болып сонда бардым. Онда да көптеген жұмыстардың басы-қасында болдым. Ауданы кең, цехтары, жеке қазандығы, 3 қабатты жатақханасы бар екен. Соның бәрін қалыпқа келтірдік. Ағаш, темір жонғыш цехтарды іске қостық. Үлкен қоймалар мен гаражды да тапсырып бердік. Осыған дейін барлық техника базардың аумағында тұратын, мүмкіндігіміз кеңейгеннен кейін техникалар осы базаға жеткізілді.
Жатақхана сол кезде баспанасыз жұмысшыларға, әсіресе жастарға жақсы болды. Жұмыстан кейін сонда барып жатады. Су, кәріз желісі тартылған, барлық жағдай қарастырылған нысан болды.
Бертін келе мал соятын орын салынды базада. 2015-2016 жылдары корпорация Цементшілер кентінде 9 қабатты жаңа үй құрылысын бастады. Сол кезде Марат Серікжанұлының шақыртуымен қойма меңгерушісі болып, материалдарға бас-көз болдым. Қазір 120-дан астам пәтер бар зәулім ғимарат пайдалануға берілген.
— Әр салаға қызмет ететін ғимараттардың құрылыс ерекшеліктері әртүрлі болады ғой. Жалпы осындай сауда нысандарын салғанда қандай ерекшеліктерге басымдық бердіңіздер?
— Әу баста айтқанымдай, бұл жерде көбіне жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Уақыт өте негізгі нысанның екі жағынан қосымша ғимараттар тұрғыздық. Екінші қабат салынды. Бутиктер мен сауда орындарын 2-3 жылда бір рет жаңалап отырамыз. Ал сауда ғимаратын тұрғызғандағы басты қағида – тұтынушылардың жүріп-тұруына ыңғайлылық жасау. Бір есіктен кірген клиент залдарды аралып, қалағанын алып, екінші есіктен шығып кету керек. Сондықтан қабырғаларды тесіп, көп есіктер орнаттық. Әрине, ғимарат ішінің жарық болуы, заманауи қалыпта көз қуантатындай болуы ол өз алдына. Құрылыс жұмыстарының сапалы болуы да басты назарда болды, әрине. Материалдардың да жақсы болуына ерекше көңіл бөлдік. Нәтижесінде отандық өнімдерден бастап, Ресей, Қытай өндірісінен шыққан құрылыс материалдарын пайдаландық.
— Келер күнге үміт, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігіне деген сенім болды ма?
— Әрине, болды. Бастысы – жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға тырыстық. Және де, еңбегімізді ешкім жеген жоқ. 90-шы жылдар баршамызға белгілі ғой, көп кәсіпорын-мекемелерде еңбекақы уақытында төленбейтін. Ал бізде жалақы жағынан ешқандай кедергі болған жоқ. Қаласаң алдын-ала еңбекақыңның бір мөлшерін алуға да рұқсат берілді, аванс дейміз ғой жаңағы. Көптеген жігіттер ондай мүмкіндікті пайдаланып жүрді.
Бұған қоса, түнде жұмыс істейтіндерді үйлеріне арнайы автобуспен тасымалдады. Бұл да басшылықтың үлкен қолдауы. Тапқан тиындарын таксиге жұмсамай, үйлеріне апарсын, түнде бірдеңеге ұрынып қалмасын деген ниет қой сондағы. Шаһар көшелері де қазіргідей жарық емес. Осындай жан-жақты қолдау болғанда, бәріміз де бірлесе адал жұмыс істедік.
Мұның барлығы егемендіктің алғашқы жылдары жүзеге асырылған шаруалар ғой. Жалпы, республикамызда нарықтық қатынастар орнығып, экономикамыз ретке келген тұстан бастап, құрылыс саласы ерекше қарқын алды. Бүгінгі таңда ел дамуында бұл саланың өзіндік орны мен салмағы бар деп айта аламыз. Осы құрылыстың қарқын алуы, оған шетелдік жаңа технологиялардың келуі нәтижесінде қазір жер-жерде жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Оларды көріп, қуанасың әрине. «Ақшың» да көштен қалысқан емес. Біз бастаған жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Осының барлығы көңілге медет болады екен.
— Аз жұмыс атқарылған жоқ. Бүгінгі жетістіктер басшылықтың шебер ұйымдастырушылығы мен жан-жақтылығы десек артық айтқандық емес қой?
— Ширек ғасыр шеңберіндегі корпорацияның жетістігі – сындарлы шешімдердің нәтижесі деп айтар едім. Себебі, тоқырау заманда қандай да бір батыл қадамға барудың өзі ерлік болатын. Осындай қадамдарға барғандардың бірі – Марат Серікжанұлы еді. Ол өзінің жан-жақтылығымен мені таңғалдырды. Үлкен ұжымды басқару, қаржыны тиімді жұмсау, әркімнің көңілін табу – екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Әрі қаржыгер, әрі экономист, әрі құрылысшы, тіпті психолог десем де жарасады.
Әңгімеміздің басында айттым ғой, түнгі ауысымда да жұмыс істедік деп. Сол кезде Марат Серікжанұлы асханадағы аспазшыларға ескертіп, міндетті түрде жігіттерге ыстық тамақ қалдыртып қоятын. Түнге қарай бір тамақтанып, әлденіп алсын деп. Осының өзі адамгершіліктің бір белгісі емес пе?
Осының алдында Бесқарағайдағы кәсіпорында мұндай болмаған. Жалақыны уақытында төлемейтін, берсе ет, қарақұмық секілді азық-түлікпен алатынбыз. Бәрімізді еңбекақы сақталмайтын демалысқа жіберген кез еді. «Семей базарына» келіп, мұндағы жағдайды көріп, мен қатты таңғалдым. Мен үшін басқа әлем болды. Қуандым да.
— Табыстың кілті неде деп ойлайсыз, аға?
— Табыстың кілті – еңбекте. Адамның ең басты жауы – еріншектік пен жалқаулық. Аянбай тер төгіп, адал еңбек етсең – жеген наның да тәтті. Сонымен қатар, әрқашан ізденіс қажет. Ізденіс болған жерде табыс болады. Бүгінгі жастарға осы жетіспейтін секілді. Өскелең ұрпақ бүгінгі ағаларынан тәлім-тәрбие, үлгі алу керек. Біз жұмыс істеп жүргенде де еңбекке құлқы жоқ жастар болды бірен-саран. Олар енді ақырын-ақырын, топтан қалып қойды. Үйреттік, ақылымызды да айттық. Бірақ, нәтиже болмады.
Нәтижелілік пен адамның жұмысқа ынтасын арттыру үшін – еңбекті бағалай білу керек деп ойлаймын. Қарапайым еңбек адамы кешегі Кеңес заманында басты назарда болды. Үлкен-кіші аянбай еңбек етті, сол еңбек лайықты бағаланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде нағыз еңбек адамына деген кұрметтің азайып кеткені белгілі. Өз басым, еңбек адамына табысын адал маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды жатқызамын. Өкінішке орай, біздің қоғамда әлі де болса, еңбек адамдарын бағалау жағы жетіспейді. Дегенмен, Елбасының тапсырмасына сәйкес, кейінгі жылдары қарапайым жұмысшыларға көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Бұл әрине, қуантады.
— Қарап отырсам, еңбек тәжірибеңіз мол, бірсыпыра адам қызығар жетістігіңіз бар екен. Әке жолын қуған балаларыңыз бар ма?
— Үш ұл, екі қызым бар. 12 немеренің атасымын. Үлкен ұлым Аслан мен кенжем Нұрлан Павлодар электролиз зауытында еңбек етеді. Бірі — аға шебер, бірі – инженер. Кенжем сонымен қатар, спортқа жақын, сол үлкен зауыттағы ауқымды шаралардың басы-қасында жүреді. Русланым Семейде, өзі таңдаған мамандығымен жемісті еңбек етіп жатыр. Аслан мен Руслан егіз. Ұлдарым нақ құрылысшы болып кетпесе де зауытта, өндірісте әке жолын жалғап жүр ма деп ойлаймын. Қыздарым Ғалия – ұстаз, Әлия — энергетика саласының маманы. Жұбайым Шолпан Шайхатқызымен осылайша балалар мен немерелердің амандығын тілеп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар.
— 25 жыл – ауыз толтырып айтарлықтай уақыт. «Ақшың» корпорациясының бүгінгі таңда жеткен жетістігінде сіздің де еңбегіңіз бар. Оған ешкім де шүбә келтірмес. Осы қабырғаларда сіздің де алақаныңыздың іздері жатыр деуге болады?
— Рахмет! Өзім кезінде еңбек еткеннен кейін, ұжымның әр жетістігіне қуанып-ақ отырамын. Марат Құрманбай мырзаны «Семей базарына» келгенге дейін білгем жоқ. Бірақ, қазақ «тағдыр айдап» дейді ғой, сол 1998 жылы жұмысқа орналасып, таныстық. Марат Серікжанұлына тек ризашылығымды білдіремін. Қолымнан іс келетінін біліп, бағалап, талай жауапты жұмыстарды тапсырды. Мен де қолымнан келгенше көңілінен шығуға тырыстым. 2001 жылы зейнеткерлікке шығып, одан кейін де жұмыс істедім. Мұның барлығы – маған деген сенімнің арқасы.
«Ақшың» корпорациясына, ұжымға тек толағай табыстар тілеймін. Бағындырар шыңдары көп болсын! Жоспарлары жүзеге аса берсін! Марат Серікжанұлының жеке басына зор денсаулық, Айсұлу Ақанқызымен қол ұстасып, немерелерінің қызығын көрсін! Мен тек тілеулеспін!