ТӨЛЕУБАЕВ Құрманғали Ақанұлы

курман.jpg

ТӨЛЕУБАЕВ Құрманғали Ақанұлы,

зейнеткер

Құрманғали Ақанұлы 1953 жылдың 20 тамызында Семей қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Ю. Гагарин атындағы №13 мектепті тәмамдаған.

1968-1971 жылдарда теміржолшылардың қалалық кәсіби-техникалық училищесінде оқыды. Білім ошағын машинист көмекшісі мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты.

1971-1973 жылдар аралығында Солтүстік флотта азаматтық борышын өтеді.

1973-1994 жылдары Семей стансасындағы локомотив депосында машинист көмекшісі және машинист болып еңбек етті. Екінші класты машинист.

1994-2016 жылдары «Семей базарында» база меңгерушісі, әкімшілік директордың орынбасары болды.

4 баланың әкесі, 10 немеренің атасы.

ҚАРА ЖҰМЫСҚА МОЙЫНСЫНБАДЫҚ

— Құрманғали Ақанұлы, өзіңіз сауда орталығында әкімшілік директор болғанда қандай кешенді жоспарларды жүзеге асыруға үлес қостыңыз?

— Ең әуелі айтарым, кеше өзім тер төгіп, әр кірпішін қаласқан ғимараттың бүгінгі күні халық игілігі жолында жұмыс істеп тұрғанын мақтанышпен айтамын әрі қуанамын. Алғашқы құрылыс жұмыстарының басым бөлігін қолмен істедік. Қара жұмысқа қайыспадық сол кезде. Небәрі оншақты жігітпіз. Сайлау, Серік, Жанат, Ерболат есімді азаматтармен бірлесе, ұйымшылдықпен жұмыс істедік. Сауда мәдениетін қалыптастыру үшін базарда тұратын кәсіпкерлермен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұратынбыз. Үш айда бір рет оларды қайта тіркеуден өткіземіз. Мұның барлығы оңай шаруа емес, бірақ жұмысты жаңа деңгейге көтеру үшін ештеңеден аянып қалмадық. Тұрғындардан арыз-шағым лайымда түспесін деп тіледік біз де. Бір айтарымыз, әрбір кәсіп иесі сауда мәдениетін неғұрлым биік ұстаса, оның еңбек өнімділігі де соғұрлым мәуелі болмақ. Ал, әрбір тұтынушы талғам мен талап шарттарын әркез естен шығармағаны абзал болар. Міне, сол себепті алғашқы қадамдардың өзінде осындай қағидаларды біз де өз серіктестігімізге енгізуге тырыстық. Нәтижде жаман болмаған секілді.

— Тоқырау заманның жағдайы белгілі. Жұрттың бәрі «екі қолға бір күрек» тапсақ болды дегенмен жүрді. Бірақ, қара жұмыстың аты қара жұмыс. Бәрін тастап, кетіп қалсам деген ой болды ма?

— Болашағын ойламайтын адам жоқ. Ешкім ертеңгі күні қалай болатынын білмейді, өткеніңізге қарап болашағыңыз танылады. Ал, болашақ бүгіннен басталады. Ертеңіңіз жарқын болсын десеңіз, бүгініңізді бос жүріспен өткізбеңіз. Олай болса, біз де сол болашақтың жолында тырысып баққан секілдіміз. Ертеңгі күнге деген үміт зор еді. Сенім бәрімізге серпіліс беретін. Сондықтан жұмыс істеп жүрген жерден кетіп қалу деген ой бізде мүлде болған емес. Керісінше, осының барлығын тез арада аяқтайық, уақыт өте сауда орталығын дамытайық деген ғана ой болды. Біздің маңдай терімізбен бой көтерген ғимарат ертең халық игілігіне айналса, шаһардың дамуына септігі тиіп жатса, неге қуанбасқа. Сол қуаныш қазір жүрегімізде деуге болады.

— Кез келген жұмыстың басында ұйымдастырушы болмаса, кешенді шараларды жүзеге асыруға қаржы болмаса, онды бәрінің де құрдымға кеткені ғой…

— Дұрыс айтасыз. Бұл жерде серіктестік басшысы Мараттың еңбегін ерекше айту керек. Ол азамат жастайынан, тіпті бала кезінен еңбекке араласқан жан. Ал кішкентайынан қара жұмысты танып өскеннің алмайтын қамалы, бағындырмайтын асуы болмайды деп ойлаймын. Әбден ысылған жігіт бәрімізге де қорған бола білді, әрқашан демеп, жүректегі сенімімізді нықтай білді. Жігіттердің қабағына қарап, жағдайын біліп тұратын. Соның нәтижесінде әркіммен тіл табыса білді. Бұл нағыз психологқа тән қасиет.

Әлі есімде, ол кезде түрлі құрылыспен айналысқандар алыс-жақындағы елді-мекендердегі бос қалған нысандарды бұзып, материалдарын пайдаланатын. Біз де Марат Серікжанұлына осындай ұсыныс тастаған едік, бірақ ол кісі бірден «Мен нысанды бұзушы емеспін, мен нысанды тұрғызушымын» деп жауап берген еді. Одан кейін, бұл туралы сөз қозғамайтын болдық. Нәтижесінде, базардағы құрылыс жұмыстарына жаңа материалдар пайдаландық.

Өмірде жүрісі мен тұрысы, ісі мен тірлігі, жалпы тіршілігі – қоңыр, жағымды адамдар болады. Хәкім Абай айтатын «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» тәмсілін өмірлік ұстанымы ететін ондай жандар кісі ақысын жемейді, өзгенің ала жібін аттамайды, жұрт жұмысына торы аттай жегіледі. Ұлт үшін ұлы істер атқаруға дайын тұрады. Оның үстіне сол атқарған толағай жұмыстарын міндетсінбейді. Осындай жандардың бірі – Марат.

— Құрманғали Ақанұлы, сіз жүріп өткен еңбек жолы – көпке үлгі. Темір жол саласы болсын, біз айтып отырған «Ақшың» корпорациясы болсын, ауыз толтырып айтарлық дүние көп. Жастарға не айтасыз?

— Қазіргі қоғамда «жастар жаман» деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Бұл қағидадан арылу қажет. Көпке топырақ шашуға болмайды. Баланың лайықты азамат болуы үйдегі ата-анаға, мектептегі ұстазға және оны қоршаған ортасына байланысты ең алдымен. Дегенмен, өсіп келе жатқан балаларыма айтарым — адал еңбек етіңдер. Сен көше сыпыр, бір үлкен кәсіпорында директор бол, тек адал маңдай термен нан табу керек.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ