ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Болат Қайноллаұлы

ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Болат Қайноллаұлы,

жедел медициналық көмек станциясында көлік жүргізуші

Болат Қайноллаұлы 1971 жылы 5 тамызда бұрынғы Жаңа Семей ауданы Изатолла ауылында дүниеге келген. 1986 жылы осындағы орта мектептің 8 сыныбын бітірді.

1986-1989 жылдары Лениногор орман шаруашылығы техникумында оқыды.

1989-1991 жылдар аралығында Ташкентте азаматтық борышын өтеді.

1991-1996 жылдары Жыланды орман шаруашылығында шебер болып жұмыс істеді.

1997-2008 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС қауіпсіздік қызметінде жауапты жұмыстарды атқарды, одан кейін Цементшілер кентіндегі серіктестік филиалы директорының орынбасары, әкімшілік директордың әкімшілік-шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып еңбек етті.

Жұбайы Құдайбергенова Шолпан — «Ақшың» корпорациясы жарнама агенттігінің дикторы. Екі баласы бар. Ұлы Жандос – студент, қызы Жұлдыз лицейдің 10 сыныбында оқиды.

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

— Болат Қайноллаұлы, «Семей базары» ашылған жылдары алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасыпсыз. Онымен қоймай бірден жауапты істі тапсырып беріпті сізге…

— Қандай сала, қандай кәсіпорын-мекеме болмасын, ең бірінші кезекте тәртіп болу керек. Бұл — тәжірибе жүзінде әбден дәлелденген дүние. Қауіпсіздік қызметіне жүктелген міндет те осы болатын. Ішкі тәртіпті қатаң бақыладық. Оның ішінде ұрлық-қарлықты болдырмау, ақша бопсалауға жол бермеу, контролердің еркін жұмыс жүргізуіне жағдай жасау, саудагерлер тарапынан сауда орнын жалға алу құнын уақытында төлеуді қадағалау сынды толып жатқан шаруаларды атқардық.

Ол кезде 25-26 жастағы жас жігіттер едік. Ауылдың топырағына аунап, белестерінде шапқылап өскен баламыз ғой. Қала өмірінің мұншалықты бізді сынап та, сыбап та алатынын біз білмедік. Оның үстіне егемендікті енді қолымызға алып жатқанда заманның да күрт өзгергендігін жақсы білесіздер. Осы қабаттасқан дүние бәрімізге де сабақ болды, таяқ боп басымызға тиіп те жатты.

Содан не керек, ер азаматпыз, оның үстіне жүктелген міндетті орындау деген бар, ештеңеден қорықпай жұмысымызға кірісіп кеттік. 13-14 жігіт болатынбыз. Ол кезде қазіргідей сауда орындарында, далада бейнебақылау камералары жоқ. Не істеп жүргеніңді ешкім де білмейді. Бірақ, осыған қарамастан біз жұмысқа адал болдық. Бұл – ең алдымен Марат Серікжанұлының алдындағы адалдық еді.

Тоқсаныншы жылдары базарларда ұрлық қатты өршіп тұрды. Сондықтан ең алдымен осымен күрестік. Базар ішіне кіріп саудагерлердің тиын-тебенін қолды қылатындарды сауда орындарына кіргізбеуге тырыстық. Әлдекімнің аузынан «… кеше «Семей базарында» осындай ұрлық болыпты…» деген секілді сөз естісек, ол біз үшін үлкен ауыр болып тиетін. Демек, біздің жұмысымызды дұрыс атқармағандығымыз. Сол себепті, базардың атына кір келтірмейік деген ниетпен барынша жауапкершілік танытуға тырыстық.

— Қауіпсіздік қызметінде жүріп, серіктестіктің Цементшілер кентіндегі бөлімшесіне басшы болып тағайындалыпсыз. Дәлірек айтқанда, директордың орынбасары болдыңыз. Бұл – басшылық тарапынан сізге деген сенімнің белгісі болса керек?

— Адамзат баласы әлімсақтан бері еңбек етіп, тер төгудің арқасында өсіп-өркендеп келеді. Қазақта «Еңбек — бәрін жеңбек» деген аталы сөз бар. Мен қай жерде жұмыс істесем де, өзіме жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға тырыстым. Әлі де солай істеймін. «Семей базарынан» кеткелі он жыл уақыт болыпты. Басқа жұмысқа ауысар алдында Марат ағаға кіріп, рахметімді айтым, батасын алып кеткем. Бұл жерде айтқалы отырғаным, мен «Семей базарынан» ешқандай жамандық көргенім жоқ. Марат Серікжанұлының қоластында жүріп, оң-солымды танып, өмірдің әр белесі мен соқпағынан өттім. Көп адамдармен танысып, жұмысты ұйымдастыру дегенді біле бастадым. Қазір де солай. Қандай шаруаны қолға алмайын, бірден басы-қасында болып, бір қазанға қайнатқандай ғып жіберемін. Осының барлығы жаңағы мен айтып отырған алдыңғы толқын ағаларымнан үйренгенім, сол кісілерден көргенім. Мұндай қабілет екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оны да мойындау керек.

Енді сұрағыңызға оралайық. Қателеспесем 2000 жыл болатын. Жұмыстың аяқталып қалған уақыты. Даладағы дауыс зорайтқыштан «Қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Болат Құдайбергенов пен Берік Жүнісовты бастық шақырып жатыр» дегенді естідік. Бекең екеуіміз «Құдай-ау, не бүлдірдік…» деп, бірден шошып қалдық. Марат ағаның себепсіз шақырта бермейтіні тағы бар. Бір күдік, бір қорқынышпен бастықтың кабинетіне келе жатырмыз. Сан алуан ой мазалап келеді екеуімізді.

Басымыз салбыраған күйі кабинетке кірдік. Келсек, бүкіл басшылық осында екен. Үлкен бір жиын болып жатыр. Бір сұмдықтың болғанын білдік. Абырой болғанда біздің қатысымыз жоқ екен. Біраз уақыттан кейін, Марат аға «Берік, ертеңнен бастап Цементшілер кентіндегі базарға басшы болып барасың. Жаныңа Болатты ертіп ал, орынбасарың болады. Таңертең базарды қабылдап алыңдар…» деді. Біз аң-таңбыз. Берік екеуіміз тұрған жерімізде қаққан қазықтай сілейіп-сілейіп қаттық та қалдық. «Ұқтыңдар ма?» дейді бастық, «Ұқтық» дегендей басымызды изедік.

Осылайша ертесі кенттегі базарды қабылдап алдық. Қауіпсіздік қызметінде істеген біздерге басшылықтың иісі де сезілмейді. Дегенмен, Марат аға сенім артып отырғаннан кейін, үмітін ақтауға тырыстық. Бастықпыз деп кеуде қаққан жоқпыз, ол жерде жүріп, әмбебап болып алдық. Жұмыс таңдамаймыз, қажет па, кез-келген тапсырманы орындап жүре бердік. Ештеңеге арланған жоқпыз. Контролер демалста болса, орнына контролер болдық. Қақпа ашу керек пе, жүгіріп барып ашамыз. Соның арқасында кенттегі базардың жұмысын жөнге қойдық.

Сол жерде жүрген кезімде баспаналы болдым. Оның қызығы өз алдына. Қаланың Дальняя ауданында тұратынмын. Үйлі-барандымыз. Ата-анам, тағы бір туысқандар бар үйде. Бәріміз бірге тұрып жатқанбыз. Жұмысқа авобуспен келемін, кешкісін жайырақ болып кетсе, қоғамдық көліктер жүрмейді, сол себепті кейде таксидің қызметіне жүгінемін.

Содан бір күні, Цементшілер кентінде жүргеніме 2-3 жыл болып қалған, Марат Серікжанұлына кіріп, көмек сұрасам қайтеді деген ой келді. Ары ойланып, бері ойланып, бардым. Бұйымтайымды айттым. Марат аға «Таңдап қойған үйің бар ма?» деді, «Жоқ» дедім, сасқанымнан. «Ертең барып, таңда, сосын қанша ақша керек екенін айтарсың» деді. Қуанышым қойнымай сыймай, кабинеттен қалай шыққаным есімде жоқ. Түнімен ұйықтай алсамшы. Таң да атпайды…

Ертесі жұмыстың жанындағы бес қабатты үйге жүгіріп бардым. Ол кезде өзге ұлттар жаппай көшіп жатқан, бір подъезге кіріп барсам, есікке «Продам» деп жазып қойыпты. Рұқсат сұрап, ішке кірдім. Апамыз жүгін жинап, буынып-түйініп дайын отыр екен. «Апа, қанша сұрайсыз?» дедім, орысшалап. Қария да қаттылау болса керек, «950 доллар» деп, міз бақпай қойды. «Қазір келем» деп, жүгіре жөнелдім. Құйындай ұшып, Марат Серікжанұлына келдім. Келіскендей ақшамды алып, әлгі жүктің үстінде отырған апамызға апарып бердім.

Сонда деймін, Марат ағаға деген адалдықты байқадыңыз ба? Жүгіре басып кіргенде мың, немесе мың екі жүз доллар десем береді ғой. Ойда қулық та, арамдық та жоқ. 950 доллар деп, қаттым да қалдым. Мұны неге айтып отырмын, әлгі ақшаны апаға бергеннен кейін, үйді атыма шығарып, құжаттарын рәсімдеуім керек қой. Қолымды қалтама салсам, көк тиын жоқ. Міне, қызық!… Сасқалақтап жүріп, әкеме барып, ақша алып, пәтерді рәсімдегеніміз бар. Ал енді ақша сұрағанда біраз көбірек сұрасам, құжаттарыма жетеді екен. Оның үстіне үйге біраз дүниелер де сатып алам ғой. Бірақ, ондай қулық менде болмапты. Өмір деген осы. Сол кездегі Марат ағаның жақсылығын мен әлі күнге дейін айтып жүремін, өзім ұмытпаймын. Ризашылығым шексіз.

— Өзіңізбен әңгімелесіп, сөз саптауыңыз бен әзіліңізге қарық болып отырмын…

— Иә, ондайым бар. Әзілдесіп, дос-жарандарды бір күлкіге қарық қыламын. Адам жанының әзілге жақын, табиғатының әзілдесуге бейім тұратыны белгілі ғой. Күлкі — адам жанын жадыратып, көңілін бір серпілтіп тастайды. Бірақ, ұшы-қиыры жоқ әзіл-қалжыңның шегін белгілемеске тағы болмайды. Орынсыз қалжың, шектен шыққан әзілдің реніш тудырып, ашу мен ыза шақыратын да қасиеті бар. Сондықтан, қазақ «Әзіл түбі — зіл» деп те айтып жатады. Екі абысынның дастархан басында шай ішіп отырып айтатын әзілі, жеңгесі мен қайынның тәтті әзілі, ерлі-зайыптылардың жарасымды әзілі немесе екі достың үй сыртына шығып айтатын әзілі секілді қылжыңның да түрі көп. Тек соларды бір-бірімен шатыстырмай, орнымен айта білген жөн. Әзіл айтам деп, өтірікпен байланыстыруға тағы болмайды. Қылжыңдаймын деп біреуді кемсіту, мазақ ету де әдепсіздіктің белгісі.

— Ұрпақ тәрбиесінде ұстанатын негізгі бағыт-бағдарыңыз қандай?

— Отбасындағы тәрбие арқылы адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік баланың бойына сіңеді деп ойлаймын. Қазақ шаңырағында әуелі әке, содан кейін ана жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болады. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған. Осындай қағиданы біз де ұстанамыз. Өзіміз ата-анамыздан қандай тәрбие көрдік, соны ұл-қызымызға айтып отырғанды жөн санаймыз. Ең алдымен білім алыңдар, оқыңдар дейміз.

— Бүгінде елуді алқымдап қалған ел ағасысыз. Өмір беттерін қайта парақтайтын болсаңыз, қайта жазатын тұстары бар ма?

— Өмір болғаннан кейін, «әттеген-айлар» болады. Сіздің сұрағыңыз бір оқиғаны есіме түсіріп отыр. Сол Цементшілер кентіндегі базарда жүрген кезім болатын. Өзіммен бірге әскер қатарында болған Ербол есімді жолдасымды кезіктіріп қалдым. Екеуіміз бір жылда, бір айда, бір күнде дүниеге келгенбіз. Мақаншының тумасы. Сөйлесіп, жөн сұрастық. Сөйтсем, ол Курчатов қаласына келісім шарт бойынша әскери қызметке аттанып барады екен. «Болат, кеттік…» деді. Буынсыз жерден пышақ салды-ау деп ойланып қалдым… Жұмысым бар, баспана алып жатырмын дегендей. «Әй, сен екі жыл керзі етікті киіп шаршамадың ба? Ұсынысыңмен бірге құры…» дедім әзілдеп.

Содан ол кетті Курчатовқа. 2016 жылы 5 тамызда екеуіміз 45-ке толдық. Маған телефон шалды: «Бөке, екеуіміздің туған күніміз бір күн. Мен зейнеткерлікке шығып жатырмын. Бірге атап өтейік» деп, тойға шақырды. Бардық. Сонда дастархан басында осы әңгімені есіне алып, «мен зейнеткер болып алдым, сен әлі 63-ке дейін жұмыс істе… » деп бәрімізді қыран-топан күлгіге қарық қылды.

Бұл енді жәй әңгіме ғой… Сол кезде мен де Курчатовқа әскери қызметке кетіп қалсам, жағдай басқаша болған болар ма еді деп қоямын. Бірақ, осы өміріме өкінбеймін. Ажу көріп, берекем кеткен адам емеспін. Шүкір деймін. Алланың берген рыздығына ризамын. Сіз сұрағаннан кейін, еске түсіп жатқан дүниелер ғой.

— Кек сақтайсыз ба?

— Жоқ, кек сақтаудан гөрі, кешірімге жақын жанмын. Кекшіл болу, кекшіл болмау жеке адамның дүние­танымына, көз­қарасына, білім деңгейіне қарай қалып­тасатын қасиет. Қазақта «Кекшіл болма, көпшіл бол» немесе «Кекшіл болма, текті бол» деген терең мағыналы сөздер бар. Кейде үйдегі жеңгеңіз «Сен неге сатқындықты, жамандықты ұмытып кетесің?» деп жатады. Менің ешкімге кек сақтағым келмейді. Біреуден кек алып, жақсы атаққа ие боламын деуден аулақ болу керек.

— Жан дүниеңізге ауыл жақын ба, қала жақын ба?

— Ауылым жақын. Бұл сұраққа ұзақ ойланудың қажеті жоқ. Ауыл. Қазақ. Тіл. Бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Қазақ ауылда өскен. Ауылда еңбек еткен. Ауылда ұрпағын өрбіткен. Бір сөзбен айтқанда, қазақ үшін ауыл – алтын бесік, қасиетті мекен. Қазір заман өзгеріп жатыр. Ел уақыт тынысына сай тіршілік кешуде. Кей ауылдың жағдайы мәз болғанымен, көп ауылдың жағдайы алаңдатарлық. Басты себеп – жұмыс орнының тапшылығы. Жастар жұмыс істегісі келеді, ақша тапсам дейді. Алайда ауылда көңіліне сай жұмыс табыла бермейді. Сосын келіп қалаға ағылады. Ауылдың келешегі жас­тар ғой. Ал, сол жастар кетіп жатса ауылда не сән қалатын еді? Қазақы тәлім-тәрбиенің ордасы саналатын ауылды түлетуіміз керек. Бір жағынан ауылды ана тіліміздің ұясы, бастауы десек те қателеспеген болар едік. Демек, тілді сақтауымыз үшін де қара шаңырақ – ауылымыздың амандығы, оның гүлденіп, өркендеуі өте қажет екен. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Ауыл демекші, ауыл идеологиясы бүкіл ұлттық идеологияның мәйегі, күретамыры және өркендеу түбірі деуге болады. Сонау кеңестік дәуірдегі және бүгінгі егемен еліміздің жоғары басшылық қызметтерінде ауылдан шыққан қазақ балалары отыр. Елбасымыздың өзі де ауылдан түлеп ұшқан. Бір сөзбен айтқанда, біздің саяси элитаның жарқын өкілдерінің ауылдан шыққандығы көп жағдайды аңғартатыны сөзсіз. Демек, мықты-мықты деген саясаткерлер, ғалымдар мен оқымыстылар, әнші де, спортшы да ауылдан шығады.

Сондықтан, жаңа айтқанымдай ауылды көркейтуді естен шығармаумыз керек. Бұл ретте Үкімет тарыпнан да кешенді іс-шаралар қолға алынып жатыр, бірталайы жүзеге де асырылды. «Ауылым – алтын бесігім!», «Дипломмен ауылға!», «Туған жерге туыңды тік!» деген бағдарламлардың ел игілігіне жарап жатқаны мені қатты қуантады. Бұл бағытта Марат Серікжанұлы да талай істердің басы-қасында жүр. Ол туралы талай сұхбатта айтылған шығар, айтылады да. Осы орайда осындай игі шараның ұйытқысы бойлып жүрген Марат ағамызға және өзі басқарып отырған «Ақшың» корпорациясына тек жақсылықтар мен мол табыс тілеймін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ