ЕСПЕНБЕТОВ Арап

ЕСПЕНБЕТОВ Арап,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Семей қаласының және Абай ауданының Құрметті азаматы

«АҚШЫҢ» АСАР АСУ ӘЛІ ДЕ АЛДА!

Қала – сән-салтанаты, тұрмыс-тіршілігі, мінез-әрекеті, сан қырлы сиқырлы әлем. Қала тұрғындарының психологиясы, тынысы, адамдар арасындағы қарым-қатынасы, өмір сүру қалпы да қашаннан көңіл аударарлық.

Бағзы заманда да, бүгін де қала өркениет ордасы. Сауда-саттықтың да өрісінің кеңейуі қаламен тығыз байланыста. Ес білгелі көкейімізге сіңгені қала тірлігін қыздыратын ошақ базар. Бала кезімізде қариялар қалаға барғанын, базар аралағанын жырдай етіп айтатын. Ақсақалдар төгілткен әңгімелерден халықтың тұрмыс-тіршілігінің көрсеткіші базармен тікелей байланысты шығар деп ойлайтынбыз.

Базар керек-жарағыңды іздеп табатын жер ғана емес, думан-сауықтың ордасы, сан тараптан жиналып тоқайласқан жұрт көптен көрмеген таныстарымен жүздесіп, ағайын жекжаттың жағдайына қанығатын, соңғы жаңалықтармен хабардар ететін орта ретінде қабылдаған бұрнағырақта базарды.

Данышпан Абай тауып айтқан:

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,

Іздегені не болса, сол табылар.

Біреу астық алады, біреу маржан,

Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.

Шынтуайтында базарға әркім барады, өзіне қажеттісін таңдап алады. Материалдық байлықтан басқа, іздесе рухани азықты да талғажау етеді. Есті сөз де, ойлы азаматқа ақыл да көптің арасында.

Ертедегі тарихтан суыртпақтап сыр тартып, қазбалап жатуымыз, сауда – әрі кәсіп, әрі өнер. Еңбек ширатып, өмір тезге салған қайратты қаршадай жас Марат, Марат Серікжанұлы Құрманбаев базарды басқаруға маңдай тері еңбекпен, адамшылық арына қылау түсірмей жеткен жан. Әртүрлі ауыр жұмыстар белін қайыстырып, Семей ет-консерві комбинатындағы бейнетті жылдарды артта қалдырып бірбеткейлігімен, талмай ізденумен жетті кәсіпкерлікке. «Олжа» фирмасын ашып, кәсіпкерліктің әліппесімен танысты. Сүріне жүріп алға жылжыды, талпынысын тоқтатқан жоқ. «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» екендігін шынайы сезінді.

Марат Серікжанұлы үлкен, мәдениетті бизнеске ауыр жылдары келіп килікті. Енді ғана ежелден аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткен абыр-сабыр шақ.

Жетпейтін нәрсе көп, жетіспейтін дүние бастан асады. Базар деген аты болмаса, шынайы мәдени сауда орталығының ізі де жоқ кез. Мараттың түйгені: «Бейнет көрмей, дәулет жоқ». Тартыншақтап, шегіншектеуге уақыт тар. Албырт жас көп сөзге, көбік сөзге қарайламай тәуекелмен, бір Аллаға сыйынып, іске кірісті. Үлкендердің ақ батасы мен көптің көмегіне сүйеніп шаруасын бастады.

Мақсат – оймақтай жерде тұрған қиқы-жиқы, бір-біріне жалғасқан іркес-тіркес дүңгіршектің орнына қала тұрғындарының сұранысын өтейтін типтік базар ұйымдастыруға жетісу. Қазақстан қалаларындағы, шет елдердегі базар мәдениетінің ұтымды, қолайлы тұстарын болашақ құрылыс салуда терең зерттеді, қажетін кәдеге асырды. Сөйтіп 1993 жылдың 16 ақпанында «Семей базары» акционерлік қоғамының іргетасы қаланды. Алда атқарылмақ істер шаш етектен болатын. Ұйымның қаз тұрып кетуінде құрылтайшылардың да қызметі ерекше еді. бастаған ісінің жеміс беретініне көпті сендіре алды. Акционерлік қоғамның құрылтайшылығына «Семей саудасы» облыстық сауда басқармасы, мемлекеттік мүлік бойынша Семей аумақтық комитеті, Семей арақ-шарап зауыты, «Мереке» жекеменшік базары және «Олжа» брокерлік компаниясы келісімдерін берді.

Ұйқысыз түндер, мазасыз күндер артта қалды. Заманауи үлгіде бой көтерген төрт жүз орындық базар құрылысы ойдағыдай аяқталып, халық игілігін көре бастады. Басты назар – халыққа сапалы өнім ұсыну, нарықта бәсекелестік орта қалыптастыру, тұтынушылар мен сатушылардың арасындағы сауда мәдениетін жаңа деңгейге көтеру. Осылардың баршасы бір күнде ғайыптан пайда болатын мәселелер емес, талмай еңбектенудің, үздіксіз ізденудің нәтижесі дерсіз. «Семей Вет» ветеринарлық зертханасының ашылуы, оны бүгінгі күннің сұраныстарына сай техникалық құралдармен жабдықтау ет өнімдерінің сапасын күрт өзертуге жол салды. «Семей базары» ЖШС қарышты қадамы қала тұрғындарының көз алдында өтті.

Марат Серікжанұлы өндірісінің етек-жеңі кеңейіп, тыныс-тіршілігінің жандана түсуіне қатты көңіл бөлді. Біртіндеп еншілес кәсіпорындар ашыла бастады. Атап айтқанда, «Семей Вет» ветеринарлық зертханасы, «Жан-Жақ» мейрамханасы, Цементшілер кентіндегі сауда орталығының филиалы, арнайы жүк сақтау орындары, құрылыс фирмасы, өнеркәсіптік база, «Азамат» күзет қызметтері, «Ақшың» әмбебап дәріханалары, «Жан-Жақ бистро» дәмханалары бір мезетте дүниеге келген ошақтар емес, талмай ізденістің жемістері. Санамалап көрсетілген еншілес кәсіпорындар «Семей базарының» кең тынысты, көп салалы «Ақшың» корпорациясына айналуына алғышарт жасады. Корпорация бүгінде еуропалық стандарттарға сай тұтынушылардың сұранысын өтеп, ел-жұрттың көзайымына айналып үлгерді. Көзайымына айналғандығының куәсі «Ақшың» корпорациясының Қазақстан сауда кәсіпорындары арасында өткен Республикалық «Сауда үздігі – 2015» байқауының жеңімпазы, Ақтөбе қаласында өткен бәсекеде «Таңдаулы бөлшек сауда кәсіпорны» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Басқа да марапаттар жетерлік.

Корпорация президенті М.С.Құрманбаев – еңбектің қадірін білетін адамгершілік қасиеті аса жоғары азамат, шебер ұйымдастырушы, қоғамдағы ірі істердің басы-қасында жүрген жан. Ол – Қазақстан Республикасы базарлары, сауда кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы қауымдастығының вице-президенті, ШҚО кикбоксинг және тай боксы федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының төрағасы.

Бизнестің биігінен көрінген Марат Серікжанұлының бөліп айтар қасиеті қайырымдылығы. Еліне, туған жеріне жасаған жақсылығын халық жырға қосып айтады. Мешіт салу, мектептің көркейуіне үлес қосу, көп балалы жанұяларға қол ұшын беруге ол әрдайым әзір. Сәбилер үйі мен балалар үйлеріне, ұлттық орталықтарға, қарттар үйіне, мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, спорт саңлақтарына демеушілік жасауды міндетіндей көреді. Республикалық «Алтын жүрек» дипломына иеленуі, қайырымдылығы үшін Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің арасында «Жыл адамы» атануы ұзақ жылдар бойғы еңбегін айғақтайды.

Шағын әңгіме барысында Марат Серікжанұлының халқына сіңірген ізгілік істері мен қайырымдылық шараларын түгендеу мүмкін емес. Алдымызға ондай мақсат қойған жоқпыз. Атпал азаматымызбен мақтана отырып, «Ақшың» асар асу әлі де алда дегіміз келеді.

орнамент.jpg
«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ