2007-2013 жылдар

2007-2013 жылдар

орнамент.jpg

«Семей таңы», № 29 (17860), 19 шілде, 2007 жыл

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА – ЖЕҢІМПАЗ ЖАСТАР!

IMG_8782.JPG11-15 шілде аралығында қала әкімі М. Айнабековтың қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауын басшылыққа ала отырып, «Жаңа Қазақстанға – жеңімпаз жастар!» атты ұранмен кикбоксингтен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Бұл чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ге жуық спортшылар қатысты.

Чемпинаттың салтанатты ашылуы 12-шілде күні қаламыздың орталық алаңында болды. Қазақстанның 12 облысынан келген спортшыларға қала әкімінің орынбасары Т. Мүсәпірбеков және Шығыс Қазақстан облысының кикбоксинг және тайбоксы федерациясының президенті М. Құрманбай ақ жол тілеп, сөз сөйледі. Салтанатты ашылу барысында облыстық кикбоксинг және тайбокс федерациясының президенті Марат Серікжанұлы қалалық кикбоксинг және тайбокс федерациясының президенті В.Р.Хайбулинге Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» атағын және жарысқа қатысушы спортшылардың бірқатарына спорттық атақтар табыс етті. Алаңға жиналған жастар концерттік бағдарламаны көріп, соңынан «Семей базары» кәсіпкерлерінің демушілігімен атылған отшашуды тамашалап қайтты.

Чемпионаттың екінші күні жарыс соңынан жан-жақтан келген жаттықтырушылар мен төрешілер чемпионаттың бас демеушісі «Семей базары» ЖШС-нің және «Имстальком» ЖШС қаржыландыруының негізінде «Юность» теплоходында Ертіс бойымен серуендеп, демалып қайтты.

Қалалық мәдениет сарайында төрт күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысы иеленіп, жеті алтын, төрт күміс және төрт қола медальді қанжығалады. Жеті алтынның алтауы Семей қаласы спортшыларының, атап айтар болсақ, ағайынды Құдайбергеновтер Бауыржан мен Алимжан, Ситербаев Ерзат, Дүрінбаев Дулат, Бауыржанұлы Ерсін және Ақанұлы Диастардың алғандығын мақтанышпен айтамыз. Қарағанды облысы бес алтын медальмен екінші орынды иеленсе, Павлодар облысы үшінші орынға төрт медальмен табан тіреді.

Сонымен қатар, чемпионатта бес түрлі номинация бойынша да жүлделі сыйлықтар табыс етілді. «Жоғары техникасы үшін» номинацияны жерлесіміз Бауыржан Құдайбергенов жеңіп алып, «Үздік жаттықтырушы» атағын петропавлдық Есеналин Руслан алса, «Үздік төреші» болып шымкенттік Арман Ақашев атанды және көкшетаулық 16 жасар Кристина Милявская чемпионаттың «Ең жас спортшысы» атағына ие болды.

Ерлан ЖАҚЫП,

«Семей базары» президентінің көмекшісі

орнамент.jpg

«Ертіс өңірі», 13 ақпан, 2008 жыл

Елбасы жолдауы – жарқын болашақ кепілі

ЖОЛДАУ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ

МАРАТ ҚҰРМАНБАЙ, кәсіпкер

IMG_2095.JPG Биылғы Жолдау Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясына, 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасына, қоғамды жаңғырту және елдің экономикасын инновациялық дамытуға арналған 2006 және 2007 жылдардағы Жолдаулардың логикалық жалғасы болғандығы айқын көрінуде.

Елбасы «Құқық қорғау органдары жүйесінде әкімшілік реформаны жүзеге асыру барысында бизнеске заңсыз кедергі келтірушілердің жолы кесілуі тиіс» деді. Үкіметке ортақ салықтық жүктемені төмендету үшін жаңа Салық кодексін әзірлеуді тапсырды. Президенттің бизнесті әкімшілік ауыртпалықтан арылту туралы айтқаны көңілімізден шықты. Қазіргі таңда салық мәселесі көптеген шағын және орта кәсіпкерлердің жолына тосқауыл болып отырғандығы құпия емес. Олай болса, баршаға ортақ заңнамалық акт қабылданып, ол саланы тығырықтан шығарар, тосқауылы тоқтам болардай деңгейде әзірленсе деген тілегім бар.

орнамент.jpg

«Семей таңы», №12 (17843), 22 наурыз, 2007 жыл

Президент Жолдауы – халық қолдауында

ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауын бүкіл қазақстандықтар сияқты Семей өңірінің жұртшылығы да үкілі үмітпен қарсы алып, жарқын болашақтарына жаңа міндеттер белгілейді. Елбасының Жолдауы – өткен кезеңдегі табыстар мен жетістіктерді таразылап, еліміздің алдағы уақытта өркендеуіне Қазақстан халықтарының әлеуметтік-тұрмыстың жағдайының одан әрі жақсара түсуіне нақты бағдар беретін әлеуетті де қуатты құжат. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы, еңбек ұжымы Жолдаумен зейін қоя танысып, талқылап, онда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін өздеріне жаңа міндеттер белгілейді.

Осы мақсатта «Семей базары» ЖШС өңірімізде алғашқылардың бірі болып, өз ұжымында Жолдауды талқылады. Жиынға ұжым мүшелерімен бірге Семейдегі БАҚ өкілдері де қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Семей базары» ЖШС президентінің көмекшісі Ерлан Жақып алдымен сөз кезегін «Семей базары» ЖШС президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбаевқа берді.

— Президентіміздің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауының жарияланғанына биыл тура 10 жыл болды. Жыл сайынғы Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру арқылы еліміз экономикалық жағынан алға дамудың даңғыл жолына түсіп, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Елбасының биылғы Жолдауының ерекшелігі – «Қазақстан-2030» даму стратегиясы негізінде өткен он жылда атқарылған нақты жұмыстарға баға беріліп, алдағы он жылда атқарылатын іргелі істерге бағыт-бағдардың көрсетілуі дер едім. Яғни, біздің алдағы 10 жылда және таяу болашақта атқаруға тиісті жұмыстарымыздың бағдарламасы дайын деуге болады. Ендігі міндет – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан көріну үшін білек сыбана сапалы жұмыс істеу. Ол үшін мемлекет басшысының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталатын Жолдауында қоғаммымыздың барлық саласын қамтыған 10 жаңа міндетте, ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытта көрсетілген мәселелерді саралап, оған өз ойларымызды білдіріп, өзіміз атқаратын жұмыстарды белгілеп алсақ деген ниетпен жиналып отырмыз, — деді.

Бұдан соң ұжым қызметкерлері Жолдауда көрсетілген 10 міндет бойынша өз ойларын ортаға салды. Олар ұжым мүшелеріне Жолдаудағы 10 міндетті саралап, түсіндіріп берді. Жолдауды талқылау барысында ел экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз ете отырып, оның өсуін басқаруда Елбасының Жарлығына сәйкес рыноктарды реттеп, Қазақстанның Орта Азияда қаржы орталығы бола алатыны туралы, өндіруші сектордың тиімділігін арттыру, өндірістің шикізаттық емес секторын дамытуда экономиканың әртараптылығын қамтамасыз етіп, халық тұтынатын тауарларды ұдғайту, дайын өнім сапасын арттыру, орта және шағын бизнесті дамыту, шикізатты өңдеп, дайын өнімді өткеру үшін әлемдік рыноктан өз орнымызды, өңірлік және жаһандық экономикаға сәйкес инфрақұрылымды дамыту, өңірлер әкімдерінің жауапкершілігін арттыру, осы дамытуда білім жүйесін реформалау қажеттігі, ана мен балаға қамқорлықты, атаулы әлеуметтік көмекті нарық заңына сәйкес дамыту, саяси жүйені одан әрі жаңғырту, парламенттің, саяси партиялардың өкілеттігін, сот-құқықтық жүйені жетілдіру, әкімшілік реформаны жеделдету, Қазақстанның орта Азия өңірімен әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін кеңейту туралы жан-жақты сөз болды.

Жиын қорытындыланған соң «Семей базары» ЖШС президенті М.Құрманбаев мырза баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

— Қала тазалығы айтылғанда базарлардың тазалығы, әсіресе базарлар маңындағы жолдардың жайы жиі сөз болады. Нәтиже шамалы, бұған не дейсіз?

— Базар десе, «Семей базары» ғана ауызға алынады. Семейде 30-ға жуық базар бар. Екіншіден «Семей базарының» маңында 60-қа жуық түрлі меншік нысаны жұмыс істейді. Соған қарамастан жыл сайын «Семей базары» ғана тазалық жұмысымен, жолдарды жөндеумен айналысады. Алайда, біз жолдарды жөндеп, асфальт төсегеннен кейін жылда күз айларында жылу берушілер мен байланысшылар асфальтты қопарып, жұмыстарын жүргізеді де қазылған жер сол күйі қалады. Осы мәселе шешілмей, «Семей базары маңындағы» жолдардың ретке келуі қиын.

— Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруда «Семей базары» қандай жұмыстар атқарады?

— 15 жылдан бері Үкімет кәсіпкерлерге жағдай жасаумен келеді. Ендігі жерде бизнесмендер мемлекеттің өркендеуіне, халықтың жағдайының жақсаруына үлес қосуы керек. Біздің ұжымға келетін болсақ, өздеріңіз байқағандай, «Семей базары» заман талабына сай көркейту жұмыстарымен айналысудамыз. Екіншіден, біз тұтынушыларға қызмет көрсетеміз, сол себепті базардан өткерілетін өнімнің, әсіресе, жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасын делдалдардың қатысуынсыз, өнім өндірушілер қоятын бағаға жақындату. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Бұдан басқа өңіріміздің әлеуметтік-мәдени саласына барынша атсалысуды міндетіміз санаймыз. Шәкәрім бабамыздың 150 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарына байланысты қажының шығармаларын жарыққа шығаруға демеушілік жасап отырмыз. Бұйырса, Шәкәрім Құдайбердіұлының 5 томдығын шығарамыз, мерейтой қарсаңында оқырмандар қолына тиіп қалар. Өңіріміздің спортшыларына, Жоламандағы мешітке әркез көмек көрсетеміз. Басқа да қайырымдылық шаралардан тыс қалмаймыз.

— Сіздің ұжымда өзіңізбен бірге С.Бекетаев та қалалық мәслихатқа депутат. Депутат ретінде қандай жұмыстарға назар аударасыздар?

— Елбасының Жолдауында жергілікті мәслихаттардың ролін арттыруға байланысты айтылған тұжырымдар депутаттар тарапынан қолдау тауып отыр. Біз, депутаттар, жергілікті өзін-өзі басқаруға атсалысатын боламыз. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға, бюджеттің мақсаткерлікпен орындалуына бақылау жасауға, Өскемен мен Семейдің бюджетін теңестіруге күш саламыз.

Ризвангүл ИМИНЖАНҚЫЗЫ

орнамент.jpg

«Жас қазақ», №8 (164), 29 ақпан, 2008 жыл

ШӘКӘРІМТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН МОЛ ҮЛЕС

Геоэкономика дәуірінде ұлттық құндылықтар шетке ысырылып қаларын аңдампаз әлем түйсініп үлгерді. Өмірде бәрі өтпелі, бір Алла Тағаланың қалауымен негізгі ақиқат рухани-интеллектуалды көркемдік, шындық дегеніміз сол. Бұл платондық идеяны ұлы ақын-жазушылар, суреткер атаулы әр қилы сарынмен қайталаудан жалыққан емес. Платоннан басталған, Шеллимен жалғасқан, Шәкәрімнің айтпағы да сол.

Ерте орта ғасырларда ғылыммен айналысқан адамдардың еңбегі құмға сіңген судай еш кетті, білім нұры ұрпаққа ауыспай, жанбай жатып сөнген. 1450 жылы кітап басу ашылған дәуірмен адамзат санасы тез һәм үздіксіз өсе бастады. Кітап басу надандықты жеңген ұлы қару болды. Энциклопедияшы-ғалым, академик В.И.Вернадскийдің айтуынша, адамзаттың ғылыми дүниетанымының тарихы мұқабадан басталады.

ХХІ ғасыр тәуелсіз қазақ елін зор жетістіктер мен мүмкіндіктердің жаңа даму кезеңіне лайым бастап тұр. Қазаққа енді әлсіз болуға болмайды. Қазір күллі дүние жүзінде ұлттық мәдениеттердің қорғансызын жойып жіберу үшін интеллектуаллды жойықын һәм зимиян соғыс жасырын мәтінмен жүріп жатыр. Үстемдік пен отарлау озбырлығын ұстанатын ірі халықтар – «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» қағидасының құлы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақтың асыл қазынасы – өшпес әдебиетінің өрлеуін көздейтін мемлекеттік іс руханиятты қорғау саясатынан туындайды.

Сонымен қатар қазаққа жеке дара ұлтжанды меценаттар айрықша қажет.

Гай Цильный Меценат – мемлекет қайраткері, римдік бай ақсүйек. Оның Гай деген есімі нағыз Рим азаматы екенін айғақтайды: Авл, Гай, Луций, Марк, Публий… Римдіктердің жеке кісі аттары бар-жоғы 18 екен. Ол суретшілер мен ақындарға қамқорлық жасай беріпті. Гораций, Вергилий, Проперций, Марциалл тәрізді әйгілі ақындар Меценаттың есімін әспеттеп, өз өлеңдері арқылы даңқын шығарған. Меценаттың қазақша баламасы – Атымтай Жомарт. Оның түп негізі – «Мың бір түннен». Асылында, меценаттық ізгіліктің негізінде ұлттың өзін-өзі аман сақтау, мыңжылдықтардан мүжілмей өту, мықты, іргелі халыққа айналуды көксеген асыл мұраты жатыр.

Біздің меценат – семейлік ірі кәсіпкер, Семей қалалық мәслихатының үшінші шақырылымының депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбай. Сериялық ғылыми бес томдық жинақ – Шәкәрім Құдайбердіұлының тұлғасына арналған кітаптар М.Құрманбайдың дербес қаржыландыруымен жарық көрді.

1 092.jpg Семейде қазір әулие ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында екі бірдей Шәкәрімтану орталығы қызмет жасауда. Бірі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет аясында (ғалым С.Ізтілеуованың жетекшілігімен), бірі Семей педагогикалық институтындағы ғылыми-зерттеу орталығында, филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбайдың құрастыруымен ұлы ақынның академиялық толық шығармалар жинағы дайындалу үстінде.

2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең үздік меценат атанған Марат Құрманбай бұрын өнердің көпшілік қауым үшін ең сүйікті түрі спорт саласына баса көңіл бөлген еді. Ол облыс бойынша кикбоксинг және тайбокс федерациясының президенті ретінде әртүрлі халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстардың мұқтаждығын көтеріп келеді. Соның үшін 2004 жылы М.Құрманбайға «Қазақстан Республикасы спортына еңбек сіңірген қайраткері» медалі берілді. Спорт әлемінен бөлек өнердің қас дегдар өрісі – әдебиетке ірі қаржы салуды ол өзінің азаматтық борышы санап отыр.

Шәкәрім ақынның дүбірлі тойына негізгі даярлық туған жерінен басталуы керек деген дүниетанымына сәйкес Марат Серікжанұлы демеушілік жәрдем көрсету туралы әуелгі ұсынысты ести сала қабыл алып, бірден келіскен көрінеді. Халық даналығында «Қас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл» дейді. Сірә, «қызмет қыл халқыңа» дегізген ішкі дауысы болған ғой.

Бастапқы жасыл мұқабалы бес томдық кітап Новосибирскіден 1000 данамен жарық көрді, қаржылық ауыр салмағын М.Құрманбай жалғыз көтеріп алды. Жақсылық зая кетпейді. Осы сүйінші іс Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан дереу қолдау тауып, мемлекеттік тапсырыспен таралымы әлденеше мәрте көбейіп, «Раритет» баспасынан жаңғырып, қайта басылуына мұрындық болды. Шәкәрім – ұрпаққа ар ілімін аманат қылған, әулиелік қонған тұлға. Бұл ұлтты азып-тозудан сақтайтын имандылық жарығын молайтумен тең құбылыс. Кітап – ешқашан құнын жоғалтпайтын қуат көзі.

1995 жылы Абай тойын лайықты өткізуге үлес қосқан ел азаматтары қатарында «Семей базары» серіктестігінің жетекшісі М.Құрманбай есімі құрметпен аталынды. Марат аға қаланың шеткі, өркениет белгілерінен қалыстау, кілең қазақ тұратын аймағы – Жоламанда туып өсті. Бір кезде өзі ойнаған, бағбансыз, қараусыз жерде енді баласы да доп теуіп жүргенін көргенде, заман жаңарса да еш өзгеріс жоқтығы оның жанына қатты батады. Қазақтың маңдайына қоқыстан арылмаған тұсты құдай жазып қоймаған шығар деген ойға бекіп, ол дереу жас жігіттерді жинап, көше комитетін құрады. Зираттар маңы қоршалып, 1985 жылы балаларға арналған спорт алаңдары жасалып, Жоламанда мектеп салынуына зор еңбегін сіңіреді. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Жоламанға жанашыр бар ма?» атты уытты мақала жарияланып, осының арқасында бұл тұсқа телефон тарттыру, көшелерді түзеу тәрізді тұрмыстық жеңілдіктер орнай бастайды. 1989 жылы бірінші тәуелсіз депутат болып сайланғаннан бері кәсіпкер үлкен істердің басы-қасында жүр. Жоламанда мешіт салып, ел-жұрттан алғыс алған М.Құрманбай – қазір соңғы он жылда урбанизация меңдеп, ауылдардан қала маңына жаппай қоныс аударған қыр қазақтарының әлеуметтік тұрмысын оңдау жолында жан аямай еңбек қылып жүрген депутат. Халықпен қоян-қолтық араласып, мұң-мұқтажын естіп, хал-хадірінде көмек қылудан айнымай келеді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы,

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

орнамент.jpg

«Егемен Қазақстан», № 123-124 (25096), 29 сәуір, 2008 жыл.

Жағымды жаңалық

ДЕПУТАТТАР БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

Соңғы кездері қалалық мәслихат депутаттарының белсенділігі арта түсіп келеді. Соның айғағындай, олар бұрынғыдай тек бюджеттік есеп-қисапты талқылаумен ғана шектелмей, қала өміріне қатысты барлық мәселелермен де айналысуда.

Айталық, соңғы кезде қала зиялылары көшедегі жарнамаларға байланысты орынды мәселе көтерген еді. Онда жарнамаларда мемлекеттік тілдің әлі де ақсап жатқандығы, оған керісінше ащы сусындар мен эротикалық көріністердің кеңінен насихатталатындығы сын тезіне алынған болатын.

Жуырда өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар зиялы қауымның орынды пікіріне қолдау білдірді. Олар жарнама үшін төленетін ақыны талқылай келіп, әлеуметтік маңызы зор рухани-мәдени тақырыптағы жазу, бейне түрлерін салықтан босату жөнінде шешім қабылдады.

Бұдан кейін жекелеген депутаттар көше атын өзгерту барысында оны бір ізбен дұрыс жазу мәселесін көтерді. Айтты айтпады, бұған дейін көше аттарының екі тілде жазылып келгендігі еш ақылға сыймайды. Шындығында, адамның тегін жекелеген әріптерге бола орысшаландырып қайта жазудың жөні қайсы?!

Сонсоң осы орайда жергілікті депутаттардың қаланың Құрметті азаматы атағын беру мәселесіне жауаптылық таныта бастағанын айта кетсек дейміз. Бұрын оны әкімнің өзі жеке-дара шешетін. Ал қазір бұл мәселені депутаттар өзара ақылдасып, кеңесе келіп, орнымен шешуде. Және осы атақ ерекше бір жағдайда болмаса жылына бір-ақ рет, қала күнінде ғана беріле бастады.

Депутаттар белсенділігі демекші, соңғы кезектен тыс сессияда қалалық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаев тарапынан және бір оңды ұсыныс ортаға салынды. Республика Үкіметінің шешімімен орталық паркте Шәкәрім сынды ғұлама ақынның 150 жылдық мерейтойына орай ескерткіші орнатылатын болды. Бұл тек Семей өңірі үшін ғана емес, ел өміріндегі елеулі оқиға деді ол. Бірақ әлгі демалыс паркі күні бүгінге дейін Ленин есімімен аталып келеді. Мына мерейтойына орай сол орталық саябаққа Шәкәрім есімін неге бермеске!

Орынды ұсынысты оның басқа да әріптестері қолдап әкетті. Ал депутат Құрманбаев мырзаның тек осындай орынды ұсыныспен ғана шектелмей, мұның алдында Семей педагогика институтының жанындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығында дайындалған «Шәкәрім мәселелері» атты бес томдыққа демуші болғандығын айтпасқа болмайды.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ

орнамент.jpg

«Семей таңы», № 34 (17969), 27 тамыз, 2009 жыл.

БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН ЕЛ ЕКЕНДІГІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Әлемді шарпыған қаржы дағдарысының салқыны Қазақстанға да әсерін тигізді. Халықтың тұрмысының өркендеуіне тосқауыл болар қаржы дағдарысының алдын алуға Елбасы Н. Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауы зор ықпал етіп отыр деп білеміз. Ата-баба тарихының тереңіне үңілсек, әр түрлі қиындық, кедергілердің барлығын ел ауызбіршілігінің, парасаттылығының арқасында жеңе білгеніне көз жеткіземіз. Заман, қоғам өзгергенмен, адамның жолындағы кедергілер әр дәуірде даму көшімен қатар жүреді.

Жалпы, қиындық атаулының қамалын халық бірлігінің күшімен жеңуге болатындығын Елбасы өз Жолдауында атап көрсетті. Бұл – бірлігі жарасқан ел екендігіміздің айғағы. Мәртебесі биік мемлекетіміздің мерейінің үстем, қаржы дағдарысына қарсы тұрар діңгегінің берік болуына халқымыздың рухани тәрбиесінің жоғарылығы оң ықпал еткені ақиқат.

Бүгінгі ел қамын ойлаған жанашыр жандардың әркеті мен сөзі кейінгі буын өкілдеріне үлгі екені анық. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлының «Туған жерге тағзым» Үндеуіне үлес қосқан Семей өңірінің азаматтары 40 жыл атом полигонының зардабын шеккен қазақ жерінің ядролық сынақ алаңының түбінде орналасқан Абыралы өңіріндегі халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қолғабыс етіп, қол ұшын беруді көздеген азаматтар бірігіп, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорын құрған болатын. Бұл өңір көптеген азаптарды басынан өткізді. 1928 жылы Абыралы ауданы болып құрылған уақытта халық саны 40 мың болса, бүгінде алты ауылдық округте 6 мыңға жетер-жетпес халық қана қалған.

Қордың негізгі мақсаты – Абыралы өңірінің тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларды сапалы медициналық көмек түрлерімен қамтамасыз ету үшін жағымды жағдайлар жасау, сондай-ақ Абыралы елінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-сауықтыру экологиялық мәселелерін шешуге қолғабыс ету және тұрғындардың өз мәселелерін өздері шешу үшін ақпараттық, ағартушылық, медициналық, әлеуметтік, қайырымдылық және бәсекеге қабілеттілігі қолайлы ауыл шаруашылық өнімдерін көтеру, ақыл-кеңес беру бағдарламаларын іске асыру.

Қоғамдық қор заңды түрде құрылғаннан бері өз алдына жоспар құрып, Абыралы өңірі халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында тиісті жұмыстар атқаруда. Көптеген шешімін таппай жүрген мәселелерді оң шешу мақсатында арнайы мекемелерге хаттар жолданып, тиісті жауаптар алынуда. Қайнар ауылына кіре беріс жол бойына «Қайнар ауылына қош келдіңіздер!» деп жазылған стелла бой көтерді. С. Бегалин атындағы орта мектепте балалар көркемөнер студиясы ашылды. Үстіміздегі жылдың 18 маусым күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Семей ядролық полигонында сынақтар тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға еш уақытта қайталанбауы тиіс» деп, және 29-шы тамызды «Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкіләлемдік күні» деген Үндеуін қолдап, полигон құрбандарына арнап, атом полигонының зардабын шеккен алаңның түбегінде орналасқан Абыралы өңірінен монумент тұрғызуды жоспарладық. Монумент Абыралы өңірінің тумасы, жас архитектор Асхат Бәкірұлының кезекті туындыларының бірі болуда. Бүгінде «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының құрылтайшыларының және ел азаматтарының қарқынды жұмысының арқасында жоспарымыз ойдағыдай іске асып, монумент бой көтеріп отыр. Осыған байланысты, 28 тамыз күні «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының басшылығымен және қалалық әкімшіліктің қолдауымен Абыралы өңірінен бой көтерген монументті салтанатты түрде ашып, атом полигонының құрбандарына арнап ас беруді жоспар етудеміз. Бұл асқа Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шекке аймақтарда мекен ететін азаматтардың барлығын шақырамыз.

Қор бір жылға ғана емес, бірлігіміз жарасып, жұмыла жұмыс атқарсақ, алдыңғы мақсаттарының бірі ретінде Қайнар ауылының орталығынан «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» атты мәдени саябақ құрылысын бастап, ол жерде өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей, өңірден шыққан ардақты азаматтарға ескерткіштер мен тарихи монументтер орнатып, түрлі жұмыстар жүргізу жоспарда бар.

Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол бірлік, еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет, — деп Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай, еліміздің қол жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа аманат етіп табыстау үшін де бірлік қажет.

Халқымыздың басына күн туған небір қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағы мен бірлігі емес пе еді? Олай болса еліміздің өсіп өркендеуі жолында бірігіп қызмет атқаратын болсақ, еліміз көркейіп, болашағымыз зор болатыны сөзсіз.

Марат Серікжанұлы ҚҰРМАНБАЙ,

«Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті

орнамент.jpg

«Семей таңы», №31 (18070) 20 мамыр, 2011 жыл.

Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл

САЛАУАТ ПЕН ШАПАҒАТТЫҢ АРАСЫ

«Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» атты кітап жарық көрді

Адамзат баласының ортақ қасіретіне айналған Семей атом полигонының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылғанына үстіміздегі жылы 20 жыл толып отырғаны белгілі. Еліміздің тәуелсіздік алған жылымен қатар аталатын осынау айтулы датаның маңызы қаншалықты екендігін де ел бүгін жақсы біледі. Атом аждаһасын ауыздықтап, әлемдік деңгейде батыл қадам жасаған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік мақсаттағы осынау еңбегін қазіргі жаңа ғасырда төрткүл дүние түгел мойындайды. Дегенмен, 1949 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта 40 жыл бойына ядолық полигон ошағына айналған Семей жұртшылығының тартқан зардабы бұл күнде тарих қойнауына кетсе де, оның салған лаңы ұрпақ жадында ұмытылмайтын даққа айналғаны өкінішті-ақ. Бірақ, о бастан рухы мықты елдің ешуақытта сағы сынбайтынын төреші уақыт өзі дәлелдеді.

Соның нақты мысалын белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңірі бойынша меншікті тілшісі Дәулет Сейсенұлының жуырда жарық көрген «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» атты кітабынан көруге болады. Бірден айтқан жөн, аталмыш кітап «Ақшың» корпорациясының және «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты, Семей қаласының Құрметті азаматы Марат Құрманбайдың тікелей меценаттық қолдауымен жарық көрген. Кітаптың құндылығы сонда, автор ядролық сынақ аймағының бастан өткерген тауқыметті тарихы мен Елбасы Жарлығымен 1991 жылдың 29-тамызында жабылғаннан бергі тыныс-тіршілігін қамтиды. Полигон ошағының негізгі эпицентрі саналатын бұрынғы Абыралы ауданының ауылдары мен Абай ауданы, Саржал ауылы тұрғындары куә болған жайлар журналист назарында қаз-қалпында суреттеледі. Екі бөлімнен тұратын кітапқа енген мақала мен сұхбаттардың алғашқысы «Өткенге — салауат» деп аталса, екіншісі «Бүгіннен — шапағат» аясында бүгінгі бейбіт замандағы Семей жерінің әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз етіледі. Кітапқа енген фотосуреттердің де өзіндің құндылығы бар. «Өткенге — салауат» бөлімінің суреттері 1946 жылдың қарашасында ССР Министрлер Советінің Председателі И. Сталин мен ССР Министрлер Советінің Іс басқарушысы Я. Чадаев қол қойған сынақ полигонын ашу жөніндегі фотокөшірмесімен ашылса, «Бүгіннен — шапағат» бөліміндегі суреттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосымен және 1991 жылдың 29-тамызында Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Жарлықтың фотокөшірмесімен жалғасын тапқан.

Сондай-ақ, «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» кітабында Дәулет Сейсенұлының әр жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Семей полигоны тақырыбындағы өзекті жайларды сөз еткен мақалалары мен сұхбаттары өміршеңдігімен ерекшеленеді. Кітаптың сыртқы мұқабасындағы «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылтайшыларының ұйытқы болуымен Қайнар ауылынан Семей сынақ полигонының тоқтатылғанына 20 жыл толуына орай Елбасының «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы» тиіс деген сөздері жазылған атом бомбасының құрбандарына арналып бой көтерген монумент бейнесі де талай жайдан сыр шертетіні анық.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

орнамент.jpg

«Қазақстан» Ұлттық арнасы, жаңалықтар, 20 ақпан, 2013 жыл

АҚБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Семейге қарасты Ақбұлақ елді мекенінде 20 балаға арналған шағын орталық ашылды. Аса үлкен емес. Десе де, талай жыл полигон сынақтарының зардабын шеккен ауыл халқы үшін үлкен жаңалық болып отыр. Барлық талаптарға сай жабдықталған орталық балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтымақ.

Ақбұлақ ауылындағы әлеуметтік нысанның бірқатары тоқырау тұсында жекешеленіп, кейбірі жер бетінен жоғалды. Содан бері бала тәрбиесімен айналысатын мекеме мүлде болмады. Мына мектеп жанынан ашылған шағын орталықты ауылдықтар асыға күтті. Балдырғандарға жасалған мүмкіндікке ұстаздар да, ата-ана да дән риза.

Мәкен РАХИМОВА, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:

— Өте қуаныштымыз. Еліміз, халқымыз қуанып жатыр. Төбеміз көкке бір елі жетпей жатыр.

Нұргүл ИМАНАҚЫШЕВА, бастауыш сынып мұғалімі:

— Енді осы шағын орталықтың ашылуы балалардың ой-өрісінің дамуына, еңбекке деген құштарлықтары мен оқуға деген ынталарына үлкен әсер етеді.

Шағын орталықты ашу үшін «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры

республикалық «Бота» қорының грантын жеңіп алған. 3,5 млн теңге қаржы бөлініп, қажеттімен түгелдей жабдықталды.

Марат ҚҰРМАНБАЙ, «Абыралы-дегелең» қоғамдық қорының төрағасы:

— Егерде біз осы балаларымызға терең білім берсек, ертең біздің еліміздің болашығы үшін аянбай еңбек ететін нағыз патриоттар болады деп ойлаймын.

Енді бұл орталықта 20 бала екі ауысымда білім алады. 5 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Тәрбиешілерден бөлек психолог пен тіл маманы қызмет етеді. Әзірге жұмысшыларды жалақымен сегіз ай бойы қоғамдық қор қамтамасыз етпек. Уақыт өте шағын орталық аудандық білім бөлімінің қарауына беріледі.

Ержан ЖАҚЫП, Анатолий ТЕРНОВ

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ