ШАҢБАЙ Тұрдықұл

Т Шаңбай .jpg

ШАҢБАЙ Тұрдықұл,

Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

«АҚШЫҢ» – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Тәуелсіздік абстракциялық ұғым емес, ол – нақты ұғым. Тәуелсіздіктің өмірде анық тіректері болады. Ондай тіректер болмаса, тәуелсіздіктің өзі төрт аяғын тең баспайды. Сол тіректердің бірегейі не десек, ол – еңбек. Тұтас еліне, халқына, отбасына арнап еңбек ету нағыз азаматтың харекеті. Алаш-Семей қаласында сондай азамат бар, ол – Марат Құрманбаев. Олай дейтініміз, ол – биыл жиырма бес жылдық мерейтойына абыроймен келіп отырған «Ақшың» корпорациясының президенті. Ал, осы «Ақшың» корпорациясының елге жасаған қызметін байқататын көрсеткіш не десеңіз, ол – жүздеген, мыңдаған алғыс хаттар, жүрекжарды алғыстар. Елінен, жұртынан алғыс алған тұлға кім десеңіз, ол, Марат Серікжанұлы, елінен, жұртынан алғыс алған корпорация қайсы десеңіз, ол «Ақшың» корпорациясы. Сол алғыстардың біреуіне, яғни, бірегейіне тоқталып өтейік. Ол, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан келген – «Алғыс хат». Осы Алғыс хатта Елбасы былай дейді: «Марат Серікжанұлы Құрманбаевқа. Елімізде жүргізіліп жатқан нарықтық экономикалық өзгерістерге белсене атсалысып, Қазақстанда демократиялық қоғамның қалыптасуына қосқан жеке үлесіңіз үшін Сізге Алғыс жариялаймын. Сізге зор денсаулық, бақыт және Отанымыздың игілігі жолында жаңа табыстар тілеймін». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 2006 жыл, наурыз. Астана, Ақорда. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы. Абырой деген осы!

Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында небір қиындықтарды бастан кешіп, талмай еңбектенудің арқасында бүгінде Марат Құрманбай басқарып отырған «Ақшың» корпорациясы қалыптасып, еліміздегі танымал нарықтық экономиканың орталығына айналды. Ал, енді осы «Ақшың» корпорациясының көпқырлы салаларының халыққа жасап отырған еңбегін жинақтап айтып өтейік. Ол үшін «Ақшың» корпорациясының құрылымына тоқталайық.

Біріншісі, ол – «Ақшың» сауда орталығы. «Ақшың» сауда орталығы қаламыздың нақ орталығында орналасқан. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті дүниенің қай түрін іздесеңіз де табасыз. «Ақшың» сауда орталығының ғиамраты стандартқа сай, әрі көркем. Онда 3000 мыңнан астам кәсіпкер қала жұртына, келіп-кетіп жатқан қонақтарға сапалы қызмет етуде. Ал осы кәсіпкерлерге «Ақшың» сауда орталығы да талапқа сай қызмет көрсетуде. Осында еңбек етіп жатқан кәсіпкер де, келіп-кетіп жатқан жұрт та риза.

Екіншісі, ол – «Ақшың Фарм» әмбебап дәріханалары. Бұл дәріханалар еуропалық стандарттарға сай өздерінің қызмет түрлерін тұтынушыларға ұсынып келеді. Қажетті дәрі-дәрмекті, түрлі дәруменді осыдан табасыз.

Үшіншісі, ол – «Семей Вет» ветеринарлық зертханасы. Шындығын айтқан жөн, мұндай зертхана еліміздегі базарлардың арасынан екінші болып біздің Семейде, «Ақшың» корпорациясында ашылған еді. Бүгінгі күнде зертхана қажетті жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілген, жедел әрі сапалы ветеринарлық-санитарлық сараптама жасай алады. Соның нәтижесінде ет тағамдарының тұтынушы қолына таза күйінде өтуіне жол ашылған.

Төртіншісі, ол – «Азамат» күзет қызметтері. Мекемелерге, белгілі бір салаларға өз қызметін көрсетуге әрқашан да әзір. Қазіргі күзет қызметінің талатына сай толық жабдықталған. Қаладағы көп мекеме осы «Азамат» күзет мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істеуде.

«Ақшың» корпорациясының қызмет аясын кеңейткен бұлардан басқа да еншілес кәсіпорындар, филиалдар да жетерлік. Мысалы, «Жан-Жақ» мейрамханасы, Цементшілер кентіндегі сауда орталығының филиалы, арнайы жүк сақтау орындары, өнеркәсіптік база, «Жан-жақ» бистро дәмханасы сынды бірнеше тамақтану орындары, «Құрманбай» шаруа қожалығы, «Ақшың» тұрғын үй кешенін тұрғызған құрылыс компаниясы.

Жоғарыда аталған «Ақшың» корпорациясының арналы салалары оның нарықтық экономикалық өзгерістерге белсене атсалысып отырғанын айқын көрсетеді. Марат Серікжанұлы басқарып отырған «Ақшың» корпорациясы биыл ер жігіттің жасы 25-ке келіп отыр. Құттықтаймыз!

Мен «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлымен 2002 жылы жақын таныстым. Содан бері 16 жыл өтіпті, байланысымыз үзілген емес. Біздің танысуымызға ненің, нақтырақ айтсақ кімнің жол ашқанына тоқталайын. Ол, қазақ ойшылы, классик ақын – Шәкәрім. Мен ол жылдары Алматыда тұратынмын. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінде, «Қазақ Энциклопедиясы» Бас Редакциясында қайнаған еңбектің арасында жүрген кезім. Елден, Семейден телефон шалынды. Телефон шалған, сол кезде Семейдегі Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеттің ректоры Ерлан Сыдықов болатын. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні мынау болды: «Данышпан Шәкәрімнің мерейтойы жақындап келеді. Тас түскен жеріне ауыр. Ел қазақтың рухани-мәдени орталығы Семейге қарайды. Соған дұрыс дайындалуымыз керек. Семейге кел. Осы харекеттің басында бол. Жағдайыңды жасаймыз. Ұстазың Қайым Мұхаметханұлынан бастап, өзің оқыған оқу орнындағы ұстаздарыңның қалауы саған түсіп отыр», – деді. Бұл сөз маған өтініш емес, бұйрық сияқты естілді. Сөйтіп, бәрін тастап, елге, Семейге қайттым. Университет жанынан ашылған Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми концепциясын жасап, жұмысқа кірістік. Сол ғылыми жұмыстардың приоритетті бағыттарының бірі көптомдық «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағы болатын. Жеке тұлғаға сериялық ғылыми жинақ дайындау ғылымы дамыған елдерде қалыптасқан дәстүр. «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының алғашқы кітабы дайын болды. Университет осы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының концепциясы аясында жарық көріп жатқан «Шәкәрім» журналын, басқа да басылымдарды қаржыландырып жатқан. Ал, «Шәкәрімтану мәселелері» елімізде жеке тұлғаның шығармашылығына арналып дайындалған тұңғыш сериялық ғылыми жинақ болғандықтан қомақты қаржы көзі керек болды. Ел ағаларының кеңесімен Марат Серікжанұлына бардым. Жағдайды айттым. Жылы қарсы алды. Бірінші томға қанша қаражат керегін сұрап білген соң, бірден сол жерде шешіп берді. Және, айтқаны қалған томдарын да толық өзім қаржыландырамын, оған алаңдамаңыз, шығармашылық табыс тілеймін деп шығарып салды. Сонымен, «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағының 6 кітабын, оған қоса, Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойына арналған таңдамалы «Шәкәрімтану мәселелері» арнайы жинағын толдық қаржыландырды. Ел де, халық та риза болды. Республика деңгейіндегі ғылыми орта осы кітаптар арқылы Семейдегі ғылым мен бизнестің жақсы байланысын көріп риза болысты, өздеріне үлгі етті. Кейіннен осы кітаптар көзге ілініп, мемлекет тарапынан қаржыландырылып тағы жарық көрді. Міне, осы байланысты айта отырып, біз, Марат Серікжанұлының нақты ғылым саласына жасаған ерекше қолдауын көрсеткіміз келді. Ал, Мәкеңнің республикалық денгейдегі қолдауы да ұшан-теңіз. Сол азамматығының нәтижесінен бір ғана мысал келтірейік. Марат Серікжанұлының 2008 жылы «Білім меценаты — 2008» атағын алды, осының өзі көп нәрседен хабар берері сөзсіз.

Марат Серікжанұлы өзінің елге жасаған меценаттық, тіпті отбасылық қуаныштарынан мені қалтырған емес. Екеу ара жарасымды қалжыңымыз да жоқ емес. Менің анам Фатима арғынның қызы екенін білген Мәкең маған «Е-е-е, ғылым саған қайдан келді десем, біз жақта жатыр екен ғой!», – дейді жымиып. Мен де қалыспауға тырысып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтпақшы «Елге, жұртқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген, саған мінез қайдан келген десем, біз жақта жатыр екен ғой», – деймін анасы Рыстыжамал апамыздың найманның қызы екенін есіне салып. Жалпы, Марат Серікжанұлы анасын көзі тірісінде ерекше жақсы көріп, құрметтегенін көзімізбен көрдік. Анасы не айтса да тыңдап тұратын. Былай шыға, анасы туралы ризашылықпен ғажап әңгіме айтатын: «Тұреке! Менің анам жаңбыр жаудырмауы мүмкін, бірақ анық күн күркіретері сөзсіз» дейтін анасының өр мінезін еске алып. Біз оған қарық болатынбыз. «Алып анадан туады» дейді қазақ. Дана қазақ қателеспепті.

Құрметті, Марат Серікжанұлы, осы мерейтой қарсаңында өзіңе денсаулық, отбасыңа береке, корпорацияңа табыс, Еліңе тыныштық тілеймін.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ