ИМАНБАЕВ Нұриден Құсманұлы,
қалалық мәдениет сарайының директоры, әнші, мәдениет қайраткері
Нұриден Құсманұлы 1963 жылы 5 ақпанда Қайнар аулында дүниеге келген.
1969-1976 жылдары Қайнар орта мектебінде, 1976-1979 жылдар аралығында Семейдегі №5 білім ошағында оқыды.
Семей зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының 1984 жылғы түлегі. Еңбек жолын сол жылы Қарағанды облысы бұрынғы Егіндібұлақ, Қазыбек би ауданына қарасты Тәттімбет ауылында зоотехник болып бастады.
1986-1988 жылдар аралығында Егіндібұлақ ауданында комсомол комитетінің І хатшысы, 1988-1992 жылдары Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда бас зоотехник, 1992-1994 жылдары Семей облысы Абыралы ауданына қарасты Социалистік Қазақстан газеті атындағы совхозда бас зоотехник болып жұмыс істеді.
1994-1997 жылдар аралығында аталған ауданда экология басқармасын, экономика басқармасын басқарды. Әкімшіліктегі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аппарат жетекшісі болды.
1998-1999 жылдары Семейдегі «Жылукоммунэнерго» МКК кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек етті.
1999-2003 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС президентінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, 2003-2005 жылдары «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында қызметкер, 2005-2012 жылдары Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі болды. 2008 жылы педагогикалық интситуттың музыка факультетін тәмамдады.
2012 жылдан бері қалалық мәдениет сарайының директоры.
Жұбайы Бақыт Иманбаева – қаржыгер. Екі ұлы бар. Мерей – дәрігер-хирург, Жасқанат – Ішкі істер органдарында қазмет етеді, майор. Нұриден Құсманұлының Керім, Парасат, Ақберен есімді немерелері бар.
МАРАТ БАЛА КЕЗІНЕН КӨШБАСШЫ БОЛДЫ
— Нұриден Құсманұлы, кезінде «Семей базары» ЖШС президенті Марат Серікжанұлының кеңесшісі болдыңыз, қоғаммен қайнаған іс-шаралардың бірсыпырасын білесіз. Бөлісе аласыз ба?
— Бұл 1999-2003 жылдар аралығы болатын. Ол кезде халықтың әл-ауқаты қазіргімен салыстыруға келмейді. Жалақы мен зейнетақы төмен, жұмыссыздық белең алған уақыт. Еліміз енді-енді қуаттанып, әр салада тың өзгерістер орын алып жатқан кез. Әсіресе, қалаға жақсы өмір іздеп келген ауылдағы ағайын қатты қиыналып қалды. Баспана жоқ, шаһар шетіндегі саяжайлардан пана іздеп, тентіреп кетті…
Ол уақыттағы кеңесшілердің жұмысын қазіргі кеңесшілермен салыстыра алмайсыз. Серіктестік басшысы Марат Серікжанұлына келушілер де көп болатын. Солардың әрқайсысына қаржылай қолдау көрсетпесе де, мүмкіндігінше жылы сөзімен демеп, шығарып салатын.
Қай халық болмасын батырын құрметтейді. Елдің атын шығаратын, намысын қорғайтын және тартысты додаларда көкбайрағын көтеретін ұл-қыздарымыз көп болса екен деп армандайды. Осы ретте Мараттың жасаған игі істері көп.
Бір ғана мысал: қазіргі танымал «Арлан» спорт клубының құрылуына бірден-бір мұрындық болған Марат болатын. Әу, баста жастар әр мектепті паналап, жаттығып жүретін. Осы жағдайдан хабардар болған досым сол кездегі жергілікті атқамінерлермен, тиісті орындармен және мәдениет сарайының басшылығымен келіссөз жүргізіп, аталған мәдени орынның үшінші қабатынан үлкен спорт зал ашып берді. Кикбоксинг шеберлері әлі күнге дейін сол жерде жаттығып, толағай табыстарға жетіп жүр. Менің білуімше, бүгінгі таңда аталған спорт клубынан шыққан сегіз әлем чемпионы бар. Ал жетекшісі Қайрат Смағұлов — ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы. Мұндай биікке ол маңдай тердің арқасымен келді. Еліміздің мәдениет және спорт министрілігі, тиісті федерациялар оның мүмкіндігі мен жетістігін лайықты бағалады деген сөз. Ал кезінде Марат соларды қолдап, жанашыр болмаса осындай толағай табыс болар ма еді? Жоқ. Міне, спортшыларға қанат бітіріп, жігерін қайраған біздің Марат болатын. Тек қана кикбоксинг емес, спорттық қай түрі болмасын іскер азамат өгейлік танытып көрген емес. Облыстық кикбоксинг және тай боксы федерациясының президенті, меценат, туған елдің азаматы ретінде талай жастарға қолдау көрсетіп жүр.
— Жалғыз спорт емес, білім, ғылым, өнер мен мәдениетке де жанашырлық танытып жүрген азамат екенін жақсы білеміз…
— Сіздің сұрағыңыздан кейін бір оқиға есіме түсіп отыр. Қателеспесем 2000 жылдардың бас кезі болатын. Бір күні жұмыс кабинетіме бір азамат кіріп келді. Сөйлесе, тілдесе келе қырғыз екенін білдім. Еліміздің азаматы да емес. Өзінің ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал азығына қажетті шөптер мен топырақтың құнарлығына қатысты жазған кітабы туралы айтып берді. Сол еңбегін қаржы қолбайлау болып, жарыққа шығара алмай жүр екен. Осылайша әңгімелесіп отырғанымызда басшысымыздың өзі кабинетке кіріп келді. «Сіз іздеп жүрген Марат деген жігіт осы» дедім. Әлгі қырғыз жігіті жалма-жан қолжазбаларын көрсетіп, бірдеңелерді түсіндіре кетті. Нәтижесінде, сол кітаптың жарық көруіне Марат көмектесті.
Айта кетерлігі, өзімізге жақын Бородулиха мен Бесқарағай аудандарының жері мен Ақсуаттың бергі жағы, Аягөз, Шұбартау, Абыралы, Шар өңірінің оңтүстік бөлігінің топырақ құнарлығы әртүрлі. Қай жерге қандай шөп өседі, ауыл шаруашылығына тиімді-тиімсіз жерлерді анықтау жөнінде таптырмас туынды. Кейіннен ойлап отырсам, сол кездегі Мараттың кітапты бастыруға көмектесуі – оның алыстан ойлайтындығы. Туынды болашаққа керек болады-ау, пайдасы тиер деген ойы болса керек.
Өзіңіз айтқандай, мұның сыртында ғылым мен білім қуаған жастарға да қолұшын беруден әсте жалыққан емес. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мен тарихи тұлғаларымыздың есімі мен өмірін насихаттау бағытында көптеген кітаптардың жарық көруіне қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Өнерді жағалап жүрген талант иелеріне құрметпен қарап, қолынан келсе көмектесуден аянбайды.
— Оқырман қауым мені дұрыс түсінер деп ойлаймын. «Ақшыңның» ширек ғасырлық тойы Марат Құрманбаймен тығыз байланысты. Сіз бүгінгі кәсіпкер, атымтай жомарт азаматпен мектепте бірге оқыдыңыз. Сол себепті мұндай сұрақ міндетті түрде туындайды: оқушы Марат қандай еді?
— Жауап бермес бұрын, мынаны айтқым келіп отыр. Осыдан 18-19 жыл бұрын ғой деймін шамасы, Қарамырза деген ақсақал Маратты Абыралы өңіріне апарып, ата-бабасының жерін көрсетті. Тарихқа сүйенсек үлкен атасы Құрманбай 1916 жылы ақ патшаның июнь жарлығына Абыралы өңірінен алғаш қару ұстап, қарсы шықандардың бірі болған. Осы қанды оқиғадан кейін оны Владивостокқа жер аударып жіберген. Бас көтергендердің көбі атылып кетті. Кейіннен ел тынышталғанда Жоламанға көшіп келген. Құрманбай ақсақалдың ұлы Мұханбек 1941 жылы соғысқа аттанарда үйдегі жары Қайша апамызға «Майдан даласынан оралсам, бейбіт күннің шуағын бірге көрерміз. Топырақ сол жақтан бұйырса, жалғызым Серікжанды қайтсең де жеткіз…» деген екен. Бертін келе әжесі Қайша «ұрпақтарым ата-баба жерін білмей кетпесін» деген оймен Мараттың әкесін Абыралы өңіріне апарып, бірер жыл сонда тұрған. Данакөз қарияның осы қадамы арқасында қазір ұрпақтары атамекенге үлкен құрмет танытып отыр. Қайша әжеміз баласын апарып атамекенді көрсетпесе, мүмкін бүгін жағдай мүлде басқаша болар ма еді. Мараттың Абыралы десе ерекше көзқарас танытатыны осыдан. Туған жерге деген ықыласы өте ыстық азамат.
Маратпен Қайнарда 3 сыныпқа дейін бірге оқыдық. Бала кезінен көшбасшылыққа қабілеті бар. Мен Семейге 7-ні бітіріп келдім. Бойым аласа болғаннан кейін әкем еркелетіп «Бөдене» деп атайтын мені, кейіннен «Қара ұл» деп кетті. Содан болар, ауыл балалары «Бөден» дейді. Алғашқы қоңыраудан кейін 5 мектептің дәлізінде сөмкемді сүйреп келе жатқам, бір кезде «Бөден!» деген біреудің даусы шықты. «Япыр-ай, мені кім танып қойды» деп ойланып қалдым. Жалт қарасам – Марат. «Әй, қайда кетіп барасың?» деді. «А» класына кетіп барам» дедім ойланбастан. «Қайдағы «А» класы, жүр, менімен бірге оқисың» деп, мені өз сыныбына алып барды. Бойым аласа болғаннан кейін, бос тұрған алдыңғы парталардың біріне жайғаса кеттім. Бір кезде сыныпқа жетекшіміз, әрі мұғаліміміз Айтжан Шәкенқызы кіріп келді. «Мына кішкентай бала бізге қайдан кіріп кеткен?» деді, менің аласа бойымды меңзеп. Сол кезде Марат орнынан атып тұрып: «Ол кішкентай бала емес. Екеуіміз Қайнарда бірге оқығанбыз. Басқа класқа кетіп барады екен, мен алып келдім. Сабақты жақсы оқиды, әнді қалай шырқайтынын көрсеңіз ғой..» демесі бар ма…
Артынан білдім, сөйтсем, Марат сыныптың «атаманы» екен. Осылайша мұғаліміміз 8 «А» сыныбының жеткшісі Тоты Күмісбекқызынан менің табель, іс қағаз сынды құжаттарымды алып, Мараттың сыныбына ауыстырғаны бар. Қазір қарап отырсам, сол кездегі мұғалімдер қандай десеңізші! Баламен санасып, оның көңіліне қарап, достыққа дәнекер болып, кішкентай болса да игі істерді тындырып жүрген.
Қызу оқу басталды. Үш жыл бірге болдық. Кейде сабақтан қашып кетеміз. Сонда баратын жеріміз — көк базар. Қалтамыздағы тиын-тебенді қосып, бәліш аламыз. 3 тиынға су ішеміз. Киноға барамыз. Айта берсе қызық көп. Тауыса алмайсың. Балалықтың бал дәмі ерекше ғой…
— Әлі күнге дейін араласып, бір-бірлеріңізге деген адалдық пен достықтың сүйсіндірер үлгісін көрсетіп келесіздер.
— Бұған себеп көп. Құлыншақтай құлдыраңдаған арманшыл бала кезімізден ауылдың тұмадай тұнық тәрбиесін көрдік. Көзқарасымыздың ұқсастығы, ортақ дос пен ағайын-туысымыз тағы бар. Біз бала кезімізде, студент кезімізде жүз-жүзге, ру-руға бөліну дегенді білмедік. Барлығын үлкендерден үйрендік. Олар бөлінсін деп емес, білсін деп үйретті.
Сонымен қатар, адамның ішкі жан дүниесіндегі белгісіз құбылыстар мен ой-санадағы пікірлер сәйкес келіп жатқанда, адамдар бір-бірін іздей ме деп ойлаймын. Ортақ көзқарас, ортақ қызығушылық болмаса, дос болып жарасып кету мүмкін емес. Осының да ықпалы бар шығар біздің достығымызға. Кейбір дос деген адамдармен той-томалақта, қызық-қуанышта, өлім-жітімде, көшеде кездесіп қалуың мүмкін. Бірақ, оларды шын мәнінде «нағыз досым» деп айта алмайсың. Бұл әркімнің басында болатын жағдай.
Қателесу және қиындық көру арқылы ғана өмірдің үлкен мектебінен өтесің, өзің жіберген қателіктеріңнен қорытынды шығарасың, болашақ үшін сабақ аласың. Сол кезде ғана өмірдегі ең үлкен олжа – ол адал дос табу болса, ең үлкен қателесу – тар жолда досыңның теріс айналуы екеніне күмән келтірмейсің. Бұл – өмір заңдылығы. Жасың ұлғайып, соңыңда қалған ізіңе үңілгенде кімнің кім екенін анықтай бастайсың. Шүкір, Марат секілді адал достары бар жандардың бірімен деп есептеймін өзімді.
Теміртауда металлург Нұрлан Айтмұқашов деген досым бар. Соның бір газетте «Сағыныш немесе Нұриденге сыр» деген өлеңі жарық көрді. Туынды жарияланғаннан кейін кейбір жолдастарымыздың «Нұриденнен басқамыздың бір жеріміз кем ба…» деген секілді ойларын айтып, ренжігендері бар. Ойлап қарасаңыз, бұл — Нұрлан досым мен менің жан дүниемнің ұқсастығы немесе «менің айтқанымды осы түсінеді-ау» деген ақынның үкілі үміті.
Әйтпесе, атқа қонған азаматтың қасында кімнің жүргісі келмейді, әркімнің бір арманы болар. Бұл Мараттың кең жүректі, ешкімді кемсітпейтін қасиетінен болса керек. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын турашыл жан.
— Нұриден аға, басты тақырыптан енді жеке басыңызға қатысты сұрақтарға кезек берсек. Ұлттық өнерімізді бүгінгі күнге жеткізген салалардың бірі – музыка, ән әлемі. Бұл – мұхиттай алып, ғажайып дүние. Отандық әншілер мен орындаушылардың қайсысына көңіліңіз ауып отырады?
— «Қолдан тұлға жасауды қазаққа қою керек» дегенді бір мақаладан оқып едім. Әрине, «мынау – жаман, мынау – жақсы» деген қоғамда пікір болу керек. Дегенмен, маған ұнайтын өнер адамы екінші біреуге ұнамауы әбден мүмкін. Әркімнің өз таңдауы бар. Мына әнші үздік, мына орындаушы нашар екен деп айта алмаймын.
Десек те, Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеев, еліміздің еңбек сіңірген әртісі, әнші-сазгер Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов ағаларымыздың шығармашылығын жоғары бағалаймын. Әрқайсы бір-бір тау, бір-бір шың іспетті. Қазақ маңдаймызға біткен талантты мақтаныштарымыз. Жетісу ән мектебі, Арқаның ән мектебі деген секілді Семейдің де өз ән мектебі бар. Мұны қазір дүйім жұрт мойындады. Қазақтың халық шығармалары мен дәстүрлі әндерін насихаттап жүрген Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Сарина, Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқалиев сынды қыз-жігіттердің орындауындағы әндерді сүйіп тыңдаймын. Кейінгі буыннан Қуандық Рахымның да дарыны мықты. Қазір эстрадамен айтып жүр, бірақ домбырамен сахнаға шыққанда ерекше әсер қалдырады.
— Отбасы өмірінде өзіңізге қоятын талап бар ма?
— Қатып қалған қағидамен жүрем, қатаң ережеге бағынам десем, өтірік айтқан боламын. Күнделікті күйбең тіршілікті тұрмыс билейді. Ол өзіңнің де басыңда бар. Бәрі қолға алған ісіңнің қалай жүзеге асып жатқанына, жұмыс орныңдағы ахуалға байланысты. Бәріміз де пендеміз ғой.
Бұл дүниеде әке-шешеміздің берген тәрбиесімен өтірік айтпай, біреудің ала жібін аттамай, адал еңбек етіп, қолдан келгенше жақсылық жасап жүрсең – осының өзі үлкен жетістік, түсінген адамға. Кішкентай болса да біреудің алғысын алып, ілтипатына бөленіп жүруге тырысу керек. Сондықтан ел қатарлы өмір сүріп жатқан пенденің бірімен ғой деп ойлаймын.
— Соңғы оқыған кітабыңызды айта аласыз ба?
— Этнограф жазушы Жанат Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» атты тарихи-деректі романын оқыдым. Керемет туынды. Жазушы қаламы кешегі бір үркіншілік заманда ата-бабасы Қытай асып, сол себептен өздері сол жақта дүниеге келіп, өмір сүрген қандастарымыздың қилы тағдыры туралы сыр шертеді. Кітап тарихи кезеңдер, қазақ халқының қысылтаяң шақтарды бастан өткеруі, Қытай компартиясы билігі кезіндегі шынайы оқиғалар тізбегінен құралуымен де құнды. Шығарманың оқиғасы қазақ пен қытай арасын жалғап жатқан Алтай, Тарбағатай, Іле аймағында, ғазалдан бабаларымыздың құтты қонысы болған Орқашар, Марқатас, Қату, Дарбыты, Тасбастау өңірлерінде өрбиді. Табиғаты тамылжыған осы бір шұрайлы өлкелерге ие болып, қол астыңа басып отыру үшін қаншама мықтылық, тектілік, батырлық секілді қасиеттер керек десеңізші. Қызыл тілді орнымен сөйлетіп, елдің мүддесіне жарату үшін асқан ақыл мен отты жүрек керек. Ал мұндай қасиетке ие адамдардан қазақ кенде болмаған. Жаңағы кітапта осындай ғажап адамдармен танысуға болады. Олардың ділмар шешендіктеріне, көреген көсемдіктеріне, бөрідей батырлықтарына тәнті болдым.
— Жаңа сағыныш төңірегінде жақсы ой орамдары айтылды. Өзіңіз сағынатын дүниелер бар ма?
— Ақын Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» деген өлеңінің мынандай жолдары есіме түсіп отыр:
Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң, бас ұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға,
Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауы мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.
Үмітке толы, арманға толы, әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай….
Сағыныш көп. Өткенді, «әттең-айды» сағынам. Сол кезде олай емес, былай істегенде қалай болар еді деген ойлар мазалайды. Балалықтың бал күндерін, онымен қоса асқар әкемді сағынамын. Арамыздан кетіп қалған жандарға деген сағыныш бар. Әсіресе, жазда кешқұрым мамыражай тыныштық орнап қалатын шақ болады, сол кезде ауылды сағынамын.
— Бірсыпыра ой әлемін аралап, бірталай жерге барып қалған тәріздіміз. Негізгі бағытымызға қайта оралып, «Ақшың» корпорациясының ширек ғасырлық тойына деген тілегіңізді білсек.
— «Ақшыңның» басы-қасында жүрген Марат пен қызмет істеп жүрген барлық азаматтарға Алла ең алдымен мықты денсаулық, істеріне береке берсін! Халықтың алғысына бөленсін!