ҚАЛИЕВ Сұңғат Сайлаубайұлы

BAG_5120.JPG

ҚАЛИЕВ Сұңғат Сайлаубайұлы,

«Ақшың» корпорациясы президентінің көмекшісі

Сұңғат Сайлаубайұлы 1962 жылы 9 маусымда Қайнар ауылында дүниеге келген. 1969-1979 жылдары Қайнар орта мектебінде оқыды.

1989 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатының жоғары техникалық оқу орнын инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдады.

1989-1992 жылдары Семей қаласындағы арматура зауытында еңбек етті.

1992-1994 жылдар аралығында облыстық әкімшіліктің жастар комитетінде бас маман болды.

1994-1996 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысты.

1996-2011 жылдары Ішкі істер органдарында, атап айтқанда жол полициясында қызмет етті.

2016 жылы «Ақшың» тұрғын үй кешенінің басқарушысы болып тағайындалса, 2018 жылдан бері корпорация президентінің көмекшісі.

Ішкі істер саласының ардагері. Екі қызы бар. Үлкен қызы Маусым-Мамыр Мәдениет және спорт министрлігінде еңбек етеді. Кіші қызы Аймара қаладағы №37 мектептің 8-сыныбында оқиды.

БІЗ ДЕ БАЛА БОЛҒАНБЫЗ…

— Сұңғат Сайлаубайұлы, қазақтың «Еңбегімен ел таныр» деген жақсы сөзі бар. Адам тек қана өзінің сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы ғана емес, сонымен қатар маңдай тер еңбегі арқылы да еленетіні белгілі. Талай жерде қызмет жасапсыз, қандай да бір қағидаға сүйендіңіз бе?

— Ең алдымен, адам өз ісінің шебері болу керек. Қолыңа алған істі жан-тәніңмен атқармасаң, одан ешқашан ләззат ала алмайсың, демек қоғамға да тигізер пайдаң болмайды. Өзіңе жүктелген міндетке деген адалдық болу керек секілді. Себебі, адалдықтан абырой туындайды. Күйбең тіршіліктің аясында адамға ғана тән асыл қасиеттерден айырылып қалмауымыз керек. Шәкәрім қажы «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек — шынайы адамдықтың белгісі» деген екен. Міне, осында үлкен мағына жатыр. Қай салада жүрсем де аталар сөзінен аттаған емеспін. Қолымнан келгенше адал еңбек етіп, түзу жүруге тырыстым. Және осыдан ешқашан опық жеген емеспін, керісінше еңбегімнің тек берекесін көрдім.

— 2016 жылдан бері «Ақшың» тұрғын үй кешенінің басқарушысы болдыңыз. Осындай үлкен баспана салу кімнің идеясы? Жалпы шаһарда бой көтерген тұрғын үй жайлы егжей-тегжей айта отырсаңыз.

8.JPG — Цементшілер кентінде көп қабатты тұрғын үй салу туралы бастаманы көтерген – Марат Серікжанұлы. Демек, идея авторы сол кісі. Сіздің сұрағыңыздан кейін есіме түсіп отыр, Мәкең өзі жиі айтып отырады, 5-мектепте оқып жүргенде Марат Серікжанұлы ұстазына «болашақта жүргізуші боламын» деп айтса керек. Сол кезде мұғалімі «Марат, сен жүргізуші болмайсың, ондай мамандыққа табиғатың келмейді. Сен құрылыс саласында еңбектен, құрылысшы бол» деген екен. Осы бір оқиға түрткі болса керек, кейінгі жылдары Мәкең «осындай ірі жобаны қолға алсам, халықты аз да болса баспанамен қамтуға септігімді тигізсем, екінші жағынан шаһардың да көркеюіне оң ықпал етсем…» деп айтып жүретін. Сол арманы орындалып, аталған кентте 4 подъезді, 1, 2 және 3 бөлмелі заманауи көп қабатты тұрғын үй бой көтерді. Жиыны – 128 пәтер. 1 бөлмелі пәтердің ауданы – 45 шаршы метр, 2 бөлмелі пәтер – 70 шаршы метр және 3 бөлмелі пәтердің ауданы – 100 шаршы метрге дейін жетеді. Кең, жарық, жылы, тұрмысқа өте қолайлы баспаналар. Жеделсатыларды Белоруссиядан алдырыпты, олар да кейінгі талаптарға сәйкес, шусыз, ыңғайлы.

2.JPG Жоба ерекше болды. Олай дейтінім, үйдің жанында мың шаршы метрдей жерде жасанды жабыны бар футбол алаңы мен балалар алаңқайы бар. Оның астынан 60 орынға арналған автотұрақ салынды. Жаңа заман тілімен айтқанда — автопаркинг.

Осы құрылыстар аяқталғаннан кейін, Марат Серікжанұлы мені шақырды. Өзім зейнеткерліктемін, оның үстіне жеке кәсібім де бар, бірақ соған қарамастан Мәкеңнің ұсынысын жерге тастамай, басқарушы болдым. Қазір тұрғындар екі қыстап шықты, бәрі дән риза.

— Сөз арасында Марат Серікжанұлының мектептегі кездерін айтып қалдыңыз. Білуімше, екеуіңіз бастауыш сыныптарда бірге оқыдыңыздар. Осы жайлы әңгімелеп берсеңіз. Бала Марат қандай еді?

— Біз Марат Серікжанұлы екеуіміз 1969 жылы 1-сыныпқа Қайнар ауылындағы мектепке бірге бардық. Мұғаліміміз барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ынтықбай Өмірзақов болды. Өте қатал, талапшыл әрі әділ кісі еді, жарықтық. Мектеп табалдырыған аттаған кілең атасы мен апасының еркелері болдық. Бізді үлкендер тәлім-тәрбие алсын деп, сол кісіге әдейі берген секілді…

Біз де бала болғанбыз демекші, Маратпен бірге партаға отырып, алғаш әріп таныдық. Ортаны танып, білмекке құштар болдық. Марат солақай болатын. Сол солақайлығынан талай «таяқ та жеді». Одан кейінгі бір айтарым, Марат өте шыншыл болатын, әсте өтірік айтпайтын. Сосын алғыр, есепке шапшаң, зерек болды.

Балалық шақтың бал дәурені әр адамның жадында сақталып, мәңгі естен шықпайтыны белгілі ғой. Уақыт өте қайтып келмес ол күндер сағымға айналып, біртіндеп көкжиектен жоғала да бастайды. Ондай шақтар еске түссе, жүрегің тұлпарша тулап, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың зырылдап өтіп жатқанын тағы бір байқап қаласың.

Бала күндер демекші, мен нағашы атам Әбдіхалық ақсақал мен апам Биғайшаның қолында өстім. Үйіміз мектепке жақын болатын. Қоңырау арасында немесе мектептен қайтқанда бәріміз үйге қарай жүгіреміз. Құйындай ұшып, есік алдына кеп, шаңдатып тоқтаймыз. Апам жарықтық дастарханы жиналмайтын, қолы ашық жан еді. Бала біткенді менікі, өзгенікі деп бөлмейтін, бәрін еркелетіп, бауырына басатын. Үйге келген әр қара домалаққа қымызын, болмаса айранын, құртын, кәмпитін таратып беретін-ді. Марат сол күндерді әлі күнге дейін айтып жүреді. Есте қалған балалықтың бал күндері ғой бұл. Маратпен үш сынып бірге оқыдық, одан кейін ол отбасымен қалаға көшіп кетті.

— Бес саусақ бірдей емес… Қазіргі таңда сыныптастарды былай қойғанда, жаныңда жүрген досыңнан да бір сәтте жеріп қалатын жағдай болады. Сіздердің араларыңыздағы берік достықтың сыры неде?

— Біз мектепті 1979 жылы бітірдік, сол себепті қайнарлықтар біздерді «79-дың балалары» дейді. Жалпы қурайды ат қып мініп, таңның атысы, күннің батысы ойын қуған ауыл балалары бір-бірін іздеп тұрады. Оларды табыстырған – ауыл, оларды сағынттыратын – ауыл. «Бала достар бір-бірін ешқашан сатпайды» деп Мараттың өзі де айтып отырады. Біз тек өз сыныбымыз емес, өзге де сыныптардағы достарымызбен араласып тұрамыз. Мысалы, өздеріңіз білетін Нұриден Иманбаев «Б» класынан болатын. Әлі күнге дейін доспыз. Қазір Қайнардан бітірген жиырма шақты сыныптастар, бүгінде жиырма шақты шаңырақ қалада тұрамыз. Бәріміз бір-біріміздің «жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып», бірге келе жатырмыз. Арамызда Марат – көшбасшы. Ортамызда өнерлі жандар да жетерлік. Қызық-қуанышымызды, той-томалағымызды бірге өткереміз. Осыған шүкір дейміз.

Жаңа айттым ғой, Абыралы жұрты біздерді «79-дың балалары» деп ерекше құрметтейді. Тіпті, жерлесіміз, ақын-сазгер, марқұм Сейітқали Қалыбеков ағамыздың әрқайсымызға арнаған өлеңдері де бар. Барлық қыз-жігіттерге жеке-жеке жазып берген. Жарықтық «Сендермен бас қоссам, өзімді еркін сезінем, сендермен бірге жасарғандай болам» деп айтып отыратын.

— Есіміңізді Сұңғат деп кім қойған?

— Әкемнің әкесі Қали атам қойыпты. Атам көп оқыған, көзі қарақты, сөзі қанатты адам болған деседі. Мен тұңғыш немересімін. Ол кісілер мені өз қолдарына алып, бауырына басамыз деп отырғанда, тағдырдың жазғанын көрмейміз бе, күтпеген жерден нағашы атам мен апамның қолына беріп жіберген. Бұл оқиға негізінен үлкен тарих. Үлкен әңгіме. Менің Нұрлан Айтмұқашұлы есімді металлург досым бар. Сол азаматтың маған арнаған мынандай өлең шумақтары тағдырымды қысқаша суреттеп беретіндей:

Қатал тағдыр сені кейде жүдетті,

Қуаныштар жүрегіңе жыр екті.

Кез-келгенге айтыла да бермейтін,

Сенің сырың – тереңінде жүректің.

Өзгелерден өзгешелеу тағдырың,

Бірде қатты, бірде нәзік жан гүлің.

Найзағайын жарқылдатып, дауылмен,

Жаныңда бар жанбай кеткен жаңбырың.

…Қос қария құшағында тәтті мұң,

Бір ошақта сен күліп, атты күн.

Бір әкенің ұзарттың да жас күнін,

Бір әкенің шегіндірдің қарттығын.

Кейуананың кеудесінде күліп күн,

Жандарына гүлін ектің үміттің.

Бір ананың тар құрсағын кеңітіп,

Бір ананың тас емшегін жібіттің.

…Тот баспайтын сынығы едің асылдың,

Қос құлының бақытымен тасығын!

Біз көретін қызығы алда өмірдің,

Телқоңыры жиырмасыншы ғасырдың.

— Сұңғат Сайлаубұлы, бүгінде көпке үлгілі азаматсыз. Ішкі істер саласының ардагерісіз. Бір басыңызда қызығатын дүниелер жетерлік. Дегенмен, арман бар шығар?

— Әрине, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген жақсы сөз бар. Тым биіктен айтатын болсам, қазақ елінің кемелденгенін, танымал болып, күллі әлемнің таңырқағанын көргім келеді. Қазақ тілінің ағылшын тілі секілді өз орны, үстемдігі болса деп армандаймын. Әр қазақ баласы ана тілінде тақылдап, сөйлеп тұрса — арманым.

Мысалы, мен көлікте жиі радио тыңдаймын. Сол кезде қазақ журналистерінің, жүргізушілерінің өз ана тілдерінде «сүрініп» жатқандарын естіп, ішім ашиды. Олқылықтар көп бұл салада. Тіл құдіретін тану, оны құрметтеу – ата-бабамыздан келе жатқан қасиет. Сонау көнеден бері ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасып келе жатқан қазақ тілінің құдіреті – ұлы Абайдың өсиеттері. Төле би, Әйтеке би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің даналығы — ана тіліміздің құдіреті, Сырымның шешендігі, Махамбеттің өткір жырлары – баға жетпес мұра. Осылай жалғастыра беруге болады. Олай болса біз келер ұрпаққа ана тілінің дәуірін сезіндіріп, құнарын сақтап беруге тиіспіз. Тіл — кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын құбылыс. Жер шарын мекендеген жеті миллиардтан асқан халықтың бетке ұстап, беделін көтеретін мақтанышы, мәдениетінің шырайы – ұлт тілі. Егер оны сақтап, үнемі дамыта білмесе, тілмен бірге оны дүниеге әкелген ұлт та бүкіл ұлттық болмысынан айырылып, біртіндеп тарих сахнасынан орын босатады. Қазақ тілінсіз қазақ – жетім дер едім. Ендеше, қазақ тілі ұлттық болмысымыздың, мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі. Осыны әр қазақ тереңінен түсінсе деп ойлаймын. Бұл да жаңағы сіз сұрап отырған армандардың бірі.

Ал күнделікті күйбең тіршіліктегі армандар әр адамда болады, менікі де сол әркімдікімен ұқсас. Орындалуы жеңіл, орындалмаса ешқандай зияны жоқ армандар. Адамның жеке мүддесі Отан, ел, халық мүддесімен біте қайнасып жатса, бақыттылық деген сол деп түсінемін. Ақын ағамыз Мұхтар Шахановтың тілімен айтқанда:

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға!!!

— Үйде қандай жарсыз, қандай әкесіз?

— Отбасыма қызмет еткен адаммын. Ішімдік ішпеймін, шылым шекпеймін. Үйдегі жеңгеңіз «Бар шаруаны тындырып жүрсең де, қалтаңда қанша тиын бар екенін білмейсің» дейді. Рас, шынымен білмеймін. Балаларымның тәрбиесіне, оқуына аналары қарады. Мен олардың ештеңеден тарлық көрмеуіне қолымнан келгенше жағдай жасап отырдым.

Былайша айтқанда, өмір қысқа, жол ұзақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ұзақ жол жүру оңай емес. Ол үшін сенімді жар, айқын бағыт-бағдар, қажымас қайрат, мұқалмас жігер керек. Осының бәрін ойластыруға, қиыстыруға, үйлестіруге ақыл, ерік, еңбек, табандылық, парасат қажет екен. Сонда ғана ізденіс жолы, өмір жолы адамды көздеген мұратына жеткізеді.

— Ширек ғасырға арнаған тілегіңізбен бөлісе отырсаңыз…

— «Ақшың» қаламызда шынымен бизнестің шыңына шығып, халыққа өз қызметін ұсынып отырған белді сауда орны. Мұнда қаншама адам жұмыс істейді. Қаншама кәсіпкер еңбектеніп, нәпақасын тауып, отбасын асырауда. Сонымен қатар, корпорация қала қазынасына қомақты салық түсіріп отыр.

Бұрындары сауда жасауға келіп-кетіп жүргенім болмаса, осында жұмысқа орналасқалы мұндағы қызған тіршілікті енді ғана сезініп жүрмін. Тіпті, Ресейдің көршілес қалаларынан келгендер таңданысын жасырмай кетіп жатады. Бұл – Семей үшін үлкен мәртебе! Досымызға берілген әділ баға. Олай болса, шыңдарды бағындырған «Ақшыңға» мұзарт биіктерді тілеймін. Халық игілігі жолында қызмет ете берсін. Ал біз сондай жетістіктердің еселенуіне үлесімізді қоса беретін боламыз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ