НӘСЕНОВ Болатбек,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, 28 том энциклопедиялық қазақ халқының тарихы туралы кітаптардың авторы
ЖАСАЙ БЕР «АҚШЫҢНЫҢ» МАРАТЫ
2001 жылы «Абыралы — Сарыарқаның кіндігі» атты 4 том энциклопедиялық кітаптарымды жазып бітірген соң, оны қайда басқызсам деген сұраққа тірелдім. Алматының алты баспаханасына бардым. Олар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бірауыздан әр томды басып шығаруға 40 мың доллардан сұрады. Мемлекеттік қаржы есебінен шығарудың ешбір мүмкіндігі болмады. Ал, баспаханалар сұраған ақшаны мен таба алмаймын. Ондай қаржы түсіме де кірген емес. Енді не істесем екен деп жүргенде, Абыралы ауданы болған кездегі әкімнің орынбасары болып істеген Сарқыт Құлмағамбетов інім: «Бөке! Мен Новосібір қаласына машинамен барамын. Менімен бірге жүріңіз. Сонда басқызсаңызшы…» деді. Мен сол дұрыс болар деп Сарқыт ініммен Новосібірге бардым.
Онда «Наука» баспаханасының директоры мен тіл табыстық. 4 том энциклопедиялық кітаптарымды (3000 экземплярдан) бар жоғы 18 мың долларға шығарып беруге келістім. Менде 4 мың доллар болды. Алматыға келіп достарды жинап, олардан 11 мың доллар қарызға алдым. Енді 3 мың доллар таба алмадым. Осы кезде жерлестердің бірі: «Бөке, сіз ініңіз Мараттан неге сұрамайсыз?» деді. Мен Маратты танымаймын. Ол маған бере ме деп те ойландым. Ақыры неде болса барайын деп Новосибирскіге бара жатып, Семейге тоқтадым. Маратпен таныстым. Ол мені біледі екен. Мен одан 3 мың доллар қарызға сұрадым, әрі «оны кітаппен есептесемін» дедім. Марат мені ертеден таныс адамдай өте жылы шыраймен қарсы алды. Сөзге келген жоқ, Айсұлу екеуі мені туған ағаларындай қарсы алып, сәт сапар тілеп сұрағанымды беріп, шығарып салды.
Міне, сол жылдан бері мен Маратты ең жақын інімдей көремін. Қарым-қатынасым жиі. Оның үстіне Марат «Абыралы- Дегелең» қорын құрды. Мен сол қордың мүшесі болып саналамын.
Марат Отанымыздың басына ауыртпашылық туған жылдары жаста болса сол қиындықты жеңудің жолын іздегендердің бірі болды. Азын аулақ қаржымен кішігірім сауда мекемесін ашып, біртіндеп «жорғалай-жорғалай» аяғын адымдай баса бастады. Үкіметке аузын ашқан жоқ. Өзінің өжеттігінің, тапқырлығының, ұйымдастыру қабілетіндегі табиғи дарындылығының әрі ерекшелігінің, сабырлылығының, төзімділігінің, тапқырлығының арқасында жоқтан барды жасай білді.
Әрине бұл жолда сүріну де, күйіну де, абыржу да болмады деп айтуға болмас. Оның барлығын жеңу жолында өмір серігі Айсұлу екеуі арқа сүйер серіктестерін таба білді. Бірігіп жасаған жүк жеңіл болатыны белгілі. Соның барлығына дұрыс жол тауып, ақылды басшылық жасау әркімнің қолынан келмейді.
Міне, осылайша Марат інім 25 жылда шынықты. Нағыз тәжрибелі өндіріс командиріне айналды. Ол бар деп мастанбай, жоқ деп күйінбей үнемі ізденумен, тынбай еңбек етумен болды.
Марат осы жылдары еліне, жеріне халықтың әл-ауқатын көтеруге көмек көрсетуді өзінің ең бірінші міндеті деп есептеді. Марат Серікжанұлы басқаратын «Ақшың» корпорациясы бүгінде республика көлемінде ең ірі компаниялардың бірі болып есептеледі. Бұл компания бірнеше мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Компанияны Шығыс Қазақстан облысында білмейтін жандар онша көп болмас. Корпорация атынан алысқа да, жақынға да көмектерін аямай жүр. Ол компаниясындағы қызметкерлеріне де қамқорлығын аямауда. Оларды үймен, машинамен, қомақты еңбек ақымен жәрдем жасап келеді. Олар да жандарын аямай компанияның дамуына өз үлестерін қосуда. Осы жерде Марат ініме заманымыздың данышпан ақыны Қасым Аманжоловтың «Тұрмыс толғауы » атты өлеңінің мына жолдарын арнаймын:
Қас тұлпар деп кім айтар,
Өрге ұмтыла шаппаса.
Ақ сұңқар деп кім айтар,
Қияға қанат қақпаса.
Марат Серікжанұлының ерекшелігі — ол миллионер болуға тырыспайды. Сол миллиондарын облыстың түкпір-түкпіріндегі (Ақсуат, Абай, Мақаншы, Абыралы тағы басқада өңірлерге) су құбырларын жүргізуге, үй салуға, апаттардың зардабын жоюға барынша көмегін жасап келеді. Бұл заманда тиындарын санап, қарынбайлыққа салынғандар аз емес. Сол миллион, миллиардтары да өздеріне бұйырмай жатқандарда аз емес. Ал Марат Серікжанұлы ерекше жан. Әрине, бұл ата-аналарының тәрбиесінен екені белгілі. Мараттың әкесі ұлының қызығын толық көре алмай кетті. Ал шешесі көрді. Марат өзінің кішіпейілдігінің, мырзалығының, қамқоршылығының, адамгершілігінің молдығының арқасында халықтың құрметіне бөленгенін анасы көріп көңілі тойып риза болып кетті. Ұлының «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болғанын, қалалық, облыстық маслихаттардың депутаты болғандығын білді. Анадан айырылу оңай емес. Марат ініме қайратты, сабырлы болуды тілейміз. Марекең бұл кездерде де халқына қызмт етуді әрі қарай жалғауда.
Мараттың бір ғажап мінезі зейнеткерлерге, кемтарларға, тұрмыстары нашар адамдарға көмек көрсетуді естен шығармайды. Осы арада Марат інімнің тамаша қасиеттерін көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің «Туған жерде тағы да» атты өлеңінің мына жолдарына ұқсайды:
Өрнегінің бір тіні боп өрілем,
Жер көгінің бір түрі боп көрінем.
Дастанының бір жолы боп қосылам,
Достарымның бақыт табам төрінен.
Марат Серікжанұлының ұйымдастыру қабілетінің жоғары дәрежеде болғандығының арқасында Абыралы өңірінің тарихын қопарып қалпына келтірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол «Абыралы-Дегелең» қорын құрғаннан кейін, ең алдымен өз қаржысына көптеген бизнеспен шұғылданатын азаматтарды, басқа да тілектес абыралылықтардың көмегімен атом бомбысынан зардап шеккендерге Қайнарда Тоқа тұмсығында өте әдемі монументті орнатты. Ол өте күрделі құрылыс тек қана Мараттың құрылысшыларының, жұмыскерлерінің арқасында бой көтерді. Ол үлкен мереке ретінде ұйымдастырылды. Осы атом тажалы туралы халқымыздың көрнекті ақыны, Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымының докторы, академик Бауыржан Өміржанұлы Жақыповтың өлеңінің мына жолдарын естеріңізге салайын:
Бұл жеткен аждаһа еді алып тісті,
Тастарым балқып кетті, жанып күшті.
Аспанды жауып тұрды алқызыл шар,
Қарап ем жанарларым ағып түсті.
Міне, осындай айдаһарды еске түсіріп жүретін монументті орнатқан Мараттың қабілетінің арқасында десек артық айтқандық болмас деймін.
Сондай-ақ, Абыралы өңірі Қайнарда мәдениет үйінің қарсысында менің «Абыралы көтерілісі» кітабымның құжаттары негізінде 1931 жылғы көтерілісте қаза тапқандарға арнап орнатылған монумент те Мараттың шебер ұйымдастыруының арқасында тез арада орнатылды. Ақтамберді жыраудың мына жолдары осы батырларға арналғандай:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықты,
Жалынды жүрек қан кайнап,
Ел жұртыңды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап.
Сондай-ақ, Менің «Абыралы — Сарыарқаның кіндігі» атты кітабымның құжаттары негізінде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар мен аман-есен қайтып келгендердің тізіміне арнап монумент орнатылды. Бұл да Марат Серікжанұлының қажымас қайраткерлігінің, табанды ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында орнатылды. Өз қаржысына қосымша тілектестердің қаржыларын жинау да оңай іс емес. Оны орын орнына жұмсауға да, адалдық көрсету ,де әркімнің қолынан келе бермейді.
Абыралының топырағынан шыққан республикаға ерекше еңбек сіңірген қаржы министрі Байсейітов Рымбек Смақұлына, екі мәрте Ішкі істер министрі болып, Теміртау көтерілісі үшін жазықсыз жазаланған, сол жолы сотта өзін-өзі қорғап, өлім жазасынан құтылған, Қазақстан Республикасының тұңғыш генерал-лейтенанты Қабылбаев Шырақбекке орнатылған бюстерде де Мараттың еңбегі ерекше.
Кеңес Үкіметі кезінде де қазіргі республика басшылары ескермей келе жатқан, дүниежүзіне қазақ халқын танытқан, ғажап әнші Әміреге ескерткіш орнатып, биыл туғанына 130 жыл толғанын Абыралы өңірінде тойлатқан да Марат болатын. Бұл игі шара да оның аса ірі ұйымдастырушылығының арқасында іске асты.
Аталған істер еліміздің тарихы емес пе? Ал осыған қоса халқымыздың ардақты жазушысы Сапарғали Бегалинге, атақты ақын Төлеужан Смайыловқада ескерткіш орнатылған. Міне, осының барлығы тарих болып есептеледі. Ол туралы атақты ақын Жұбан Молдағалиев «Тарих туралы» өлеңінде былай депті:
Тарих ол саудагердің кәсібі емес,
Қотырын дау, жанжалдың қасу емес.
Тарих — ол арғы әжеміз, бергі анамыз.
Қисапсыз жол-соқпақпен асу белес,
Тарих — ол бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұпрақтарға жалғайтұғын.
Әрине, Мараттың халқына жасап келе жатқан еңбектерін тізбектей берсек ол бірнеше бетке сия қоймас. Бұл жалаң мақтау ғана емес. Сырт адамдар, Мараттың кім екенін білмейтіндер «несіне мадақтай береді?» деуі де мүмкін. Аталған істердің қандай қиындықпен істелетінін түсінбеуі де мүмкін. Оны бір оп-оңай іс деп жеңіл қараулары да мүмкін. Мемлекет қаржысының күшімен жасалған істерге үйренгендер ғана солай ойлайды.
Мареке, «Ақшың» атты корпорацияң жасай берсін! Табыстан табысқа жете беріңдер!
Марат Серікжанұлына Шәкәрім атасының «Серігім жалғыз Әупеш қасымдағы» атты өлеңінің мына жолдарын тілеймін:
Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді.
Еңбегімен күнелткен, сырға берік,
Ұнатпайтын орынсыз елігуді.