ҚҰРМАМБАЕВ Ерболат Серікжанұлы

ҚҰРМАМБАЕВ Ерболат Серікжанұлы,

кәсіпкер

Юбилей Маке 843.jpg

Ерболат Серікжанұлы 1965 жылы 5 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Знаменка ауылында мектеп табалдырығын аттады. Сондай-ақ, Жоламандағы білім ошағы мен №5 мектепте оқыды. 1983 жылы он жылдық білім ордасынан түлеп ұшқаннан кейін, еңбек жолын Семейдегі ет-консерві комбинатында қарапайым жұмысшы болып бастады.

1984-1986 жылдары Тәжікстанда және Қазақстанда (Талдықорған) азаматтық борышын өтеді.

Әскер қатарынан оралғаннан кейін бизнес саласында еңбек етті.

1998 жылы қаладағы технологиялық институтты «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдады. («Азық-түлік өнеркәсібінің механикасы» кафедрасы).

1999-2008 жылдары «Семей базары» ЖШС директорының шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары болды.

Қазір «Алем» сауда үйінің басшысы. Ернар, Зәуре, Ермек, Ажар, Томирис, Ақниет, Алем есімді 7 баласы бар. Немерелері Зере, Ахмедияр мен жиен немересі Айарудың сүйікті атасы.

ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ АНАНЫҢ АҚ СҮТІМЕН ДАРИДЫ

Жастайынан еңбекке араласқан Ерболат Серікжанұлы әр нәрсенің парқы мен нарқын жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдары «Олжа» брокерлік фирмасында іскерліктің қыр-сырымен алғаш танысқан ол «Семей базарында» жауапты жұмысты атқара жүріп, тың идеялары мен ұсыныстарын ұтымды жүзеге асырып жүрді. Әсіресе, шаруашылықтың ақсап тұрған тұстарын жөнге келтірді. Ет саудасын қыздыру ғана емес, азық-түліктің тұтынушы қолына сапалы әрі қауіпсіз жетуі үшін бірсыпыра істердің басын қайырды. Санитарлық талаптарды бұлжытпай орындап, еттің тоңазытқыштарда дұрыс сақталуына жағдай жасады. Сол кездегі тиімді амалдары мен ұтымды жұмысын әріптестері әлі күнге дейін айтып жүреді.

— Адам басындағы бедел, мәнсап пен қарапайым қара жұмыстағы жетістік пен қоршаған ортаның құрметі адамгершілікке байланысты, — дейді кәсіпкер, — бұл асыл қасиет ананың ақ сүтімен дариды. Қазақтың кең дархан даласында кіндік қаны тамған көсемдердің, шешендердің, батырлар мен ақындардың да ананың балдай ақ сүтінің құдіретін бойларына сіңіргені хақ. Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны — бесіктің қалай тербетілетініне байланысты. Бесіктен текті қылдырып, тәлім-тәрбие беріп, рухты ұрпақ қылып өсірген ақ аналарымызға мәңгі қарыздар болып өтеміз, — дейді Ерболат Серікжанұлы.

Бүгінде жастарға жол сілтеп, өнеге болған ағамыз аяулы анасының өрісі кең сөздерін жиі есіне алып отыратын көренеді. Соның арқасында біреудің ала жібін аттамай, еңбегін жемей, ақырын жүріп, анық басуға тырысады. «Мәнсап та қолдың кірі секілді» дейді кейіпкеріміз. Сондықтан, үлкен-кіші демей барлық адамға құрмет пен ілтипат көрсетуді жөн санайды.

Бүгінде өзі басқарып отырған сауда орталығының құрылысына ағасы Марат Серікжанұлы қолдау болғаны рас. Бұл «Ағайын тату болса, ат көптің» дәлелі болса керек. Бүгінде Цементшілер кентінедгі үш қабатты сауда үйінде жүзге жуық кәсіпкер саудасын дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр.

— Әке-шешеміз «Адам маңдайға жазғанын көреді. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген, бір-бірлеріңе үлгі, қолқанат әрі қамқор болып жүріңдер» деуші еді, осындай ақылды бағыт етіп, әрқашан серік етіп жүрген жайымыз бар, — дейді Ерболат Серікжанұлы.

«Ақшыңның» ширек ғасырлық тойына да ағамыз ақ ниетті екенін жеткізді. Себебі, сауда орталығы мен корпорация маңына топтасқан түрлі бизнес ошақтарының бүгінде өзіне жарасымды шыққан биігі бар. Олардың қандай да бір мекеме болып қалыптасуы үшін Ерболат Құрмамбаевтың да сіңірген еңбегі жоқ емес.

— Тынымсыз еңбек пен сол кездегі қыз-жігіттердің ерік-жігеріне қайран қаламын және тамсанып еске аламын, — дейді кәсіпкер, — сондықтан «Ақшыңның» болашақта бұдан да биіктеп, құлаш сермеуіне тілектеспін.

Әр нәрсенің оңайшылықпен келмейтінін, бәрі де маңдай тердің жемісі екенін жақсы білетін қарапайым жан әрі іскер азматтың тілегі қабыл болсын!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ