МАМАЕВ Сайлау Маукенұлы

МАМАЕВ Сайлау Маукенұлы,

кәсіпкер,

«Семей базары» ЖШС 1992-1995 жылдардағы директордың шаруашылық бөлім бойынша орынбасары

Сайлау Маукенұлы 1962 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Шаһардағы №18 мектепте оқыды.

1987-1991 жылдары Семей технологиялық институтында «Инженер-механик» мамандығы бойынша білім алды.

1992-1995 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС директорының орынбасары болып еңбек етті.

Қызы Динара – экономист. Жиен немерелерінің сүйікті атасы. Әділжан №20 мектепте 5-сыныпта оқиды, Аида 2 жаста.

БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН БІЛІКТІ БАСШЫ

Еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға бет бұрғанда тоқырауды бастан кешкеніміз өтірік емес. Тоқсаныншы жылдар кімнің есінен кетпейді дейсіз? Қиын-қыстау кезеңде «Семей базарының» құрылыс жұмыстарына белсенді атсалысқандардың арасында мен де болдым. Дәл қазіргі «Ақшыңның» орнында ол кезде төрт қабырғадан басқа түк жоқ болатын. Қандай да бір өркениет туралы айту орынсыз еді.

Дегенмен, тірлік жасағандар осы базарға келіп, күнелте бастады. Олардың барлығы жұмыссыз қалғандар еді. Сауданы ешқандай жағдайсыз жасады. Тауарлар төсектерге қойлып сатылды. Аптап ыстықта, қара суықта, сары шұнақ аязда адамдар ашық далада тұрды. Осының барлығын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Болмаған дүние секілді. Дәл осы тұста Марат Құрманбай тығырықтан шығудың жолын іздеді. Түнін ұйқысыз өткізді. Нәтижесінде, қолға алған ісі оңға басып, нәтиже бере бастады.

Ең алдымен Шугаев және Аймауытов көшелерін, ол кезде Пролетарская болатын, абаттандырып, саудагерлерге қолдан келгенше жағдай жасауға тырыстық. Оларға жеке сауда орындарын жасақтап, контейнерлер орната бастадық. Осылайша, 1993 жылы негізгі сауда үйін іске қостық. Дәлірек айтқанда, бірінші қабатқа кәсіпкерлер кіре бастады.

Айдан айға, жылдан жылға жүзеге асып жатқан жұмыстарымызды көріп, шынымен балаша қуанатынбыз. Бұл жерде айтайын дегенім, біз ертеңгі күннен қорықпадық. Осының барлығы «құрдымға кетеді-ау» немесе «ісіміз оңға баспайды-ау» деген күдік болған жоқ.

Бүгін қарап отырып, осындай ірі сауда орталығының жұмысына қайран қаламын. Әр кірпішінде менің де қолымның іздері бар ғой деп іштей мақтанамын. Кәсіпкер де, тұтынушы да дән риза. Заман талабына жауап беретін, уақыт ағысымен бірге қадам басқан орталық. Осының барлығы корпорация президенті, білікті басшы Марат Серікжанұлы Құрманбайдың маңдай тері. Бұл азаматқа көшбасшылық тән қасиет. Қолына алған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайды. Адамгершілігі мол, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлайды. Кіммен болсын сәлемі түзу. Осы қасиеттері мені тәнтті етті.

Осы тұста айта кеткен жөн, уақыт жылдамдығымен қозғалған заман ағымына ілесіп, ілгері жылжып, еңселі ел құруымызда білікті басшылардың алар орны ерекше. Хәкім Абай атамыз айтқандай өз кірпіштерін қалап, еңбек еткен саласының дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің мерейін асыруда тынымсыз еңбек етіп жүрген ардақты азаматтарымыз жетерлік. Солардың бірі – Марат Құрманбай. Ол тек қана кәсіпкер емес, халқы сүйген депутат. Елдің ыстық ықыласына бөленіп, қоғамда зор құрметке ие болған азамат. Олай болса, сайлаушылардың сеніміне ие болған ұлт жағдайын жақсартуға атқарған істері ел есінде қалатыны хақ.

Ширек ғасырда «Ақшыңда» тек игі тілектерді арнағым келеді. Тұрақтылық пен даму болсын. Бүгінгі толағай табыс еселене түссе деймін. Болашақта сауда орталығында балаларға арналған арнайы алаңдар, кинотеатр немесе мұз айдыны сынды демалыс орындары болса нұр үстіне нұр болар еді. Менің ойымша, Марат Құрманбайдың ойында үлкен-үлкен жобалар бар. Сол кешенді шаралары жүзеге ассын. Мен соған тек тілеулеспін!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ