АЛТЫБАЙ Мақсат қажы,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы
ЖОМАРТ ЖАННЫҢ ЖОЛЫ АШЫҚ
«Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөзді өзіне ту етіп ұстап жүрген азаматтардың бірегейі Марат Құрманбай ағамыз. Биыл ол басқаратын «Ақшың» сауда үйіне 25 жыл толып отыр екен. Бұрынғы шағын қала базары көз алдымызда кеңейіп, дамып, заманауи үлкен сауда кешеніне айналды.
Жалпы дінімізде адал сауда сауапты іс болып саналады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сөзі һәм ел-жұртпен қарым-қатынасы дұрыс болған саудагер қиямет күні Арыштың көлеңкесін саялайды», — десе, екінші бір сөзінде: «Шыншыл, әділ саудагер арғы өмірде пайғамбарлармен және шейіттермен бірге болады» — деп сауданың қоғамдағы алар орнын айрықша бағалайды.
Белгілі кәсіпкер Марат Құрманбай бастаған азаматтардың бастамасымен шаңырақ көтерген сауда үйі бүгінде үш мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып, 350 мыңға жуық тұрғыны бар Семей шаһарына қызмет көрсетіп отыр. Кешегі құмның ортасындағы шағын базар бүгінде өзінің келбетін өзгертіп, заманауи сауда орталығына айналды. «Ақшың» сауда үйі — қаламыздағы сауда мәдениетін қалыптастырған бірден-бір үлкен сауда кешені.
Осының бәрі Семей қаласының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Марат Серікжанұлының қажырлы еңбегінің мәуелі жемісі.
Ел аманатын адал атқарып жүрген Марат Құрманбай Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, әрі елге танымал меценат, қоғам қайраткері. Іскер азамат әрдайым сауапты істердің ортасында жүріп, өзінің жомарттық келбетімен халыққа танылған азамат.
Ислам діні жомарт жандарды айрықша бағалайды. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «Жомарт жан Алла Тағалаға жақын, адамдарға жайлы, жылы жүзді, жәннатқа лайық, әрі тозақтан алыс…», — дейді.
Негізінде, жомарт адамдар көп болған қоғамда өзара сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет ерекше болады. Жомарттық адамдарға рухани ләззат беретін сауапты шара.
Сондай жомарт жандардың бірі Марат ағамыз әрдайым сауапты істердің бел ортасында жүріп, өзінің жомарттылығымен елге танылған тұлға.
Ұзақ жылдардан бері Жоламан мешітінің тұрақты қамқоршысы. Мешіттің жөндеу жұмыстарына, қасиетті айлардағы діни мерекелер аясындағы шараларға белсене араласып, азаматтық танытып келеді. Сонымен қатар, әрдайым мұқтаж жандарды назарында ұстап, қолынан келген жақсылығын жасап келеді.
Осыдан екі-үш жыл бұрын алты баласымен үйсіз жүрген анаға үш бөлмелі пәтерді хадия ретінде ұсынды. Білім жолында, спортта жүрген жастарға қамқор болып, ұдайы демеушілік көрсетіп отырады. Жастар арасында өтетін спорттық жарыстарға қаржылай қолдау көрсетіп, аймақтық спорттың дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
40 жыл бойы ядролық сынақ полигонның қасіретін тартқан, өзінің атамекені, шежірелі Қайнар өңіріне деген ілтипаты ерекше. Осы өңірде өтетін әрбір шараға белсене араласып, өзіндік үлесін қосып келеді. Осы жерден шыққан белгілі тұлғаларды ұлықтап, оларды есте қалдыру жұмысына айрықша көңіл бөліп отырады. Облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп, өңірдің проблемасын ұдайы назарында ұстап келеді. Қайнар халқы кәсіпкердің туған елге, жерге жасаған еңбегіне дән риза және осындай кең жүректі азаматты мақтан тұтады.
Талай өнер, әдебиет өкілдеріне өз тарапынан қаржылай көмек көрсетіп, еңбектерінің жарық көруіне себепкер болды. Қазақтың дана ойшылы Шәкәрім қажы жинақтарының жарыққа шығуына демеушілік жасады.
Марат ағамыз кездескен сайын маған қала имамы ретінде: — Мақсат имам, бізден мешітке қандай көмек қажет? Біз дайынбыз, – деп тұрады. Осы сөздің өзін асыл дінімізге деген шынайы құрмет деп білеміз.
Қоғамымызда Марат ағамыздай қайырымды жандар көп болса, елімізде талай игілікті істер өз шешімін табар еді. Мәкеңнің бір басына жетерлік жомарттығы бизнесте жүрген көптеген бай-қуатты азаматтарға үлгі-өнеге боларлық үлкен іс деп білеміз.
Жалпы жомарттық жасаған адамның дәулетін Алла тағала еселеп отырады екен. Бұл сөзімізге сүйікті Пайғамбарымыздың мына бір хадисі дәлел болады. Хадисте: «Күн сайын таңертен Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние—мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр», — десе, екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Жиған—тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр» деп, дұға жасайды», — дейді.
Ал Орта ғасырлық ақын, хакім Ахмет Иүгінеки бабамыз жомарттық жайлы: «Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта; барлық кісі жомарттың жақсылығын айтады; жомарттық барлық айыптың кірін жуады; жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді; сөз келетін жолды жомарттық тыяды; жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді; қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді; жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды; жомарт білімді жете меңгереді; жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешті; жомарт ер – халықтың құрметтісі; жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады; жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді», — деген екен.
Дана халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегеніндей, жақсының жақсылығын айту — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Сөз соңында ел құрметіне бөленіп жүрген семейлік атымтай жомарттың кәсібіне мол табыс, деніне саулық, отбасына бақ-береке тілейміз! Әрдайым өзіңізге бір Алла Тағала жар болсын! Әмин.