ҚАЛИЕВ Қанат Сайлаубайұлы,
«Ақшың» корпорациясы ет бөлімінің басшысы
Туған ауылы Қайнарда еңбек жолын бастаған Қанат Сайлаубайұлы тоқырау жылдары түрлі кәсіпті меңгеріп көрген. Жауапкершілігі мол, қолынан іс келетін азамат қай салада жүрмесін беделге ие, еңбекқорлығымен көзге түсті. 2002 жылы «Семей базарының» басшысы Марат Серікжанұлының шақыртуымен осында келеді. Алғашында «Азамат» күзет агенттігінде жұмыс істеп, 2003 жылдың мамырында жаңа ашылып жатқан ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасына ауысады.
Іскерлік қабілетімен көзге түскен білікті маман басшылықтың ұйғарымымен 2005 жылы «Семей базарының» Цементшілер кентіндегі филиалына директордың орынбасары лауазымына тағайындалады. Екі жарым жылдың ішінде Қанат Сайлаубайұлы бөлімшенің бірсыпыра мәселесін шешіп, сауда орынның жаңа қалыпқа енуіне етене араласты. Кәсіпкерлерге ыңғайлылық жасап, сауда мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесін де айта кеткен жөн.
Қазір білікті маман «Ақшың» корпорациясындағы ет бөлімін басқарады. Ұжымға сыйлы, ісіне адал. Ұйымдастырушылық шеберлігі мен көп жылғы жинаған тәжірибесі арқасында сауда орталығы еттен тарығып көрген жоқ.
САУДА ОРТАЛЫҒЫ ЕТТЕН ТАРЫҚҚАН ЕМЕС
— Қанат Сайлаубайұлы, өзіңіз басқарып, бас-көз болып отырған ет бөлімінде қазір қанша орын бар?
— Алғашқы жылдары ет бөлімі үлкен павильон болатын. Ол кезде кәсіпкерлерге 200-ге жуық орын ұсындық. Қазір шаһарда сауда орындары көбейді. Апта сайын ұйымдастырылып тұратын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де бар. Осыларды ескере келе, қазір жылқы, сиыр, қой және шошқа етін саудалайтын орындарды қоса есептегенде ұсынып отырғанымыз — 97 орын. Оның айналасында 160-қа жуық адам еңбек етеді. Олар жаңағы сауда орнын жалға алып отырғандар және жанындағы көмекшілері. Әр кәсіпкер өзінің нәпақасын тауып, отбасыларын асырап отыр.
Жұмыс барысында бізге қойылған басты талап – тазалық. Еттің сапасын, құрамын осында жұмыс істейтін ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасы бақылайды. Іріктеп алынған мал еті болғандықтан, оның құнарлығы да жақсы. Осы негізгі көрсеткіштерден жаңылмай келе жатырмыз. Кәсіпкер де, тұтынуышы да осыған дағдыланып алған.
Екінші талап – тәртіп. Кәсіпкер, яғни сатушы әр клиентпен жұмыс істей білу керек. Оларға жылы қабақ таныту, таразыға тауарды өлшегенде алдамау секілді негізгі қағидаларды сақтауға шақырамыз. Сол кезде ғана тұтынушының кәсіпкерге деген сенімі болады.
Үшінші – сатушылардың барлығы бірыңғай жұмыс киімімен қамтылған. Оларды 1-2 жылда бір рет ауыстырып, жаңалап отырамыз.
— Мал етін саудалауда қандай өзгешеліктер бар?
— Бұрын мал етін балтамен бөлшектейтінбіз. 2005 жылдан бері заман талабына сай, финляндиялық ток араларды қолдана бастадық. 3 адам жұмыс істейді ол жерде. Шошқа етін бөлек шабамыз, ол жерде арнайы қоршалған.
Ет қоятын үстелдер де заманауи, Ресейден жеткізілген. Ет шабатын адамға ыңғайлы. Төбеден жарық түседі және үстелдің беті мұздатылып тұрады. Ал астында ет салатын арнайы салқындатқыш орын бар.
Сауда залында жылқы, сиыр және қой еті жеке-жеке бөлек саудаланады. Мұның сыртында шошқа етін бөлек қоршалған сауда орнында сатамыз. Әу баста айттым ғой, қазір шаһардың нарықтың кеңістігі ұлғайып келеді. Осының нәтижесінде ет саудалайтын орындар көп. Осыған қарамастан еттен таршылық көрген емеспіз.
Уақыт бір орында тұрмайды ғой. Бәрі де өзгеріс үстінде. Соның аясында біз де қалыспай, тың идеяларды жүзеге асырып, дамып келеміз. Алғашқы жылдары сауда орындарындағы сөрелер кірпіштен қаланған болатын. Қазір тот баспайтын арнайы материалдан жасалған үстелдермен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл да үлкен өзгеріс.
— Корпорацияда еңбек етіп келе жатқаныңызға 15 жылдан асыпты. Еңбектің нәтижесі бар. Ұжымның келбеті қандай?
— Осынау қыруар жұмысты тындыру үшін ең алдымен ынтымақ керек. Сол ауызбіршілігімізді сақтап келеміз. Еңбек демалысына немесе іссапарларға кетсек, бір-бірімізді сағынып тұрамыз. Өмір болғаннан кейін қиыншылықтар болып тұрады. Сондай кездерде ұжым болып, әріптестерімізге қолдау көрсетеміз. Мұндай игі іс дәстүрге айналған.
Барша әріптестерімді корпорацияның 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде ірі сауда орнына айналған серіктестіктің жемісі, әрине, Марат Серікжанұлының ерік-жігері мен тынымсыз еңбегінің арқасы. Іскерлік қасиетінің жемісі. Адамгершілік, байсалдылық, еркіндік пен тәртіптілік — ағамыздың бойынан табылатын асыл қасиеттер. Батылдық та бар бойында. Марат ағамыз қашанда кәсіби және рухани ізденіс үстінде. Сондықтан ширек ғасырда жеткен жетістіктер әлі еселеніп, корпорация талай биіктерді бағындырады деген ойдамын.