ЖҰМАҒАЛИЕВ Серік Жұмағалиұлы,
кәсіпкер
ЖҰМАҒАЛИЕВА Әлия Үйсінбекқызы,
кәсіпкер
Серік Жұмағалиұлы 1969 жылы 12 наурызда Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.
1977-1987 жылдары Ақсуат орта мектебінде оқыды.
1991 жылы Семейдегі Жүн-тері техникумын «Тауартанушы-сатушы» мамандығы бойынша тәмамдады. Сауда саласында өзін сынап көрген жас маман 1993 жылдан бері «Ақшың» корпорациясында еңбек етеді.
Әлия Үйсінбекқызы 1966 жылы 10 қаңтарда бұрынғы Жаңа Семей ауданы Социалистік совхозында (қазіргі Бөкенші ауылы) дүниеге келген.
1973-1983 жылдары осындағы орта мектепте оқыды. Білімі жоғары.
1988 жылы Семейдегі технологиялық институтты «Бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1987-1989 жылдары қаладағы отын шаруашылығы басқармасында экономист болып жұмыс істеді. 1990-1994 жылдары Видергебурт банкінде есепші болды. Кәсіпкерлер отбасындағы Жұлдыз есімді қыздары медицина университетінің 2 курс студенті.
«АҚШЫҢДЫ» БАСҚА САУДА ОРЫНДАРЫНА АЙЫРБАСТАҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ
— Сіздерді «Ақшың» корпорациясының ардагерлері десе жарасып-ақ тұр. Сонау 1993 жылға көз жүгіртсек…
Серік Жұмағалиев: — Ол кез «Семей базарының» енді-енді құрылып келе жатқан уақыты болатын. Жолдасымыз екеуіміз осында саудаға келгенде жағдай қазіргімен салыстыруға келмейді. Алғашқы 9 жылда сауданы далада жасадық. Кеңсе тауарларын қоятын арнайы үстел, сөрелер болған жоқ. Тек бір жылдан кейін ғана, керек-жарақтарды әкеле бастады. Ақырындап жылдан жылға жағдайымыз жақсарып, саудамыз да жүре бастады. Далада тұрғанда қиын болды, әрине. Тауарларымызды қоймаға өткізетінбіз. Таңертең жұмысқа келгенде оларды қайта тасып, сөрелерге қоямыз, кешке қайта жинаймыз. Оның барлығы үлкен жұмыс, қатты шаршайтынбыз. 9 жылдан кейін, базар басшылығы далада бутиктер сала бастады. Сол кезде алғашқылардың бірі болып біз де заманауи орынға кірдік. Бутикті алғанда жағдайымыз біршама оңалып қалды. Бұрынғыдай тауарды тасу деген жоқ, бәрі сол бір жерде. Біз жұбайымыз екеуіміз корпорация басшылығына тек ризамыз. Сауда орнында барлық жағдай қарастырылған, жұмыс істеуімізге ешкім кедергі келтірмейді. Осының барлығына шүкір дейміз, адал еңбегімізді жасап, нәпақамызды тауып, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Барлығымызда туыс деген бар, оларға да қол ұшын беріп, оқытатын балаларды оқытып, ештеңеден таршылық көріп отырғанымыз жоқ. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналық сөзі бар ғой, бәрі еңбектің, маңдай тердің жемісі. Еңбек түбі – берекет, рыздық, несібе барлығы да адал еңбекпен келеді. Талмай жұмыс істегенде ғана адам рухани және материалдық кемелдікке жетеді. Оның берекеті адалдық пен туралықта. Сондықтан осындай қағидамен еңбек етіп, ілгері дамып келеміз ғой деп ойлаймын. Осыны соңымыздан ерген іні-қарындастарымызға да айтып отырамыз.
— Басқа сауда орындарына ауысу туралы ой болмады ма? Бір жерде, бір «Ақшыңда» 25 жыл еңбек етудің сыры неде?
Серік Жұмағалиев: — Ондай ой бізде болған жоқ. Неге десеңіз, жаңа айтып өткенімдей «Ақшың» сауда орталығындағы жағдай өзге сауда орындарымен салыстыруға келмейді. Өзіміз еңбекті бастаған жер, сондықтан өзімізге ыстық. Басқа сауда орындарынан бөлімше ашып, сауданы қыздырамыз деген де ой болмапты бізде. Басшылық тарапынан да үлкен қолдауды сезініп отырмыз. Бәрі сыйлап тұрады. Марат Серікжанұлын ерекше құрметтейміз. Жан-жақты, ұжымдағы әр адаммен тіл табыса алатын білімді азамат. Ол кісі кәсіпкерлерге қатысты өзі жалғыз шешім қабылдамайды, әрқашан бізбен ақылдасып, кеңесіп отырады. Нәтижесінде, бәрімізге ыңғайлы, қолайлы шешім шығарады. Мысалы, айта кету керек, дағдарыс орын алған тұстарда сауда орындарын жалға алу құнын бірнеше пайызға төмендетті. Әрине, басшылықтың мұндай кемел қадамына біз кәсіпкерлер тек риза болдық. Түрлі жиындарға қатысып тұрамыз. Орын алған мәселелерімізді айтып, жағдайларымызбен бөлісіп отырамыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, ақылдасып, ұтымды қадамдар жасап отырамыз.
— Сіздер корпорацияда белді кәсіпкерсіздер, шаңырақта жарасымды жұп – ерлі-зайыптыларсыздар. Үйде де, түзде де біргесіздер…
Әлия Жұмағалиева: — Сөзіңіздің төркінін жақсы түсіндім. Біздің мінездеріміз бір-бірімізге сәйкес келеді. Еңбек болғаннан кейін түсіністік болу керек. Бір-бірімізді қолдап, ақылдасып шешім шығарамыз. Табыстың кілті, менің ойымша, шыдамдылық пен сабырлықта. Күнделікті күйбең тіршілікте осындай асыл қасиеттерді естен шығармаған жөн. Бизнесте бәрі бір арнамен, жайлап жүре береді деп айту қате. Оның да қиыншылығы шаш етектен. Сондай кездері жолдасым маған үлкен қолдау көрсетіп, қамқор бола біледі. Азамат ретінде тауарларды тасып жеткізіп отырады, мен шашау шығармай тұтынушыға жеткізуге тырысамын. Жолдасым кез келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарамайды. Білімі бар, өзі таңдаған мамандықтың хас шебері десем болады. Бүгінгі біздің зор жетістігіміз сол шыдамдылық пен табандылықтың жемісі деп түсінемін. Сонау 90-жылдардан бері талай азаматтар бизнесті алып кете алмады. Қыста шықпай, көктем, жазда ғана сауда жүргізетін адамдар да болды. Көбі қиыншылыққа шыдай алмады. Қазір корпорация құрамында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлердің барлығы мол тәжірибелі, әбден ысылған, сауданың қыр-сырын жетік меңгергендер. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, қажет болса ақылдасып, көмектесіп, қарайласып тұрамыз.
— Алғашқы жылдары қиыншылықты көп көрдік деп отырсыздар ғой. Әсіресе, қыстың қыршаңқы аязында, жаздың аптап ыстығында далада тұрдыңыздар. Осының барлығын біржола тастап кетсек деген ой болмады ма?
Әлия Жұмағалиева: — Олай ойлауға қорқатынбыз. Бизнесте қандай да бір сенімсіздік болса, онда құрдымға кеттім дей беріңіз. Біз өз кәсібімізді шын жақсы көреміз, ерекше ілтипатпен еңбек етеміз. Таңмен жарыса ұйқымыздан тұрып, жұмысымызға асығамыз. Кейде «Мен қандай бақытта адаммын!» деп деп қоямын өзіме. Неге десеңіз, өзім сүйіп істейтін кәсібім бар, жұмысым алға басып тұр. Еліміз аман, іші ынтымақ пен береке. Адамға осыдан басқа не керек? Бір сөзбен айтқанда «Ақшыңда» жұмыс істейтінімді мақтанышпен айтамын.
— Серік Жұмағалиев: — «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар ғой. Жолдасым да еңбегіміздің алға басуына ықпал етіп отырғандығын айта кету керек. Мұның сыртында сүйікті жар, аяулы ана, сыйлы келін. Бизнесті өркендетіп қана қоймай, шаңырақтың да шырайын келтіріп отыратын осы жарым. Біз үйге келгенде жұмыстың бәрін сауда орталығына тастап кетеміз. Шаңырақта іскерлікке қатысты сөз қозғамаймыз. Қорыта айтқанда, қол ұстасып, бір-бірімізге қолдау болып, аман-есен еңбек етіп жатқанымызға тек қуанамыз.
Ширек ғасыр аз уақыт емес, кеше ғана кәсіпкерлікті бастаған, оның қыр-сырын жетік түсіне қоймаған жап-жас қыз бен жігіт едік, енді міне сол 25 жылды да артқа тастаппыз. Орайы келгенде, біз де «Ақшыңға» арнаған тілегімізді айта отырайық. Қай заманға, қай кезеңге де болсын көз салсақ, ар мен намыс жүгін қайыспай арқалаған, рухы бай, өз өмірін ел-жұртының жарқын болашағы үшін арнаған тұлғалы азаматтардың болатынын көреміз. Сондай жандардың бірі – корпорация президенті Марат Құрманбай. Ақын Қадыр Мырзаәлінің «Атақты үкімет береді, абыройды халық береді» деген тауып айтылған сөзі бар. Қазақтың халық жазушысының жүрегінен шыққан осы бір сөз Марат Серікжанұлынына жарасып тұрған секілді. Үлкенге — ізет, кішіге — қамқор бола білген көпшіл, қарапайым жан. Ол кісілік пен кішіліктің, айналасына шуақ шашқан азаматтығының арқасында осындай абыройға, бизнестегі жетістігіне жетіп отыр деп ойлаймыз. Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, парасаты биік, ашық пейіл, кең мінезді ағамызға тек жақсылықтар тілейміз. Ғұмыр жасы ұзақ болсын! Осында еңбек етіп жатқан барлық әріптестеріміздің шаңырақтарында шаттық пен бақыт ұяласын!