2014-2017 жылдар
«Қазақстан» Ұлттық арнасы, жаңалықтар, 2014 жыл
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЖЕМІСІ
Кезінде жекешелендірудің арқасында талай кәсіпорынға жан бітті. Кәсіпкерлік саланы игеруге тәуекел еткендерге де үлкен мүмкіндіктер берілді. Мемлекеттің қарамағында болған нысандар жекенің қолына өткеннен кейін, дұрыс инвестиция құюдың арқасында дамуға мүмкіндік алды. Солардың бірі — Семейдегі «Ақшың» корпорациясы. Қараусыз қалған ғимаратты жөнге келтіріп, дұрыс пайдалана білген жергілікті кәсіпкер бүгінде өңірдегі ірі бизнес орталығын құрған.
Семейлік Марат Құрманбай 90-шы жылдары жекешелендірудің бірінші кезеңінде батылдық танытып бизнеске бет бұрғандың бірі. Мемлекет қарамағындағы бос қалған ғимаратты сатып алған. Біртіндеп жөнге келтіріп, қалада сауда-саттық жасайтын орынға икемдеген. Бастапқыда 400 кәсіпкер сауда жасайтын жабық алаң болса, бүгінде өңірдегі ірі корпорация деңгейіне жетті. Қазір онда 800 адам жұмыс істеп, 3000 кәсіпкерге жұмыс орны ашылған.
МАРАТ ҚҰРМАНБАЙ, «Ақшың» корпорациясының президенті:
— Ол уақытта біреулер сенді, біреулер сенбеді. Бірақ тәуекел деп қолыма алып, осы құрылысты аяғына дейін бітіріп, бүгінге дейін әлі осыны дамытып келе жатырмыз. Менің ойымша, жекешелендіру науқанында кәсіпкерлер қарап қалмау керек. Істерін бастап, елдің дамуына үлестерін қосса деймін.
Асхат Абдуллин «Ақшың» корпорациясында 20 жылдан бері бас механик болып қызмет атқарады. Қарапайым сауда нысанының қалайша дамығаны көз алдымда, — дейді.
АСХАТ АБДУЛЛИН, бас механик:
— Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір сауда орталығының жағдайы жер мен көктей. Ол кезде құрылысы бітпеген нысанда жылу мен жарық жоқ болатын. Қазір қарасаңыздар заман талабына сай, жылдан жылға дамып, қанатын кеңге жайып келеді.
Кезіндегі жекешелендірудің жемісін көріп отырған «Ақшың» корпорациясының құрамында ірі сауда орындарымен қатар, логистикалық орталық, заман талабына сай ірі ветеринарлық зертхана да жұмыс істейді. Халықтың көз алдында күн санап толысып, еңсесін тіктеген корпорация, енді өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Ержан ЖАҚЫП, Серік НҰРТАЗИНОВ
«Қазақстан-Семей» телеарнасы, жаңалықтар, 7 қазан, 2015 жыл
«АҚШЫҢ» КОРПОРАЦИЯСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Қазақстан сауда кәсіпорындары арасында республикалық «Сауда үздігі-2015» байқауының жеңімпаздары анықталды. Ақтөбе қаласында өткен бәсекеде «Ақшың» корпорациясы «Таңдаулы бөлшек сауда кәсіпорыны» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. ҚР ұлттық экономика министрлігі мен сауда және қызмет көрсету қауымдастығы ұйымдастырған дәстүрлі шараға 100-ге жуық кәсіпкерлер қатысқан болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған «Ақшың» корпорациясы кәсіби басқарушылық пен іскерліктің арқасында жыл санап қарқынды дамып келеді. Жақында сауда орталығы республикалық байқауда жеңімпаз атанды. Тұтынушы сұранысын толығымен қанағаттандырып отырған сауда орны еліміз бойынша 30-дан астам бизнес субъектілерінен озық шығып, «Таңдаулы бөлшек сауда кәсіпорыны» аталымында 1-орынға ие болды. Корпорация өкілінің келтіруінше, бұл — кәсіпкерлерге жасалып отырған жан-жақты жағдай мен сауда мәдениетін ұйымдастыра білудің жемісі.
Ерлан ЖАҚЫП, «АҚШЫҢ» корпорациясы президентінің кеңесшісі:
— Осының барлығы «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбайдың кәсіпкерлерге заман талабына сай жағдай жасап отыруының жемісі деп білеміз. Бұл бағыттағы шаралар жыл сайын жалғасып келеді. Бүгінгі күні корпорацияда қажетті қызметтің барлығы бар. Атап айтқанда күзет агенттігі, дәріхана желісі, асхана, мейрамхана жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда сауда орталығында 3 мыңға жуық кәсіпкер бар. Бизнес өкілдері корпорацияның дамуы мен тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуде аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан, ірі сауда орнының жеңісі — баршамызға ортақ, — дейді кәсіпкерлер.
Райхан МАДАУЫТОВА, жеке кәсіпкер:
— Бұл жетістікке біз де қуаныштымыз. Еңбек етуімізге толық мүмкіндік бар. Сауда орны жылдан жылға жақсарып келеді. Өзімізге де көмектер болып тұрады. Соның арқасында отбасымызды асырап, табыс тауып, жетістіктерге жетіп жатырымз.
Корпорацияның заманауи жабдықталған сауда залдары көз қуантады. Керегін іздеген қалалықтар күнделікті осында ағылады. Оның да себебі бар. Ұсынылатын азық-түлік түрлерінің барлығы ветеринарлық зертханадан тексеруден өтеді. Өнімдер экологиялық таза, бағасы да қолжетімді.
Әділет СҮЙКІМБАЕВ, қала тұрғыны:
— «Ақшың» корпорациясы маған өте ұнайды. Мұнда сауда залдары таза әрі жарық. Тауарлар бағасы арзан. Сатушылар тұтынушыларға жақсы деңгейде қызмет көрсетеді. Сондықтан, бәріміз осы сауда орталығына келіп сауда жасаймыз.
Сондай-ақ, республикалық байқау аясында корпорация ресейлік кәсіпкерлермен бірге ХІV өнеркәсіп көрмесіне қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.
Дарын Сағитов, Бауыржан Жолдыбалин
«Хабар» арнасы, жаңалықтар, 22 желтоқсан, 2015 жыл
ІРІ САУДА ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒА БЕРУ ҚҰНЫ 15 %-КЕ ТҮСЕДІ
Семейлік кәсіпкерлер қаржы дағдарысына әлеуметтік шаралармен жауап қатуда. Қаладағы ірі сауда орындарының бірі саналатын «Ақшың» копорациясы басшылығы жаңа жылдан бастап жалға беру құнын 15 пайызға дейін төмендетпек. Бұл шара 2016-жылдың 31-желтоқсанына дейін жалғасады. 20 жылдық тарихы бар сауда орталығында бүгінде 2 жарым мың жеке кәсіпкер сауда жасап, нәпақа табуда. Мұнда негізінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар сатылады. «Қысылтаяң шақта шағын және орта бизнес өкілдерін осылайша қолдауды жөн санадық, бізде отандық өнімдерді қолдау бойынша да ауқымды шаралар қол алынған» — дейді сауда орталығының басшылары.
Роза СҮЛЕЙМЕНОВА, жеке кәсіпкер:
— Осы «Ақшың» сауда орнында жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жыл болды. Базардың арқасында бала-шағамызды асырап жүрміз. Рахмет, қаржы дағдарысына қарамай, бізге 15%-ға арендамызды түсіріп отыр. Бұйырса, барлығымыз бірігіп, осы қаржы дағдарысын жеңуге тырысамыз.
Марат ҚҰРМАНБАЙ, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті:
— Жергілікті тұрақтандыру қорымен жұмыс істеп жатырмыз, бірнеше жыл болды. Ол кісілерге тегін орын беріп жатырмыз. Ол кішкене болса да бағаны түсіруге әсер етіп жатыр. Алдағы қоятын тағы бір мақсатымыз – тауар өндіретін кәсіпорындармен делдалсыз жұмыс істеу.
Болат Көкенайұлы, Медет Өмірхан, Анатолий Тернов
«Қазақстан-Семей» телеарнасы, жаңалықтар, 30 желтоқсан, 2015 жыл
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
Абай атындағы театрда «Ақшың» корпорациясының дәстүрлі қайырымдылық шыршасы өтті. Жаңа жыл қарсаңындағы шараға мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан 500 бала қатысты. Кішкентай қонақтарды Аяз ата мен Ақшақар қарсы алып, белгілі мультфильм және ертегі кейіпкерлері өнер көрсетті.
«Ақшың» корпорациясы жаңа жыл қарсаңында бүлдіршіндерге мерекелік шара ұйымдастыруды жақсы дәстүрге айналдырған. Аяз ата мен Ақшақар, балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері — миньондар, қой және жаңа жыл иесі – мешін қонақтарға керемет театрландырылған қойылымдар ұсынды. Корпорация президенті Марат Құрманбайдың айтуынша, мұндай шара балаларға шаттық сыйлап, олардың ғажайыпқа деген сенімдерін арттырады.
Марат ҚҰРМАНБАЙ, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті:
— Мешін жылы баршаларыңызға жақсылық әкелсін! Барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық, табыс тілеймін! Әр шаңырақта береке мен бірлік, ырыс пен жетістік болсын!
Жаңа жыл қарсаңындағы шараға қала әкімі Ермак Сәлімов те қатысты. Шаһар басшысы жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, игі тілегін арнады.
Ермак СӘЛІМОВ, Семей қаласының әкімі:
— Қымбатты бүлдіршіндер, тілегіміз бір, қуанышымыз бір. Ешқашан ауырмай, оқуларыңды жақсы оқыңдар. Еңбектің арқасында алдағы уақытта жетістіктерге біз бірге жете берейік! Жаңа жыл құтты болсын, балалар!
Тартымды, әрі шаттыққа толы мерекелік бағдарлама ересектерді де бей-жай қалдырмады. Олардың айтуынша, мұндай жаңа жылдық шараның бүлдіршіндер есінде көпке дейін қалары сөзсіз.
Қарлығаш ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ата-ана:
— Көңіліміз бір серпіліп қалды. «Ақшың» корпорациясы бізге нағыз жаңа жылдық мереке сыйлады. Әсіресе, балалар мәз-мейрам. Бәрі шаттыққа толы. Шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.
Шара аясында қой жылы жаңа жылдың иесі – мешінге тәж табыс етті. Әр балаға сыйлықтар мен тәттілер ұсынылып, олар ертегі кейіпкерлерімен фотосуретке түсуге мүмкіндік алды.
Дарын Сағитов, Бауыржан Жолдыбалин
«Қазақстан-Семей» телеарнасы, жаңалықтар, 15 желтоқсан, 2016 жыл
БЕЛСЕНДІ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Отандық экономиканың қарыштап дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайын реттеуде кәсіпкерлердің үлесі орасан зор. Егемендіктің 25 жылында мемлекет тарапынан оларға көрсетілген қамқорлық та ұшан-теңіз. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына орай, «Ақшың» корпорациясының басшылығы бизнесін дөңгелетіп отырған белсенді кәсіпкерлерге құрмет көрсетті.
1993-жылы «Семей базары» болып құрылған сауда орталығында алғашында санаулы ғана кәсіпкер болған. Нарықтық экономика аясында уақыт көшіне ілескен басшы Марат Құрманбай бүгінгі таңда ірі корпорация құрды. Іскерлік арқасында жұмыс ілгерілеп, сауда орны қарыштап дамыды. Қазір мұнда 3 мыңнан астам кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр. Жақында корпорация мұндағы бизнес өкілдерінің мүддесін қорғайтын қоғамдық кеңес құрды.
Марат ҚҰРМАНБАЙ, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті:
— Корпорация кәсіпкерлердің құқығын қорғауға мүдделі. Бұл бағытта қыруар жұмыстар істелді. Қазір елімізде сауда саласы лайықты деңгейде. Ең негізгі мақсатымыз – тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну. Сол үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз.
Корпорация басшысы жеткен жетістіктерді еселеп, қалыптасқан сауда мәдениетін нығайтуды көздеп отыр. Бұл ретте кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, кеңесе отырып жұмыс істеу маңызды. Сол себептен басқосуға «Атамекен» кәсіпкерлер одағы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері қатысып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қаржыландыру тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Шара барысында корпорацияда 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан бизнес өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.
РОЗА СҮЛЕЙМЕНОВА, кәсіпкер:
— Ақшың» корпорациясының басшысынан алғыс хат алдым. Ол біздің еңбегіміздің еленгені деп білеміз. Сауда орнында барлық жағдай жасалған. «Ақшың» корпорациясының басшылығына үлкен рахметімізді айтамыз. Осындай заманауи сауда орталығында жұмыс істеп жатқанымызға қуанамыз.
Тәуелсіздік жылдары осында еңбек еткен талай кәсіпкерлер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде өз істерін дөңгелетіп отыр. Бұл – біз үшін зор мақтаныш, — дейді корпорация басшысы. Демек, толағай табыстарға жеткен ірі сауда орталығының алар асулары әлі алда екені сөзсіз.
Дарын Сағитов, Елжан Мағзұмов
«Семей таңы» №37-38 (18692-18693), 11 мамыр, 2017 жыл
«ТУҒАН ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫН ҚОЛДАУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ меценаттың ісінен көрінді
Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында Семейдегі №21 мектепте айтулы шара өтті. ШҚО мәслихатының депутаты, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбайдың меценаттығымен білім ошағы алдына Жоламан кентінен Ұлы Отан соғысына аттанған майдангерлерге мемориалдық тақта орнатылып, жауынгер Мұханбек Құрманбайұлы атындағы тарихи тағылым кабинеті ашылды. Тәрбиелік маңызы зор шараға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, ҰОС ардагері Ғабдулғазиз Ахмеров, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және кент тұрғындары қатысты.
Елбасы таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тәуелсіз еліміздің алдағы жылдары жүзеге асыратын бірнеше бағыттағы жоспарларын нақтылап берген болатын. Мақалада өскелең ұрпақты отаншылдыққа, ұлтын сүюге үндейтін «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бағдарламаның жастарға берері мол екендігіне кеңінен тоқталған Елбасы «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Ал бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады», — деген еді.
Президент мақаласындағы осы бағдарламаны негізге ала отырып, тыңға түре салған Марат Құрманбай елдің ертеңін тәрбиелеуде септігі тиетін шаруаны өңірімізде алғашқы болып қолға алды. Осыдан біраз жылдар бұрын Марат Серікжанұлының басшылығымен «Абыралы-Дегелең» қоры жас ұрпақты отаншыл болуға шақыратын талай тындырымды істерді атқарған болатын. Соның бірі – Абыралы өңірі Қайнар аулылында «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» атты 1500 майдангердің есімі енгізілген мемориал, «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» атты Абыралы көтерілісіне қатысқан 258 адамның есімі енгізілген тарихи ескерткіш қойылды. Сонымен бірге, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай, полигон құрбандарына арналған ескерткіштің бой көтеруіне де осы қор себепкер болған. Енді, міне, мерейлі 25 жылдық аясында №21 мектеп ұжымы мен кент ақсақалдары, белсенділерінің өтініші бойынша дәл осындай игілікті шаруа жүзеге асты.
— Елбасымыз өзінің мақаласында қазақстандық әрбір азамат шамасы келгенше туған ауылына, қаласына көмек қолын созуы керектігін жақсы атап өтті. Бұл – өте жақсы бастама. Әрбір адам өз тарихын білгені дұрыс. Өткенді білу — аға ұрпаққа көрсетілген құрметтің бірі деп түсінемін. Қан майданда от кешкен бабаларымыздың есімі жазылған тақта кентімізде бұрын да болған. Алайда уақыт озған сайын тозуына байланысты оны жаңарту қажеттігі туындады. Осыны ескере отырып, алдыңғы тақтада аттары жазылған, сонымен қатар ол тақтаға есімдері енбей қалған Жоламан кентінің ҰОС майдангерлерін топтастырып, жаңа мемориалдық тақта жаздырдық. Ал мектепте ашылған ҰОС-на қатысушы Мұханбак Құрманбайұлының атындағы кабинет те жас ұрпаққа терең ой салады деген үміттемін. Тарихи тағылымды оқушылар бойына сіңіруде бұл кабинеттің рөлі ерекше. Менің ойымша, әр адам артына өшпестей із қалдыруы керек, — дейді Марат Серікжанұлы.
Ескерткіш тақтаның лентасын қию мәртебесі қала әкімі Ермак Сәлімов пен ҰОС ардагері, запастағы полковник Ғабдулғазиз Ахмеровке берілді. Тақта ашылысымен сөз алған шаһар басшысы Екінші дүниежүзілік соғыстағы көзсіз ерлікті өскелең ұрпақ ұмытпайтындығын айта келіп, жылдар жылжып, заман ауысқанымен, мәртебесі биіктей беретіндігін жеткізді.
— Қасиетті Жеңіс жолында соғыс майданындағылар мен тылдағы еңбек майданындағылар да қатар жүрді. Басқыншы жауға деген өшпенділік біздің аталарымыздың, әкелеріміздің бойынан табылып, олар ертеңгі келешек үшін жан аямады. Солардың қатарындағы 155 майдангердің есімі мына тасқа қашалып жазылған. Бұл біздің сол жауынгерлердің алдындағы перзенттік парызымыз. Мен Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасын қолдаған азаматтарға ризашылық білдіріп, алғысымды айтамын. Мұны Жеңіс қадірін түсініп, батырларын ұлықтау деп білемін. Барлықтарыңызға тек жақсылық тілеп, егемен еліміздің еңсесі биік, келешегі кемел болсын деп тілеймін, — деді Ермак Бидахметұлы өз құттықтауында.
Бұдан кейін сөз алған Ғ.Ахмеров соғыс өрті сөнгеніне ұзақ жылдар өтсе де, оның жанға салған жарасы әлі де жазылмағанын айтып, сұм соғыстың қайталанбауын тіледі. Аталық ақ тілегімен бүгінгі ұрпаққа қарата ұлағатты сөз айтты.
Мемориал тақтаның ашылуына қатысқан көпшілік содан соң мектептегі Мұханбек Құрманбайұлының атындағы тарихи тағылым кабинеті лентасының қиылуына да куә болды. Барлық қажеттіліктермен жабдықталған кабинетте 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1931-1932 жылдардағы Абыралы көтерілісі, жауынгер Мұханбек Құрманбайұлының өмірінен сыр шертетін деректерден бөлек, мектептің 25 жылдық тарихы да қамтылған екен.
Сөз орайы келгенде, кабинетке есімі берілген Мұханбек Құрманбайұлы туралы да айта кетейік. Мұханбек Құрманбайұлы қазақша-орысша жүйрік әрі арабша хат таныған сауатты, ақынжанды адам болған. Ол 1931-1932 жылғы Абыралы көтерілісіне қатысқаны үшін «үштіктің» үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілген. Жазасын өтеп келісімен Семей ет комбинатында жұмыс істеп, қалада қалуға бел байлайды. 1941 жылы соғыс басталғанда, алғашқылардың бірі болып Мұханбек те майданға аттанды. Алайда соғысқа дейін «халық жауы» болып жазаланғандар бәрібір де НКВД-ның қырағы бақылауынан тыс қалған жоқ. «Халық жауы» болып нақақ сотталғандардан құралған сарбаздар «Айыптылар батальоны» құрамында жауға қарсы қарусыз соғысты. Мұны Мұханбек: «Алдымызда неміс солдаттары танкімен ентелейді, ал соңымызда НКВД мылтық тіреп отырады. Қалай боларын кім білсін?…» — деп үйіне жолдаған хатында да баяндаған екен. Осындай от пен оқтың ортасында жүріп қиянатты бастан өткерген айыптылар батальонында болғандардың тағдыры туралы күні бүгінге дейін нақты деректер жоқ. Талай боздақтың өмірін қиған сол соғыста Мұханбек Құрманбайұлы да хабарсыз кетті. Араға жылдар салып Мұханбек Құрманбайұлының есімі Жеңістің 50 жылдық мерекесіне орай жарық көрген «Книга памяти» кітабына да енгізілгенін айта кеткен жөн. Онда былай делінген: «Курманбаев Муканбек, рядовой. Родился в 1910 г. Воевал в составе 830 СП, 238-СД. Погиб 28 ноября 1941 г. Похоронен в д. Даниловке» (128 бет). Сондай-ақ, «Мемориал» сайты арқылы да жауынгер Мұханбек Құрманбаев жайында біраз деректер анықталды. Қазіргі күнде жауынгер ұрпақтары М. Құрманбаевтың қайда қаза тапқанын нақты анықтау мақсатында іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Егер іздестіру оң нәтижесін берсе, Марат Серікжанұлының бастамасымен жауынгер жерленген зиратқа туған жерінен арнайы топырақ жеткізіліп, марқұм аруағына Құран оқып қайту көзделіп отыр.
Бір қуантарлығы, «Мемориал» сайтының анықтамасы мен «Книга памяти» кітабына енген деректердің сәйкес келетіндігі. Осы негізде елі үшін жанын пида еткен Мұханбек Құрманбайұлының Волгоград облысының Даниловка селосы маңында қаза тапқандығы жөнінде болжам жасауға болады.
Тағдырдың қатаң сынын бастан өткеріп, елі үшін жанын қиған жауынгердің өмір жолы осы кабинетте білім алуға келег әрбір оқушыға ой саларына күмін жоқ.
Ермек ИСАБАЕВ
«Ертіс өңірі», №34(822), 23 тамыз, 2017 жыл
БАЛҚАНТАУДЫҢ БАУРАЙЫНДАҒЫ БАБА ТОЙЫ
Тамыз айының 18-19-шы жұлдызында Балқантаудың баурайында, Сарыарқаның төрінде ұлттығымыз ұлықталып, берекеміз бен ынтымағымыз паш етілген ұлан-асыр той өтті. Бүкіл Алаштың басын қосқан той қазақтың әйгілі үш биінің бірі, данагөй Қазыбек Келдібекұлының 350 жылдығына арналды. Бір емес, үш жарым ғасырдың тойы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында өткен еді. Тарихымызда алтын әріппен жазылған бірегей тұлға Қаз дауысты Қазыбек бидің асына семейліктер де жолдың шалғайлығына қарамастан барған еді. Шығыс Қазақстан облысы мәлихатының депутаты, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Құрманбай бастаған делегацияның құрамында қазақтың көрнекті жазушысы Медеу Сәрсеке, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазыбек бабамыздың мұрасын зерттеп жүрген Болат Нәсенов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанов, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы Зейнолла Тоқаев сынды ел ағалары бар. Алыс жолға шығудағы мақсат — ұлы баба құрметіне өтіп отырған асқа барып қол жайып, бата қылу. Сондай-ақ, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры 12 қанатты екі, сегіз қанатты екі киіз үй тігіп, келген қонақтарға қызмет көрсетті. Осылайша, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық тойына өзіндік үлестерін қосып қайтты.
Жұма күні таңғы 7-де Қарқаралыға қарай жолға шыққан біздер діттеген жерімізге түс ауа табан тіредік. Сапардың ұйытқысы болған «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының төрағасы, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы:
– Әр тасында тарихтың таңбасы бар қасиетті бабаларымыздың табаны тиген құт мекен Егіндібұлақ азаматтарынан Қазыбек бабамыздың 350 жылдық мерейтойы атап өтіледі дегенді естігенде, бөркімізді аспанға ата қуандық. Ел арасындағы дауды екі ауыз бәтуалы сөзбен шешкен Қазыбек бабамыз жалпы қазақ халқына ортақ тұлға. Ауылы аралас, қойы қоралас, тұрмыс-тіршілігі біте қайнасқан Кеңес дәуірінің солақай саясатының әділетсіз құрбаны болған Абыралы елінің жан-жаққа тарап кеткен азаматтары бабамыздың тойына атсалысып, келген қонақтарға сый-құрмет жасауды парызымыз деп есептедік. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын бірге шеккен бұрынғы Егіндібұлақ ауданының халқымен тізе қосып, бабамыздың тойын жоғарғы деңгейде өткізу ортақ парызымыз деп санаймыз, – деген еді.
ҚҰНАНБАЙ БАБА САЛҒАН МЕШІТТЕ ҚҰРАН БАҒЫШТАДЫ
Ежелден Қарқаралы мен Семей жері егіз. Төскейде малы аралас жайылған қос мекенді де тарих толқындары бір арнаға тоғыстырғандай. «Абай жолын» оқи отыра Қарқаралы жеріне жақындай түсетін едік. Мінеки, бабаларымыздың ізі қалған тарихи мекенге біз де ат басын бұрдық. Қарқаралы дегенде Құнанбай бабамыздың салған мешіті көз алдыңа сап ете түсері сөзсіз. Сондықтан болар, ақсақалдарымыз бастаған делегация құрамы алдымен осы мешітке бағыт алды. Ондағы мақсат — аруақтарға құран бағыштап, зиярат ету. Құнанбай Өскенбайұлының бастамасымен мешіттің құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы салынып біткен. Үш ғасырды көрген мешітке бүгінде Құнанбай қажы есімі берілген екен. Талайдың езгісінен аман қалған мешіт бүгінде мемлекеттің қамқорлығында. Мешіттің біраз тарихына Құнанбай қажы атындағы мешіттің бас имамы Асқар Мейрамбекұлы: «Бұл мешітте бір мезетте он бір қари сабақ беріп, шәкірттер тәрбиелеген. Реставрация болмағанға дейін екі қабатты болған. Кейіннен мемлекеттің қорғауына алынды. 70 жыл құдай жоқ деген жылдарда кітапхана, жатақхана ретінде пайдаланылды. Алланың сақтауымен бүгінгі күнге дейін жеткен. Жағып жібермекші болған адам өзі жанып кетеді. Тағы бірі айбалтасымен айшықты құлатамын дегенде шатырдан құлап мерт болады. Оны бүктетілген күйінде қабірін домалақ қылып қазып жерлейді. Қарақаралы өңірінде 5 шіркеу болған екен. Бүгінде оның бірі де жоқ. Ал, мешіт сақталған. Сырттан келген адамдар бұл мешітке кірмей кетпейді» деген еді.
ТОРҚАЛЫ ТОЙДЫҢ БЕТАШАРЫ – «БӘЙТЕРЕК» СТЕЛЛАСЫ
Торқалы тойдың беташары Егіндібұлақ ауылында Қазыбек бидің мерейтойы аясында «Бәйтерек» стелласының ашылуы болған еді. Монументалды нысанды осы өлкеден шыққан белгілі кәсіпкер Ғани Омаров сыйлаған екен. Стелланың биіктігі 12 метр. Оны әзірлеп, орнатуға 20 млн. теңге жұмсалған.
Егіндібұлақ ауылына кіре берістегі еңселі ескерткіш осынау тойдың белгісіндей ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Ескерткіштің ұшар басында бабамыздың «Алтын ұяң – Отан қымбат» деген асыл сөзі жазылған. Ескерткіштің әр бұтағы, әр тармағы бекім бірлікке, ынтымақтық тірлікке, туыстық пен тұтастыққа, жанашырлық пен жасампаздыққа, мейірімділік пен ізгілікке шақырып тұрғандай.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, Қазыбек бабамыздың мұрасын зерттеп жүрген семейлік ғалым Болат Нәсенов: «Қазыбек бабамызды әр уақытта жүрегімізде ұстаймыз. Қазыбек би тек қана шешен, дипломант болған жоқ. Қылыш асынған қолбасшы, жауынгер де болды. «Қолыма найза ұстаймын, жауымды жайратамын, менің жерімнен кет» деген сөздері бар. Енді, мына баба құрметіне ашылған ескерткішті тұрғызуға демеушілік еткен азаматқа халық дән риза. Еңбегінің жемісін көрсін» деп ризалығын білдірген еді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, Қарқаралы ауданының әкімі Қали Мақсұтов және ауыл ақсақалдары алқызыл лентаны қиды.
СЕМЕЙЛІКТЕР ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ҚОЛЖАЗБАСЫН ТАРТУ ЕТТІ
Қаз дауысты Қазыбек бидің құрметіне өткен тойдың көрігі сенбіде қыза түсті. Алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар алдымен Егіндібұлақ ауылының қақ ортасында қасқайып тұрған Қазыбек бидің ескерткіші маңына жиылды. Мұнда ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов, ҚР Еңбек Ері, халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров баба ескерткішіне құрмет гүл шоқтарын қойды.
Одан кейін жиылған қауым Егінбұлақ ауылының маңына тігілген киіз үй қалашығына қарай беттеді. Жүзден аса ақшаңқан киіз үй алыстан мен мұндалап тұрды. Қазаны бұрқ-сарқ қайнап, асқа дайындық қызу жүріп жатса, енді бір шетінде балуандар білек күшін сынап, белдесуге белсене кірісуге бел шешкен. Ал төр жақтағы көркі көз тартар сахнада тойдың басты жиыны өтті. Мерекелік шараның шымылдығын түрген театрландырылған көрініс Қазыбек бидің ғасырына бізді жетелеп алып барғандай.
Сахнаға алғашқы сыйлы қонақтардың бірі болып шақырылған ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласын халыққа жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтауында «Қадірлі ағайын, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық торқалы тойы құтты болсын! Қазыбек бабамыз тарихымызда алтын әріппен жазылған тарихи тұлға. Қазақстан дербес шаңырақ көтеріп, іргесін бекіте бастаған тұста Тәуке ханның үш биінің бірі болған бабамыз ел аузында аңызға айналды. Бүгінгі тәуелсіз бейбіт өмір сүрген ел ата-бабаларымыздың аңсарына қол жеткізді. Осының бәрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз өткенімізді қастерлейік, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа үміт қолын созған елміз. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырып, мәдениетімізді, тарихымызды, ұлттық жадымызды жаңғыртып, жаңартып жатырмыз. Осы мерейтой осының айқын дәлелі. Баршаңызды баба аруағы қолдасын» делінген.
Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына дайындық жыл бойы өтуде. Атқарылған ауқымды істер жетерлік. Солардың бір парасына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тоқталып өткен еді.
– Құрметті қауым, Сарыарқаның төсіне қош келдіңіздер! Тарихқа көз жүгіртсек Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің арман, аңсары – қазақтың бірлігі мен ел тұтастығы болды ғой. Сондықтан, үш би қиянатқа жол бермес әділдіктің, қатыгезділікке жол бермес бірліктің символына айналды. Бір басына ұлттық дипломатияны, шешендікті, философияны тоғыстырған Қазыбек бидің мұрасы жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Зерттеліп те жатыр. Дегенмен, баба мұрасын шеті қиыры жоқ мұхитқа теңейтін болсақ, біз әлі жағада жүрміз. Елбасымыздың «Біртұтас ұлы елдің перзенттерін тәрбиелеу үшін біз Қазыбек бидің бейнесін жершілдік емес, мемлекетшілдік деңгейде қарастыруымыз қажет» деген болатын. Яғни, ол белгілі бір жүздің ғана емес, барша қазақтың биі, дипломанты екендігін ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет. Кеңес үкіметі кезінде толық зерттеуге мүмкіндік берілген жоқ. Ал қазір тәуелсіздік тұсында Қазыбек бабамыздың бейнесін жаңа қырынан аша аламыз деп ойлаймын. Қытай мұрағатында қазаққа қатысты 3000-нан аса құжат сақталған екен. Тарихы түгел ел ғана ұмытылмайды. Бүгінгі Қазыбек бидің 350 жылдық тойы бастауы ғана. Қыркүйек айында халықаралық ғылыми-практикалық конференция, республикалық жыр-термешілер, шешендік өнер байқауы ұйымдастырылады. «Қазақфильммен» бірлесе деректі фильм түсірілуде. Қазыбек би туралы қос томдық және арнайы фотоальбом жарық көрді, – деді Ерлан Жақанұлы.
Сөз басында бүкіл қазақтың басын қосқан той дедік қой. Осындай сәтте ортамыздан қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те табылған еді. Егіндібұлақтан түлеп ұшқан ұл туған жеріне деген ыстық сағынышын, сәлемін жеткізді. Қаһарманына деген халықтың ықыласы да ерекше.
– Құрметті жерлестерім, асслаумағалейкум! Алаш азаматтары! Бүгін шынында еліміздегі айтулы шаралардың бірі өтіп жатыр. Қазыбек би бүкіл қазақтың басын қосуға өмірін арнады. Бір жерге тоғыстырды. Бұл кісінің ісін одан әрі жалғастыру үшін қазақтың бірлігі бекем болуы керек. Той құтты болсын! Тойға құр қол келмей, сыйлығымды ала келдім. Осы төңіректе туып өскен азамат, белгілі мүсінші Марат Мансұров жасаған Қазыбек бабамыздың қоладан құйылған мүсінін еліме тарту етемін. Тағы бір ұсынысым бар. Оны Қарқаралының төріне қойсақ, мүсінге жер берілсе, – деген Тоқтар Әубәкіровтің бұл сөзін халық ду қол шапалағымен, қоштай кеткен еді.
Қаз дауысты Қазыбек бидің тойы – халықтікі, әрине. Сондықтан да Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ел өзіндік үлестерін қосып жатты. Қазыбек бидің 1763 жылы 10 қаңтарда Батыс Сібір генерал губернаторының орыс еліне бодан болу туралы жазған жауап хатынан мұрағаттық үзіндіні тарихшы Болат Нәсенов Мәскеуде Ресей империясының Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат мұрағатынан тапқан болатын. Ол хатты 96 жасында Қаз дауысты Қазыбек би өз қолымен жазған екен. Осы хатқа Болат Нәсенов пен Медеу Сәрсекенің түсініктеме берген. Қолымыздағы осы құнды жәдігер хаттың көлемін үлкейтіп жасалған суретті Семейден барған делегацияның атынан сөз алған ақын Бауыржан Жақып Қарағандыдағы облыстық өлкетану мұражайына тарту етті. Онымен қоса, тойға арнайы жасатылған қасиетті домбыраны «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры атынан сыйлап жатып, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының жəне М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Бауыржан Өміржанұлы жүрекжарды өлеңін оқи жөнелді:
«Қаңқылдаған қазым едің,
Жарқылдаған жазым едің,
Саңқылдаған сұңқарым ең,
Қаз дауысты Қазыбегім.
Жеті жаста билік айтып,
Ел алдында көрініп ең,
Он төрт жаста билік айтып,
Төр басында төгіліп ең.
Əз Тəукенің заманында,
«Жеті жарғы» жазып едің,
Қазағымның бар тарихын,
Шежіре боп қазып едің.
Ұлытауға шақырып ап,
Əйтеке мен Төле биді,
Маңдайыңа бақ жазылып,
Таңдайыңа өлең үйдің.
Бар қазақтың бірлігіне,
Қызмет еттің ғұмыр бойы,
Тəуелсіздік тірлігіне,
Өзің айтқан тірілді ойы.
Сарқылмайтын сазым едің,
Айтылмайтын назым едің,
Қасқайып сен тұрсың тірі,
Қаз дауысты Қазыбегім.
Қазағымның ұраны боп,
Шырқалатын жыр əні боп,
Берекенің тұрағы боп,
Ырыс-құттың шырағы боп,
Жанып тұрған сазым едің,
Қаз дауысты Қазыбегім.
Қалмақпенен шайқасқанда,
Ел ғып кеткен қайран бабам,
Жоңғарменен айқасқанда,
Жер ғып кеткен қайран бабам,
Орыспенен бітістіріп,
Бел ғып кеткен қайран бабам,
Қытайменен тіл табысып,
Төр ғып кеткен қайран бабам.
Абылайға қорған болған,
Қаракесек орман болған,
Сыр бойында туып едің,
Қаратауда тарлан болған,
Арқаға кеп алты алашқа,
Атың сенің арман болған.
Атығайым, Қарауылым,
Баяндағы бар ауылым,
Шыңғыстау мен Абыралы,
Қарқаралы — нар ауылым,
Ақмолада дара нұрым,
Жаңаарқада Жаңа ауылым,
Шет пен Кентім, Балқантауым,
Сарарқада сан ауылым,
Басын иді бүгін саған,
Тағзым етіп дара ұлым,
Жезқазғанмен Қарағанды,
Жауыртау мен Нұрадағы,
Балқаш пенен Сарышаған,
Мөлдір-мөлдір Тұмадағы.
Торғай менен Семейдегі,
Қыздырды елің Арқа төрін,
Қалды сөзің көмейдегі,
Қалды бізге қамқа тоның.
Кереку мен Көкшетауым,
Атбасар мен Ақшатауым,
Қызылжар мен Ақтоғайым,
Тарақтылар ноқтадайын,
Бүгінгі күн тарихымда,
Жазылып тұр хатқа ағайын.
Бүкіл қазақ тағзым етіп,
Əруағыңа бас иетін,
Түркістанда жəннат көрген,
Қайталанбас қасиетім.
Бастауымды сенен алдым,
Байбөріден тарағанмын,
Қаратеке ұраным бар,
Мойынымда тұмарым бар,
Қойынымда құраным бар.
Сенің дауысың сияқтанып,
Қаз дауысым қаңқылдаса,
Бір түйіршік қаның бүгін,
Сұңқардайын саңқылдаса,
Сенен қайнар жырын алам,
Сенің арқаң ұлы бабам.
350 жыл тірісің,
Қазағымның бір пірісің,
Қолда баба əруағыңмен,
Жас ұлыңның ұмтылысын,
Жас еліңнің бұлқынысын.
Шомыламын шұғылаңа,
Тəуелсізбін дулығаға,
Елім бүтін, жерім түгел,
Сен тұрғанда Ұлы баба,
Қаз дауысты Қазыбегім, —
деп семейлік ақын барша жиналған қауымның қошеметіне ие болды.
Мерейтойлық бағдарлама аясында өтетін аса ауқымды шаралардың бірі «Қазыбек бидің жолымен «Бабаларға тағзым» халықаралық автокеруенін айта кетуге болады. Салтанатты шарада тарихи сапарға аттанған керуен еліміздің қасиетті жерлерін аралап, Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, сондай-ақ, көршілес өзбек елінің Ташкент, Науаи қалаларына болмақ. Бұның барлығы да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен толығымен үндесіп отырғандығы қуантады.
АРДАГЕРЛЕРІН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТТАР
Ас беруге төрт киіз тігілгендігін жоғарыда айтып өттік қой. Сенбінің түсінде ас берілді. Аста ҚМДБ-ның ШҚО Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай Қазыбек бидің рухына құран бағыштады.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген сөздің қазақ қадіріне қашанда жете білген. Аталы сөздің жөнін түсінер семейлік азаматтар да асқа арнайы тіккен киіз үйдің төріне ардагерлерімізді шығарды. Арнайы тізім бойынша келген өңір ақсақалдарының арасында егіндібұлақтық бүгінде жасы 92-ден асқан абзал ақсақал, Ұлы Отан соғысының ардагері Жақия Мұсатаев бар. Ардагердің иығына Марат Серікжанұлы оқалы шапанын жауып, сыйлығын тарту етті. Тоқсаннан асқан, көпті көрген қария Жақия Мұсатаев ас берушілерге ақ батасын, ризашылығын берді.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған зейнеткер Қайыр Рахметтуллин «Алыстан ат арытып, қаншама шақырымды артқа тастап ас беруге келген сіздерге мың алғыс. Алдымен бүкіл қазақтың басын Егіндібұлақ ауылында тоғыстырған баба аруағына мың тағзым. Баршаңыздың еңбектеріңізге табыс, береке тілеймін» деп, алғысын жаудырды.
Ас барысында асқа келушілердің барлығына «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының атынан сыйлықтар табыс етілген болатын. Тойдың басты ұйытқысы болып жүрген Қарқаралы ауданының әкімдігі де өз тараптарынан асқа атсалысқан семейліктерге ризашылықтарын білдіре келе Марат Серікжанұлына Алғыс хат табыстады.
– Тойдың өзі неге болып жатыр деген сұрақ та болуы мүмкін. Бұл той ата-бабаларымыздың қолы жетпеген тойы. Ширек ғасыр егемендікте жеткен жетістігіміз деп білеміз. Елбасымыз мақаласында жерді, елді, ұлыларды насихаттау керек дегенді көтерген болатын. Біз тарихымызды құрметтесек, болашағымызға айқын бағдар жасай аламыз. «Қазыбек би кім?» дегенде ол кісі туралы бүкіл қазақ біледі. 14 жасында тұтқынға түскен қазақтарды, Абылай ханды бір ауыз сөзбен азат етіп алғандығы үлкен дүние. Мен Қазыбек бидің алтыншы ұрпағымын. Ата-анамнан ерте айырылған едім. Кейін аталарымды іздеп тауып алдым. Осы Егіндібұлақ топырағында әкем туған, ата-бабаларым тұрған. Бұл мерейтой біз үшін ерекше, – деді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев.
ҰЛЫ ТОЙДЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰМЫТЫЛМАСТАЙ ЕТТІ
Ұлттық ойындарымызсыз той мен ас қалай өтсін. Қомақты жүлделер тігілген ойындар тартысқа толы болды. Алдымен балуандар боз кілемде кім мықтыны өзара сарапқа салған болатын. 70 кг салмақтағы балуандар белдесуінде қарқаралық Едіге Сыздықов I орынды еншілеп, Қазыбек бидің ұрпағы Ербол Төлеуов тіккен Тойота Камри автокөлігінің кілтіне ие болды. 70-тен жоғары салмақта қазақ күресінен Әлем чемпионы атанған қарқаралылық Ерсін Мұхамеджанов I орынды еншілеген болатын.
Жылқы дегенде делебесі қозып шыға келетін қазақтар бәйгені асыға тосты. Аламан бәйге мен топ бәйгеге Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Тараз, Астана қалаларынан және Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарынан кілең мықты тұлпар келді.
16 шақырымдық топ бәйгеге 23 тұлпар қатысты. Бұл додада қостанайлық Оразғали Жүсіповтің Испок деген аты шашасына шаң жұқтырмай I орын келсе, қарағандылық Айбар Зинуллиннің Жезқанаты II орынды, алматылық Жұматай Ақжолдың Тримуф тұлпары III орынды қанжығалады.
Ал, 30 шақырымдық Аламан бәйгеде 46 тұлпар бап пен бақтарын сынады. Бұл сында Ақмола облысынан келген Батырхан Үкібаевтің Тайтөбесі I орын, Жамбылдық Есбол Жаппасовтың Самалы II орын, қарағандылық Ғалымжан Бекетовтің тұлпары III орын иеленген еді.
Айта кету керек, сайыстарға жеңімпаздарға берілген көліктердің алғаш аталған екеуін бизнесмендер мен меценаттар тіксе, «Рено» маркалы автомобиль тойға деп құрылған «Балқантау» қорына түскен қаражатқа алынған. Сондай-ақ, тойды өткізуге еуразиялық ЕRG компаниясы да қомақты қаражат бөліп, атсалысты.
Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ,
Семей-Егіндібұлақ-Қарқаралы-Егіндібұлақ-Семей
«Ертіс өңірі» №45 (833), 8 қараша, 2017 жыл
«АҚШЫҢДА» — АЙРЫҚША КАФЕ
Қаламыз жылдан жылға жаңа бизнес нысандарымен толығып, халыққа ыңғайлы жағдай жасалуда. Өткен сәрсенбі күні «Ақшың» сауда орталығының екінші қабатында «Food Court Akshin» атты кафетерий салтанатты түрде ашылған болатын. Енді «Ақшың» сауда орталығына келушілер қажетті заттарын сатып алып қана қоймай, заманауи үлгідегі дәмханада демалатын болады. Мұнда келушілерге фаст-фуд тағамдары мен сусындар, салаттар ұсынылады.
«Food Court Akshin» кафетериі қонақтарға қызмет көрсетуге ыңғайлы. 50 адамға арналған бұл нысанда тамақ ішуге барлық мүмкіндік жасалған. Дәмхана 15-ке жуық адамды жұмыспен қамтып, қызмет көрсететін болады. Заманауи үлгіде жасалған бұл орын халықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы қызмет көрсетуді көздеп отыр. Жаңа кафе 744 шаршы метр аумақты қамтиды әрі ішкі жөндеу жұмыстары жоғары талғаммен жасалған. Күнделікті түскі, кешкі ас ішуге барлық жағдайлар қарастырылған. Ас ішіп отырып, әңгімелесуге де мол мүмкіндік бар.
Дәмхананың ашылу барысында «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбай өз сөзінде «келген қонақтарға, тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсету біздің мақсатымыз» деп атап өтті.
— Құрметті қонақтар, «Ақшың» сауда орталығының кәсіпкерлері! «Ақшың» корпорациясы егемендік алғаннан бері өсіп, сіздерге қызмет етіп келе жатыр. Бүгінгі ашылып отырған кафетериде бос уақыттарыңызда бала-шағаларыңызбен келіп демалуларыңызға болады. Келушілерге 37 түрлі тағам ұсынылып отыр. Сіздерге сапалы қызмет көрсететін боламыз. Тағамның құрамы да, сапасы да көңілдеріңізден шығады деген ойдамын. Егеменді еліміздің болашағы біздің қолымызда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Марат Құрманбай.
Кафетеридің ашылу салтанатына арнайы шақырылған қонақтар қазақы дәстүрмен шашу шашып, жиналған қауым жаңа дәмхананың ішіне бет алды.
Заман талабына сай жабдықталып, халықтың игілігіне бейімделіп жасалған кафетеридің иесіне жиналған көпшілік алғысын білдірді.
Дәмхананың ашылу барысында интеллектуалдық ойындар ойнатылып, келушілерге сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Айта кеткен жөн, сауда оратлығы таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Құрметті қала тұрғындары және қаламызға келетін меймандар! Егер дәмі тіл үйіретін тағаммен ауқаттанамын десеңіз, Семей қаласының орталығындағы «Ақшың» сауда орталығында орналасқан «Food Court Akshin» атты жаңадан ашылған кафетериде ас ішуге мол мүмкіндігіңіз бар. Бағасы да көңілге қонымды.
Сондай-ақ, ерлер киімі сатылатын «BOSS» және аяқ киімдер сатылатын «DOMINO» сауда орны келушілерге есігін айқара ашты. Дүкенге келген әрбір адам мұндағы ерлерге арналған киімнің барлық стилін таба алады. Классикалық стильден бастап, жастардың заманауи киім үлгісі де осында.
— Маған «Ақшың» сауда орталығындағы киімдердің сапасы қатты ұнайды. Адамдар өздеріне қажетті дүниелерін сатып алады. Енді, міне, дәмхана ашылды. Мұндай орындар қаламызға керек. Шараға кездейсоқ куә болдық. Тағамдардың дәмін татып көрдік, көңілімізден шықты. Бос уақытымызда енді осында келіп тұрамыз. Мұнда келушілерге демалу үшін барлық жағдай жасалған, — дейді қала тұрғыны Ләззат Биахметқызы.
Қашанда игі істің қасынан табылатын, қажырлы қайратпен талмай еңбек етіп, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан белді кәсіпкер Марат Құрманбайдың бастаған ісіне сәттілік, табыс, еңбегіне жеміс тілейміз.
Ақмарал ОМАШ
«Ертіс өңірі» №50 (838), 13 желтоқсан, 2017 жыл
«ҚҰРМАНБАЙДЫҢ» ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРЫ «ХАЛАЛ» СТАНДАРТЫ БОЙЫНША ӨНДІРІЛЕДІ
«Ақшың» корпорациясында жексенбі күні екі біредй сауда нүктесі ашылды. Олардың бірі «Құрманбай» шаруа қожалығының ұлттық тағамдар сатуға арналған сауда орны болса, екіншісі Тұрақтандыру қорының өнімдері саудаланатын арнайы орын.
Корпорация президенті Марат Құрманбай Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз үлесін қосып келеді. Жылда Тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын шағын орынды тегін беріп келсе, биыл аталған қор өнімдерін сататын арнайы сауда орнын ашып беріп отыр.
«Ақшың» корпорациясының құрамындағы «Құрманбай» шаруа қожалығының жұмыс істеп жатқанына екі жыл. Семейдің Дальный ауданында орналасқан мал бордақылау орнында семіртілген түліктер сол жердегі мал сою пункітінде «Халал» стандарты бойынша сойылып, ет сүрлеу аппаратымен сүрленіп, жоғарыда аталған сауда нүктесінде саудаланады.
Тек қараша айында «Құрманбай» шаруа қожалығында бір айдың ішінде елу бас жылқы және қырық бес бас сиыр, елуге тарта қой сойылған. Ал, жаңадан ашылып отырған арнайы сауда орны үшін күніне 200-300 келі ет сүрленеді. Оны жаңа технология бойынша токпен және Ресейден әкелінетін ұсақтап бұталған қайың ағашының түтініне қақтайды. Бұл күнделікті жасалынады. Арнайы аппаратқа бір салғанда шамамен жүз келі ет салынады. Бұл ет 24 сағат бойынша сүрленіп тұрады. Жаңа жылға сүрленген етке арнайы тапсырыс берушілердің де аз емес екендігі жайлы айтылды.
Қожалықтың арнайы бордақылау орнында елу бас мал бордақыланады. Негізінен көбі далада жайылымда жүретін жылқы, сиыр, қой кезегімен бордақыланып отырады. Арнайы цехта күнделікті он адам жұмыс істейді. Жиыны он бес адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, аталған шаруа қожалығында бие, сиыр сауылып, қолжетімді бағадағы қымыз бен сүт, құрт, ірімшік те тұрғындар дастарханына осы сауда нүктесінен жол тартпақ.
«Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбай тұтынушылардың сапалы өнімді қолжетімді бағамен алуға мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді.
— «Құрманбай» шаруа қожалығы ұлттық тағамдар бөлімін ашып отыр. Ол дегеніңіз – енді сапалы ұлттық тағамдарды тұтынушыларға өзіміз ұсынамыз деген сөз, — дейді ол.
Айта кетерлігі, 10 желтоқсаннан бастап, «Ақшың» корпорациясының әкімшілігі ет бағасын тұрақтандыруға бағытталған шараларды да қолға алуда. Ет сататын бөлім сатушыларынан күнделікті ет бағасын жазып қою қатаң талап етілуде.
К. РАЙЫС