МУСИН Қайрат Маратұлы

Қайрат Маратұлы Мусин 2.JPG

МУСИН Қайрат Маратұлы,

қоғам қайраткері, «КМ» компаниясы тобының президенті, «Құрмет» орденінің иегері, меценат

АҒАЛЫҚ АДАЛ АҚ ТІЛЕК

Өмір жолында адамзат баласы қилы тағдырлар арқылы немесе кейбір тұлғалардың ықпалы арқылы танысып, дос-сыйлас болып жатады. Менің өмір жолымда Маратпен сауда саласында таныстығымыз әріптес ретінде басталып, кейіннен айнымас адал достыққа, аға мен бауыр арасындағы сыпайы сыйластыққа айналды. Марат бауырымыз бір дегеннен адамды өзіне баурап алатын бауырмалдылығы, аңқылдаған адал көңілі, ақ ниеті, адами қасиеттері мен мұндалап тұрған ерекше азамат.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың тұсында халық қалай жан бағамыз, жанұя жағдайын қайтып қалыптастырамыз деген қиналысқа тап болды. Осындай сындарлы тұста базар, сауда саласына қос білегін сыбана кіріскен Марат Құрманбайдың алдында зор мақсаттар тұрды. Осы тоқыраудың тұсында халыққа қызмет беріп, өз кәсіпкерлігін жоспарлы межеге жеткізу — әр адамның қолынан келмейтін келелі және күрделі мәселе болатын. Марат болса өзінің ниетінің түзулігіне орай, еңбеккерлігінің арқасында ұжымымен ұғыса жүріп, өзі құрған бизнесін толағай табыстарға жеткізді.

Марат Серікжанұлын тек қана сенімді әріптес қана емес, өз ісін жетік меңгерген, өмірден түйгені мол жоғары кәсіби деңгейдегі білікті басшы ретінде жақсы білемін. Ұлтына құрметпен қарайтын, алдына қойған мақсаттарына зор міндетке балайтын нағыз патриот азамат. Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қалыпты даму мақсатында жүргізген салихалы саясатына сөзбен ғана емес, дәйекті ісімен қолдау бола білген Марат бауырымызға бірқатар мемлекеттік марапатар ерен еңбегіне орай сай және лайықты берілді. Мемлекеттің үкіметтік деңгейде сауда-саттық саласына оң көзқараста болуына бірнеше нәтижелі ұсыныстар енгізіп, өзінің білімімен парасатын танытқан тұлға ретінде көзге түсті.

Елімізде Қазақстан Республикасының сауда кәсіпорындары және қызмет көрсету қауымдастығы құрылып, Нұрсадық Қалиұлы қауымдастықтың Президенті болды. Әбдіғаппар Шаймерденұлы, Жібек Төреханқызы алғашқы вице-президенттері болды. Осылардың ізімен Марат бауырымыз да вице-президент болып сайланып, аса зор жауапкершілікпен қажырлы қызметтер атқарды. Осы қауымдастықта біз бірлесіп, сауда-саттық саласында тәжірибе алмасып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін мақсатты түрде жауапкершілігі үлкен ірі жобалы жұмыстарды бірлесіп бірге атқардық. Осы қауымдастықтың аясында шет мемлекеттерге тәжірбие алмасу мақсатында іс-сапарлар ұйымдастырылды. Осындай бір қызметтік іс-сапарда Марат бауырым мені үлкен азамат, белгілі қоғам қайраткері түркістандық марқұм Әбдіғаппар ағамен танысуыма себеп болды, біз кейіннен ара-қатынасымыз нығайып, Әбекеңмен ағайын болып кеттік. Мараттың бойындағы өзіне сай өжеттілігі, өткірлігі және еңбексүйгіштігі үлкенге — құрмет, кішіге — ізет көрсете білетін адами қасиеттері оны зор белестерге көтерді. Оның атқарып отырған жұмыстары тұтынушылар тарапынан толық қанағаттандырылып, халық оны сындарлы шақта депутаттық сайлауда бірнеше мәрте өз дауыстарын беріп сайлауы — осы еңбектерінің дәлелі. Мараттың сайлаушылар алдында ғана емес, қарапайым тұрғындар алдында берген уәдесінде тұратын іскер азамат екендігі елге ертеден мәлім. Өйткені, ол құрғақ уәде мен құр сөздің иесі емес, нағыз келелі мәселелерді шеше білетін, сертіне сенімді, нағыз істің адамы. Әлеуметтік салада білім мен ғылымға, мәдениет пен спортқа ылайым тұрақты түрде демеушілік жасап, қанша жастарымыздың талантын ашуға атсалысты. Семей қаласының қақ ортасынан халыққа жайлы сауда базарын салып беріп, нарықтық экономиканың талабына сай сапалы жұмыс атқару жолында оның үлгілі істері мақтан тұтуға тұралық. Нәтижелі еңбектерінің жемісін қарапайым халық көріп қанағаттануда. Әрине бір адамның қолынан бәрі келе беруі мүмкін емес, осы орайда оның құрған «Семей базары» ұжымының бірлесе атқарған жұмыстарының жемісі екені сөзсіз. Осы ұжымның құрылғанына биыл табаны күректей 25 жыл толып отыр. Жиырма бес жылда халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан осы ұжымды және осы ұжымның негізін құрған «Ақшың» корпорациясы» ЖШС президенті, меценат Марат Серікжанұлын шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге зор табыс тілеймін! Бизнес жолындағы желбіреткен туларыңыз тұғырдан түспеуіне тілектеспін. Әлі де халқымызды тың жобалармен таңқалдырып, сапалы қызмет ете беріңіз. Жалпы өмір жолында адам баласы Алатаудай алып армандар мен межелі мақсаттар қойып, соған жетуге талпынып қарекет қамын қылады. Ендеше сол армандардың ауылы алыс болмасын деп тіледім. Өз сөзімді өскемендік айтыскер ақын інім Аслан Ғафуровтың мына бір өлең жолдарымен түйіндейін:

Үш ұлыңнан сүйілген немереңіз,

Соларменен кеңейсін керегеңіз.

Үшеуі үш бұтағың, үш қанатың,

Немереден сүйілсін шөбереңіз.

Мараттай мәрт жігіттер арқасында,

Теңелді талай елмен тереземіз.

Аман-есен жүріңіз ортамызда,

Өмірлік үлгі болып өнегеңіз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ