АСАУБАЕВ Нұрлан Павелұлы,
кәсіпкер
Нұрлан Павелұлы 1965 жылы 20 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. Шар ауданы Қарасу ауылындағы орта мектепті 1980 жылы тәмамдады.
1980-1984 жылдары Новопокровка совхоз техникумында оқыды.
1984-1986 жылдары азаматтық борышын өтеді.
1987-1988 жылдар аралығында Шар ауданы Луговой совхозында аға инженер болып жұмыс істеді.
1988-1996 жылдары Шар ауданы Арқалық орта мектебінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиеледі. Ұстаздық ете жүріп, Алматы мемлекеттік университетінде оқыды.
1996-2000 жылдар аралығында облыстық қыздар гимназиясында ұстаздық етті.
2000 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Жұбайы Гүлзада Жексембаева – мұғалім. 3 қызы бар. Гүлзира – Көлік және коммуникация академиясының түлегі. Алматыда тұрады, ұстаз. Назира – Шәкәрім атындағы университеттің ІІ курс студенті. Жадыра – болашақ дәрігер. Семей мемлекеттік медицина университетінің ІІ курс студенті.
Нұрлан Асаубаев Аңсар және Қазыбек есімді екі жиен немерелерінің атасы.
КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАҒДАР ТҮЗГЕН САУДА ОРТАЛЫҒЫ
Біз бала кезімізден еңбекке араласып, әкеміздің қасында жұмыс талғамай, үйдегі ауыр да жеңіл шаруаларды тындырып өскен жандардың біріміз. Ауылдың қара домалақтарымен бірге оқуымызды оқып, қырат-қырат белдердің шаңын шығара ойын қуған бүлдіршіндер біздей-ақ болсын… Әке-шешеміз алты балаға бірдей білім берді, оң-солымызды танытып, ешкімнен кем қылмай өсірді.
Өткен күндеріме көз жүгіртіп отырсам, бармақ тістеп, өкінерім жоқ. Таңдаған мамандығым бойынша еңбек етіп, шәкірт те тәрбиеледім. Ұжымда сыйлы, жұмыста алда болдым. Бірақ, ол кездегі еңбекақының аздығы ешкімді де жарытпады. Нәтижесінде, кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісімді қолға алып көрейін деген ой келді. Оның үстінде әкем Павел Райымжанұлы мен анам Ділдәш Әубәкірқызы 1993 жылдан бері осы «Семей базарында» кәсіпкерлікпен айналысатын. Ойымды құптаған олар, ақыл-кеңестерін беріп, сауданың қыр-сырын меңгеруге үлкен көмек жасады. Уақыт өте оларды зейнеткерлікке шығарып, бастаған істерін өз қолыма алдым. Осылайша, жаныма іні-қарындастарымды жинап, кәсіпкерліктің тізгінін ұстадым. Қазір қой етін саудалаумен айналасамын.
Әрине, көпшілікпен, халықпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Үнемі тұтынушылардың талғамына үңіліп отыру қажет. Бес саусақтың бірдей болмайтынындай, сауда орталығына әртүрлі адам келеді. Әрқайсысының тілін тауып, іздегенін қолына ұстату үшін төзім, тәрбие, талғам қажет. Адамның өн бойында қалыптасқан мінезі, көргенділігі кез-келген қиындықтан алып шығатынына көзім талай жетті. Кәсіп барысында мені сөзбен қолдап, тиянақты ісімен үнемі көңілімнен шығып жүрген еңбекқор жақындарыма да ризашылығым шексіз.
Кәсіпкерлік үнемі ізденіс пен талғамды қажет етеді. Ол — үлкен бір өнер. Көпшіліктің психологиясын меңгере білу, ішкі сұранысын айқындай білуді талап ететін кәсіпкерліктің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Үнемі бойын тіктеп, қиындыққа мойымайтын, оптимист жанның жолы болады, саудаға икемі болады деп ойлаймын. Бірақ, кәсіпкер мен ақшаны көздеп, алаяқтық жасайтын адамды шатыстырмау керек.
Жалпы еңбексүйгіштік, шаруадағы ұқыптылық деген ата-ананың тәрбиесімен келетін секілді. Анам 35 жыл шәкірт тәрбиелеген, өңірге белгілі ұлағатты ұстаз болды. Ол кісінің тәрбиесі барлық балаларына өмірлік азық болды десем қателеспеймін. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, асқар әкеміздің де тәлім-тәрбиесі осы еңбекті серік етуге бірден-бір себепкер болды.
… Қазір кәсіпкерліктің қанат жайған кезі. Алғаш саудаға келген уақытпен салыстыруға келмейді. Отандық экономика тұрақталып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Бұған тек қуанасың. Еңбектің арқасында балаларымызды жеткізіп, лайықты білім алуларына мүмкіндік алып отырмыз. Кәсіп болғаннан кейін, туғандарымызды қанатымыздың астына алып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп жатырмыз.
Мүмкін болса басқа жандарды жұмыспен қамтып жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес. Мұның барлығы – «Ақшың» басшылығының дұрыс ұйымдастырған жұмысының жемісі, бір сөзбен айтқанда, корпорация — кемел келешекке бағдар түзген сауда орны. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, Марат Серікжанұлының бойынан көрген әрбір жақсы қасиет пен ауызынан шыққан әрбір зиялы сөзі, кәсіпкер және азамат ретінде бәрімізді сыйлап, құрмет көрсетуі, ақыл-кеңесін айтып, қажет болса пікір алмасуы біздер, яғни кәсіпкерлер үшін үлкен олжа іспетті болып тұрады. Өз ақылым, өз білімім немесе өз тәжірибем бар демей, әркіммен санасып отыратыны тағы бар. Сондықтан, тұлғасы биік, жүрегінде иманы бар азаматқа қандай тілек айтсақ та жарасып тұрады. Марат Серікжанұлы басқарған «Ақшың» осы бағытынан айнымай, әлі талай жетістіктерді еңсереді дегенге сенімдімін.