ЖАКПЕКОВ Талғат Жакпекұлы,
бокстан ШҚО аға жаттықтырушысы
Талғат Жакпекұлы 1974 жылы 5 желтоқсанда Жарма ауданы Георгиевка ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Георгиевка орта мектебінің 8 сыныбын бітіріп, Семейдегі педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1993-1994 жылдары азаматтық борышын өтеді.
1996-2004 жылдары «Семей базары» ЖШС қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеді.
СПОРТҚА ЖАНАШЫР ЖАНДАРДЫҢ БІРІ
Талғат Жакпеков спортқа деген құштарлығы арқасында еңбекте үлкен табыстарға жете білді. Қызмет барысындағы міндеттерді абыроймен орындады. Басшылық пен ұжымның көңілінен шыға білген жігіттің спорттағы жетістігі бір төбе.
Спорт — мәдениеттің бір бөлігі. Ол сұлу да сымбатты, күшті де епті болып өсуге үлкен мүмкіндік береді. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына оның қосар үлесі зор. Осыны жастайынан түсініп, өз өмірін спортпен байланыстыра білген жігіттердің бірі – Талғат Жакпеков. Баста айтқандай, жекпе-жек шебері «Семей базарында» еңбек етіп жүрген кезінде де спортқа ықыласынан айырылған емес. Жас жігіттің қабілетін байқаған Марат Серікжанұлы да спортшыға жан-жақты қаржылай қолдау көрсетіп, түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысуына демеушілік жасап отырды. Маңдай тер мен үкілі үміт ақталып Талғат талай додаларда топ жарып, бергісі қала, арғысы облыс, тіпті ел абыройын асқақтатып жүрді.
Үлкен жарыстардың бірі 2002 жылы мамыр айында болған-ды. Талғат Жакпеков Грецияда өткен кикбоксинген Әлем чемпионатында күмістен алқа тағынды. Қазақ елінің мерейі үстем болды. Бұл жолы да спортшыға демеу болған Марат Құрманбай екенін айта кеткен жөн.
2007 жылы Талғат Жакпекұлы олимпиадалық резервтегі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бокстан жаттықтырушы ретінде қабылданады. Көп ұзамай, 6 шәкірті кикбоксингтен спорт шебері атанды. Жастар арасындағы жарыстарда 2 бала Әлем Кубогын иеленді. Бірнеше шәкірті әлем чемпионаттарының ақтық сындарына жолдама алған. Кейде «Шәкірттің бағын ұстаз ашады» деп жатады. Жаттықтырушыдан тәлім алған шәкірттері спорттағы әр жетістіктеріне ұстазының берген ақыл-кеңесі, талап қойғыш тік мінезі мен табандылығы арқасында жеттік деп отырады.
Жетістіктерді еселеу мақсатында Талғат Жакпеков №3 мектепте жаттығу залын ашты. Оны арнайы спорттық құрал-жабдықтармен жабдықтап, жуынатын бөлмелерді салуға Марат Серікжанұлы қолдау көрсеткен.
Талғат Жакпекұлы қос ұлын да спортқа баулып, толағай табыстарға жетіп отыр. Екеуі де ел чемпиондары. Үлкен ұлы Ермахан Жакпеков 2018 жылы Тайландта өткен бокстан Азия чемпионатын ұтты. Венгрияда жалауын көтерген әлемдік деңгейдегі доданың күміс жүлдегері. Екінші ұлы Ерасыл Жакпеков 2017 жылы Филиппинде жасөспірімдер арасында бокстан өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынды.