ТУХПИЕВ Сембек Алдашұлы,
дизайнер-интерьер
Сембек Алдашұлы 1961 жылы 15 қарашада Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1969-1974 жылдары Ақсуат орта мектебінде, 1975-1979 жылдары Семейдегі 5 мектепте оқыды.
1979-1981 жылдар аралығында Ресейдің Томск қаласында азаматтық борышын өтеді.
1985-1990 жылдары Н.Крупская атындағы педагогикалық институтта («Көркем сурет» факультеті) оқыды.
Еңбек жолын Семейдің ет-консерві комбинатында бастап, қағаз-тара комбинатында да жұмыс істеді. Өзі оқыған жоғары оқу орнында мұғалім болып, шәкірт тәрбиеледі.
1990-1993 жылдар аралығында темір-бетон өнімдерінің өндірістік бірлестігінде суретші-көркемдеуші болып еңбек етті. 1993-1994 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысты.
1994-1998 жылдары «Семей базары» ЖШС жұмыс істеді. Серіктестіктің бірінші коммерциялық директоры.
Жұбайы Анар Тухпиева – мұғалім. Үш баласы бар. Ұлы Данияр – банк қызметкері. Ілияс – тау-кен саласының маманы. Қызы Рауат – №5 мектептің 9 сынып оқушысы. Алижан, Арифжан, Алмәди, Алиана есімді немерелері бар.
ЕҢБЕКТІҢ БАҒАСЫН ЕЛ БЕРЕДІ
— Сембек Алдашұлы, серіктестік жұмысына қалай араластыңыз?
— 1993 жылы темір-бетон өнімдерінің өндірістік бірлестігінен кеткеннен кейін біз үш жігіт өзіміздің кәсібімізді бастап, жеке жұмыс істеген болатынбыз. Бір күні сыныптасым әрі досым Марат Серікжанұлы бәрімізді жұмысқа шақырды. Бірақ, жанымдағы жігіттер белгілі бір себептерге байланысты келе алмады. Мен досымның қолға алған ісіне қолдау көрсетейін деген ниетпен ұсынысын жерге тастай алмадым.
Жақсы кәсіпкер болу үшін көшбасшы болу керек. Бұл қабілет Мараттың бойында бар. Ал көшбасшы көптеген адамдармен жұмыс істейді. Ол серіктес болуы мүмкін, ол әріптес болуы да мүмкін. Тұтас ұжым кәсіпті алға дөңгелетеді. Бұдан туындайтыны: жақсы бизнесмен қарамағындағы жұмысшы болсын, өзі секілді бизнес өкілі болсын олармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі тиіс. Яғни, адамдардың қас-қабағына қарап амал, іс-әрекет етуі өте маңызды. Жұмысшының немесе қызметкердің төбесінде тұрып, «менің айтқанымды істе!» деп емес, оның білімін, қандай да бір идеясын, тәжірибесін ескергені жөн. Марат осындай басшы. Содан болар, бірлесіп бастаған ісіміз қазір өзінің жемісін беруде. Әрқашан сол жетістікке іштей қуанып жүремін.
— «Семей базарының» тұңғыш коммерциялық директоры ретінде сол кезде алдыда қандай мақсаттар тұрды?
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық экономиканы нығайту арқылы, ел еңсесін тіктеу көзделді. Нарықтық экономикаға бет бұрған жас мемлекет – Қазақстанның алдында үлкен кедергілер мен бағындырар асулар тұрды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жағдай белгілі. Есеңгіреген елдің іргетасын қалау үшін қыруар жұмыстар атқару қажет болды. Зауыт-фабрикалар, ірі өндіріс ошақтары тоқтап тұрған шақта, егеменді елдің жарқын болашағын елестету мүмкін емес еді. Бірақ, Елбасымыз бен жұрт қамын ойлаған іскер азаматтардың арқасында мемлекетіміз аз ғана уақытта қарыштап дамып, әлемдік аренада ойып тұрып өз орнын алды.
Тәуелсіздік жылдары отандық экономиканың күре тамырына айналған ірі өндіріс ошақтары, шағын және орта бизнес, бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде сауда орындары ашылып, болашақта оларды заман көшінен қалдырмау мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарға әсіресе қолы білетін іскер азаматтар белсенді атсалысты.
Сол кәсіпкерлердің қатарында «Семей базарының» негізін қалаған Марат Құрманбай да болды. Енді ғана жұмысымызды бастаған жылдар болатын. «Көктен түскен секілді» күй кешкен кезіміз. Тәжірибе жоқ. Бірақ, алдыға ұмтылу деген ой болды. Сол себепті Павлодар, Өскемен, Ақмола, Қарағанды, Алматыға, тіпті көрші елдегі Бішкек қаласына баруға тура келді. Іс-тәжірибе алмасу мақсатында жарты жылдай түрлі шаһарларды араладық. Барған жерімізде алдыңғы қатарлы сауда орындарын аралып, олардың жұмысымен таныстық. Өзімізге қажеттісін қағазға түртіп алып, жұмысымызға енгізуге тырыстық.
Мен және жанымда басқа да қызметте жүргендер өзімізді басшымыз деп кеуде соғып көрмеппіз. Базардың іші-сыртына плитка төсеуді өз күшімізбен, қара күшпен атқардық. Ойдым-ойдым жерлерге шлак төккенде қолға күрек алуға тура келді. Үйге екі-үш рет барып, киім ауыстырып келетінбіз. Сонда жұбайым «Батпаққа батқан мәшінені итергенбісің?» деп ренжитін. Ертеңгі күнге деген сенім мен еңбекке деген құштарлық басым болды ма, кім білсін, әйтеу алдыға қойған мақсатты еңсердік деуге болады.
— 1995 жылы хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойы дүркіреп өткендігі белгілі. Торқалы тойды лайықты деңгейде атап өту сол кездегі Семей облысына, оны басқарып отырғандар мен іскер азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сіз осы тұста «Семей базарында» коммерциялық директор едіңіз…
— Иә, торқалы тойға дайындық жұмыстары күні-түні жүрді. Атқарған істеріміз бәрімізге сын болды. Облыстық әкімшіліктегілер «Семей базары» ЖШС тойды жеміс-жидекпен және азық-түлікпен қамтамасыз етсін» деген тапсырма берді. Сол кезде базар басшылығы, нақты саны қазір есімде жоқ, шамамен 60-қа жуық павильонға тапсырыс беріп, жасаттық. Қарауылдың басына 300 сатушы апардық. Сонда әлгі павильондарды арасынан орын қалдырып, қатар-қатар қойғанда жалпы қызған сауда 3 шақырымға созылды. Бұл – біз үшін үлкен сынақ болды. Өзіміз жаңа ғана ашылып жатқанымызға қарамастан, әкімшілік жүктеген міндетті абыроймен орындап шықтық. Сол кезде бірнеше шақырымға созылған сауданы мен велосипедпен, Марат Серікжанұлы атқа мініп бақыладық. Қарамағымда 16 брокер болды. Алматыдан күнделікті азық-түлік пен жеміс-жидек тиеп, көлікпен жөнелтіп отырдық.
— Тоқсаныншы жылдары нарықта цитрус өнімдері тапшы болғаны белгілі. Мұндай тығырықтан қалай шықтыңыздар?
— Сауданы жетілдіру үшін Алматыда көп болдым. Сол уақытта ирандық кәіпкерлермен танысып, серіктестік орнаттық. Нәтижесінде апельсин, грейпфрут, лимон, мандарин, құрма сынды өнімдерге қол жеткіздік. Келісім бойынша олар су жолы арқылы өнімді Ираннан Ақтауға жеткізеді, ол жақтан Семейге тасымалданады. Тіпті, осындай кешенді жұмыстардың арқасында көршілес Павлодар мен Өскемен нарығын да осындай өнімдермен қамтамасыз етіп отырдық. Тіпті Ресейдің Новосибирск қаласынан да тұтынушылар келе бастады. Бір вагонда 37 тонна өнім болатын. Бір артықшылығы, бізде тауарды сақтайтын тоңазытқышы бар қоймалар болды. Түскен табысты жаппай құрылысқа, еңбекақыға, несиені төлеуге жұмсап отырдық. Артынан ирандықтар таңданыстарын жасырмады. «Сендер осыншама өнімді қайда жіберіп жатырсыңдар?» дейдін. Сөйтсек, бір ғана Алматыда мұнша көлемде өнім сатылмайды екен. Уақыт өте шетелдік әріптестеріміз қаламызға келіп, жұмысымызбен танысты.
— Әңгімеміздің тұздығын отбасыңызға қатысты сұрақпен жалғастырайын. Суретшілік – өміршең өнер. Қызыңыз Рауат мектеп оқушысы болса, ұлдарыңыз Данияр мен Ілияс маман атанып, бүгінде таңдаған салаларында еңбек етіп жатыр екен. Олардың суретші немесе дизайнер болуын қаламадыңыз ба?
— Екі ұлым да суретті жақсы салады. Мұндай қабілеттерін оқушы кездерінде байқағанмын. Бірақ, оларға әке жолын қуып, қылқалам шебері болыңдар деген кеңес айтпадым. Өз еріктерімен бұл өнерге таңдау жасап жатса, қарсылық танытпаған болар едім. Алайда, бірі – банк, бірі – тау-кен саласын таңдап, қазір жұмыс істеп жүр. Шүкір, өздеріне ұнайды. Сол үшін де қуанамын.
«Адамның бақыты — балада» деп дана халқымыз текке айтпаған. Ата-анаға нағыз бақыттың шуағын тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Тәрбиелі, білімді бала өмір бағытын анықтауда қателеспейді деп ойлаймын. Ата-ана баласының қай кәсіпке әуес екенін дер кезінде бақылап, оның қызығушылығын дамытуға күш салса, баласы болашақта дұрыс жол таңдайды.
Адам өзіне ұнаған кәсіппен айналысу керек. Сонда ғана ол оны жан-тәнімен сүйіп, жұмысының жемісін көреді. Мысалы, мен өзім де жаныма жақын мамандықты таңдадым. Ол үшін өкінбеймін де. Коммерция жаныма жақын болса, мен әлі де осы корпорацияда еңбек етіп жүрген болар едім. Бірақ, сауданың басы-қасында жүргенде бұл кәсіпке жатырқау қарағаным рас. Сондықтан болар, жаныма жақын болмады.
Қызым Рауат – көп жыл күттірген, өзінің жарық дүниеге келуімен баршамызды үлкен қуанышқа кенелткен бала. Бір Алладан сұрап алған қызым. Тұңғыш ұлым мен екеуінің арасы жиырма жыл. Қыз бала әкесіне жақын деп айтып жатамыз ғой, сол сөздің жаны бар. «Қыз – өріс, қыз -қонақ» деген тағы бар. Қызым дүниеге келгенде жұмыста жүріп, үйге күніне 2-3 рет барып қайтатынмын. Сондағы мақсатым — кішкентайымның бетінен сүйіп кету. Бірде үйге келген бір ағам осыны байқап «Сембектің әкелік махаббаты енді ояныпты ғой…» деп бәрімізді күлдіргені бар.
Қызымды ерекше жақсы көремін. Ұлдарымның айтқанын орындамасам да, оның айтқанын екі етпеймін. Рауат – ақылды ерке. Жан-жақты, дарынды. Кішкентай кезінде домбыра, ән-би үйірмелеріне барды. Бертін келе көркем гимнастикамен айналысып жүр. Жетістіктері жаман емес. Бірақ, жаны суретшілікке жақын секілді. Соңғы кездері дизайнер болам дегенді айтып жүр. Соған қарағанда қызым менің жолымды қуатын секілді. Оған іштей қуанып қоямын.
Хәкім Абайдың «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені, көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін, ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген сөзі бар. Бала — ата-ананың көз нұры, көңіл қуанышы. Олардың ата-ана алдындағы ұлы парызы — мейіріммен, жақсылықпен өтелмек. Олай болса, ұл болсын, қыз болсын, бауыр етің – балаңның дұрыс жолдан таймай, жақсылықтың жаршысы болып жүргенін қалайсың.