ӘБДІХАЛЫҚОВ Ақылбай Жұмабекұлы

SCAN_20181214_130509078_013.jpg

ӘБДІХАЛЫҚОВ Ақылбай Жұмабекұлы,

зейнеткер

Ақылбай Жұмабекұлы 1951 жылы 15 желтоқсанда Павлодар облысы, Железинка ауданында қарапайым малшылар отбасында дүниеге келген. Ол еңбек пен білімге құштар болып өсті. Мамандық игеремін деп 1972 жылы Семейге келіп, осындағы Семей зооинженерлік-ветерианарлық институтқа оқуға түседі. Аталған оқу орынын 1977 жылы тәмамдады. Сол жылдан бастап бергісі қала, арғысы Одаққа танымал Семейдің ет комбинатында қатардағы ветеринар дәрігер, одан кейін аға ветеринар дәрігер болып 1999 жылға дейін еңбек етті.

КӘСІБІҢЕ ДЕГЕН АДАЛДЫҚ БИІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

— 1999 жылы «Семей базарына» тоңазытқыш камераларын бақылаушы болып жұмысқа тұрдым. Ол кезде камера іші тар, арнайы қондырғылар ескі болатын. Бірақ, сол кездегі талаптарды бұлжытпай орындап, тұтынушыларға сапалы ет ұсынуға барыншы тырысып бақтық, — деп еске алады Ақылбай Жұмабекұлы.

Ет сапасын арттырып, халыққа қауіпсіз азық-түлік ұсыну мақсатында және сауда орнын жаңа деңгейге көтеру үшін камера ауданын кеңейтіп, заманауи қондырғылар орналастыру қолға алыныпты.

Білікті маман тоңазытқыш камераларды бақылаушы ретінде 2008 жылға дейін жұмыс істейді. Одан кейін ет бөлімін басқарып, сондағы тіршілікті жөнге қоюға білек сыбана кіріседі.

— Ол кезде қарамағымда 100-120 адам болған, — деп еске алады Ақылбай Әбдіхалықов, — іске кіріскенен кейін корпорация басшылығымен бірлесе отырып, сауда орындарын жаңалап, сатушыларды бірыңғай киіммен қамтуға көштік. Нәтижесінде, тың өзгерістер сауданы қыздырып, тұтынушылар санының артуына оң ықпал етті. Осылайша, кәсіпкерлер санын 300-ге жеткіздік. Көмекшім, іскер азамат Қанат Қалиевпен бірге талай тың істерді тындырып, сауда мәдениетін қалыптастыруда аянбай тер төктік. Еңбегіміз зая кетпей, көптеген жетістіктердің куәсі болдық.

Ақылбай Жұмабекұлын «Ақшың» корпорациясының негізін қалаушылардың бірі деп айтуға толық негіз бар. Білікті маман, шебер басқарушы 2014 жылы зейнеткерлікке шыққан.

— Соңғы 4-5 жылда орын алған өзгерістердің өзі ауыз толтырып айтарлықтай, — дейді ветеринария маманы. Айтуынша, тоңазытқыш камералар заманауи қондырғылармен жабдықталған, етті бөлшектеу де озық әдістермен жүзеге асырылады. Осының барлығы тек көңіл қуантады. Жетістіктерді еселеп, аянбай еңбек ету керек. Бастысы – мамандығың мен жұмыс орныңа деген адалдық болу керек, — дейді Ақылбай Әбдіхалықов.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ