КӨПБАЕВ Берік

КӨПБАЕВ Берік, Достық үйінің директоры

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАРЫШТЫ 25 ЖЫЛ

Семей — Алаштың астанасы, ұлылар мекен еткен жер, Қазақстанның рухани мәдени орталығы деп жатамыз. Шынында да солай. Осы елден ұлы Абай, ғұлама Шәкәрім, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов туып өсті.

Кешегі Әлихан Бөкейхановтар сынды алаш ардагерлері мәжіліс құрып, қазақ елінің дербестігімен, тәуелсіздігін құру үшін жан-аямай еңбек қылған жер. Әрісі Әміре, берісі Бибігүл, Розалар ән салған аяулы өлке.

Бұл Семейден кімдер шықпады, қажырлы қоғам қайраткерлері де, белгілі білгір ғалым-жазушылар да тобымен шығып, топ жарған қасиет киелі жер.

…Осы қалада «Ақшың» атты көп салалы үлкен корпорация жұмыс жасайды. Осы бір мыңдаған адам нәпақасын тауып, еңбек етіп жатқан кәсіпорынға биыл 25 жыл болды. Тәуелсіздік алған қазақ елінің алғашқы кәсіпорындарының бірі.

«Ойды ой қозғайды, ой болмаса миды кім қозғайды» деген екен баяғыда халқымыз. Қазіргі заманда «ой алтау, ақыл жетеу» кезеңде адам еріксіз ойға беріледі. Өткен еске түседі, келешекке ой жүгіртесің.

Бүгін құрылғанына 25 жыл болып отырған «Ақшың корпорациясы» туралы ойласам, алып корпорация кешегі Семейдің көк базарында шағын сауда орталықтарының бірі болып құрылғанын біреу білер, біреу білмес.

Көк базардан жер алып шағын сауда орталығы болып ашылғанын көзбен көріп куә болған адамдардың бірімін. Ол кезде Абыралы ауданында қызметтемін, Алтынбек Өскенбаев екеуміз қалаға келдік. Сол жолы Алтынбек мені Маратпен таныстырды. Сол кездесуде Марат Серікжанұлы кредит алып сауда орталығын салып жатқанын айтып, бізге көрсетті. Біз іске сәттілік тілеп елге қайттық. Міне, сол шағын сауда орталығы бүгінде 3 мыңнан астам адамға жұмыс тауып беріп отырған үлкен корпорацияға айналды. Көз көрсе де көңіл сенбеген шаруа осылай өсіп, дамыды. Абайдың «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жараса ол» деген сөзі осындайда айтылған шығар.

2009 жылы Семей қаласында абырарлық азаматтар бас қосып, елге қамқорлық жасайтын бір қоғамдық ұйым құру туралы үлкен әнгіме болды. Сөйтіп «Абыралы — Дегелең» қоры құрылды. Бұрында қорлар болды, бірақ олар ауыл көлемінде құрылып, жылға жетпей жабылып отыратын.

Осы жиында қорды елге танымал белгілі, мүмкіндігі бар адам басқару туралы айтылып, қор төрағалығына бірауыздан М. С. Құрманбай сайланды.

Бұл дұрыс шешім болды. Қор көп жұмыстар жасады, әлі де жасап келеді, келешектеде жасай беретін болады.

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы жер-жердегі осы қор сияқты жұмыс жасап жатқан игілікті шаралардан бастау алғаны сөзсіз. Қор жұмыс жасап келеді, мұның жұмысын жүйелеп, реттеп жинақтаса еліміз бойынша үлгі ретінде таратуға да мүмкіндік бар. Барды бағалап Мараттай азаматтардың туған жерге, елге, халыққа жасап келе жатқан жақсы жұмысын насихаттаса несі айып. Бұл бүгінгі Елбасы саясатының нағыз өзегі болары даусыз.

«Абыралы-Дегелең» қоры жүзеге асырған, жасап жатқан жұмыстары жеткілікті. Бірақ бір мақалада бәрін айту мүмкін емес. Ата-бабасы туып өскен қасіреті мен қасиеті бір басына жетерлік кіші Отаны Абыралыға Мараттың жасап келе жатқан қамқорлығы, кейбір кішігірім ауданның жасағанындай.

Семей қаласының Құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысы маслихатының депутаты, меценат, Қазақстанға белілі тұлға Марат Серікжанұлы Құрманбай туралы айтар болсақ, оны өзі басқаратын «Ақшың» корпорациясынан да, «Абыралы-Дегелең» қорынан да бөліп қарауға болмайды.

Менің ойымша, Марат бауырымыз «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, адалдық, адамдықты кім теңгермек?» деген ақын Абайдың сөзін басшылыққа алатын сияқты болып тұрады. Марат Серікжанұлы меценат ретінде де, азамат ретінде де Семей өңіріне көп жұмыстар жасады, жасап келеді. Көп жылдан бері білемін, ақиқатын айтсақ, жақсы көремін.

Күнде көріп тұрмасам да, «Абыралы- Дегелең» қорының жиындарында, әртүрлі мәдени-көпшілік шараларда, тойларда, басқа да шараларда кездесіп, сырласып, сөйлесіп жүреміз. Ептеп, сыпайы майдан қыл тартқандай етіп, әзіл айтып қоятын кездеріміз де баршылық. Марат — көпшіл, көп нәрсе білетін сырбаз, жігіт. Қазақ «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деп тегін айтпаса керек. Көргені көп, ұзақ жыл халық қалаулысы болып қалада, қазіргі облыста жұмыс жасауда.

Мен басшылық ететін Достық үйімен де тығыз байланыста. Біздегі меценаттар клубының мүшесі. Былтыр ауыл балаларына арнап «Жан жылуы» деген жаңа жылды қарсы алу акциясын бастадық. Осы шараға белсене атсалысып, оны биыл да, алда да жалғастыруды қолға алып отыр. Мараттың сан-саналы жұмысының алға басуы, келініміз Айсұлудың да арқасы. Олар жұптары жазылмай, қол ұстасып, тату-тәтті, мәнді-мағыналы, өнегелі өмір сүріп, бір-біріне тек серік емес, жан серігі, тіреу, сүйеу, ақылқосар, ашубасар, демеуші, жебеуші, біріне-бірі ұстаз да, шәкірт те болып ертегідей тамаша ғұмыр кешуде.

Алтын қамшыдай Қуанышы мен Мәдиі, Азаматы ата-анасының серігі де, әулетінің көрігі де, көзі де, өмірінің жалғасы да. Немерелерімен бірлігі мен тірлігі жарасқан бір қауым, кішігірім ел болып отыр. «Інісі бардың тынысы бар» дейді қазақ, осындай ініміздің барлығы қуанышты. Тәуелсіз елдің тұлғалы азаматының еліне сіңірер еңбегі еселене берсін. Қазақ елі тәуелсіздігінің тұғырлы болуына ерен еңбегін қоса берсін деген тілектеміз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ