БИТИМОВА Рысбике Бейсенбайқызы,
кәсіпкер
Рысбике Бейсенбайқызы 1960 жылы 4 қарашада Бородулиха ауданы Ауыл станциясында дүниеге келген. 1967-1977 жылдары станциядағы №223 орта мектепте оқыды.
1979-1994 жылдары сауда саласында сүбелі еңбек етті.
1994 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады.
Екі баласы бар. Қызы Жібек — банк қызметкері. Ұлы Мәди — ВК РЭК компаниясында шебер. Ақнұр, Дәулет, Адиля, Айтқали және Аружан есімді немерелері бар.
ЫНТА БОЛСА, КӘСІПТІҢ БЕРЕКЕСІ БОЛАДЫ
Егемендікке жаңа ғана қол жеткізген елдің жағдайы әлі есімде. Дәрігер де, мұғалім де, инженер де жұмыссыз қалды. Кеңестік дәуірдегі сауданы көрген мен де сол жұмыссыздар қатарын толықтырғандардың бірі едім. Сол тұста күнкөрістің қамын ойлағандар жаппай саудаға кете бастады. Кәсіпкерлікке тартқан ағам Мұрат Ысқақов болатын. 1994 жылы «Семей базарына» келіп, мал етін сата бастадық.
Алғашқы айларда қиыншылықтар болды. Сауда үстелдері кәдімгі плиткалардан жасалған еді. Төрт қабырғаның ортасында тұрып, сауда жасаймыз. Күн суық, есіктерді брезентпен жауып қояды. Қабат-қабат киініп аламыз, аяғымызда пима… Ол кезде қасапшылар етті жанымызда тұрып шабатын. Киім-кешектен түк қалмайтын, дегенмен уақыт өте сауда орнымыз оңала бастады. Біз сауда жасап тұрған кезде құрылыс жұмыстары қоса жүріп жататын. Түнде де жалғасатын.
Осы қиыншылықтарды Марат Серікжанұлы бізбен бірге еңсерді. Қазіргі сауда орны мен ол кездегі сауда орнын салыстыруға тіптен келмейді. Тұрған жеріміз таза, барлық жағдай жасалған, арнайы киіміміз және бар. Өзімізге қызмет көрсететін медициналық пунктіміз де жұмыс істеп тұр.
Мұның барлығы – басшылықтың, турасын айтқанда Марат Құрманбай мырзаның бізге, кәсіпкерлерге жасап отырған қамқорлығы. Қазір кім болсын сауда орнына таңдау жасағанда ондағы жағдайға көңіл аударады. Бұл ретте «Ақшың» өзгелерден озық тұрған серіктестік. Сондықтан, мен өз басым Марат Серікжанұлын басшы ретінде сыйлаймын.
Әдетте кәсіпкерлік дегенде, халыққа жақын шағын және орта бизнес өкілдерін айтудың орнына, алдымен алып компанияны басқарып отырған бизнесмендерді сөз етеміз. Қарап тұрсақ, шағын кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып жүрген жандар жаңағы айтқан мүйізі қарағайдай қалталылардан әлдеқайда көп. Әрі алдындағыға қарағанда, олардың қызметі қара халыққа әлдеқайда тиімді. Міне, сондай кәсіпкерлерге Марат Серікжанұлы үлкен қамқорлық жасап, еңбек етуге мүмкіндік жасап отыр. Аз да болса, шайлығына жететін айлық тауып отырған жандарға көңіл бөліп, еш кедергісіз жұмыс жүргізулеріне қолдау көрсетуде. Бұл екінің бірінің қолынан келер шара емес.
Тіпті ол кісі жанымызға келіп, жағдайымызды сұрап, әңгімелесіп кетеді. Біз де қай жерде жүрсек те «Ақшыңда» еңбек ететінімізді мақтанышпен айтып отырамыз.
Мен кеңестік сауданың қыр-сырын көрген адаммын. Ол кездегі тәртіп те, талап та басқа. Кейде менен «Кеңестік сауданы сағынған боларсыз?» деп сұрайды. Мен «Жоқ» деп жауап беремін. Әр заманның өз несібесі мен өз ерекшелігі болады екен. Біз еш алаңсыз саудамызды жасап, өнімімізді өткіземіз. Себепсіз тексерулер жоқ. Өз тарапымыздан да жұмысымызға жауапкершілікпен қараймыз. Тұтынушыларды алдамай, адал сауда жасаймыз. Себебі, бүгін сенен көңілі қолған адам, ертең қайта келмейді. Мысалы, мен осы жерде 24 жылдай жұмыс істеймін, өзімнің сан жылдар келе жатқан клиенттерім бар. Сонау 1994 жылдан бері бір жерде, береке-бірлікте еңбек етіп келе жатқаныма кейде қуанам да. Ұжымым да жақсы. Бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік. Қиыншылықтар өткен күндер еншісінде қалды, енді тек өркендеп, бейнеттің зейнетін көру керек деп ойлаймын.
Қолдан келіп тұрса, ешбір жұмыстың қиындығы жоқ. Ең бастысы, ынта болу керек. Әрі қарапайым жұмыс деп менсінбеуге болмайды. Өйткені, кез келген кәсіптің берекесі болады. Тек ақшаның соңына түсіп, ізгі қадамдарды ұмытып кетуге болмайды.
… Адам — ең әуелі адамгершілігімен, парасатының биіктігімен көрікті. Мәдениеті жоғары адам айналасындағылармен қарапайым қарым-қатынаста болады. Немерелеріме де осыны айтып отырамын.