НҰРБАЕВ Ержан Ахтанұлы,
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
ЖАРҚЫЛДАП ЖҮРГЕН ЖАҚЫНЫМ!
Өткенді еске алу — мейлі қуанышты болсын, мейлі күйінішті болсын, жаныңды тебірентпей қоймайды деген сөз — тіптен рас. Иә, өткенге көз жүгіртіп, ой елегінен өткізіп еске түсіріп, кей бір өкінішті жәйттерді кайталамау үшін, өмір тіршілігіне ықпалы мен әсері тиген жағдайларды ойынан шығармай, адамдығы мен түсінігі мол азаматтардың міндеті болуға тиіс. «Адамзат баласы бесігінен данышпан болып дүниеге келіп, көсем болып жаратылуы тек кана аңыздарда кездесетін секілді, өмірде көп нәрсені біліп ұғынсаң, өнерлі, білімділерді тындап, алдыңғы ұрпақ үлкендердің өнеге, білімін үйрене-білгеннің өзінде, ел үшін, қала берді адамзат үшін қызмет ету — данышпандықтың белгісі» дейді дана халқымыз. Өзі үшін ғана емес, ел бақыты, халқы үшін үнемі ізденісте, үнемі алға ұмтылыста болатын азаматты өмір өзі ысылдырады, өмір өзінің биік шыңына жетейлейді. Әр адам — әр алуан. Бір біріне тіптен ұқсамайды. Әрбір адам — табиғаты бөлек бір көрініс, олар бірінің өмірің бірі қайталамайды. Өмір атты парасат жырында әрбір адамның әрқайсысы – әсіресе жан дүниесі, оның жаратылыс болмысы бөлек ғажайып бір құбылыстан тұрады. Орта, қоғам, әр адамға қалай әсер етсе – керісінше әрбір адам да өз ортасына, өзімен бірге өмір сүріп жатқан замандағы адамдардың көңіл-күйі мен қоғамдағы саясатта болып жатқан өзгерістерге өзіндік әсерін тигізіп жататыны белгілі.
Сөзім нақтырақ болу үшін, адалдық пен адамдықты, әділдікті өмірдің бар тазалығына айналдырып, айналасына айшықтап, жай ұрандап қана қоймай, өз өмірінің ережесіне айналдыра алған алдыңғы толқын ағалар кейде бұл ғұмырдың белесінде кейде көрінеді, кейде көрінбейді.
Өкінішке орай, ондайларды біз өмір сүріп жатқан қоғам да түсіне бермейді. Замана заңдылығына сәйкес, оңдай адамдар өзімен үндес жандарды кездестіргенде ғана бірге туғандай жақсы түсінісіп кетеді. Рухани жағынан жақсы түсініскен адамдар үнемі бірін-бірі іздейді, тіптен етене жақындасып кетеді. Ондай адамдар бірге жүрсе – рухы күшейіп, мәртебесі биіктеп, туған халқына үнемі еңбек етуден шаршамайды. Жаныма жақын, жарқылдаған жасындай көрінген осындай ағаларымның бірі — Құрманбай Марат Серікжанұлы дер едім.
Сонау жылдары Өскеменде өткен облыстық депутаттардың бір үлкен жиынының үстінде келбетіне жылылық ұялаған, өткір көздерінен жалын атқан, жасы менен 4-5 жас үлкендеу жігіт ағасы менің көзіме оттай басылған еді. Келесі бір үзіліс кезінде жақынырақ барып амандастым. Таныстығымыз осы кездесуден басталды. Содан бері 5-6 жылдан астам уақыт өтіпті. Екеуіміздің өміріміз бен тағдырымыз ұқсас болғандыктан болар, бәлки болашакқа деген ұғыныстарымыз бен мақсаттарымыздың үндестігі шығар, тез түсініп, бауырласып кеттік.
Тағы бір айта кететін жайт, Марат аға екеуміз үлкенді-кішілі шектеулермен санаспайтындығымыз еді. Ой-пікірімізді ішке бүкпей, әзіл-қалжың ретінде жөні келген кездерімізді де айта береміз. Марат ағамның айрықша айта кететін қасиеттерінің бірі – бауырмалдылығы мен елге, жерге деген сүйіспеншілігі. «Жігіттің бақытты болуы — маңдайына жазылған бағынан» дейтін ескіде. Оның беделі — халқына деген шын берілгендігі, шынайы сүйіспеншілігінде. Ол өзінің осы міндеті мен мақсатынан әсте танған емес. Біздің елде, нақтырақ айтсам, еліміздің шығысы, Алтай жерінде мынандай аталы сөз калған. Алтайдың қызыл қарағай шынары биікке, тым биікке ұмтылғанымен ғана ерекшеленбейді, биік жартастағы тасты жарып өскенімен ғана дараланады екен. Осындайда еске түседі ғой, бұрынғы ата-бабаларымыз айтқан екен «Биіктен қарай білгендер, бірін-бірі бағалай да біледі». Марат ағадай ұлтжанды коғам қайраткері осы заманда өмір сүріп жатқандарға мақтаныш қана емес, кейінгі болашақ ұрпақтың өміріне өнеге. Сөз соңында айтарым, рухы мықты, адамгершілік пен адалдыққа берік ағамыздың алдыңғы өмір толқынында биіктен көрініп, еліне елеулі, халқына қалаулы абзал азамат болып қалатыныңа сенімдімін.