РЫСКЕЛДИНОВ Серік Сватұлы

РЫСКЕЛДИНОВ Серік Сватұлы,

кәсіпкер,

«Семей базары» ЖШС тұңғыш әкімшілік директоры

Рыскелдинов Серік.jpg
Серік Сватұлы 1966 жылы 26 сәуірде Семей қаласында дүниеге келген.

1973-1983 жылдары шаһардағы №33 мектепте оқыды.

1984-1986 жылдар аралығында Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында азаматтық борышын өтеді.

Еңбек жолын 1983 жылы машина құрастыру зауытында шебер, жонушы болып бастады. Аталған үлкен ұжымда 1992 жылға дейін тер төкті. Жұмыс істей жүріп, Семей технологиялық институтында оқыды. Аталған жоғары оқу орнын «Инженер-механик» мамандығы бойынша 1990 жылы тәмамдады.

1993-1994 жылдары «Олжа» брокерлік фирмасында брокер болып жұмыс істеп, жеке кәсіпкерлікпен де айналысты. 1994-1995 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС экспедитор ретінде қайнаған құрылыс жұмыстарына араласты.

1995-1999 жылдары аталған серіктестіктің бірінші әкімшілік директоры болды.

Бүгінгі таңда шығысқа белгілі белді кәсіпкер. Өскеменде тұрады.

Жұбайы Айткен Рыскелдинова – кәсіпкер, аспаздық саланың майталманы.

Екі ұлы бар. Дәулет – кәсіпкер, Әділет фармацевтикалық компанияда жұмыс істейді. Серік Рыскелдинов Медеу, Демеу, Малика есімді немерелердің сүйікті атасы.

ЖҰМЫСТЫ ЖӨНГЕ КЕЛТІРУ ҮШІН КӨП ІЗДЕНДІК…

Тарам-тарам тағдыр жолында үзеңгілес бола жүріп, өзіңе қолұшын берген, азамат ретінде қалыптасуыңа ықпал еткен адамдар болады екен. Олардың есімін естігенде көңілді жылы бір сезім шуағы шарпып өтіп, сол бір өткен күндердің еншісінде қалған қызығы мен шыжығы толы кезеңдер еске түседі. Осындай жандардың бірі – Семейдегі «Ақшың» корпорациясының президенті, өзіміздің мақтан тұтар ағамыз Марат Серікжанұлы Құрманбай.

Әскер қатарына шақырылмай тұрып, еңбек жолымды қаладағы машина құрастыру зауытында бастаған едім. Дүркіреп тұрған алпауыт өндіріс ошағы еді. Зауытта жаңа есімін тілге тиек еткен Мәкеңнің бауыры Жанат Құрманбаймен бірге жұмыс істедім. Темір-терсектің нағыз майданы болып жататын зауытта әріптес болдық. Майдың иісі мен құлағыңды жеп бітетін гуілдің арасында талай қызық пен еңбектегі жетістікті бірге көрдік. Амал қанша, тоқсаныншы жылдардың басында өндіріс ошағы жабылып қалды.

Сол кезде Марат Құрманбай мырзамен алғаш таныстым. Бұған менің зауыттағы әріптесім, інісі Жанат дәнекер болды. Осылайша ағамыз басқаратын «Олжа» брокерлік фирмасына бауыры екеуіміз жұмысқа кіріп, еңбекте қайта табыстық.

Араға көп уақыт салмай «Семей базары» құрылып, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеттік. Құрылыс материалдарын қабылдап алу мен оларды бақылауға жауап беретінмін. Сауда орны алғашқы кәсіпкерлерін қабылдап, тұтынушыларға қызмет көрсете бастағанда әкімшілік директор болып тағайындалдым. Әу баста-ақ бәрі жақсы болып кетті деу қиын. Қиналғанымыз көп болды. Күні-түні базарда жүрдік. Демалыс дегенді білмейтінбіз. Қара суықта жылытқыш құралдармен ғимарат ішін жылытуға тырысатынбыз. Осының барлығы өткен күндердің еншісінде, болмаған нәрсе секілді өтті де кетті. Сол кезде бірге араласып, жұмыла жұдырық болған адамдарды, олардан үйренген тағылымдарыңды ешқашан жадыңнан сызып тастай алмайсың. Оның үстіне әркез өмір жолыма көз жүгіртіп, көргенім мен көңілімдегіні саралап отыру тағы бар. Нәтиже шығарып, өзіңе есеп бересің. Қателіктерден үйреніп, болашаққа бағдар түзесің.

Тындырылған жұмыс көп болды ол кезде. Марат Серікжанұлы екеуіміз Өскемен, Павлодар, Алматы қалаларына барып, ондағы озық үлгідегі сауда орындарының жұмысымен жіті таныстық. Сондағы мақсатымыз – көңілден шыққанды өзіміздің базарға әкеліп енгізу еді. Үйренгеніміз аз болған жоқ. Сауда орнын басқару тетіктерін де алғашқылардың бірі болып қолға алдық.

Иық тіресе жұмыс істеп, титтей ғана жетістік болса, бірге қуанатынбыз. Бәрімізге оңай соқпаған сол шақта Мәкең бізге қолдау да, қамқор да болды. Ақылшы ретінде жол бастап, жүректегі сенімді қуаттандырды. Шынымен де, Марат ағаның бойындағы асыл қасиеттер көпке үлгі. Өмірдің қым-қуыт қайшылықтарын бүркемей, шиыршық атқан эмоциялық бояумен, серпінді ой, ештеңеден мойымаған Марат Серікжанұлының батыл қадамын іскерлікке жол бастаған жастарға жалау етуге болады деп ойлаймын.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ