ҚҰРМАНБАЙ Серікбол Серікжанұлы,
«Ақшың» ЖШС жауапты кезекшісі
Серікбол Серікжанұлы 1959 жылы 3 қыркүйекте Жоламан кентінде дүниеге келген. 1968-1978 жылдар аралығында Жаңа Семей ауданы Знаменка ауылындағы орта мектепте оқыды. Оқуда алғыр Серікбол 1974 жылы Одаққа танымал «Артек» лагерінде демалып қайтқан.
1979-1981 жылдары Қиыр Шығыста азаматтық борышын өтеді.
1981-1992 жылдары Семейдегі Арматура зауытында металлург болып сүбелі еңбек етті.
1992-1993 жылдары ет комбинатында жұмыс істеді. «Семей базары» серіктестінде құрылған жылдан бастап құрылыс саласында шебер болып еңбек етті. 2000 жылы құрылыс басшысының, 2001-2002 жылдар аралығында корпорацияға тиеслі база меңгерушісінің орынбасары болып тер төкті.
2002-2009 жылдары «Ақшың» корпорациясының Цементшілер кентіндегі бөлімшесінің директоры болды.
2007 жылы қажылық парызын өтеп қайтты.
2011 жылдан серіктестікте жауапті кезекші. 3 баласы, 2 немересі бар.
ІНІСІ БАРДЫҢ – ТЫНЫСЫ БАР
Серікбол Құрманбай ағамыз сонау 1993 жылдан, яғни серіктестік құрылған уақыттан бері талай ілкімді істердің басы-қасында болған жандардың бірі. Әу баста қолға алынған құрылыс жұмыстарын ұйымдастырушылардың қатарында болды. 90-жылдардың орта шенінде Жоламандағы мешіттің бой көтеруіне де қызу араласты. Құрылыс басындағы мамандарға ақыл-кеңес айтып, жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуына бірден-бір себепкер де болды.
Корпорация базасын қалыпқа келтіруге де сүбелі үлес қосты. Тозығы жеткен ғимаратты қалыпқа келтіріп, қазандық сынды қосымша нысандардың барлығын жөндеуге басқа азаматтар секілді етене араласты.
Цементшілер кентінде орналасқан корпорация бөлімшесіндегі оңды қадамдарды да Серікбол Құрманбай бастаған жігіттер жүзеге асырды. Ескі сауда орындары жаңартылып, базар өзгеше қалыпқа енді. Әрине, мұның барлығы Марат Серікжанұлының тікелей басқаруымен жасалып отырғандығы айтпаса да түсінікті. Бірақ, дұрыс бағыт пен жоспарлы істерді лайықты деңгейде жүзеге асырып, оң бағасын алу — Серікбол ағамыз бастаған мамандардың арқасы еді.
Серікбол Серікжанұлының айтуынша, біздің жәй ғана сыртынан мақтайтын адамдарымыз бар да, онымен жұрт болып мақтанатын азаматтарымыз бар. Кімді мақтап жүрміз және кіммен мақтанамыз? Бұл сұраққа жауап іздегенде бауырым Марат соңғы тұжырымға жататын кісі, яғни, ол — ел мақтанышы. Оның жүргізіп отырған бизнесінен бөлік, ұлт мүддесі мен қара халықтың жағдайын жақсартуға арнаған еңбегі ұшан теңіз.
— Марат оқушы кезінде өте ұқыпты әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бала болды, — дейді Серікбол Серікжанұлы, – үй шаруасындағы жұмыстарға көмек керек болса, көршінің балаларын түгел жиып әкеп, өзі басқарып жүретін. Осы қабілеттері әлі де бар, сондықтан бауырымның қандай да болмасын жетістігі үшін, мен ағасы ретінде қатты қуанып отырамын. Тағы бір айта кетерлігі, Марат туыс пен досқа өте адал жан. Менің ойымды бұл кітапқа енген бірқатар азаматтар да айтқан болар. Дегенмен, жақсы сөздің, ақ тілектің артығы болмас. Рухы реңдес, баяны бірөңдес, тіркесі тілеулес, тірлігі түгендес ойдың бір-бірін қайталап жатуы – өмірлік өрім емес пе? «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» демекші, сол бауырмалдылық пен кеңпейілділіктің арқасы болар, бағындырған белестері мен асқан асулары жетерлік. Осының барлығына шүкіршілік қыламын.
Табысқа жету үшін адал еңбек керек. Осыны қағида ұстанған біздер соңымыздан ерген жастарға үлгі-өнеге болсақ дейміз, — дейді Серікбек Серікжанұлы.