САПОРОВ Болат

САПОРОВ Болат,

«Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің, «Алтын барыс» төс белгісінің иегері, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы

СЕМЕЙДІҢ АТЫМТАЙ ЖОМАРТЫ

Марат Серікжанұлы нағыз біртуар азаматтың қатарында деп сенімді түрде айта аламын. Себебі, бойындағы ақыл мен парасат, биік адамгершілік пен кісілік мейірім оның азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түседі.

Мараттың ата-анасы баласының бойына еңбекқорлық пен қайырымдылықты, кішпейілділікті дарыта білсе, есейе келе өзі еңбек еткен бес мыңға жуық жұмысшысы бар Семейдің ет комбинаты, оның азаматтық келбетінің, нар тұлғасының, қоғамға, өмірге деген көзқарасының қалыптасуна үлкен әсер етті.

Қазақтың ұлттық бостандығын аңсап, еркіндікке ұмтылған намысшыл азаматтарының ішінен Марат Серікжанұлын ерекше атағым келеді.

Мараттың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы: «… Бірер күннен кейін, біз жұмыс істеп жүрген ет комбинатына Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сағидолла Құбашев келіп, 500-600 коммунистің алдында тұрып, қазақ жастарының алаңға шығуы ұлтшылдық екенін айтып, «Қонаев қазақстанды құртты, бұдан былай ол кісі қазақтарды алып жүре алмайды және бұл іс бірде-бір қазақтың қолынан келмейді. Сендердің қолдарыңнан келетіні – тек қана мал бағу, сондықтан басқа елдің азаматы ғана жағдайымызды түзейтіндігін ұмытпаңыздар» деген сөзі менің сай-сүйегімді сырқыратып, намысыма тигендіктен залда отыра алмай, тұрдым да, шығып кеттім» дегені бар.

Осындай қайсарлық, батылдық әрекеті үшін қудалауға түскенін біз жақсы білеміз. Еліміз тәуелсіздікті алғаннан кейін Марат өмірден өз жолын тауып, сол жолмен қалтқысыз тура жүріп өту үшін жүрекжұтты ерлік, талмас төзім көрсетіп, ел іргесінің мықты болып, халықтың әл-ауқатының өсуіне, Семей қаласының өркендеуіне және тағы басқа көптеген игілікті істерге мұрындық болудың арқасында зор абыройға ие болып, қоғам қайраткері дәрежесіне жеткеніне ризашылығымызды білдіреміз, мақтан етеміз.

Екі сөздің бірі — алдау, жүз уәденің тоқсан тоғызы — өтірік болып тұрған мынау желбуаз заманда сертіне берік, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын Ер Марат сияқты азматтардың қатары көбейе берсін! Көк туымыз желбіреп, халқымызға амандық берсін!

Марат басқарып отырған «Ақшың» корпорациясының 25 жылдық мерекесі құтты болсын! Ауқымы кеңейіп, өрісі молайып, келешекте республика көлемінде ірі орталыққа айналуына құдайым нәсіп етсін!

Отан үшін атқарып жатқан игі істеріңе сәттілік тіледім, мәрт Марат бауырым!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ