БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ  ҚҰРАЛДАРЫ БЕТТЕРІНЕН

Ақпарат — қоғамның тірегі және оның қозғаушы күші.

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ  ҚҰРАЛДАРЫ БЕТТЕРІНЕН

узор.jpg

Алаш қайраткері, түркітанушы әрі әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді». Қанатты сөздің астары тереңде жатыр. Тауып айтылған. Қазіргі заманмен байланыстырсақ, бұл бұқаралық ақпарат құралдарының әрқайсысына жарасып-ақ тұр.

«Ақшың» корпорациясының ширек ғасырдағы қызметі мен жеткен жетістіктерін, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры мен ел азаматтарының мақтауға тұрарлық еңбектерін халыққа паш етіп, құлағдар етіп отыруда тілшілер қауымының еңбегі зор. Әр жылдары жарық көрген мақала, сұхбаттар бүгінде тарих беттерінен сыр шертеді. Материалдарға зер сала отырып, түйткілді мәселелердің қалай шешім тапқанын, межеленген мақсаттардың қалай жүзеге асқандығын аңғаруға болады. Әрине, ширек ғасырда ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларды толығымен бір кітапқа сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен, аталған бөлімге сол материалдардың бір топтамасын ғана жариялап отырмыз.

орнамент.jpg

«Егемен Қазақстан», 11 сәуір, 1996 жыл

«БАЗАРҒА, ҚАРАП ТҰРСАМ, ӘРКІМ БАРАР»…

Иә, ұлы Абай солай дейді. Одан әрі «…Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар, сомалап ақшасына сонан алар. Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, бағасын пайым қылмай аң-таң қалар», деп келіп, «Ит маржанды не қылсын, деген сөз бар, сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деп сөздің түйінін түйеді.

SCAN_20181214_124810530_004.jpg Саудасыз өмір жоқ, еңбегіңді пұлдай біл деген ой жатыр ма, сөз астарында қалай! «Базарға бар да бақ сына» деген халық мақалынан қорытынды шығара алмаса, Абай хәкім бола ма! Біз әлі түсіне алмай жатқан нарық заңын тереңінен пайымдаған сияқты ғой, жарықтық!

— Анада кеңсеме бір ана келіп, Абай атамыздың жаңағы өлеңін оқыда да, «осы өлеңді бұрын білуші ме едіңдер?» деп сұрады. Сұрауын сұрағанмен сол өлеңді білетіндігімізге күмәнді екендігі көрініп-ақ тұр. Ал, расында Абайдың қай өлеңін болсын «білемін» деген айтқанға ғана оңай. Оның мағынасын түсіну басқа мәселе. Сонсоң әлгі ананың сөзінен кейін әлгі өлеңді бірнеше қайтара оқуға тура келді, — дейді «Семей базары» акционерлік қоғамының президенті Марат Құрманбаев мырза.

SCAN_20181214_124810530_005.jpg Бұл қоғам облыс әкімінің шешімімен осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын. Басында қоғамның құрылтайшылары жеткілікті еді. Алайда, жем-жемге келгенде солардың көбінен көмек болмады. «… Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтан» деп тағы да Абай айтқан ақылды жөн көрген болар. Сөйтіп, келер жылы жабық базардың негізгі залы әупіріммен іске қосылған. Бұған дейін ескі де суық барак типтес сауда орнында, ал оған қолы жетпегендері сыртта аяздың өтінде, аптап ыстықтың астында тұрып қиналған саудагерлер сонда бір жасап қалған. Қазіргі кең де жарық сауда залы – 400 орындық. Жалға берілетін қоймалар да бар. Ветеринарлық лаборатория, радио қызметі және өз алдына. Таяу арада жабық базар ішінен универсам, асхана ашылмақ. Биылғы жылы, сондай-ақ алпыс орындық қонақ үй пайдалануға берілмек. Одан арғы жоспарда сыйымдылығы 1 мың тонналық көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кішігірім зауыт салу және тұр.

Өкінішке қарай, сол ойларымызды тездетіп іске асыруда қол байлап отырған жайлар аз емес, — дейді қоғам президенті, — іргеміздегі бұрынғы колхоз базары қазірде жеке меншік базар болып табылады. Олармен бәсекелесуден қорқып отырған жоқпыз. Бірақ олардың бізге тиеслі жерді қайтармай мысымызды құртып отырғанын қайтіп жасырамыз. Екіншіден, бұған дейін қала сыртында болып келген бұйым базары біздің аумағымызға және еніп алды. Күнкөрістің қамымен бүгінде әркімнің көшеге шығып кеткенін түсінбей отырғанымыз жоқ. Тіпті, солардың жағдайын ойлағандықтан әрбір орын үшін алынатын бағаны көтеруге дәтіміз де бармайды. Бірақ, тездетіп қимылдамасақ және болмайды. Алдымызда тұрған енді бір басты міндет – көтерме базардың құрылысына тездетіп кірісу. Көңілдегі осындай көрікті ойларды іске асыра білсек, Семейді Ресей мен Орта Азия арасын жалғастыратын көпірге айналдырған болар едік. Кейбіреулер бізді тегін ақшаны күреп тауып жатыр деп ойлайды. Осынша құрылысты аяқтап, қанатты кеңге жаю үшін қыруар қаржы керек екендігін неге ойламаймыз?! Біз әлденсек, жеке саудагерлердің мүмкіншілігі де артатыны өтірік пе? Онда жеке тұтынушының да «Іздегені не болса, сол табылар» (Абай) еді.

Қиындықпен болса да, «Семей базары», құдайға шүкір, күннен-күнге қанатын кеңге жайып келеді.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ

орнамент.jpg

«Семей таңы», № 23 (17750), 10 маусым, 2005 жыл

БАЗАР БАСШЫЛАРЫ БАҒАНЫ КӨТЕРМЕУГЕ МҮДДЕЛІ

«Қазақстан Республикасы базарларының сауда және қызмет кәсіпорындарының қауымдастығы» құрылғанына 5 жыл болды. Осыған орай үстіміздегі жылдың мамыр айының соңғы күндері Түркістан қаласында ғылыми конференция болып өтті. Қауымдастықтың вице-президенті, қаламыздағы ең ірі базар – «Семей базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты М. Құрманбаев мырза осы форумға қатысты. Марат Серікжанұлымен форумнан соң кездесіп, әңгімелескен едік.

— Қауымдастық форумы өзінің құрылғанына 5 жыл толуына орай өткізілгенімен, талқыланған мәселелер ауқымды болды. Еліміздің бес министрлігі мен агенттіктерінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан қонақтардың қатысуынан-ақ алқалы жиынның салмағын аңғару қиын емес. Форумда «Жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін Орта Азия аймағымен алып-жүру, проблемалар және оны шешу» деген тақырыпта қаралған мәселе дәл қазір күн тәртібіндегі өткір тақырыптың бірі. Себебі – жаз маусымы жеміс-жидек, көкөністердің нағыз саудаға түсетін кезі. Өнімнің осы түрі жер жағдайына, ауа райына байланысты әр аймақта әр түрлі өсіп-жетіледі. Демек, соған орай баға да әр қилы. Өнім өндірушіден тұтынушыға дейін өнімнің өзіндің құны еселеп артатыны жасырын емес. Халықтың қалтасын алып-сатарлар «билемес» үшін тығырықтан шығудың жолын қарастырдық. Қырғызстан мен Өзбекстаннан, өз еліміздің солтүстік өңірлерінен Ресейге тасымалданатын көкөніс, жеміс-жидек өнімдеріне Қазақстан бас оператор болғандықтан бағаны реттап отыру, көтермеу, тұрақтандыру біздің қауымдастыққа жүктелді.

— Қауымдастық өзі құрылған 5 жылда атап айтарлық қандай жұмыстарға ұйытқы болды?

IMG_3029.JPG — Ең бастысы – 1,5 млн. қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етіліп, отбасын асырап отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Екіншіден еліміздің жаңа «Салық кодексін» жасауға біздің қауымдастық белсене атсалысты. «Базарлардың сауда қызметін ұйымдастыру» Ережесін жасадық. Барлық заңды тұлғалар сияқты еліміздің базарлары өз қызметінде осы Ережені басшылыққа алады. Базарлардың жұмысын жақсартып, тұтынушыларға мәдени қызмет көрсету, бағаны реттеу жөнінде республикалық, халықаралық жәрмеңкелерге қатысуымыз – форумның ағымдағы жұмыстарының бір түрі.

— Биыл кәсіпкерлердің республикалық конгресінде Қазақстан іскерлернің жалпыұлттық «Атамекен» одағы құрылғаны мәлім. Одақ жұмысын белсене жүзеге асыра бастады…

— «Атамекен» одағының филиалдары жергілікті жерлерде де құрылып жатыр. Семей өңірінде де жұмыс істей бастады. Негізгі мақсат – кәсіпкерлердің жолында кездесетін кедергілерді одақ арқылы шешуге ұмтылыс жасау. Таяу болашақта ел экономикасының 50 проценті орта және шағын бизнес үлесінде болу керек. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Қазақстанда қазір 200-ден астам қауымдастық, 3,5 мың бірлестік бар. Міне, осылардың жұмысын, үкіметпен қарым-қатынасын «Атамекен» одағы арқылы реттеп отыруға мүмкіндік туды. Ендігі жерде кәсіпкерлер проблемаларын министрліктер мен ведомстволардағы кабинеттерді аралап жүрмей-ақ шешетін болады. Яғни, одақ үйлестіруші міндетін атқарады.

— Президентіміздің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында шілденің бірінен бастап бюджеттегі мекемелердің қызметкерлеріне жалақы, зейнеткерлердің зейнетақысы артатыны айтылды. Оған да аз уақыт қалды. Халықты алаңдатып отырған жай – ақшаның көбеюімен баға күрт көтеріліп кетпей ме? Яғни инфляция мәселесі алаңдатады.

— Бұл жөнінде Елбасы ұдайы айтумен келеді. Үкіметке нақты тапсырма берілді, жұмыс жүріп жатыр. Бағаны ұстап тұруға базарлар да мүдделі. Бірақ біз, базар иелері, орынды жалға берушілерміз. Соған қарамастан атқарушы билік органдарымен бірлесіп, базардағы реттеуге ат салысудамыз. Мен ойлаймын, баға күрт көтерілмейді.

— Әңгіме базарға ауысқан соң «Семей базарының» қазіргі жай-күйіне тоқтала кетсеңіз.

— «Семей базарының» өркендеу үстінде екені көзге көрініп тұр. Ол – жұмыс істеушілерге, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатынан туып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз – қазаргі заман базарларының күрделі инфрақұрылыс жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті болу. Базарда жұмыс істейтіндерге қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, азық-түлік, ет-сүт, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінің тазалығына баса назар ауадарылады. Жеке меншік нысанындағы ветлаборатория елімізде екінші болып біздің базарда ашылды. Санитарлық-дәрігерлік құрал-жабдықтар стандартқа сай келеді. Үкімет бекіткен Ережеге сәйкес, заман талабына сай базар құру мақсат болғандықтан несиемен жұмыс істеп, базарды жетілдіру үстіндеміз. 2003 жылы республикалық сараптау қорытындысы бойынша «Үздік базар» номинациясында жеңімпаз болдық. Сол жылы облыстық «Сәулетай» қоры «Ең үздік меценат» медалімен марапаттады. Бұл біздің облыс, қаламыз көлемінде өткізілетін кез-келген мәдени, спорттық тағы басқа шараларға немқұрайлы қарамайтынымызды көрсетсе керек. Басқасын айтпағанда Ұлы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен аға буын өкілдеріне 350 мың теңгенің көмегін көрсеттік. Маусымның 7 күні Жоламан елді-мекенінде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тылда еңбек еткен ардагерлерге арналған монумент аштық.

— Марат Серікжанұлы, орайы келгенде депутаттық қызметіңіз туралы да білсек. 1987-91 жылдары бірінші рет депутат болғаныңызда (ол кезде М. Құрманбаев Семей ет комбинатында жұмыс істейтін), сайлаушылардың аманаты – Жоламан елді-мекенінде мектеп салу, сондағы зиратты қоршау, мешіт салу жұмыстарының басы қайырылған еді.

— Иә, одан беріде араға он жылдан астам уақыт салып, №21 округ бойынша қалалық мәслихатқа депутат болып сайландым. Менің округім қаланың шеті. Депутат болғалы да екі жылға таяп қалды. Талица ауылындағы мектеп шатыры жөндеуден өтті, Восход кентінде су құбырын тарттық, соғыс ардагерлері мен аз қамтамасыз етілген отбасылары назардан тыс қалмайды. Кезекте тұрған мәселе – Озерка ауылында су мәселесін шешу, жол салу, осы ауылдың маңындағы ұсақ елді-мекендердегі балалардың мектепке қатынасуына көлік проблемасын шешу, №12 орта мектеп құрылысы аяқталса, №34 мектеп оқушыларының саны біраз жеңілдейді. Сайлаушыларыммен кездесіп, бір жарым жылдық депутаттық қызметім туралы мамыр айында есеп бердім. Депутат болған соң өз округіңдегі проблемалар ғана емес, жалпы өңірімізге қатысты мәселелерге араласуға тура келеді. Мысалы, қарағайлы орман тағдыры бізді бей-жәй қалдырмайды. Бюджеттік комиссияның мүшесі ретінде бюджетке байланысты бағдарлама администраторларымен жұмыс істеу жоспарымызда бар. Осы аптаның басында өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралған Озерка ауылдық округінің ауыл аумағын 2004-2010 жылдарға дамыту бағдарламасының орындалуы жөніндегі жұмысы туралы мәселені депутаттар жергілікті жерде талқылады. Бұл депутаттардың тұңғыш көшпелі сессиясы болды. Озерка ауылдық округі аумағында жол салу, ауыз сумен қамтамасыз ету, телефон орнату, мектепке оқушылар таситын автобусты жаңарту және Балтатарақ ауылын жарықтандыру мәселелері талқыланды. Депутаттар мүмкіндігінше осы мәселелерді шешуге атсалыспақ.

— Ашық әңгімеңізге рахмет!

орнамент.jpgРизвангүл МҰХАМЕДОВА

«Семей таңы», № 36 (17763), 9 қыркүйек, 2005 жыл

Марат ҚҰРМАНБАЕВ: «БАЗАР ТҰРҒЫНДАР ҚАЖЕТІН ӨТЕУДЕ»

Тауар бағаларының арзан-қымбаттығы нарықтағы қоғамның басты өлшеуіші іспетті көрсеткіш. Әсіресе, жалпы жұртқа азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы көп алаңдаушылық туғызады. Осы күнделікті пайдаланатын заттарымыздың түгелге дерлігі базардағы сауда сөрелерінен табылатындықтан өнімдердің қамбаттауына кейде базар кінәлі сияқты боп көрінетіні де бар. Шындығында олай емес, базар әкімшілігі бар-жоғы сондай сауда жасайтын кәсіпкерлер мен тұтынушыларға жағдай туғызушы орын. Қазірде қай базарды алсаңыз да ең бірінші жеке кәсіпкерлердің сұранысына сай орындарды жабдықтауға тырысады. Өйткені, уақыт ағымына орай базар кәсіпкерді емес, кәсіпкер базарды таңдайды. Сондықтан да болар «Семей базары» ЖШС президенті Марат Серікжанұлы Құрманбаев таяуда «Семей таңы» газетінің редакциясында болып, базар айналасындағы біреуге мәлім, біреуге беймәлім мәселелер жайындағы ойын ортаға салды.

Ендігі жерде Марат Серікжанұлының әңгімелеп бергенін қағазға түсірсек. «Ең әуелі базар тұрғындар қажетін өтеуде» деп бастады ол әңгімесін. «Семей базары» ЖШС аумағында және жалпы Семей саудасында тауар бағаларын тым қымбаттатпаудың жолдары қарастырылған. Бұл жөнінде қала әкімшілігімен бірлесе отырып, базар бағасын бақылау комиссиясы құрылған. Таяуда қала әкімінің өзі «Семей базарында» болып сауда сөресіндегі өнім бағаларының өзге қалалармен салыстырғанда төмендеу екеніне көз жеткізіп қайтты. Ет бағасының құбылып кетуіне әсер ететіндер базар сыртында алыпсатарлықпен айналысатындар екен. Олар елді-мекендерден ет әкелушілердің тауарларын базарға жеткізбей сатып алып қояды да, одан соң үстіне өз бағаларын қосып, базардың ішіндегі ет сатушыларға өткізіп жібереді. Қолдан-қолға ауысқан сайын әлгі тауар қымбаттай бермек. Сондықтан базар басшылығының ауылдан ет әкелушілерге айтары мынандай: өз малыңды өзің дұрыс бағалып, нақты салмағымен өткізем десең базар ішіне енуден жасқанба. Ет сатушыға тікелей өткіз немесе өзің арнайы ет сататын орын алып, саудаңды жаса. Лабораториялық құжаттар жөндеу, мал етінің нақты салмағын білу т.б. қажеттіліктер бойынша барлық мүмкіндіктерге толық ие бола аласың.

Базарлардың заман ағымына қарай жаңарып жетілуі, өркендеуі оны басқарып отырған адамдардың бірінші мәселесі. Сауда саласы өзге өңірлерде, озық мемлекеттерде қалай дамуда, сатушының талабы қандай, тұтынушының сұранысы не деген секілді базар ішіндегі ахуалды зерттеп, тереңдетіп отыратын қызмет те ұйымдастырылуда. «Семей базарында» біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Риза» жүйелік маркетингі соның айғағы. Мұндағы мақсат – базар ғимаратындағы орындарды жаңа жетістіктегі сауда алаңына айналдыру. Бұл шаруа тек Семейде ғана емес, Қазақстан кәсіпкерлерінің алдыға қойған талпыныстары. Оған Қазақстан кәсіпкерлері және базарлар қауымдастығы өте ықыласты. Марат Құрманбаев осы қауымдастықтың вице-президенті. Осы қауымдастық жыл сайынғы өздерінің дәстүрлі конференциясын таяуда Түркістанда өткізді. Онда қауымдастық мүшелерімен бірге бес бірдей министрлік мамандары қатысып, сауда қызметін жетілдіру, бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қарсаңында қазақстандық сауда сөрелері қандай деңгейде болу керек деген ойлар талқыға түсті. Биыл 5 жылдығын атап өткен аталмыш қауымдастық тарапынан әр жылда 9 номинация бойынша базарлар байқауы өткізіліп келеді. Өткен жылы «Семей базары» «Үздік базар» номинациясын жеңіп алды. Бұл номинация өздігінен беріле салған жоқ. Номинация тағайындау комиссиясы базар қызметімен егжей-тегжейлі танысып, мұндағы жұмыс түрлері барлық талаптарға сай екендігіне көз жеткізді. «Семей базары» ЖШС-нің сауда сөрелерінде алыс-жақын шетелдік өнімдер мол орын алып келе жатқандықтан, бұл сауда орны халықаралық деңгейде қызмет жасап отыр деуге толық негіз бар.

SPA_8889 Флаг на балконе.jpg Әрине, базардың өз басы жыл сайын толысып, жаңара түскенімен, оның төңірегінде мәселелер де жоқ емес. Жолдардың ойлы, шұңқыры өз алдына, жаяу жүру де оңайға соқпайды. Аймауытов, Дулатов көшелеріне жарыла орналасқан сауда нүктелері ешқандай заңға үйлеспейді. Десе де, осы көрініс әлі жалғасып келеді. Автовокзал алаңына жағалай орналасқан дүңгіршектер де жарасымды болып тұрған жоқ. Жыл басында қала әкімі Нұрлан Омаровтың «Базарлар маңындағы жолдарды жөндеуді базар әкімшілігі өз мойындарына алсын» деген тапсырма әлі орындалған жоқ. Сондықтан, базар маңындағы жолдарды тек бір ғана базардың мойнына жүктемей, осы жұмысқа сол жолдың бойында орналасқан сауда орындарының барлығы жұмылса бұл шаруа біраз жеңілдер еді. Жол демекші, осы жол жөндеу жұмысына осыдан үш жыл бұрын «Семей базары» 3 млн. теңге бөлген. Сол кезде төселген асфальт жолдың келесі қиылысына толық жетпегендіктен, ұзақ төзімділік танытқан жоқ.

Иә, Семей қаласының үлкен базарлары бір аймаққа шоғырланғанын, іркес-тіркес орналасқандықтан да біреудің жауапкершілігі біреуге сілтеніп жатады. Келешекте осы «сен саларда, мен салар» пиғылдан арылып бас біріктірсек, ол маңдағы олқылықтың орны оп-оңай толар еді. Қазіргі уақытта халықтың ең көп келетін орталығына айналған базарлардың іші-сырты, айналасы бәрі кісіні өзіне шақырардай болып тұрса, ең бірінше өздеріне абырой.

Қайрат САБЫРБАЙ

орнамент.jpg

«Семей таңы», № 21 (17800), 25 мамыр, 2006 жыл

ШӘКӘРІМ, ОЛ БІР ШАЛҚАР ТЕҢІЗ…

Ұлы Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі – ғұлама ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының алдағы 2008 жылы аталып өтетін 150 жылдық мерейтойына байланысты қазір елімізде түрлі әзірлік жұмыстары қолға алынуда. Міне, мұндай игілікті істерге Семей мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы да ұйытқы болып, бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жақында осы орталықта дайындалған «Шәкәрімтану мәселелері» атты еліміздегі тұңғыш сериялық ғылыми жинақтың бірінші кітабы 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Ең үздік меценат» атағына ие болған «Семей базары» ЖШС президенті М.С.Құрманбаевтың қаржыландыруымен жарық көрген еді. Біз төменде белгілі кәсіпкер Марат СЕРІКЖАНҰЛЫМЕН болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

— Марат Серікжанұлы, қазақ меценаты демекші, жалпы Семей өңірінде ертеден әдебиет пен өнердің дамуына демеушілік жасап, қолдау көрсетіп келген көзі ашық, көкірегі ояу адамдар аз болмағаны белгілі. Бүгінде сіз де сондай әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен азаматтық танытып, қолғабыс тигізіп жүргеніңізді білеміз.

— Иә, Семей ежелден еліміздің мәдени-рухани ордасы болып аталып келген, ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардан бастап ұлтымыздың талай игі жақсылары өшпестей із қалдырған қасиетті қала. Ал енді қазақ меценаты дегенге келсек, бұл өзі баяғыдан бері бар жақсы дәстүр. Ұлы Абайдың өзі және балалары Ақылбай, Мағауияның 1893-1894 жылдары Семейдегі бастауыш білім беру қоғамына, Шәкәрім қажының 1916-1917 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы «Қазақ» газетіне қаржылай жәрдем жасап тұрғанын тарихтан білеміз. Семей тарихи-өлкетану мұражайында Абай өз қолымен әкеліп тапсырды деген қазақтың үй мүліктері, ат әбзелдері әлі күнге сақтаулы.

Абайдан соң осы жақсы дәстүрді ары қарай жалғастырған қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Кәкітай Ысқақов, Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Жүсіпбек Аймауытов, Райымжан Мәрсеков, Қаныш Сәтпаев, Тайыр Жомартбаев, т.б. болды. Абай өлеңдері жинағын тұңғыш жинастырып, баспадан шығарушы жаңағы Әлихан мен Кәкітай Ысқақов еді десек, 1914 жылы Семейде ұлы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл, ал 1915 жылы туғанына 70 жыл толуына орай өткен әдеби-этнографиялық еске алу кештерінен түскен қаржының бәрі ел өміріндегі игілікті істерге, соның ішінде Петроградтағы мұсылмандар атынан ашылған лазаретке, сол кезедгі Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақтың жастарына бөлініпті. Абай заманында және одан кейінгі уақытта болсын Семейде ұлт зиялыларымен бірге еліміздің рухани-мәдени дамуына демеушілік жасап отырған айтулы тұлғалар, қазақ байлары да аз болмаған. Мысалы, Абайдың әкесі аға сұлтан Құнанбай мен оның туған құдасы Тінібай қажы Қарқаралы, Семей қалаларында мешіт-медресе салдырып, ел-жұртын мұсылмандық пен имандылыққа үндесе, ал енді олардан кейін де ХХ ғасырдың басында Семей өңірі мәдениетінің дамуына Плещеев, Мусин, Рафиков, Жақия қажы Бейсекеев, Тана мырза Тілемісұлы, Қаражан Үкібаев, Бұршақ Еспаев тәрізді орыс-татар, қазақ байларының демушілік көмегі көп тиген. Осы орайда 1913-1915 жылдары «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті беттерінде тұңғыш қазақ романдарының жазылуына арнайы бәйге жариялап, басып шығаруға қолғабыс жасаған Жетісудың атақты байлары Маман және Есенғұл қажы туралы қалай айтпай үнсіз қаламыз. Демек, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына мұрындық болып, демеушілік көрсетіп отыру ұлт зиялыларының бойында ежелден бар қанға сіңген қасиет.

— Ал енді бүгінгі қазақ меценаты қандай болу керек деп ойлайсыз? Мәселен, 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең үздік меценат деп аталуыңыздың өзі бекер болмаса керек…

— Меніңше, бүгінгі қазақ меценаты қандай болуы керектігі туралы мәселеде бізге ең алдымен мемлекет басшысынан үлгі үлгі-өнеге аларлық іс көп. Былтырғы жылы Астана қаласында өткен кәсіпкерлер форуымында, түрлі жиындар мен кездесулерде болмасын үнемі әдебиет пен өнерге, мәдениетке кәсіпкерлер тарапынан қолдау қажеттігін баса айтып отырады. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасын алып қарайық. Бір ғана осы мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде еліміздің мәдени-рухани дамуына қатысты қаншама қыруар істер атқарылды емес пе? Жақында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетіне берген «Әдебиет – руханият қайнары» атты сұхбатында «… біз елімізге зәрулігі туса мұнай, көмір, темір, тіпті кез келген байлықты шетелден сатып ала аламыз. Ал, дарынды ше? Олардың ғажайып туындыларын ше? Жоқ. Ешкім сатпайды. Мүмкін емес. Бұл адамдар мемлекеттің бәс жетпес байлығы» дей келіп, «1996 жылы шығармашыл топ өкілдерімен өткен кездесуімізде Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған партизаны Қасым Қайсенов ағамыз кейбір жазушылардың басындағы ауыр хәлді айтып, көптің мұңын жеткізді. Мен дәл сол арада шешім қабылдап, көмекке зәру аға буын қаламгерлердің, қолдауға мұқтаж кейінгі толқын дарынды жастардың тізімін жасатып, екі жүздей адамға мемлекеттік стипендия тағайындаттым. Менің білуімше, бұл кешегі Кеңестік республикалардың бірде-бірінде жасалмаған қадам еді.

Осы игілікті шара күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай «Отырар кітапханасы» сериясымен 100-ден астам авторлардың кітабын шығардық. Белгілі дәрежеде қаламақысы да төленді. Айналасы он жылдың ішінде ұлы Абайдың, Мұхтар, Ғабит, Сәбит сынды зергер жазушыларымыздың мерейтойлары әлемдік деңгейде – ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Мұны біздің әдебиетіміздің әлемдік деңгейге көтерілуінің, мәдениет саласындағы сындарлы саясатымыздың жемісі деп білейік.

Ұлттық мәдениет пен тарихтың өзекті мәселелері еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бұдан әлдеқайда күрделі кезеңдерде де менің назарымнан тыс қалған емес…» деп айтқан сөздерді біздерді, кәсіпкерлерді жергілікті жерлерде әдебиет пен өнердің дамуына қолдау көрсетіп отыруға міндеттейді.

Елбасы осы сұхбатында елімізді әлемге танытқан ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы болды деп айтқан мемлекеттік шараны Семей жерінде өткізу кезінде біздің «Семей базары» ЖШС де белсене қатысып, үлкен демеушілік көмек көрсетті. Белгілі жазушы ағамыз Медеу Сәрсеке 1996 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай тойы» кітабында Семей кәсіпкерлері туралы: «Демеушілердің жуан ортасында жауапкершілігі шектеулі «Семей базары» серіктестігінің жетекшісі Марат Құрманбаев, «Семей-жиһаз» АҚ-ның президенті Жағыпарбек Елубаев, «Семей мұнай өнімдері» АҚ-ның жетекшісі Игорь Иванович Денисенко, «Тұран-Сервис» фирмасының іс басқарушысы Раушан Жақыпбекқызы Тілекеева ханым, «Қабанбай» фирмасының директоры Тайыр Ақанұлы Закиров сынды, шама-шарқынша ондаған, жүздеген мыңдаған теңге қаржы аударып, той жүгін жеңілдеткен қолы ашық, ақын елінің намыс-абыройы үшін барынша атсалысқан жігерлі азаматтарды айтуға болады» — деп жазыпты. Бұл, әрине, Семей кәсіпкерлері үшін мақтаныш.

Біз ұлы Абай тойынын кейінгі кезеңде де ел игілігі үшін жасалып жатқан әлгіндей ұлағатты істерден қол үзбей келеміз. Мәселен, қазір Семей қаласының іргесіндегі Жоламан елді мекенінде мешіт салу құрылысы жұмысын аяқтап, бітіріп қалдық. Міне, осындай тағы басқа қайырымдылық шаралар жүзеге асырылуда.

Иә, 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең үздік меценат деген атқа лайық болғаным рас. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық өміріндегі өзекті мәселелерге тек кәсіпкерлік мүддесі тұрғысынан ғана емес, Семей қалалық мәслихатының депутаты ретінде де үнемі араласып тұруға тура келеді. Бұл арада әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін күн көрісі нашар отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге, жетім балалар үйлеріне, т.б. байланысты жыл сайын өткізілетін қайырымдылық акцияларына қатысып, демеушілік көмек көрсететінімізді тәпіштеп айтып жатудың керегі жоқ қой деп ойлаймын.

— Әңгіменің арнасын енді ғұлама ақынымыз Шәкәрім қажыға қатысты Семейдегі атқарылып жатқан істерге қарай бұрсақ па деймін. Жақында баспадан «Шәкәрімтану» мәселелері атты тұңғыш сериялақ ғылыми жинақтың бірінші кітабының жарыққа шығып, оқырман қолына тиюіне қаржылай көмек көрсеткен екенсіз. Сіздің мұндай қадамға баруыңызға қандай себеп түрткі болды?

— Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде елімізде әлемдік деңгейде аталып өткен ең алғашқы үлкен той – ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап барша қазақ зиялылары оған ерекша маңыз бергені, Абай тойы – елге сын деп айтқаны есімізде. Сол сияқты алдағы 2008 жылы аталып өтетін ғұлама ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы да біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Атамыз қазақ «тас түскен жеріне ауыр» дегендей, ел алдында ұятқа қалмас үшін Семей жұртшылығы алдын ала әзірлік жасағаны жөн. Әрине, ол ең алдымен Шәкәрімнің әдеби бай мұрасына қатысты жұмыстарды жүзеге асыру болып табылатыны түсінікті жай.

Шәкәрім шығармашылығы шынында да әлі толықты ішкі көркемдік мән-мазмұны, философиялық ой түйіні терең ақтарыла ашылып айтылмаған рухани дүние. Шәкәрімнің өзі де былай сырт көзге табиғи жаратылысы тылсым жұмбақ тұлға болып көрінеді. Кейде Шәкәрімнің «Үш анығын» оқып отырып, оның ұлы орыс жазушысы Толстойды ұстазым деп пір тұтуы бекерден бекер емес пе екен деп те ойда қаласың. Бір сөзбен айтқанда, Шәкәрім ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ғұлама ақын әрі философ, тарихшы-шежіреші, шебер аудармашы, тіпті біраз журналистикаға да қалам тербеген дарын иесі. Біз үшін Шәкәрім – ол бір жатқан шалқар теңіз. Ғұлама ақынның өзі өлеңінде:

Қайтадан қайырылып,

Қауымға келмейсің.

Барыңды-нәріңді,

Тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,

Шын бақыт – осыны ұқ,

Мәңгілік өлмейсің, —

деп айтып кеткен ғой. Шәкәрімнің осы мәңгілік өлмес, өшпес мұрасы туралы мәселе қазір Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың басшылығымен құрылған Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығында біраз жылдардан бері жүйелі түрде бірқатар игілікті істер атқарылып жатқаны анық байқалады. Мәселен, жыл сайын Семей жерінде Шәкәрім өмірі мен шығармашылық қызметінің зерттелуіне байланысты республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың, «Шәкәрім оқулары» атты республикалық байқаулардың, тіпті Шәкәрім тақырыбына арналған облыстық және қалалық деңгейдегі ақындар айтыстарының өткізіліп отыратыны, шын мәнісінде қуантады. Қазіргі уақытта жаңағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, белгілі энциклопедист-ғалым Тұрсын Шаңбайдың жетекшілігімен Шәкәрімнің тұлғалық энциклопедиясын әзірлеп шығару жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал енді «Шәкәрімтану мәселелері» атты тұңғыш сериялық ғылыми-зерттеу жинағының бірінші кітабы осындай қомақты еңбек, оны басып шығаруға демеушілік көмек керек деген соң, мен бұл ұсыныстан бас тартпадым, келістім. Міне, сол кітап көршілес Ресейдің Новосибирск қаласындағы «Талер-Пресс» баспасынан шығарылып, қолдарыңызға тиіп отыр.

Шәкәрім қажы «Мен кетермін, сөз қалар, Ақ қағазға басылып…» дегендей, ғұлама ақынның артында қалған әдеби мол мұрасын жинақтап зерттеу және баспадан шығару – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мен алдағы уақытта да мұндай игілікті іске қолдау көрсетіп, демеушілік жасайтын боламын.

Әрине, семейлік ақын-жазушылардың барлығына бірдей демесем де кейбір өнер иелеріне демеушілік жасаудан аянып қалып жүргем жоқ. Мысалы, өткен жылы Абыралы ауылында тұратын ақын ағамыз С. Қалыбековтің өлеңдер жинағының жарық көруіне көмектессем, осы таяуда менің демеушілігіммен семейлік белгілі ақындардың бірі Еділ Асылбек те «Көгілдір менің биігім» атты кітабын Новосибирск баспасынан шығарып, өз оқырмандарын қуантып отыр. Сондай-ақ былтырғы жылы жаз айында Семейде Қабанбай батырға арналған «Тәуелсіздік. Тарих. Таным» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның өткізілуіне де бүкіл зиялы қауым, қала кәсіпкерлері болып бір кісідей жұмылып атсалыстық. Жалпы, айта берсе Семей кәсіпкерлкерінің әдебиет пен өнердің дамуына демеушілік жасап жатқан мұндай көмектері жетерлік.

— Марат Серікжанұлы, әдебиет пен өнерге жатырқап қарайтын жан емес екеніңізді жаңағы әңгімеден әбден ұққандай болдық. Ал енді спорт деген салаға қалай қарайсыз?

— Спорт та өнердің бір саласы. Ол адамды төзімді де күшті болып өсуге шыңдайды. Жалпы, «Күш білекте емес, жүректе» дейді халқымыз. Ендеше, қазақтың білімді де жүректі азаматтары көп болса екен дейміз. Мен өзім Шығыс Қазақстан облысы Кикбоксинг және тайбокс федерациясының президенті болғандықтан жас спортшыларымызды әрдайым қолдап, түрлі жарыстарға барып қатысуына қаржылай көмек жасап жүремін. Сол сияқты біздің «Семей базары» ЖШС түрлі спорт салалары бойынша Семей жерінде халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың өтуіне де демеушілік жасап тұрады. Маған, 2004 жылы «Қазақстан Республикасы спортына еңбек сіңірген қайраткері» меділінің берілуі, осы спорт саласын дамытудағы еңбегімнің өтеуі деп санаймын.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген М. КЕНЕМОЛДИН

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ