САЛЫҚБАЕВА Шолпан Ақанқызы

САЛЫҚБАЕВА Шолпан Ақанқызы,

«Ақшың» корпорациясының кассирі

BAG_5196.JPG

Шолпан Ақанқызы 1964 жылы 6 қарашада Семей қаласында дүниеге келген. 1972-1976 жылдары шаһардағы №21 мектепте, 1976-1982 жылдары №13 мектепте оқыды. Еңбек жолын 1982 жылы Семей мемлекеттік медицина университетінде лаборант болып бастады. Жоғары оқу орнындағы «Кеңес Одағының коммунистік партиясы» кафедрасында жұмыс істеді. Жастайынан еңбекке араласа жүріп, 1982-1986 жылдары Алматыдағы шет тілдері институтында оқыды. Неміс тілі пәнінің мұғалімі.

1992 жылдан «Олжа» брокерлік фирмасында хатшы болып еңбек етті. «Семей базары» құрылған жылдан бері осында кассир болып жұмыс істейді.

Екі баланың анасы. Ұлы Асхат Астанада «Медицина әлемі» компаниясында логист болып еңбек етеді. Қызы Меруерт Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде магистратурада оқиды. Айымжан есімді немересінің сүйікті апасы.

БӘРІ ДЕ КЕШЕГІДЕЙ КӨЗ АЛДЫМДА

— Ширек ғасырлық тарихы бар корпорацияның әу баста құрылған жылдарынан бастап қызу еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі екенсіз…

— Иә, дұрыс айтасыз. Өткен ғасырдың еншісінде қалған тоқсаныншы жылдар ел жадында. Сол кезеңдерде абдыраған жұртшылық «енді не болар екен?» деп бір күдікпен күй кешкен. Олай әбіржулерінің себебі де жоқ емес. Дүркіреп тұрған іргелі кеңшарлардың шаруасы шатқаяқтаған шақта, өндіріс ошақтары тұралаған кезеңде жұмыссыздық белең алған еді. «Екі қолға бір күрек» табудың өзі мұң болған уақытта халық мазасыз күй кешіп, қалай тірлік жасаудың жолын таппай сарсаңға түскен еді. Қара бастың қамы халықты әуре-сарсаңға түсірді…

Бәрі де кешегідей көз алдымда. «Семей базары» құрылмас бұрын, Марат Серікжанұлы басқарған «Олжа» брокерлік фирмасында хатшы болдым. Ол кезде оң жағалаудағы көп қабатты үйлердің бірінен пәтер жалдап, кеңсе қылып, сонда жұмыс істедік. Аға Қытаймен байланыс орнатқан кез. Бастысы, уақыт өте келе жағдай оңалды. Жалдаған пәтерден көшіп, осы маңдағы сауда орындарының бірін жалдадық. «Семей базары» құрылғанда Марат Серікжанұлы акционер атанып, артынша сауда орнын өз қолына алды.

Төрт қабырғасы ғана тұрған нысанның еңсесін тіктеу оңай болған жоқ. Бәріміз екінші қабаттағы үлкен кабинетте бірге отыратынбыз. Осылайша ісіміз оңға басып, біртіндеп белестерді бағындыра бастадық. Құрылыс жұмыстары қызып, соңынан бір-бір кабинетке ие болдық.

— Жағдай оңалғаннан кейін, ертеңгі күнге деген сенім де толая түскен шығар?

— Әрине. Әу баста бізде күдік болған жоқ. Себебі, Марат Серікжанұлының қоластында болғаннан кейін ба, алаңдаушылық болған емес. Ертеңгі күнге деген сенім – жетістік кепілі бола алды. Ағаның берген кез-келген тапсырмасын орындауға тырысып бақтық. «Анау мынаның жұмысы, мынау ананың жұмысы» деген болған жоқ, ортақ еңбек, ортақ мақсат болғаннан кейін, бәрін де жұмыла көтеруге бел будық. Ол кездегі маңдай терді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еңбегіміздің ақталғанына қатты қуанамын.

«Еңбек бәрін жеңбек» деген сөз осындайда ойға оралады. Қай заман, қай қоғам болмасын тынымсыз шаруа ғана табыс пен жетістікке жетелейді. Ал оның басында қызметкер, жұмысшы тұрады. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, қай қоғамда да еңбек адамды алға жетелейді. Қазақ қашан да еңбектен бас тартпаған. Қазіргідей технология, компьютер заманы болсын, бәрібір бар уақытын еңбекке арнаған адамның ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне күмәнім жоқ.

—  Кассир болу оңай жұмыс емес. Жауапкершілігі мол, бір жағынан қауіпті де. Өзіңізге жұмыста қандай талап қоясыз?

— Кассадағы ақшаны есептеу, қабылдау, сақтау, кассадан ақша беру міндеті маған жүктелген. «Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді» деген бар ғой. Сол секілді, ақшамен тікелей байланыс болғаннан кейін, есеп-қисап болады. Қателіктер орын алып жатады. Сол қателіктерді қайталамауға тырысамын. Кейде кассаға қолдан жасалған банкноталар түседі. Ондай кезде де бармақ тістеп қаласың. Келесі жолы ақшаны тексеріп, ұқыптылық танытуға тырысасың. Жалпы аса абай болу қажет. Әр тиынды шашау шығармай есепке аламыз. Кассаға түсетін ақша, ол менің ақшам емес. Ол – компанияның ақшасы. Қаржы корпорацияның әрі қарай дамуына жұмсалады. Қызметкерлердің еңбекақысы, салықтық төлемдер, коммуналдық шығындар деген секілді.

Өзімізге тиеслі еңбекақымыз бар. Ел қатарлы өмір сүруге бейімделген адамдармыз. Жеке өмірімізге қажетті сатып алатын киім-кешек, басқа да тауарлар болатын болса, әр айда жоспарлап отырамыз.

— Жұмыстағы кассир Шолпан Ақанқызы үйде қандай жан?

— «Ананың алақаны балаға – алтын қоныс» дейді ғой. Барша нәзік жандылар секілді бүлдіршіндеріміздің жарқын болашағы үшін тер төгіп, солардың амандығын көру арманым. Әйел — отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Бір ұлым, бір қызым бар. Оларға ештеңеге шектеу қойып көрген емеспін. Ұнатқан нәрселерін алады, көңілі қалағандарын ішіп-жейді. Екеуі де көлікпен жүреді. Сондықтан, күнде таңертең балаларымның, туыстарымның, жақындарымның амандығын тілеп, кез-келген қауіптен сақта деп Жаратқаннан сұрап отырамын.

— Бүгінгі таңда өзіңіз секілді нәзік жандылар бизнес саласында көп. Әріптестеріңізді қандай белестерден көргіңіз келеді?

— Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Бизнесте жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.

Түйіндей айтқанда, әйел — қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жыл­дарында тыныштық пен тұрақ­ты­лықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те, отбасы да нәзік жандылардың ұдайы қолдауына сүйенеді. Тіпті шаңырақтағы тыныштық пен тұрақтылықтың өзегі де әйел азаматтарының қолынан өтеді. Бизнесте де солай. Осыны көріп, әрине, қуанасың. «Ақшың» корпорациясында кәсіпкерлікпен айналысып отырған нәзік жандылар да жетерлік. Ұжымда да қыз-келіншектер бар. Оларға осы жетістікпен тұраламай, тек гүлдене берулерін тілеймін.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ