ЖАЙКЕНОВ Марат Мұхтарұлы,
«Ақшың» корпорациясының бас энергетигі
Марат Мұхтарұлы 1975 жылы 4 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. 1982-1972 жылдары №27 мектепте білім алды.
1992-1996 жылдар аралығында Шәкәрім атындағы университетте оқыды.
Еңбек жолын 1996 жылы «Айгерім» серіктестігінде бастады.
1999-2001 жылдары «Семей су арнасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің абоненттік бөлімінде, 2001-2003 жылдары «ВК РЭК» компаниясында инженер болып жұмыс істеді.
2003-2006 жылдар аралығында «Техснабсервис» ЖШС бас инженер болып еңбек етті.
2006 жылдан бері «Ақшың» корпорациясында бас энергетик.
Жұбайы Айгерім Жайкенова – кәсіпкер. Екі баласы бар. Ұлы Ермек №30 мектепте 7 сыныпта оқиды. Қызы Аделя аталған білім ошағының 3 сынып оқушысы.
ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА
Біздің басты міндетіміз – сауда орнының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл ретте ғимаратты, оның ішінде барлық жабдықтар мен қондырғыларды электр қуатымен қамтамасыз ету. Тоқтаусыз жұмыс істейтін тоңазытқыштар, халық пайдаланатын эскалаторлар бар. Әр кабинет, сауда залы, бутиктер жарықпен қамтылуы тиіс. Осындай күрделі жұмыстың барлығын күнделікті қадағалап, олқылықтар орын алса бірден ретке келтіріп отырамыз.
Штатта 4 электрик маман жұмыс істейді. Оның сыртында 1 адам автоматты жүйелерді бақылайды. Ауысым бойынша жұмыс істейміз. Күнделікті шаруа жетерлік. Корпорацияға қарасты өндірістік база, шаруа қожалығы, «Жан-Жақ» мейрамханасы сынды барлық нысандардың электр желілеріне жауап береміз. Жаңадан сауда орындары немесе павильондар бой көтерсе, құрастыру жұмыстарын өзіміз атқарамыз. Бас инженер Асхат Абдуллинмен бірге су және жылу жүйесіне бақылау жасаймыз. Қажет болған жағдайда жұмыстарды бірге атқарамыз.
Ауыз толтырып айтарлық кешенді шаралардың бірі – 2008 жылы «Ақшыңның» электр желісін толықтай жаңартып шықтық. Бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінді. Нәтижесінде, барлық алюминий сымдарды мыс сымдарға ауыстырдық. Бұл электр желісінің ешқандай ақаусыз жұмыс істеуіне септігін тигізді. Өрт сынды оқыс оқиғаларды болдырмауға да ықпал етеді. Корпорация басшысы Марат Серікжанұлы электр желісінің жұмысын қатаң бақылауда ұстайды. Себебі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қуат көзінің маңызы зор. Олқылықтар болса, бірден орнын толтырып, тозған жүйені жаңалаудан бас тартқан емес. Сауда орталығында қаншама тауар тұр. Жаман айтпай жақсы жоқ, оның барлығы отқа оранатын болса, басшылыққа да, кәсіпкерлерге де оразан зияны тиеді. Біз осындай оқиғаларды болдырмауға тырысамыз.
Бұрын ғимратта бір ғана кабель, яғни электр желісі болған. Ол істен шықса, барлық жұмыс тоқтап қалатын. Уақыт өте 3 желіні іске қостық. Біреуі істен шықса, дереу арада екіншісі іске қосылады. Бұл нысанды электр қуатымен үздіксіз қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Үлкен ұжымда еңбек етіп келе жатқаныма 12 жыл болыпты. Осының алдында талай мекеме, кәсіпорындарда жұмыс істедім. Көргенім, көкейге түйгенім көп. Егер «Ақшың» маған ұнамаса, мен бұл жерде осыншалықты ұзақ уақыт жұмыс істемеген болар едім. Ұжым берекелі, жағдайдың барлығы бар. Өзіме көптеген жаңалықтарды да аштым.
Қай сала болмасын, білікті басшы абыройға бастайды. Марат Серікжанұлы — алдыға ұмтылған, жаңа белестерді бағындыруға асығатын жетекші. Жаңашылдықтарды игеріп, оны корпорация қызметімен сабақтастыруға ұмтылады. Кез-келген адам бірден басшы бола алмайды. Өмірде жақсыны, жаманды көріп, тәжірибе алады. Жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Еңбек ету арқылы шынығады, шыңдалады. Адамдармен тіл табысып жұмыс істеу, оларды белгілі бір істі тындыруға жұмылдыру, атқарар істің көзін тауып, нәтижеге жету оңай шаруа емес. Осындай қабелеттерді игерген – Марат Құрманбай мырза.
Өткенде бір сырқаттанып қалғаным бар. Жағдайымнан хабардар болған Марат аға, жақындарымнан артық алаңдады десем болады. Жағдайымды сұрастырып, дәрі-дәрмектерімді алуға көмектесті. Қайран қалдым. Риза болдым. Мұндай жандар өмірде кемде кем. Жанашыр, жайсаң мінезді, ақкөңіл ағамыздың ғұмыры ұзақ, еңбегі жана берсін дегім келеді.