НАЙЗАБЕКОВ Құрманғазы Мазанұлы,
кәсіпкер
Құрманғазы Мазанұлы 1970 жылы 19 ақпанда Жарма ауданы Үшбиік ауылында дүниеге келген.
1977-1987 жылдары Ақтайлақ би атындағы орта мектепте оқыды.
1988-1990 жылдар аралығында Армения, Әзірбайжан, Украина және Грузия жерінде азаматтық борышын өтеді.
1997 жылы отбасымен Семейге көшіп келіп, кәсіпкерлікпен айналысты.
2000 жылдан бері «Семей базары» серіктестігінде ірі қара етін саудалаумен айналысады.
Жұбайы Найзабекова Маржан – кәсіпкер. Екі қызы бар. Ақбота – мұғалім, Назерке – темір жол саласының қызметкері. Немересі Нұрислам 3 жаста.
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ –ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК
Кезінде «Семей базары», бүгінде «Ақшың» корпорациясының сауда орталығына бас сұға қалсаңыз, өз ісін жетік меңгерген, тұтынушымен лезде тіл табысатын, талай жылдардың аясында мол тәжірибе жинақтап, сауданың суығы мен ыстығына әбден ысылып алған кәсіпкерлерді көптеп кездестіруге болады. Әрқайсысы қалаған тауары мен өніміне «іздеу жариялаған» кез-келген адамға көмек қолын созуға даяр. Мына ет бөлімінде жиырма жылға жуық уақыт кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан мығым денелі, ағмал істердің жанында жүретін, әрі ағзам, әрі іскер Құрманғазы Найзабеков солардың бірі.
Жарма өңірінде, дәлірек айтқанда Қалбатаудан Алматыға қарай апаратын қара жолдың 130-шы шақырымында орналасқан Үшбиікте туған. Бала кезінен еңбекке араласып, барлық ауыл балалары секілді жақсылық пен жаманды, ақ пен қараны ертеден-ақ танып, біліп өскен жігіт. Ащысу өзенінің арнасы да, Үшбиіктің қырат-қырат белдері мен шалғынды шөбі де, Жармаға тән жұмыр тасты таулары да бұл қара домалақ баласын жақсы біледі.
Қош делік, Құрманғазы Мазанұлы — «Ақшыңның» бетке ұстар кәсіпкерлерінің бірі дегенді тағы бір қайталайық. Артық болмас. Жанындағы жастарға жол сілтеп, айтары да, берері де көп. Ондай қажеттілік туындаса үйретуден еш жалыққан емес.
— Бастапқы жылдары қиындықтардың болғаны рас, — дейді кәсіпкер, — дегенмен, басшылықтың тынымсыз еңбегі арқасында талай белестерді бағындырдық. Жағдаймыз жаман емес, осы кәсіптің арқасында отбасымызда асырап, балаларымызды оқыттық, жеткіздік. Халықтың алдыңғы тобына шығып кетпесек те, көштен қалыспадық. Сауданың да өзіне тән михнаты бар. Жұбайым екеуіміз талмай еңбек етіп, жемісін көріп келеміз, — дейді Құрманғазы Найзабеков.
Оның осы орталықтағы еңбек өтілі мен осыған дейінгі жылдарын ескергенде, жалпы кәсіпкерлікпен айналысқанына 20 жылдан асып кеткен. Осы уақыт аралығында еңбек кестесін бұзған емес. Береке бастауы – тынымсыз еңбек екенін жақсы білетін ол жұмыстың табысты жүруі үшін таңмен таласа тұрады. Тіпті, түнде шырт ұйқысын қиып та базарға келген күндері болады. Сондағысы — сауда орталығына жеткізілген мал етінің ең тәуірін таңдап алып, тұтынушыға жеткізу.
Құрманғазы ағамыздың сауда орнында жұмыс істеуі ерекше. Күміс күлкісі езуінде, тәтті сөзі тілінде, жылуы жүрегінде, талабы тілегінде, қалжың-қағытпасы қоржынында, бәрі – орнында. Тек қызметке алғаш кіріскен тоқсаныншы жылдардағы 27-28 жасы кешегі күндерде қалып қойды демесеңіз, елгезек жан еш өзгермеген. Қазір елуді алқымдап қалған азамат көпке сыйлы, мұндай белеске баянды бақытпен, толайым табыспен, асқақ абыроймен, парасат-пайыммен жетіп отыр.
— «Ақшыңның» ширек ғасырлық мерейтойына біркісідей қуаныштымыз, — дейді кәсіпкер, — бұл ретте талай қиындықтарды бастан өткеріп, жасымаған Марат Серікжанұлы мен бизнестің басы-қасында жүрген кәсіпкер азаматтарға алғысымыз шексіз. Еңбегі еленіп, талай мұзарт биіктерді бағындыра берсін.
Кәсіпкердің айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Тек тілеулеспіз.