МАХАНОВ Марат Сайлауұлы,
«Ақшың» корпорациясы директорының
әкімшілік-шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары
Марат Сайлауұлы 1972 жылы 24 мамырда Жамбыл облысы Жамбыл қаласында (қазіргі Тараз) дүниеге келген. 1979-1982 жылдары №21 мектепте, 1982-1989 жылдары Ю.Гагарин атындағы №29 мектепте оқыды.
1989 жылы Семейдегі автомеханикалық техникумына «Автокөліктерді техникалық жөндеу және қызмет көрсету» мамандығы бойынша оқуға түсті.
1990-1992 жылдары Ресейдің Шығыс Сібіріндегі Чита өңірінде азматтық борышын өтеді. Туған еліне оралғаннан кейін оқуын жалғастырып, автомеханикалық техникумды 1994 жылы тәмамдады.
2006-2008 жылдары Шәкәрім атындағы университетте «Жүк тасымалы және жол жөндеу» мамандығы бойынша оқыды. 2009-2011 жылдары аталған жоғары оқу орнында білім алды. Қос дипломның иегері.
2003-2008 жылдар аралығында «Семей базары» ЖШС механик, өндірістік база меңгерушісі болып еңбек етті.
2008-2009 жылдары «ШығысЖолСерік» МКМ «Семей» автобекеті директорының орынбасары болды.
2009 жылдан бері «Ақшың» корпорациясы директорының
әкімшілік-шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары.
Жұбайы Анар Маханова – кәсіпкер. Үш баласы бар. Қызы Аида — Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Айжан №37 мектепте 7-сыныпта оқиды. Ұлы Оразхан аталған білім ордасының 5-сынып оқушысы.
ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН АРҚАЛАП…
— Марат Сайлауұлы, корпорацияда жауапты басшылық лауазымдардың біріндесіз. Талап пен талғам бірінші сатыда тұратыны айтпаса да түсінікті. Кәсіпорындағы басшылық қызметтің негізгі бағыт-бағдары қандай?
— Өзіңіз айтып отырғандай, біз қарамағымыздағы мамандардың немесе жұмысшылардың басын қосып, корпорация президенті Марат Құрманбай мырзаның жүктеген тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ететін жетекшілік лауазымдамыз. Ең басты шарт – жауапкершілік. Бұл ретте өзіміз жауапты адам болуға тырысамыз. Неге десеңіздер, «Балық басынан шіриді» деген сөз бар. Біз өзімізді өзіміз жақсы жағымыздан көрсете алмасақ, қоластымыздағы қыз-жігіттерге үлгі көрсетпесек, олардан қандай да бір оң нәтиже талап ету орынсыз болар еді. Яғни, біз Марат Серікжанұлының жүріс-тұрысы мен жұмыстағы іскерлігінен көп үлгі аламыз. Сол азаматқа ұқсағымыз келеді. Сол арқылы қарамағымыздағы жұмысшылар бізді үлгі етеді. Екінші талап – темірдей тәртіп. Үшінші – берілген тапсырманы уақытылы және сапалы түрде орындау. Соңғысы – адалдық. Алып корпорация еншісіндегі шаруашылық айналымда материалдық құндылықтар бар. Техника, жабдықтар, қондырғылар және тағы басқалары. Оларды пайдалануда кез-келген жұмысшы ұқыптылық танытуы тиіс. Сақтай білуі қажет. Осылайша жауапкершілік жүгін арқалап келеміз, бағындырған белестер тек ерік-жігерімізді қайрайды.
— Сізге жүктелген міндеттер қандай және қарамағыңызда өз ісін жетік меңгерген мамандар шығар?
— Жаңа айтып өткендей, менің басты міндетім – қолда бар материалдық құндылықтарды сақтау. Бұл тек қана сауда орталығы емес, сонымен қатар қаладағы және Астанадағы өндірістік база, «Ақшың» тұрғын үй кешеніндегі жабдықтар мен құралдарға, техникаға қатысты. Қажет болса, мейрамхананың да материалдық жағдайын реттеп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қазір қарамағымда кілең құрылыс мамандары жұмыс істейді. Сылақшы, сырлаушы, ағаш ұстасы, кафель қалаушы, сонымен қатар пластик өнімдерді жасаумен айналысатын шеберлерім бар.
2000 жылдардың басында корпорация құрамындағы техника аса көп болған жоқ, саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазір «Камаз» көліктерін жаңаладық, жүк тасымалдайтын техникалармен қатар, жеке меншік кранымыз да бар. Құрылыс материалдарын тиейтін арнайы көліктер мен күнделікті жұмысқа қажетті жеңіл автокөліктер де жұмыс істеп тұр. Мұның сыртында түрлі бағыттағы цехтарымыз жаңа заман талабына сай. Бүгінгі таңда корпорация өз-өзіне техникалық қызмет көрсетуге толықтай қауқарлы. Яғни, бұл бағытта қажетті мамандарды немесе техниканы сырттан жалдамаймыз. Бұл – үлкен көрсеткіш және дамудың айнасы деп білемін.
— Корпорация президенті Марат Серікжанұлының күйеу баласысыз. Бұл жұмыста сізге кедергі жасамай ма? Жоқ әлде, керісінше пайдасы тиетін шығар?
— Бұл сұрақ көпшілікті жиі мазалайды. Мынандай қағидаға сүйенеміз: жұмыста — басшылыққа бағынатын қызметкермін, жұмыстан тыс жерде – туыспыз. Яғни, қайын аға, күйеу бала деген туыстығымызды жұмысқа ешқашан араластырып көрген емеспіз. Сол секілді әріптестерім де басшының туысы ретінде қандай бір «қолдау» жасап көрген емес. Әркім өзінің қызметіне қарай жүктелген міндеттерді орындауға тырысып, тең дәрежедегі әріптестер болып кеткенбіз.
— Бизнестегі ең бастысы не деп ойлайсыз?
— Негізі – мақсат. Соны дұрыс таңдай біліп, мұратқа жету үшін тек алға қарай ұмтыла беру керек.
Бүгінгі таңда тек бизнес қана емес, кәсіптің қай түрін алып қарасақ та, оны дамыту үшін мемлекетімізде барлық жағдай қарастырылған. Елбасымыз халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту үшін нақты тапсырмалар жүктейді. Мемлекет басшысы отандық экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлікті атайды. «Біз тәуекелді өз мойынына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар өндіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді» деген Елбасының бір сөзі бар. Осы арқылы іскер азаматтардың қатарын молайтуға, оларды тәрбиелеп, өсіруге ерекше көңіл бөліп отырады. Мұнысы көрегендік те. Себебі, адам кәсіпкер болып тумайды, қалыптасады. Кәсіпкерлік жолға түсу үшін мол қаржысы болу да шарт емес. Әлем таныған кәсіпкерлердің талайы шағын несие арқылы немесе азын-аулақ қаржымен даңғыл жолға түскен. Мұның мысалдары біздің қоғамымызда да аз емес. Соның бірі – «Ақшың» корпорациясы. Ерік-жігер мен талпыныстан туындағын еңбектің жемісі.
— «Ақшың» корпорациясының қарқынды дамуында өз үлесі бар азаматтардың бірісіз. Қыруар жұмыстар мен жауапты міндеттерден сәл алшақтап, жеке өміріңізге қарай ойыссақ. Балаларыңыздың болашақта кәсіпкерлікпен айналысқанын қалар ма едіңіз?
— Кез-келген ата-ана баласын жаман болсын деп тілемейді ғой. Қазір, шүкір, ұл-қыздарым мектепте білімдерін, отбасы және мектептегі ұстаздарының тәлім-тәрбиесін алып жатыр. Бастысы өз елінің нағыз патриоты, мемлекетіміздің әрі қарай дамуына сүбелі үлес қосатын, жақындары мен достарының арасындағы сыйлы азамат болып өссе екен деймін. Тұла бойларынан адамгершілік, мәдениет, шарапат, парасат пен салиқалық лебі есіп тұратын қазақтың ұл-қыздары болса деп армандаймын. Кез-келген адамға ізеттілік танытып, әке мен шешенің атына кір келтірмейтін ұрпақтың бірі болса деген тілек бізден. Және сол үшін де еңбектеніп, білім мен ғылымға жақын болуларына жағдай жасап жатырмыз. Олардың болашақта қандай мамандық иесі болатынын әрине уақыт көрсетер. Бірақ, араларынан бизнеске барамыз дегені болса, мен қарсылық көрсетпеймін. Барлық бастамаларына қолдау білдіруге дайынмын. Өз еңбектерімен белестерді бағындырып, өсе берсін! Мен әкелік қамқорлығымды, ақыл-кеңесімді аямаймын.
— Жауапты басшылардың бірісіз деп жаңа айттық қой, оның үстіне кәсіпкерсіз, үйде де осындай талапшыл емес шығарсыз?
— Талапшыл болсам, өзіме талапшылмын. Қазақ халқы қашаннан ел билігін, ат тізгінін ұстар ұл балаға болашақ елдің тұтқасы, отбасының тірегі, сүйеніші, үміті деп қараған. Жастайынан әке тағылымына бас иген, үлкеннің айтқанын тыңдап, көңілге түйе білген, әке үйреткен өнегені, ақыл-өсиетті көңіл құтысына құя білген перзент еш уақытта әке назарын төмен салдырмайды. Сондықтан, үйде өз балаларыма үлгі болуға тырысамын. Әке туралы дана халқымызда айтылмаған сөз қалған ба? Қазағымыз: «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға білмейді», «Баласы жаман болса, әкесін түйе үстінен ит қабар» деген өмір көшімен ілесіп бізге жеткен, өз мәнін жоймай, тәрбиелік қуатын өз бойына жинақтаған ұлағатты сөздер біздің асыл қазынамызда көптеп кездеседі. Сондықтан, «әке» деген атқа лайық болу үшін, жарымның, балаларымның жағдайын жасауды бірінші кезекке қоямын.
Бұл дүниеде бала тәтті. Не сүйкімді, не қымбат, не артық деп сұраса, бәріне де бауыр етің бала десек қателеспейміз. Сондықтан, үйде балаларымды көбіне еркелетемін. Балаға жұмсақпын. Айтқандарын істеп, ештеңеден таршылық көрмесе екен деп отырамын. Ал тәрбиесіне, оқуларына жауап беретін аналары. Үйдегі қатал тәрбиеші де сол.
— Жан дүниеңізге мәдениет жақын ба, жоқ әлде спорт жақын ба?
— Спорт. Өзім жас кезімде күреспен айналысқанмын, сондықтан болар жекпе-жектің осы түрін жақсы көремін.
— Қандай жанрдағы фильмдерді ұнатасыз?
— Қиял-ғажайып және тарихи фильмдерді ұнатамын. Екеуінің ішінен екіншісін жақсырақ көретін шығармын. Бұл жерде тек қазақ халқының тарихы емес, әртүрлі ұлттың, бес құрлықта орналасқан барлық елдерге қатысты шығармаларды айтып отырмын.
— Бойыңызда өзіңізге ұнайтын және ұнамайтын үш қасиетті айта аласыз ба?
— Ұнайтыны: еңбексүйгіштік, жауапкершілік және жан дүниемнің қоршаған адамдарға ашықтығы. Ұнамайтыны: тынығу дегенді білмеймін. Демалыс күндері үйде еш алаңсыз демалып, теледидар көріп жатқың келеді. Бірақ, қолымнан келмейді. Міндетті түрде бірдеңеге алаңдап, жұмысты ойлап отырамын. Екінші, шектен тыс қайырымды секілдімін, ақкөңілмін. Жұмыста түрлі оқиғалар болып тұрады ғой, адамдар жұмысқа шықпай қалады немесе қателіктер жасап жатады. Сол кезде жақсылып бір ұрсып алам деп ойлаймын, бірақ әлгі кісіні көргеннен кейін, ойымнан қалай айнып қалғанымды білмей қаламын. Соңғысы, кінәмшілмін. Жоқтан өзгеге, болымсыз ұсақ-түйекке алаңдай беремін. Мысалы, мен өзім көлік басқарамын, сол кезде техниканың бір жерінен ақау пайда болып, дыбыстар шыға бастаса, онда Мараттың көңілі бұзылды дей беріңіз. Әлгіні жөндетпейінше тыным таппаймын.
— Ақкөңіл Мараттың ақжарқын тілегін ұсынсақ оқырман қауымға…
— «Ақшың» корпорациясына өркендеу тілеймін. 25 жылда серіктестіктен талай әріптестеріміз зейнеткерлікке шықты. Ардагерлеріміздің орындарын жастар басып жатыр. Ағалық ниетпен оларды тәрбиелеп, жиған тәжірибемізбен бөлісіп жатамыз. Корпорация болашағы – баршамызға ортақ. Сондықтан аянбай тер төгіп, жұмыла еңбек етуге шақырамын.
— Әңгімеңізге рахмет!