Адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі.
Абай Құнанбайұлы
ҮШІНШІ БӨЛІМ
АҒАЛАР ЖОЛЫ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Ширек ғасырда «Ақшың» корпорациясында талай адам еңбек етті. Бүгінгі таңда алды зейнеткерлікке шығып, немере-шөберелердің ортасында тағылымды ғұмыр кешуде. 15-20 жыл бір ұжымда әріптес болып, ынтымағы жарасқан олар әлі күнге дейін бір-бірімен жақсы араласып тұрады. Әрине, еңбек болғаннан кейін оның қызығы да, шыжығы да болатындығы белгілі. Қаймағы бұзылмаған ұжымның ыстығына бірге жылынып, суығына бірге тоңған олардың еске алар сәттері жетерлік. Айтарлары бар. Өмірдің ағып жатқан ағын судай екені рас. Адам баласы азды-көпті кешкен ғұмырында соңында игілікті ісін тастап кетуге ұмтылатыны тағы бар. Олардың барлығы маңдай тер, адал еңбекпен келеді. Назарларыңызға ұсынылып отырған келесі бөлімге «Ақшың» корпорациясында әр жылдары еңбек етіп, серіктестіктің қарыштап дамуына өзіндік үлес қосқан бірқатар жандардың есімдерін енгізіп отырмыз. Олар өздерінің жүрек жарды әңгімелері арқылы өткен күндерге бір саяхат жасамақ.
Ал біз оны саралап қана қоймай, көкірегі ояу оқырман еңбекқор азматтардан үлгі алса екен дегіміз келеді. Бастысы – сауда орталығының қанат жаюына айтарлықтай қолдау көрсетіп, адал еңбектерімен еленген алдыңғы толқын ағаларға құрмет көрсету.