МҰСАЖАНОВ Еркін

Мұсажанов Еркін.jpg

МҰСАЖАНОВ Еркін,

ғалым, программист

«АҚШЫҢ» ЖАҢАЛЫҚПЕН БІРГЕ ӨСТІ

Еркін Мұсажанов 1957 жылы 7 наурызда Семей қаласында туған. 1974 жылы Абай ауданы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы мал шаруашылығы-ветеринарлық институтына түсіп, оны 1979 жылы бітіріп шыққан.

1979-1983 жылдары Абай ауданында зоотехник, комсомол, партия жұмыстарында болып, 1984 жылы Қазақтың қой шаруашылыгы технологиялық ғылыми-зерттеу институтының (КАЗНИТИО) аға ғылыми қызметкері болып қызмет етті. 1989 жылы Новосибирск қаласындағы Ғылыми-зерттеу мал шаруашылық өндірістік технологиялық институтының (СибНИПТИЖ) аспирантурасын бітіріп, 1989 жылы одаққа танымал белгілі ғалым, ешкі өсірудің атасы, ғылым кандидаты Даулетбаев Болат Сайлаубайұлының жетекшілігімен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын өте жақсы қорғап шықты. 1990-шы жылдары Еркін Мұсажанов Барнаул қаласында өткен ВАСХНИЛ академигі Ш.А. Мкртчянның аспиранты Г.Г.Егизарянның, Алматы қаласында өткен ВАСХНИЛ академигі Қ.Ү.Медеубековтың аспиранты Д.М.Нұрмаханбетовтың кандидаттық диссертацияларын қорғау кезінде ресми оппонент болды.

Еркін Мұсажанов ауыл шаруашылығы мамандығынан компьютерлік бағдарлама жасаушыға наурызда 1988 жылы Ташкент қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мектебінде оқуда жүргенде АҚШ-тың «Информатика в жизни США» деген көрмесінде болып бет бұрды. Ондай көрме Одақ бойынша ірі қалалар Москва, Ленинград пен Ташкентте ғана өтті. Содан болашақ осы компьютерде екенін түсініп, 1989 жылы Новосибирск қаласында кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін сонда техника ғылымдарының докторы, жерлесіміз Әбденов Әмірза Жәкенұлы Еркіннің компьютерлік технологияларды меңгеруіне қызығушылығын арттырды. Ә.Ж.Әбденов ұзақ жылдар бойы Новосибирск техникалық университеттің профессоры болып қызмет етті, Мәскеу түбіндегі Обнинскіде Россия космос агенттігінде ғылым жөніндегі директор орынбасары болып қызмет атқарған, кейіннен Польша елінде қызмет етіп Польша профессоры атағына ие болған ғалым. Ә.Ж.Әбденов пен Е.Мұсажанов екеуі Абай ауданы басшыларының (Х.М.Матаев, Қ.Қ.Қонысбеков) қолдауымен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына компьютер (IBM 386) апарды. Бұл Абай өңіріне алғаш рет 1990 жылы компьютердің әкелуі болды деп айту артық болмас.

Абай аудандық ауыл шаруашылық басқармасы ақша бөліп, осы мекеме қызметкері Рахымжанов Ғабит, орта мектеп информатика мұғалімі Кәкітаев Ардақ және КазНИТИО аға ғылыми қызметкері Еркін Мұсажанов үшеуін Новосибирск техникалық университетіне компьютерлік мамандыққа оқытты. Компьютерді іске қосуда Еркінге көп еңбектенуге тура келді. Ол СУБД (система управления базами данных) FoxPro компьютерлік бағдарламасын меңгеріп, Құндызды ауылы (директоры Меллат Дүйсенбаев) басқармасының бухгалтериясында 1100 адамның еңбек ақысын есептеу программасын құрастырып шықты. Ол уақытта салық жүйесі тұрақталмаған, жиі өзгеріп тұрғандықтан программаға жиі жаңартулар керек ететін. Осыған байланысты Еркін Москваның 1С фирмасымен, оның басшысы Борис Нуралиевпен байланыс орнатып, 1991 жылдардың басынан бастап Новосибирск мемлекеттік техникалық институтында Информатиканың жаңа жүйесі, «1С Бухгалтерия», «1С Предприятие», «1С Зарплата» бағдарламалары бойынша білім алып, мамандық меңгерген. Олар Е.Мұсажановқа 1992 жылы «Официальный партнер фирмы 1С» деген сертификатымен қоса «Авторизованный учебный центр фирмы «1С» (г.Москва)» деген статус беріп, оны жиі семинарларынан қалтырмады. Кейінде осы программалардың көбін Семейде енгізіп жүрді. Бұл осы компьютерлік бағдарламалардың Кеңес дәуірінен кейінгі замандағы тұңғыш рет дамыған кезі еді.

1994-2008 жылдары «Семей базары» ЖШС бухгалтерлік бағдарламалар жасаушысы болып еңбек еткен. Серіктестік басшысы Марат Серікжанұлы Құрманбайдың ұсынысымен компьютерлерді пайдалану алғаш басталған болатын. Осы жылдары Е.Мұсажанов серіктестік бухгалтериясына (бас есепшісі Садықова Л.Қ., кейіннен Рамазанова Л.К.) компьютерлер орнатып, жаңа заман талабына сай бухгалтерлік бағдарламалар енгізді. Ол кезде бухгалтерлер еңбекақы есептеуді үлгермей, тіпті жұмыстан тыс уақытта қағаздарды үйге алып жұмыс істеген екен. Компьютерлік бағдарлама енгізіліп, іске қосқаннан кейін секундына миллиондаған операция жасайтын компьютер уақытты үнемдеп, көп жеңілдіктер әкелді. Одан кейін Еркін бухгалтерия мен кассаның (бас кассир Гүләйм Қайроллақызы) арасына компьютерлік жүйе құрып, оның жұмысын да барынша оңайлатты. Сауда орталығы ішіндегі ақпарат алмасу жұмыстары да компьютердің көмегімен атқарылатын болып, хатшы-референт жұмысын атқарған Әбдіхалықова Қарлығаш Дүйсенқызы да барлық ынтасымен оны меңгеріп кетті.

Осы уақыттардың ішінде Марат Серікжанұлы басқада қала өміріндегі компьютерге байланысты қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Солардың бір топтамасы мыналар еді: 1995 жылы Абай атамыздың 150 жылдығына байланысты республикалық деңгейде өткізілген той кезінде облыс әкімшілігінің нұсқауымен Еркін Мұсажанов ат бәйгесіне арналған Семей өңірінде тұңғыш рет тотализатор ұйымдастырып, оған бәс қойғандар мен сәйгүліктердің есебін компьютер арқылы жүргізді. Бұл туралы «Абай тойы» атты «Атамұра» баспасында 1996 жылы шыққан кітапта жазылған (68 бет).

1996 жылы қаламызда шаһар атқамінерлерінің басқаруымен «СЭР-96» (Семипалатинские экономические реформы) деп аталатын Қазақстанның әр облыс басшылары қатысқан республикалық семинар өтті. Онда облыс әкімі баяндама тезистері жаңа компьютерлік технологиялар арқылы көрсетілу үшін проектор алғызды. Еркін Мұсажанов «Sharp» проекторын Москва қаласындағы «Activision» фирмасынан Семейге әкеліп, сол республикалық семинарда облыс басшысының баяндама тезистерін слайд түрінде компьютер арқылы проектормен үлкен экраннан көрсетті. Семинарға 2 күн қалғанда облыс әкімі слайдтармен жұмыс жасауды тексеруге және өзі дайындалуын өткізді. Дайындықтың соңында баяндама мен слайдтарды талқыға көшкен әкім бірінші слайдта Семей қаласының көне гербі жоғарғы жағында патша заманының тәжі бейнеленген, оны алып тастауға бола ма, қалай ? — деп сұрады. Бір минуттай тып-тыныш уақыт орнап, ешкім үндемеді, бірақ әкім қанша уақыт болсада тосатындай қарап тұр. Сонда мен орнымнан тұрып болады деген жауапты қалай айтқаныма әлі күнге таң қалам — деп еске алады Еркін. Облыс әкімінің орынбасары Мұхамедқали Оспановтың да облыстың экономикалық анализдерін цифр мен графика түрінде көрсетті. Ол кезде Power Point компьютерлік бағдарлама арқылы слайдтарды көрсету жаңа шығып келе жатқан кез болатын. Бұл да Қазақстанға, оның ішінде Семей қаласына тұңғыш рет проектор еңгізіліп қолданған уақыт болатын деп айтуға болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірінші болып Марат Серікжанұлы меценаттық жұмысының бірі ретінде өзі оқыған Семей қаласындағы №5 орта мектепке бір компьютерлік сыныпты толығымен сыйлыққа берген болатын. Сол компьютерлерді орнатуға, оларды бір бірімен байланыстыруға (сеть), бағдарламалар енгізуге қазіргі «Ақшың» корпорациясы ұжымы тағы да Еркін Мұсажановқа сенім арттырды.

Марат Серікжанұлы мен Айсұлу Ақанқызы жаңалыққа жаны үйір адамдар. Сауда орындарының ішінде жарнама болу керек деп, жиырмадай теледидар жүйесін құрғызды. Интернетте «Ақшың» корпорациясының www.akshyn25.kz сайтын ашқызды. Қазіргі уақытта сайт үнемі жаңартылып, өзгертіліп, уақыт талабына сай жұмыс жасап тұр.

Еркін Мұсажанов осы жұмыстардың басы қасында болғанын мақтаныш етіп, «Ақшың» корпорациясы алда үлкен табыстарға жетіп, биіктен көрінуіне тілектестігін білдіреді.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ