ҚАЛИЕВА Айман Жұмағалиқызы

SCAN_20181214_130509078_009.jpg

ҚАЛИЕВА Айман Жұмағалиқызы,

зейнеткер

Айман Жұмағалиқызы 1952 жылы 1 желтоқсанда Көкпекті ауданы Оян-бірлік (қазіргі Шұғылбай) ауылында дүниеге келген. Үлгілі малшы ауылындағы орта мектепте оқыды.

Семейдегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институт пен аң терісі-мех техникумын тәмамдаған.

Еңбек жолын Шұғылбай ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастады. Семейге көшіп келгеннен кейін осындағы жүнді алғашқы өңдеу фабрикасында (ПОШ) қарапайым жұмысшы, бригадир, шебер болып, сүбелі еңбек етті.

1998-2012 жылдар аралағында «Семей базары» ЖШС бақылаушы (контролер) болып жұмыс істеді.

Жолдасы Қалиев Құрман – спорт саласының ардагері. Қызы Айжан – дәрігер. Немерелері Еркебұлан – қаржыгер, Адия 3 жаста. Айсұлтан есімді шөбересі бар.

ТАБИҒАТЫ — ТАЗА, ТАНЫМЫ – ТЕРЕҢ АЗАМАТ

Қолдарыңыздағы кітапты парақтай отырып, «Семей базарында» әр жылдары еңбек етіп, серіктестіктің бүгінде алып сауда орталығына айналуына өзіндік үлес қосқан адамдар туралы азды-көпті ақпарат алып, ол кісімен жақын танысқандай боласыздар. Сол бір аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары базарға келіп, қайнаған сауда үрдісіне кіріп кеткендердің бірі – Айман Жұмағалиқызы. Бұған дейін де талай салада еңбек етіп, ұжымдағы береке-бірлікті жоғары бағалайтын кейіпкеріміз серіктестікке келгенде өзін жақсы жағынан көрсете білді деп айтуға толық негіз бар. Іскер, алғыр әрі ұқыпты. Соның арқасында өзіне жүктелген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, ортадағы беделін асқақтата білді.

Төрт мезгілдің мың құбылған ауа райына қарамастан бақылаушы ретінде ештеңеден тайсалмады. Бұған қоса, шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы болуды әсте естен шығарған емес. Бәріне де үлгереді. Сондықтан болар, бүгінде еңбектің зейнетін көріп, көпке үлгілі жанұялардың біріне айналды. Немере-шөбере сүйген асыл әже. Аяулы жар, асыл ана, кешегі жауапты маман. Қалай айтсаңыз да жарасып тұр.

— Ширек ғасырдағы мол жетістік алғашқы қаланған іргетасқа байланысты, — дейді зейнеткер, — білгір басшы мен бизнеске келген азаматтардың іскерлігі тағы бар. Корпорацияның ширек ғасырлық мерейтойы аясында оның президенті Марат Серікжанұлы туралы бір ауыз сөз айту жарасымды. Қандай қиындық пен өкініштер болса да, ол бізді әрқашан қолдаумен болды, — дейді Айман Қалиева.

Кезінде еңбек жолында айтарлықтай табысқа жеткен апамыздың жақсы мінездері көп-ақ. Әсіресе, сыпайы, мәдениетті, жауапкершілігі мол. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын балаларына бере білгені, немерелердің сүйікті апасы, жарына адал тірек және жұмысына адал жан болуы оның мерейін одан әрі асырып отырды. Ілтипаттылығы да көрер көзге көрініп-ақ тұрады.

— Тәуелсіздіктің елең-алаңында, өтпелі кезең мен нарық қыспағында қысылып қалмай, бой алдырмай, ашық алаңға шыққан «Ақшың» корпорациясы бүгінде биікті бағындырған беделді сауда орнына айналды. Осыған іштей қуанамын, — дейді зейнеткер. Онысы рас. Он үш жыл еңбек еткен ұжымның көз алдыңда өркендеп, дами түскенін өз жетістігіндей көретіндігін мен де байқап отырдым.

– Марат Серікжанұлының адамгершілігі мен жанашырлығына қатысты мына бір оқиғаны айтпай кеткен тағы болмас, — дейді Айман Жұмағалиқызы менімен телефон арқылы тілдескен сәтінде, — жолдасым қатты науқастанып қалған еді. Дереу Алматыда операция жасау керек болды. Қысылған кезде қолұшын берген осы Марат бауырым болатын. Дереу арада қаржылай көмек көрсетіп, отаны да жасадық. Нәтижесінде жолдасым аяғынан тұрып, сауығып кетті.

«…Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды!..» деген өлең жолдарындағы секілді, өмірде кейбір жандардың осындай өр тұлғасы мен биік әрі асқақ рухын байқамай да жүреміз. Расында, жаны ізгілікке толы адамдар көркем мінезімен, көрнекті ісімен көпшіліктің көңілінен өшпестей орын алады. Марат бауырым да осындай мақтауға лайықты азамат. Табиғатының тазалығымен, танымының тереңдігімен, азаматтық тұлғасының биіктігімен бағаланып, қоластындағы ұжым, ағайын-туыс, дос-жаранға деген даладай дархан пейілімен дараланып тұрады. Барға қанағат, жоққа сабырлық қылып, айналасын жау, өмірін түнек көрмей, қолы жеткен несібесін Алланың рахымы, балаларымның ризығы деп қабылдайтын жайсаң жан. Дабырлап жеткен атақтан, қымсына келген сыйластықты көңіл төріне шығаратын азамат. Міне, өзі басқарып отырған корпорацияның 25 жылдығында осындай ойларымды ортаға салып, жақсы азаматтың жақсылығын айтқым келді, — дейді Айман апамыз.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ