ӘБДІХАЛЫҚОВА Қарлығаш,
зейнеткер
Қарлығаш Әбдіхалықова 1956 жылдың 29 ақпанында Семей қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Н. Крупская атындағы Семей педагогикалық интситутын тәмамдаған. Аталған жоғары оқу орында 20 жылдай еңбек етті. «Семей базары» ЖШС 1996 жылы келген. Корпорацияда 19 жыл хатшы-референт болып еңбек етіп, зейнеткірлікке шыққан.
ЕҢБЕК ЕТКЕН ЖЫЛДАРДЫ САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛАМЫН
— Өткен күндерге біраз көз жүгіртіп көрейік, еңбек жолыңыз қалай басталды? Елімізде сол кезде дүркіріп тұрған, белді оқу орындардың бірі Н. Крупская атындағы педагогикалық интситуттың түлегісіз, дегенмен үлкен сауда саласына қалай келдіңіз?
— Мен өткен күндерімді ыстық сағынышпен еске аламын. Өзім білім алып, маман атанған педагогикалық институтта 20 жыл еңбек еттім. Ол кезде білім ордасында «Кеңес Одағының коммунистік партиясы мен ғылыми коммунизмнің тарихы» деген кафедра болған, сол жерде аға лаборант болдым. Бүгінгі таңда елімізге елеулі Ғарифолла Есім, Нәубат Қалиев сынды ғалым ағаларымыздың қоластында еңбек еттім.
1996 жылдың жазында қазіргі «Ақшың», сол кездегі «Семей базары» кадр бөліміне маман керек болып, байқау жариялады. Оны қасымдағы әріптестерімнен естідім. Құрбыларымның кеңесімен осында түйіндемемді қалдырып, байқауға қатыстым. Марат Серікжанұлы басқарған байқау өте қиын болды. Арада екі апта өткеннен кейін, маған «Семей базарынан» хабарласып, сыннан өткенімді айтты. Бірақ жұмысқа бір ай сынақ мерзімімен қабылдандым. Байқау комиссиясында серіктестіктің заңгері Насима Төлеуғазықызы Уалиева болған. Ол кісі қатал әрі талабы күшті еді. «Сіз тек қана хатшы емес, сонымен қатар кадрлармен де жұмыс істейсіз. Тиісті бөлімнің де шаруаларын тиянақты атқаруыңыз керек» деп, дөп басып айтты. Не керек, кадр бөліміндегі жұмыстар мен хатшыға жүктелетін міндеттерді қатар атқарып кеттім. Бұл – 1996 жылдың қыркүйегі болатын.
Жаңа жұмыс орнына келгеннен кейін кімде болсын, қорқыныш болады. Ол жауапкершіліктен туындаса керек. Қандай тапсырма болмасын, бірден өзім еңбек еткен педагогикалық институттағы әріптестеріме телефон шалып, іс қағаздарын жүргізу сынды көптеген шаруаларда ақыл-кеңес сұрап отырдым. Олар мені қиындықта тастамай, әрқашан қолдап отырды. Тоқсаныншы жылдары өздеріңіз білесіздер, қазіргідей неше түрлі компьютерлер, ғаламтор деген жоқ. Енді-енді аяққа тұрып келе жатқан кез болатын, соған қарамастан көп ізденіс пен талпыныстың арқасында жүктелген міндеттерді абыроймен орындап жүрдік. Осылайша бір айдан кейін, сынақ мерзімі аяқталып, штатқа қабылдандым.
— Бүгінгі таңда ширек ғасырын атап өтіп жатқан ірі корпорацияның жұмысына алғашқылардың бірі болып араласыпсыз…
— Өзімнің қызметіме тоқталар болсам, әбден жетілген іс қағаздарын жүргізу болған жоқ. Ол кездегі еңбек заңдылықтары да қазіргімен салыстырғанда өзгеше болатын. Бірақ, жылдан жылға барлық қажетті құжаттар жетілдіріліп, біз олармен етене жақын танысып отырдық. Себебі, заң аясында жұмыс істеуіміз керек қой. Серіктестіктің барлық құжаттарын, бұйрықтарды сол заңға сәйкес шығаруға тырыстым. Уақыт өте ұжымға келген тұлғалармен еңбек шарттарын рәсімдей бастадық. Бұл да үлкен жаңалықтардың бірі болды. Әр жұмысшының дербес іс қағаздарын толтыра бастадық. Оларды экологиялық және еңбек демалыстарына жіберуді де заң шеңберіне енгіздік. Қиыншылықсыз болды деп айта алмаймын. Барлығын ауызбіршілік пен басшылықтың кешенді жоспарлары аясында жеңе білдік.
Қалалық, облыстық және республикалық мерзімді басылымдарды жаздыртатынбыз. Марат Серікжанұлының әр жұмыс күні сол газет-журналдарда жарияланған жаңалық-мақалалармен танысып шығумен басталатын. Осы арқылы өңірде, аймақта, ел ішінде болып саяси-әлеуметтік оқиғалармен жіті танысып отыратын.
— Марат Серікжанұлының қоластында 19 жыл еңбек етіпсіз. Аз уақыт емес. Басшы ретінде, немесе азамат ретінде қандай қасиеттері есіңізде қалды?
— Өте қарапайым адам. Бірақ сол қарапайымдылығына қарамастан жұмыста талапшыл болды. Және әділетті талапшыл. Қайырымды азамат. Марат Серікжанұлы көп жандарға көмек қолын созып, қаржылай қолдау көрсеткен адам ғой. Мына бір оқиға менің есімде қалыпты. Бір күні қабылдау бөлмесіне бір әйел адам келді. Медицина университетінің 5 курсында оқитын қызының аяқ асты көзі көрмей, ауыр дертке шалдыққан екен. Қант диабетімен ауыратын бала ауруын асқындырып алыпты. Басқа да себептер болса керек, нәтижесінде осындай қиыншылыққа тап болған. Өкінішке орай, есімі есімде жоқ. Ана байғұс баласын емдетем деп, көмек сұрай келген екен. Сол кезде Марат Серікжанұлы қыздың ем-домына қаржылай көмек көрсетті. Артынан қыздың өзі Алматыдан телефон шалып, «ота жасаттым» деп хабарласқан болатын. Жүрекжарды ризашылығын білдірді.
Мен жұмыс істеп жүрген кезде сал ауруына шалдыққан бірнеше балаға да жәрдемдесті. Артынан ата-аналары Марат ағаға рахметтерін айтып, газеттерге жариялап жүрді. Бірақ, сол жасаған жақсылықтарын Марат Серікжанұлы ешкімге мақтанып айтпайтын, тіпті оларды ұмытып та қалатын. Газеттердегі алғыстарын оқығанда, есіне түсіріп, айтып беретінбіз.
Өмірдің мәні де, нәрі де еңбек. Тер төгіп, биіктерге ұмтылған Марат Серікжанұлы адамгершілік, сыйластық, жанашырлық, қамқорлық дегенді әсте естен шығармаған басшы. Кез келген адамның қолынан оңайлықпен келе бермейтін талай игі істердің басын қайырды. Әлі де сол тұғырдан көрініп жүр. Адам өз ғұмырындағы жағымды істерімен ғана көпшілітің жүрегінен орын алатыны белгілі. Марат Құрманбай сондай ерекше жаратылыстағы адамдардың қатарынан ойып тұрып орын алады.
— Ұжым – отбасы секілді ғой. Қиыншылықта да, қуанышта да бірге болып, береке-бірліктің озық үлгісін көрсеткенге не жетсін! Түрлі мерекелік шараларды қалай өткізуші едіңіздер?
— Ондай шараларды сағынышпен еске аламыз. Жаңа жыл, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күнін, Наурызды және тағы басқа толып жатқан айтулы күндерді ерекше атап өтетінбіз. Бөлім-бөлім болып, арнайы бағдарлама жасап, байқаулар ұйымдастыратынбыз. Ән айтып, би билеп, әркім өнерлерін паш ететін. Кез келген мерекені қызықты өткізетінбіз. Табиғат аясына да жиі шығып тұратынбыз. Осының барлығы – ұжымдағы ынтымақтың көрінісі. Басшылықтың шебер ұйымдастырушылығы мен қамқорлығы деп білу керек. Және де мұндай басқосулар ұжымның береке-бірлігін арттырады. Ал татулық – тұрақтылықтың тұғыры екенін жақсы білесіз.
Жұмыста да, түрлі шараларда да ауызбіршілігіміз мықты болды. Сол күндер қайта келсе деп те армандайсың. Ұжымдағы барлық әріптестерімді сағынамын. Ешкімді бөліп-жармаймын. Дегенмен, бас есепші Ольга Николаевна Борисова, ветеринарлық-санитарлық зертхананың бас есепшісі Гүлжауһар Малигождарқызы Кәрібаева, заңгер Насима Төлеуғазықызы Уәлиева, Шолпан Салықбаева, Рыскен Тлеубердинова, Құрман Ақанұлы, Сембек Алдашұлы сынды азамттармен жұмыс істегенімді мақтанышпен айта аламын.
Марат Серікжанұлы еңбек демалысына немесе іссапарлармен алыс жолға шыққанда ұжым қаңырап қалғандай болып тұратын. Міне, осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Бір айта кетерлігі, ұжымның ынтымағы арқасында жұмыстан кетушілер бізде болған жоқ. Қандай да бір жағдаймен бір адам жұмыстан кететін болса, Марат Серікжанұлы қатты уайымдайтын. «Әр адамның артында оның отбасы, жары, балалары тұр. Ертең жағдайы қалай болады?» деп алаңдап қалатын. Міне, қалтасының қалыңдығын емес, халқының қамын ойлаған азамат деген осы.
— Әңгімемізді жеке отбасыңызға қарай бұрсақ…
— Жолдасым Ақылбай Әбдіхалықов осы «Ақшыңда» еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Бір ұлымыз бар. Есімі – Нұрлан. Еңбек жолын осында бастады, осы жерде шаңырақ көтерді, қазір әскери полицияда қызмет етеді. Екі немереміз бар. Үлкеніміз Алуа елордамыз Астанада, медицина университетінің 2 курс студенті. Кішкентай немереміз Нұрболат қаладағы №6 гимназияда 6 сыныпта оқып жүр.
— Үйдегі немерелердің әжесі қандай?
— Адам өмірінің мәні, көз қуанышы бала ғой. «Немере баладан тәтті» демекші, қазір шаңырағымыздың серкесі де, еркесі де қос немереміз. Солардың қызығын қызықтап, жетістіктеріне атасы екеуіміз қуанып отырамыз. Ең бірінші немерелеріме «өтірік айтпаңдар» деп отырамын. Ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу — негізгі қағидамыз. Одан кейін, кітап көп оқуға баулыдым. Әкем мені осылай тәрбиелеген. Қазір қоғам басқа. Технологияның дамыған заманы. Балалардың көбі кітаптан қол үзіп қалды, жасырары жоқ. Бос уақыттарының көбін ғаламторда өткізеді. Онда не қарап отырғандығы, не оқып отырғандығы, не тәлім-тәрбие алып жатқандығы беймәлім. Біз бала кезімізде, бертін келе жас кезімізде кітапханадан шықпайтынбыз. Қызықты туындыларды іздеп жүріп оқитынбыз. Ал қазір, жағдай мүлде басқаша. Сондықтан, немерелерімнің кітап оқуын қатты қадағалаймын.
Ұл ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мәдениет күшейеді – өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді — оқумен» деген сөзі бар. Кітап – мәдениет пен өркениет айғағы, адамзаттың ақылшысы, адамдық айнасы.
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге»…
— дейді хәкім Абай. Демек, ұлы ақынның айтқаны қай заманда болмасын рухани жетілуідің мінсіз мүмкіндігі екенін естен шығармауымыз керек. Осыны бала тәрбиесінде мен де қаперімде ұстап жүремін.
— Өзіңіз талай жыл еңбек еткен сауда орталығының болашағын қалай елестетесіз?
— «Ақшың» — аймақтағы ең үздік сауда орталықтарының бірі. Осы жетістігі жыл сайын еселене берсе екен деп тілеймін. Талай қиыншылықтарды бағындырып, асулардан асқан сауда орталығы өзінің нарықтағы орнын белгілеп алды. Ол – шындық. Демек, әлі талай халық игілігі жолында өркендеп, дами береді деген ойдамын. Лайым солай болсын!