КЕНЕМОЛДИН Мұратбек Мүфтиұлы,
Қазақстан Республикасының «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері
ІЗГІ ЖҮРЕКТІ ҚАЙЫРЫМДЫ АЗАМАТ
Әлі есімде, қасиетті Абыралы жеріне барған бір журналистік сапарымда есімі елімізге белгілі бизнесмен әрі меценат, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбай мырза мені сол өңірдің тумасы, еңбек ардагері Жеңісбек Әміржановпен сырттай болса да жақынырақ таныстырып, « Жекен ағамыздың өмірі мен оның аңшылық өнері бір кітапқа жүк боларлық үлкен ұлағатты іс» деген еді.
Бұл жаз айының шіліңгір ыстық кезі болатын. Сол жолы біздер, шәкәрімтанушы ғалым, энциклопедист Тұрдығұл Шаңбай сынды тағы басқа бірнеше азаматтар Абыралы өңірінің Көкшетау деген жеріндегі Марат Серікжанұлының атажұртын аралап, мұндағы арғы үлкен атасы Құрманбайдың қабірі басына тас ескерткіш орнату және ас беру рәсімдеріне қатысқан едік.
Алайда Жекен ағамен күні бойы бірге жүрсек те, көсіліп бір әңгімелесудің жөні келмеді. Содан қалаға кері қайтарда Марат Серікжанұлының назарын өзіме аударып: «Уақыт тығыз болған соң ба, Жекен ағамен арадағы әңгімеге ауыз жарымады. Ал оның аңшылық өнерін алдағы қыстағы қансонарда көретін шығармыз» деген болатынмын…
Уақыт шіркін арада жаз бен күз айларын артқа салып, зымырап өтіп жатты. Көп ұзамай сар даланы ақ көрпеге орап, қаһарлы қыс та келіп түсті. Бір күні қалта телефоным шыр етіп, қарай қалсам Марат Серікжанұлы екен. Ол маған: «Ал, қане Абыралығы жолға, қансонарға жинал. Бізді ауылда Жекен аға асыға күтіп отыр», — деді. Ертеңгісін «Қайнар, қайдасың?» деп тартып кеттік.
Семейден суыт шығып, кешкісін ат басын тіреген жеріміз Дегелеңнің маңындағы «Омар» қыстауы болды.
Дегелең, сол баяғы ядролық жарылыстардан тәніне жазылмастай жарақат түскен Алып тау. Осындайда Абыралы елінің тумасы, көрнекті ақын, әдебиетші-ғалым Бауыржан Жақыптың:
Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес Алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты, —
деген жыр шумақтары тіл ұшына оралады. Атом аждаһасы үнінің өшкеніне де, енді биыл тура жиырма жыл толып отыр. Жергілікті халық соңғы жылдары ауылға қарлығаштың қайтып оралып, ұя сала бастағанын айтады. Бір кезде жоғалып кеткен текті құстың келуін өздерінше жақсылыққа балап жориды. Бізді бұл қыстақта Мұқаш Несіпбеков деген кәсіпкер азамат күтіп алды. Кешеден бері ат-көлігін, қару-жарағын сақадай сайлаған аңшы Жекең де осында екен.
Дегелең атырабының «Омар» қыстағын емін-еркін жайлаған Мұқашымыз қорасынан отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйірлі жылқы өргізген ірі шаруа қожалығының иесі болып шықты. Ақкөңіл, қонақжай мінезі нар тұлғасынан айтпай-ақ сезіліп тұр. Таяуда тұңғыш немерелі болғанын, өзі жас нәрестенің есімін ырымдап Дінмұхамед Қонаевтай болсын деп Дінмұхамед қойғанын бізден жасырып қала алмады. Осы сәт қасымдағы жігіт: «кеше ғана Семейден әнші Тұрсынғазы Рахимов бар, үш жігіт арнайы құттықтап келіп қайтты. Сүйіншілері де жаман болмады өздерінің…» дейді құлағыма сыбырлап.
Сөйтсек, бұл Мұқаңның әлгі үш жігітке сүйіншіге үш жылқыны алып ұрып сойып беріп, Семейге шығарып салып отырған беті екен. Бір қонақты жаңа ғана аттандырып, келесі бір қонақты құшақ жая қарсы алып жатқан әй, кеңпейіл қазағым-ай деймін іштей. Кейінде қалада Тұрсынғазы ағамызға кездесіп қалып: «Абыралыдан әкелген соғымың шүйгінді болсын!», — дедім қалжыңдап. «Ә, сол жолы алыстан қонақтар келеді деп отыр еді. Сендер екенсіңдер ғой… Мұқаштай ер көңілді азаматқа кім жетсін! Жалпы, Абыралы елі азаматтарының бәрі сондай», — деп мынадай бір ойдың ұшығын аңғартқан-тын…
Орайы келгенде айта кетейік, Марат Серікжанұлы Құрманбай да «Малым жанымның, ал жаным арымның садағасы» дейтін абзал азаматтың бірі. Семей қалалық мәслихатының депутаты ретінде ел өміріндегі қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, қайырымдылық шараларына белсене араласып, игілікті істердің ұдайы жанашыры болып келеді. Бүгінде оның басқаруындағы «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры ядролық жарылыстардан зардап шеккендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда көптеген жұмыстар атқарып, Қайнар ауылында Семей атом полигоны сынағының құрбандары мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арнап алып ескерткіш монументтер аллеясын ашқан болатын. Сондай-ақ, мұнда 2013 жылы ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келген Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына байланысты да «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» деп аталатын әдемі мәрмәр таспен безендірілген биік енселі тақтатас орнатылды. Жалпы, «Ақшың» корпорациясының республикалық, облыстық және аудандық, ауылдық деңгейдегі қайырымдылық шараларына үзбей қатысып жататыны жеке өз алдына, соған қоса Семей қаласы мектептері мен университет, институт, колледждері ұжымдарына да материалдық-қаржылай жағынан көмегін ешқашан аянып қалған емес. Атап айтсақ, әйгілі меценат Марат Серікжанұлы Құрманбай 2008 жылы қазақтың ғұлама ақыны, философы Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шәкәрімтану мәселелері» атты алты томдық тұңғыш ғылыми жинақтың және осыған қоса көптеген семейлік ақын-жазушылардың әдеби шығармаларының, соның ішінде республикаға танымал журналист-жазушы Дәулет Сейсенұлының Семей атом полигоны туралы кітабының жарыққа шығуына тікелей қаржылай көмегін көрсеткен еді. Мұның бәрі елім деген Марат Серікжанұлы сынды ізгі жүректі, зиялы азаматтың қайырымдылық көмегінің жарқын дәлелі екені сөзсіз.
Жә, жоғарыдағы аңшылық туралы әңгімеге қайтып оралайық… Бұрыннан қалыптасқан дәстүр болуы керек, бұл жолы да бізді әдеттегідей аңға бастап апарушы Жекен ағаның өзі болды. Қоңыр уазигіне мені және туған немересі Мейрамбекті, сондай-ақ Семейдегі бір құрылыс компаниясының бастығы Абылай атты азаматты отырғызып алған. Жекеннің ізін ала келе жатқан Марат Серікжанұлының «УАЗ» автомашинасы, оның рулінде Манат бауырымыз. Бұл машинаға Мәкеңнің Мұрат, Қалкеш сынды бірге оқыған сыныптас достары жайғасқан. Одан кейінгі үшінші болып аңға шыққан Қуаныш Маратұлы Құрманбайдың уазигі. Оған Қайнар ауылындағы Жекеннің немере інісі Жомарт пен аңшы шәкірті Бағдат есімді жігіттер мінгескен. Бәрінің соңын алып бағанағы айтқан Мұқаш ағамыздың уазигі келеді.
Біздер із қуалап Ақбұлаққа жеткенде таң алдындағы алакеуім қараңғылықтың көбесі біртіндеп сөгіле бастаған. Алдымызда анадайдан Ақшоқы тауы мұнартып көрінеді. Бір кезде оның қойны-қоншы «Қайнар» кеңшарының мыңғырған малына толы болыпты. Осы Қайнардан Абыралы қайта аудан болып құрылғанда, «Абыралы», «Ақбұлақ», С.Бегалин атындағы кеңшарлар жеке өз алдына енші алып бөлініп шығыпты.
— Анада Ақшоқының бауырындағы Қарашілік фермасының маңында, арасында арланы мен қаншығы, биылғы күшік-бөлтіріктері бар, бір топ қасқырдың ізіне түскен едік. Қатты қарлы жел борап айырылып қалдық. Арлан қасқыр артқы аяғын сылтып басады екен. Қазір сонда барамыз, — дейді аңшы Жекен.
Түс ауа әлгі топ қасқырдың ізін тауып соңына түстік. Қуғыншының қарасын көрісімен-ақ бәрі быт-шыт болып, жан-жаққа жанұшыра қашты. Әсіресе, арланның екпіні бейнебір дауыл соқтырып, қар ұшырғандай ерекше. Бастапқыда еркегі мен аналығы бөлтіріктерін тастап, анадайда қарауытқан тауды бетке алып бірге көсіліп еді. Бірақ та құтылмасын сезгесін, екіге бөлініп кеткен. Желдей жүйткіген уазиктер де тақымдап еркіне қойсын ба?
Ақшоқының маңында кешке қарай алты қасқыр түгелдей аңшылардың табаны астында жайрап жатты.
Ертеде Жетісу өңірінде жалайыр Шора деген атақты құсбегі аңшы болыпты. Қыран бүркітпен аң-құс аулап күн көріпті. Бір кереметі, сол жалайыр Шора аспанда ұшып жүрген бүркітке бір қарап-ақ бірден оның жүректі алғырлығын, жас мөлшерін дәл анықтап беретін көрінеді. Ел аузында жалайыр Шораның осындай керемет аңшылығы жайында: «Аң-құс біткен аспанда ұшсақ қыран бүркіт салып, жерде жүгірсек қақпан, тұзақ құрып түгімізді қоймады. Енді қайттік деп жылайды екен» деген әңгіме айтылады.
Сол сияқты аңшы Жекең де қалың малдың шиырына түскен қасқырдың еркегі мен ұрғашысы, бөлтіріктері болсын іздеріне бір-ақ рет қарап, әрқайсысын айнақатесіз ажыратады. Және де сол қасқырлардың қайдан келіп, қалай қарай бет алып бара жатқандарына шейін тәтпіштеп баяндап береді. Қысқасы, Жекеңнің қырына бір іліккен қасқыр деген азулы жыртқышың ешқайда қашып құтылмайды.
Аңшы Жекен: «Әдетте қасқыр жұмсақ қалың қарға түспейді. Із жасыру үшін қатқақ қармен, қарайған жерлермен қашады. Өткен қыста Қайнардың Қоңырат деген қыстағы айналасында малға маза бермей бір дөкей қасқыр жүргенін естідім. Содан ізіне түсіп, машинамен қуып бердім. Өзі сондай жүйрік болар ма, шіркін, жеткізер емес. Биік тау басына қашып шығып кетті. Мен де іле-шала бір бүйірден тауға шықтым. Моторды сөндіре салып байқасам, әлгі көкжал биіктен етекке қарап шоқиып отыр. Бір оқ шығарып, атып алдым. Жалпы, ұялы қасқырды қуып жетіп қалғанда, олар жан-жаққа тарыдай бытырап қашады. Бірақ бәрі артынан қосылып, сап түзеп алға тартады. Бұл да қасқырдың жан сақтап құтылу үшін жасайтын бір айласы», — деп айтады.
Түз тағысы қасқырдың да оңайлықпен жан бермейтіні, соған қарай неше түрлі айла-амал жасайтыны түсінікті. Ізінен қалмай, өкшелей қуып келе жатқандарды тәжірибесіз болса, лезде адастырып жібереді. Тіпті, машинаның гүрілінен де ешқандай қымсынып қорықпайды. Мидай жазық далада бір түп қарғанды немесе шиді пана қылып жата қалады. Күндіз бой көрсетпей көбіне биік таудан басбағып қарауылдайды екен.
Оған Жекен ағамен аңшылықта бірге жүрген күндері біздердің, яғни Марат Серікжанұлы бастаған аңшылық топтың сан мәрте көзі жетті.
Үш көкжалды, тағы бірде Таңбайдың шілігіне қуып әкеп қамадық. Тау аңғарына ұйыса өскен қалың тал-бұтаның аумағы әжептәуір үлкен екен. Келген бойда Жекен аға жігіттерге: «Бұл қасқырлар мұнда кідірместен анау қыратқа қарай тура тартады. Алдын орап, сол жақтан күтейік», — деп асығыс тапсырма беріп жатыр. Кәнігі аңшының айтқаны айдай келді. Көп кешікпей мылтықтардың гүрсілдеген дауысы шығып, үш қасқырды қанжығаға байландық. Осы бір аптадай уақыт ішінде Жекен ағамен жақын танысып, оның өткен өмір жолы туралы әңгімесіне де, керемет аңшылық өнеріне де біршама қанықтым. Аңшылық демекші, сол жолы он беске жуық қасқыр атып алған едік…
Бүгінде сол бір кеңес өкіметі кезінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған механизаторлық ерен еңбегімен де әрі республикалық, облыстық спорт сайыстарында құралайды көзге атқан мергендігі, әйгілі аңшылығымен де Абыралы елінің абыройын әрдайым аспандатып көтере білген Жеңісбек Әміржанов ағамыз арамызда жоқ, бақилық болып кеткен…
Бірақ та, осылайша барша қазаққа белгілі меценат Марат Серікжанұлындай абзал інісінің көмегі арқасында «Аңшы Жекен» атты кітап жазылып қалған еді…
Қасиетті Құран-кәрімде: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі, 39-аят) – деп жазылған. Қайырымдылық – қадірлі іс, ізгіліктің көрінісі. Әрине, бұл тек үлкенге адал іні, кішіге қамқор аға бола білген Мараттай мәрт, ізгі жүректі азаматтың ғана қолынан келетін қайырымдылық іс деп білемін.