МУРУМБАЕВ Азат Серікұлы

МУРУМБАЕВ Азат Серікұлы,

«Ақшың» корпорациясы ет бөлімінің бақылаушысы

BAG_5140.JPG

Азат Серікұлы 1973 жылы 8 сәуірде Семей қаласында дүниеге келген.

1980-1987 жылдары Аягөз ауданы Мыңбұлақ орта мектебінде, 1987-1990 жылдар аралығында Бесқарағай ауданы Долон орта мектебінде оқыды.

1991-1993 жылдары Түркіменстан мен Қазақстандағы Қапшағайда азаматтық борышын өтеді.

Семейдегі қаржы-экономикалық колледжі мен Қаржы институтын «Кеден қызметі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1997 жылдан бері «Семей базарында» қауіпсіздік қызметінде, күзет қызметінде және көлік жүргізуші болып жұмыс істеді. 2014 жылдан серіктестіктің ет бөлімінде бақылаушы.

Жұбайы Гүлмира Суюндукова – тәрбиеші. Үш баласы бар. Үлкен қызы Әдемі – мұғалім. Арай Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ІІІ курс студенті. Болашақ заңгер. Ұлы Ерзат №28 мектептің 11-сынып оқушысы.

«ОТЫЗДА ОРДА БҰЗБАҒАН, ҚЫРЫҚТА ҚАМАЛ АЛМАЙДЫ»

Өткен күндерге көз жүгіртсек, неден басталды бәрі? Сүреңсіз сұрғұлт күндер кешкен тоқсаныншы жылдар әркімнің есінде болар. Ой-толғамды осылай бастағанмен, егемендік алған еліміздің ертеңіне бәріміз де зор үмітпен қарадық. Жарқын болашаққа нық сендік… Небәрі 20 жастан жаңа ғана асқан біздер еңбекке араласып, үлкен өмірдің жолына түссек деген арманмен жүрдік.

«Семей базары» серіктестігіне жұмысқа орналасқан кезде мен 24 жаста болатынмын. «Талапты ерге нұр жауар» дегендей, сырықтай бойы бар, аяқ-қолы қарымды өзім секілді жігіттер қауіпсіздік қызметіне қабылданып жатыр екен. Менің де «асығым алшымнан түсіп» жұмысқа кірдім де кеттім. Әскерге барып келгенім тағы бар, ол да бір көмегін тигізген болар деп қалдым.

Білем, көп нәрсеге көзімізді ашқан, бойымыздағы жігерімізді қайраған, өзіміздің қарым-қабілетімізді көрсетуге мүмкіндік берген және тайғақты жолда таймай жүруді үйреткен Марат Серіжанұлы ағамыз болатын. Нардың жүгін көтерген азаматтың бізге деген сенімін ақтауға ерік-жігері тасып тұрған біздер алғашқы күннен-ақ кірісіп кеттік. Сауда болғаннан кейін тәртіп болмай, жұмысты бір арнаға тоғыстыру мүмкін емес. Сондықтан, бірден түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға білек сыбана жұмылдық.

Қазір бір корпорацияда еңбек етіп жүргеніме 21 жыл болыпты. Аз уақыт емес, әрине. Кешегі жап-жас біздер, бүгінде қырықтан асып, елуді алқымдап қалыпсыз. Үйренгеніміз көп. Десек те, әлі де Марат Серікжанұлының сенімін ақтап, әлі талай сүбелі еңбек етсек деген ойымыз бар. Бір жағынан басшы, қамқоршы деп қабылдасақ, бір жағынан туған ағамыздай құрметтейтін жан.

Қазақтың кез-келген жігіті Марат Құрманбай мырзадай болса, ешкімнен кем болмайды деп ойлаймын. Отансүйгіштік, елжандылық пен нағыз патриотизмнің көрінісін осы азаматтың бойынан көруге болады. Өз ісін жетік меңгерген көшбасшы да. Сол тоқсаныншы жылдары қара бұлттай қаптаған қиындықтардың бәріне төтеп беріп, өзінің білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, алыстан ойлайтын білгірлігімен, қара қылды қақ жаратын адалдығымен және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен топ жарды. Жарып қана қоймай, алдыға қойған мақсат-мүддесіне жете білді. Ағаның осындай асыл қасиеттерін ерекше мақтан тұтамын. Бағалаймын да.

Қарап отырсаңыз, кәсіпкерлікті енді бастап, үлкен бизнеске ұмтылған Марат Серікжанұлы тоқсаныншы жылдары 30-дан жаңа асқан, жігері мұхит толқынындай тасыған азматтардың бірі болды. Сол қуат, сол ізденіс пен еңбекке деген құштарлық оның бойында әлі де бар. Не деген шыдамдылық пен төзіміділік десеңізші! «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деген қазақтың сөзі осындайда ойға оралады екен. Бүгінде ағамыз ел-жұртқа сыйлы, адамның өресі мен мәдениетінің, ақыл-парасатының озық үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі. Бұл кешегі маңдай тер мен халыққа деген ықыласқа бүгінгі қоғамның берген бағасы болса керек…

Ширек ғасырдың аясында корпорация төңірегінде емес, басшымыз Марат Серікжанұлы туралы ой қозғағаным әбестік емес шығар деп ойлаймын. Себебі, бұл той, бұл жетістік — ағамыздың қуанышы мен еңбегі. Тау тұлғалы басшымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттер қаймағы бұзылмаған қазақ шаңырағында туып-өскендігінің, тұла бойына ана сүтімен дарыған өз тілі мен салт-дәстүріне деген қызметінің және ұлттың болашағына деген үлкен жауапкершілігінің белгісі болса керек. Ағамызға және бүкіл берекесі артқан ұжымымызға тек игі тілектерді арнағым келеді.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ