КӘРІБАЕВА Гүлжауһар Малигождарқызы

КӘРІБАЕВА Гүлжауһар Малигождарқызы,

«СемейВет» ЖШС бас есепшісі

Адам баласы өмірде бақытты болуды әрі жемісті ғұмыр кешуді армандайды. Табысты жұмыс істесем, балаларымды жеткізсем, олар ештеңеден тарықпаса, аңсаған армандарыма жетсем деп тілейді. Осы үшін әркет жасайды, тірлік қылады. Осындай асыл жандардың бірі Гүлжауһар Малигождарқызы — «Семей базарында» алғашқы жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман. «Ақшыңның» ардагері.

Гүлжауһар Кәрібаева 1960 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1981 жылы шаһардағы қаржы-экономикалық техникумын «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген. 1992 жылға дейін қаладағы бірқатар кәсіпорындарда бас есепші болып еңбек етіп, бір өзіне қажетті мол тәжірибе жинақтайды. Сол жылдың тамызында «Олжа» брокерлік фирмасына жұмысқа тұрып, 1994 жылы қазанда «Семей базары» ЖШС бас есепші болады. 2003 жылдың сәуірінен бері осындағы жеке меншік «СемейВет» ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасында мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып келеді. Тілек, Рахмет есімді ұлдардың анасы.

ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары тек қана Қазақстан емес, бұрынғы одақтас елдердің барлығы үшін қиын кезең болғаны рас. Зауыт-фабрикалар жабылып қалды. Халық арасын жұмыссыздық басты. Сол қиын-қыстау заманда «Семей базары» құрылып, мен де осында жұмысқа келдім. Ол кезде қазіргі замануаи сауда орнында тек ғимараттың қабырғалары ғана тұрған еді. «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, қанша жасқанғанымызбен жұмысқа кірісуге тура келді. Жасырары жоқ, сол кезде бәрімізге қолдау болып, ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырған Марат Серікжанұлы болатын. Тырнақтап жинаған кірісті көк тиынын қалдырмай, құрылысқа жұмсап отырды. Біз өз тарапымыздан барлық бухгалтерлік есеп-қисаптар мен мемлекет алдындағы міндеттерімізді бұлжытпай орындап отыруға тырыстық. Бүгінгі «Ақшың» корпорациясының табысы – Марат Серікжанұлының тәуекелі мен батылдығының нәтижесі, қажырлы еңбектің жемісі деп санаймын.

Әр қазақ баласының ең басты мақсаты – елі үшін қызмет ету, қай сала болмасын сол саланы жоғары деңгейге көтеру, халқына қолынан келгенше қамқорлық жасау. Менің ойымша, Марат Серікжанұлы осының барлығын бірге алып жүр, келісті етіп жүзеге асыра біледі. Жерлестері де іскер азаматтың тілеуін тілеп отырады. Елі сүйген ұлдан үлгі алған ұрпақ та жақсылықта жарысып, ертеңгі күнге жақсы дәстүр қалдырады деп ойлаймын. Той тойға ұлассын, «Ақшың» корпорациясының жарты ғасырлық тойын көруге жазсын дегім келеді.

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ