БАЛУАНҒАЛИЕВ Айдын Жолдыбайұлы,
зейнеткер
Айдын Жолдыбайұлы 1968 жылы 29 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. 1976-1986 жылдары Абай ауданы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектепте оқыған. 1993 жылы Семейдегі Шәкәрім атындағы институттың «Дене шынықтыру және спорт» факультетін тәмамдады. Түрлі салада еңбек етіп, 1995 жылы «Семей базары ЖШС» қауіпсіздік қызметіне жұмысқа орналасқан. 1999 жылдан 2014 жылға дейін қаржы полициясында сүбелі еңбек етті. Қазір зейнеткерлікте.
ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ…
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, «Ақшың» дегенде ең алдымен талай жандардың жанашыры болып, бүгінде ел құрметіне бөленген азамат Марат Серікжанұлы ағамыз ойға оралады. Белді кәсіпкер өз өмірін тек қана бизнес емес, қазақ қоғамына арнаған жан. Осы күнге дейін жасаған жақсылықтарын жаһанға жария қылуды мақсат тұтпайтын Марат ағаның игі істерін біз қалай айтсақ та жарасып тұрады. Себебі, қалтаның қамын күйіттеген заманда ұлттың емес, қара басының қамын ойлаған жандар жетерлік. Ал Марат Серікжанұлының жеке басының емес, Семей, тіпті елі үшін атқарған қызметі ерен.
Мен «Семей базары» серіктестігіне сонау тоқырау жылдары, дәлірек айтсам 1995 жылы келдім. Ол кез мұғалім, дәрігер, инженер сынды мамандар еңбекақысын, қарттар зейнетақысын уақытында ала алмайтын заман болатын. Өз басым сол уақытта осында жұмысқа орналасқаныма басқа да жігіттер секілді қатты қуандым. Неге десеңіздер, өзгелерге қарағанда жалақымызды уақытында алатынбыз. Оның үстіне жұмыс орнымызда барлық жағдай қарастырылған. Қарнымыз тоқ, киіміміз көк. Қауіпсіздік қызметінде 12 жігіт қызмет еттік. Серіктестік басшысы Марат Серікжанұлының мұрындық болуымен жастар және балалар шығармашылығы сарайында аптасына 5 рет спортпен шұғылданамыз. Бассейнде шомыламыз. Мұның барлығы біздің денсаулығымызды қалыпты деңгейде ұстап, қызметте шымыр да батыл болуымызға мүмкіндік туғызды. Қызмет барысында қара костюм, ақ көйлек киетінбіз. Сыртымыздан қараған жанның көзі тоймайтын. Марат ағаның талабы осы еді. Шыны керек, жауапкершілігі мол, әрі қауіпті жұмыс оңайға соқпады. Қолдан келгенше жүктелген міндетті орындап, сауда орнында тәртіп орнатуға кірісіп-ақ кеттік. Нәтиже жаман болмаған секілді. Талай келеңсіздіктерді жойып, олқылықтардың орнын толтырдық. Марат ағаның қамқорлығы арқасында талай жігіттер аяқтарынан тік тұрып кетті. Өзім де іскер азаматтың талай жақсылығына куә болдым.
Әлі есімде, 1997 жыл болатын. Басымда баспанам жоқ. Содан не керек, бір күні жер үй алмақшы болдым. Ұнатқан баспананы сатып алайын десем, ақшам жетпейді. Ары ойланып, бері ойланып, Марат ағаға бардым. Жағдайымды айтып едім, ол кісі көп ойланған жоқ. Бірден жаңағы үйдің жарты ақшасын санап берді. Сөйтіп, өзім армандаған баспанымды алып, бір қатты қуанғанмын. Одан кейін де отбасында қандай қызық-қуаныш болса да тілеулес болып жүрді. Қолымды ешқашан қағып көрген емес. Сондықтан Марат Серікжанұлына ризашылығым шексіз. Алла разы болсын!
«Ақшыңның» ширек ғасырлық мерейтойына біз де өте қуаныштымыз. «Ердің атын еңбек шығарады» демекші, Марат аға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кездескен қиындық атаулыдан қаймыққан жоқ. Қыран құстың қанаты дауылға қарсы ұшқанда қатая, шыңдала түспей ме? Елін сүйген, қаласын сүйген азаматты кездескен кедергілер жасыта алған жоқ, керісінше, жігерлендіре, қайраттандыра түсті деп есептеймін. Дана халқымыз «Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің» деп бекер айтпаған ғой. Еңбек ерлікке жеткізеді, қажырлы іс еш кетпейді. Бүгінгі жетістіктің барлығы сол маңдай тердің жемісі. Марат ағаға, ұжымдағы барлық азаматтарға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ағамыз Айсұлу жеңгеймен қол ұстасып, немерелердің қызығын көрсін! Шөбере сүйсін!
Осындай игі істері мол азаматтың қоластында кезінде еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Жолдасым Мейрамгүл Сайлаубайқызы екеуіміз Айгүл, Сымбат, Назгүл, Айша есімді 3 қыз, 1 ұл сүйдік. Заңғар, Омар есімді немерелеріміз бар. Шүкір дейміз. Марат аға секілді қолы ашық, мейірімді азаматтардан жастар үлгі алса, еліне адал қызмет қылса болашақ жарқын болады деп ойлаймын. Олай болса, 25 жылды артқа тастаған «Ақшың» әлі талай мұзарт биіктерді бағындырады деген үміттемін!