АБДУЛЛИН Асхат Қабдышейітұлы

АБДУЛЛИН Асхат Қабдышейітұлы,

«АҚШЫҢ» корпорациясының бас инженері

BAG_5122.JPG

Асхат Қабдышейітұлы 1962 жылы Аягөз қаласында туған. 1969-1973 жылдар аралығында осы шаһардағы 5 мектепте, 1973-1977 жылдары Көкпекті ауылындағы М.Горький атындағы мектепте және 1977-1979 жылдар аралығында Семей қаласындағы №16 мектепте оқыды. Заманында Семейде дүркіреп тұрған ет және сүт өнімдері өнеркәсібі технологиясы институтының 1985 жылғы түлегі.

Еңбек жолын сол жылы Семей ет-консерві комбинатында цех механигі болып бастады. Әр жылдары малды алғашқы өңдеп-сою зауытында бас механик, бас инженер болды. Аталған өндіріс ошағында бүгінгі «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбаймен бірге еңбек етті.

Ілгерілеудің дұрыс бағыт-бағдарын анықтаған серіктестік ширек ғасырда қарыштап дамыды. Бұл ретте аумақтағы сауда орындары мен ғимараттарға инженерлік инфрақұрылым тарту, ескісін жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Осы бағыттағы жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруды жөнге қойғандар бүгінде өз еңбектерінің зая кетпегенін жақсы біледі. «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болады», — дейді корпорацияның бас инженері Асхат Қабдышейітұлы. Ірі сауда орнында бүгінгі күнге дейін атқарылған инженерлік бағыттағы іс-шаралар көз алдында.

ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ –

САУДА ОРТАЛЫҒЫН ОДАН ӘРІ ДАМЫТУДЫҢ ІРГЕТАСЫ

— Асхат Қабдышейітұлы, шаһарымыздың орталығынан орын тепкен «Ақшың» корпорациясының ғимараттары алыстан көз тартады. Сәулеті жарасқан нысандар мен даладағы сауда орындарының құрылысы, олардың инженерлік инфрақұрылымы өзге емес, сізге жақсы таныс. Электр немесе өртке қарсы жүйе болсын, барлығының да сызбасы көз алдыңызда…

— Мен «Семей базары» серіктестігіне 1997 жылы келдім. Ол кезде қазіргідей 3 қабатты ғимарат жоқ болатын. Бірте-бірте сауда орталығына кіре беріс аймақтан қосымша құрылыс жүргіздік. Естеріңізде болар, автобекет жақта үлкен көкөніс сататын сауда орны болған. Уақыт талабына сай, сол жақтан қосымша 2 қабатты нысан салдық. Осы ғимаратқа жалғастырып. Уақыт өте сауда орындарына сұраныс артқаннан кейін 3-ші қабатты тұрғыздық.

Кез-келген ғимараттардың құрылысын жүргізгенде негізгі талаптар ортақ деуге болады. Ережелердің қандай да бір тармағы орындалмаса, ондай нысан қабылданбайды. Ғимараттың іргетасын қаламас бұрын, топырақ зерттеледі. Жер қыртысы қанша салмақты көтере алады? Міне, алғашқы қадам осыдан басталады. Құрылыс барысында сол талаптардың барлығын орындап келеміз.

Сауда орталығының бас ғимараты 1600 шаршы метр аумақты алып жатыр. Жаңа ғимарат құрылыстарынан бөлек, біз ішкі инфрақұрылымды жаңартуды басты назарда ұстап отырдық. 2006 жылы орталыққа қаламызда бірінші болып 4 эскалатор орнаттық.

Жаңа талаптарға сәйкес, өрт сөндірудің автоматтандырылған жүйесін іске қостық. Бұл 2002-2003 жылдары жүзеге асырылды. Жаңадан бой көтеретін нысандарды да осы жүйемен қамтамасыз етуге басымдық беріп келеміз. Жаңадан су сорғыштарын орнаттық. Сонымен қатар, барлық сауда орындарын ауаны алмастырып, салқындататын қондырғылармен қамтамасыз еттік. Осының барлығы ауқымды жұмыстар. Бұл кешенді шараларды кез келген ғимарат иесі жүзеге асыруы тиіс. Себебі, талап күшті және ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі бірінші сатыда тұруы керек. Автоматтандырылған жүйені қаламыздағы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өрт сөндіру қызметі жылына екі рет тексеріп тұрады. Бұрын жылына бір-ақ рет тексеретін. Сол жұмыстардың нәтижесі бойынша арнайы қорытынды шығарылады. Қазір нәтиже жаман емес. Жылда талаптарды орындап, өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеміз. Жалпы ғимараттағы нженерлік инфрақұрылым – сауда орталығын одан әрі дамытудың іргетасы деп айтар едім. Себебі, орталықтың іші-сырты жайнап тұрғанымен, оның осындай күрделі жүйесі жөнге қойылмай жұмыстың алға басуын дөп басып айту қиын.

Биылғы жетістіктердің бірі – Шугаев көшесіне тиеслі сауда орындарының орнына жабық павильон салдық. Іші жарық, заманауи үлгіде бой көтерді. Қазір онда 88 бутик бар. Жазда ішінде желдеткіш жұмыс істейді, қыста жылу беріледі. Сонымен қатар, екінші қабатына тауарларды сақтайтын 42 орын қосымша салып бердік.

— Қауіпсіздік шараларына қатысты жұмыстардан кәсіпкерлер де шет қалмайтын шығар?

— Әрине, сауда жасап тұрған әр кәсіпкерде өзінің жеке өрт сөндіргіш баллоны болады. Бұл құралдың бар-жоғын біз өз тарапымыздан айына бір рет тексеріп тұрамыз. Бұдан басқа әр қабатта бірнеше өрт сөндіруге арналған құралдар сақталған жәшіктер бар. Осы жерде айта кететін бір жәйт, қызыл жалынды ауыздықтау үшін өрт сөндіретін көліктердің аумаққа кіріп-шығуына толықтай жағдай жасалу керек. Әйтпегенде өрт ошағының аумағы тез ұлғайып, соңы үлкен апаттарға әкеп соғатындығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып жарты жылда бір рет оқу-жаттығуларды өткізіп тұрамыз. Өрт сөндіру қызметі сол шаралардың аясында көліктердің кіріп-шығу уақыт анықтайды, өрт сөндіру гидранттарын тексереді. Соңғы оқу-жаттығулардың барлығы сәтті өтті. Тиісті органдар тарапынан ешқандай ескерту болған жоқ.

Кәсіпкерлерден бөлек, ұжымда техникалық қауіпсіздік шараларын қатаң бақылаймыз. Тоқсан сайын жоспарлы түрде нұсқамалық жұмыстар жүргіземіз.

— «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қандай да бір оқыс оқиға бола қалса сауда орталығы ішіндегі адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, яғни эвакуациялау дейміз ғой, сол бағыттағы дайындық жұмыстары қалай?

— Мұндай жағдайларда адамдардың жылдам сыртқа шығуына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда ғимаратта 11 есік бар. Мұның сыртында айналмалы 4 есік те жұмыс істеп тұр. Автобекет жақтағы 3 қабатты ғимараттың 3-ші қабатынан бірден сыртқа шығатын тағы бір есік бар. Ол талапқа сай жасалып отыр.

— Ғимаратты электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталсаңыз.

— Қазір бұрынғы электр шамдарын қуат үнемдегіш әрі қауіпсіз шамдарға ауыстыру жұмыстарын аяқтап қалдық. Бұл бағыттағы жұмыстардың 95 пайызы жүзеге асырылды. Бұрынғы электр шамдары құрамында сынабы бар шамдар болған. Біріншіден, олар адам денсаулығына қауіпті, екіншіден электр қуатын көп шығындайды. Ал ескі шамдарды қоқысқа тастауға болмайды. Сондықтан, талап бойынша арнайы жерге апарып залалсыздандырамыз.

— Асхат Қабдышейітұлы, бүгінгі таңда шаһарларда ғимараттар жанында көлік қоятын орындардың болмауы өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Бұл жағдай сіздерде қалай?

— Қазір көлік қоятын орын жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, инженерлік инфрақұрылымға қатысты шаруаларды заман талабына сай жүзеге асырып келеміз. Ғимарат жаңарған сайын, қызмет те оңтайланып келеді. Сондықтан жетістіктерді еселеп, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау үшін әлі де аянбай тер төгеміз деген ойдамын.

— Кешенді жоспарларыңыз жүзеге аса берсін, рахмет!

«АҚШЫҢ»: ШИРЕК ҒАСЫРДАҒЫ ШАРЫҚТАУ