Еңбек ету дегеніміз – өзіңнің өскеніңді, шексіз бақыттылығыңды сезіну.
Джузеппе Верди
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ ҚАЗЫҒЫ
Ұжым – отбасы секілді, бірлігі болмаса – берекесі кетеді. Күнделікті жұмысқа келіп, өзіне жүктелген міндеттерді лайықты деңгейде әрі абыроймен орындайтын әр маман сол кәсіпорынның немесе мекеменің толыққанды беделін қалыптастырады. Компанияны алға сүйрейтін де ұжымның әр мүшесі. Мекеме қаншалықты қуатты немесе қаржы тұрғысынан бай, техника мен технология жағынан озық болса да, оның жетістігі осында жұмыс істейтін кадрға байланысты. Ал әр маманның артында отбасы тұрады. Сондықтан, қажетті мамандарды бағалау мен оларды жан-жақты қолдау, моральдік немесе қаржылай демеу көрсету – басшылықтың негізгі міндеттерінің бірі болса керек. Ұжымда өзінің лайықты бағасын алған қызметкер, яки жұмысшы сол мекеменің гүлденуіне әрі қарай белсенді түрде атсалысады. Бұл – басшылық пен ұжым арасындағы қарым-қатынастың нығаюына, кадрлардың басшылыққа деген сенімін арттырады.
«Ақшың» корпорациясында талай жылдан бері еңбек етіп, бүгінде мол тәжірибе жинақтаған және серіктестіктің дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар жетерлік. Әрқайсысы өз ісінің шебері.