ТӨЛЕГЕНОВА Бибігүл Ахметқызы,
КСРО халық әртісі, Еңбек Ері
ӨРКЕНІҢ ӨССІН, БАУЫРЫМ!
Уақыт шіркін зымырап өтіп, заман өзгеріп дегендей, қазір тәуелсіз Қазақстан өмірінде түрлі жақсылықтар болып жатқаны белгілі. Мен өзім соған өте ризамын. Әйтпесе, мына өмірдің қиындығы бала кезімде маған да оңай тиген жоқ. Олай дейтінім, 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргінде Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген Ахмет Төлегеновтің жазықсыз «халық жауы» атанып, опат болуы біздің отбасымызға талай қиындықтар әкелді. Алайда, Алла тағаланың берген әншілік өнерім мен төккен маңдай тер, еңбегімнің арқасында үлкен абыройға жетіп, ел құрметіне бөленгеніме, әсіресе туған халқымның ыстық пейіл-ниетіне мың да бір рахмет әрі тәуба деймін. Ал енді осындай барлық жақсылықты баршаңызға да тілеймін!
Менің Марат інім, жалпы Семейдегі Құрманбай әулеті маған бірге туғандай болып кеткен жақын жандар. Әдетте тағдыр деген адамдарды бір-бірімен табыстырып, ажыратып жатады емес пе? Ал маған әрдайым бізді табыстырған – әке-аталарымыздың тағдыры секілді болып көрінеді. Мәселе менің әкем Ахмет пен Мараттың атасы Мұханбектің бір Абыралының тумасы болғандығында емес, олардың отызыншы жылдардың сталиндік қанды зардабын бірдей бастан өткерген азапты өмірінде болып отыр. Марат бауырымның атасы Мұханбек Құрманбайұлы да ашаршылық нәубетіне байланысты 1931 жылғы Абыралы көтерілісіне қатысқаны үшін жазаланып, 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста қаза болған екен. Бәлкім, сол себепті болар біздердің алғашқы таныстығымыздан бастап-ақ, бірге туған апалы-інілі жандардай туысқандық өміріміз ұзағынан жалғасып, әлі күнге ара-жігі үзілмей келеді.
Ежелден қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой. Мен де «Еліне елеулі, халқына қалаулы абыройлы азамат болсын!» деген жақсы тілекпен ырымдап, Марат Серікжанұлының немересі Шыңғысханның тұсауын өзім кескен едім. Міне, біздің арамыздағы осындай ізгі туысқандық қарым-қатынасымыз әрқашан үзілмесін!
Марат Серікжанұлы – еліміздегі бизнес саласының көрнекті өкілі әрі белгілі ірі меценат. Мұны жалғыз мен ғана емес, оны жақсы білетін және одан қайырымдылық көмектерді көп көрген жандар жиі айтады. Мысалы, оның Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылы қарсаңында Семейдегі Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу оратлығынан ұлы ақынның мұрасын зерттеуге қатысты бірнеше томдық кітаптың шығуына қомақты материалдық жәрдем тигізгенін жақсы білемін. Сол сияқты Алаш ұлт-азаттық қозғалысының 90 жылдығына байланысты «Қазақстан-Семей» телеарансында «Алаш арыстары» атты деректі телефильмнің түсірілуіне де өз көмегін көрсетуі – үлкен азаматтық іс.
«Жақсыдан — шарапат» дейді дана халқымыз. Өнерді әрдайым осылай жоғары бағалап, жанашырлықпен қарайтын Марат Серікжанұлы Құрманбай жыл сайынғы біздің Қазақстан өнер иелерінің де кең көлемде өткізілетін Халықаралық вокалистер кокурсына демеушілік жасап келеді. Марат бауырымызға «Өркенің өссін!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Жалпы қандай ел болмасын, оның отандық тарихы осындай жеке тұлғалардың өмірінен құралады. Бұл енді ақиқат! Олай болса, аталмыш кітаптың ел игілігіне айналуына шын жүректен тілектеспін! Ақ жол тілеймін!