ОСПАНОВ Рахан Төкенұлы,
Ішкі істер саласының ардагері
Рахан Төкенұлы 1950 жылы 10 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. 1967 жылы аталған шаһардағы №30 орта мектепті бітірген.
1977-1981 жылдары Қарағандыдағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебінде оқыған. Қылмыстық іздестіру қызметінде 30 жыл еңбек етті.
Ішкі істер органының ардагері «Семей базары» ЖШС 2001-2016 жылдар аралығында еңбек етті. Аса жауапты һәм күрделі қызметте жүріп, осындағы «Азамат» күзет агенттігін, одан кейін қауіпсіздік қызметін басқарды. Ішкі істер саласының ардагері, подполковник Рахан Төкенұлы соңына шәкірт ерткен қырағы сақшы деуге болады. Бар ғұмырын Қазақстан Ішкі істер министрлігіндегі адал қызметіне арнаған абыз жан бүгінде құрметті зейнеттік демалыста. Дегенмен, соңынан ерген іні-қарындастарына ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөліскеннен әсте жалыққан емес. Спортты, оның ішінде бокс сынды жекпе-жек түрлерін жаны сүйеді. Көпке сыйлы, құрметті азамат. Жары Әсия Әбенқызымен көпке үлгі болып, Руслан, Әсел, Махамбет есімді ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Мәди есімді немересінің сүйікті атасы.
ҚАТАЛ ТӘРТІП ПЕН КҮШТІ ТАЛАП ДҰРЫС БАҒЫТ КӨРСЕТТІ
Мен қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Асқар әкем мен аяулы анамның тұңғышы болдым. Менен кейін жарық дүниеге келген 9 іні-қарындасыма аға бола біліп, балалықтың бал дәмін бірге таттық. Әке-шешем бәрімізге тәрбие беріп, саналы азамат етіп өсірді. Өзім бала кезімнен тәртіп сақшысы болуды армандадым. Осы сала туралы жазылған әңгіме-повестерді қызыға оқитынмын. Бүлдіршін шақтағы асыл арманның жетегі болса керек, есейе келе Ішкі істер саласына таңдау жасап, ұзақ жылдар еңбек еттім. Бүгінде бір ғасырдан астам тарихы бар қылмыстық іздестіру қызметінің білікті мамандары мемлекетіміздің тыныштығы мен ел азаматтарының қауіпсіздігін сақтай отырып, күн сайын қылмыспен күрес жүргізудің жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Қай кезде болмасын бұл саланың мемлекет үшін маңызы зор болған. Қылмыстық іздестіру қызметінің бүгінгі уәкілі жұмысқа әрқашанда даяр болу, бой тасалап жүрген қылмыскерді іздестіру, ұстау, жасырынып тору секілді темірдей төзім мен кәсіби біліктілікті талап ететін жұмыстың қыр-сырын толық меңгерген. Және осы қызметтің ардагері болғанымды мақтан тұтамын.
Осындай жауапты әрі қауіпті қызметте жүріп, «Семей базары» серіктестігіне 2001 жылы келдім. «Азамат» күзет агенттігінің құрылуына өз үлесімді қостым. Қауіпсіздік қызметін де басқардым.
Осыдан 17-18 жыл бұрын сауда орнында жағдай мүлде басқаша болатын. Залдарда, әсіресе даладағы павильон маңайында қалта ұрлығы дендеп тұрған кез еді. Өзгенің мүлкін қорқытып иемдену немесе қорғаушы болам деп ақша талап ететін рэкет деген пәленің етек алған уақыты болатын. Сан соқтырып кететін алаяқтар да осы кезеңде талайларды зар қақсатып, тапқан тиын-тебендерін иемденіп жүрді. Мұндай қылмыстарға қатысты көптеген мысалдар келтіруге болады, әрине.
Осындай жағымсыз жайттар орын алған тұста, «Ақшыңның» алдында үлкен міндеттер тұрды. Сауда орны жанынан құрылған «Азамат» күзет агенттігі мен қауіпсіздік қызметіне қатал тәртіп пен күшті талап қойылды. Ол тез арада кез-келген құқық бұзушылық пен тәртіп бұзушылыққа тосқауыл қою еді.
Міне, біз сол міндеттерді үлкен абыроймен орындадық. Кешенді іс-шаралардың арқасында қалта ұрлығы мен ақша бопсалағандарды құрықтадық. Елімізден түкпір-түкпірінен, тіпті басқа көршілес елдерден келетін алаяқтарды да біртіндеп жауапкершілікке тарттық.
Қазір «Ақшың» корпорациясының өзі айқындаған бағыты, қалыптасқан темірдей тәртібі мен еңбек жолынадғы дәстүрі бар. Оны ерекше мақтанышпен айтуға болады. Мұның барлығы біз салған сара жолды жалғастырып келе жатқан «Азамат» агенттігі мен қауіпсіздік қызметіндегі жігіттердің еңбегі. Бұл — ағалар ізін інілердің басқаны. Ендігі кезекте жастар алға бастап, қызметті ілгері тартып келеді. Соның нәтижесінде біз салған жол жаңарып келеді, толық ауысып, буын алмасады. Бірақ, мүдде өзгермейді, ол – сауда орнында тәртіп орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қызмет жолындағы сабақтастық деген осы. Жаңашылдықтар мен тың өзгерістерге корпорация басшылғы қашанда қолдау көрсетіп келеді.
Дәл осы тұста «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы жәйлі бір ауыз сөз айтпасқа болмас. Бүгінде аймағымызға мәлім алып корпорацияны басқарап отарған Марат Құрманбай мырза шынымен де талантты адам. Шебер ұйымдастырушы әрі жан-жақты маман. Асқар Алтайдың шың-құздарындай өр тұлғалы, қаз дауысты Қазыбектей тура, бойында атадан біткен, мүмкін бабадан қонған, қара қылды қақ жарған заңғар би-бағланның немесе қазақ маңдаймызға біткен игі жақсылардың қасиеті байқалатын ұрпақтардың жалғасы. Менің ойымша, Марат бауырым — өзінің осындай адамгершілік қасиетін жоғалтпайтын, көпшілдігін сақтайтын, айтқанынан айнымайтын, жүректегі сөзін жасырмайтын, жасаған жақсылығын ел-жұртқа жар салмайтын азаматтардың бірі. Осы асыл мінезімен әлі де талай биіктерге самғары сөзсіз. Соған кәміл сенемін.
Мен корпорацияның 25 жылдығымен ұжым мүшелерін шын жүрегімнен құттықтаймын! Қаймағы бұзылмаған, сүттей ұйыған ұжымның ырысы арта берсін!