НҰРҚАСЫМ Құсмілия Жырғалұлы,
өнертанушы
ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН АЗАМАТ
Адамзат тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі – алып держава Кеңес Одағының ыдырауы. Оның ғажайыбы — империя бір оқсыз құлады. Ешқандай қарудан оқтың атылмауы, менің ойымша, жеке меншіктің болмауы. Егер жекенің меншігі болғанда кешегі ақ патшадан Кеңестік заманға өткен кездегі секілді үлкен қантөгіс орын алып, оның соңы азаматтық соғысқа ұласқан болар еді.
Бүгінгі таңда кейбір ақсақалдарымыз әңгімелесе қалсаңыз, тәуелсіздігіміз аспаннан түскендей ғып айтып отырады. Олай емес. Егемендік біздің ата-бабаларымыздың қанымен келді. Қазақ тарихындағы үш жүз жылдық бодандықта үш жүз көтеріліс болған. Қаншама соғыс, қаншама басқыншылық болды тарихта. Ұлы дала не көрмеді десеңізші. Бәрін бастан өткерді. Аштық, жалаңаштық, қан төгілген шайқастар, бодандық. Ақырында, ата-баба арманы орындалды. Талай уақыт, талай ғасыр армандап, көксеген Тәуелсіздік таңы да арайланып атты. Демек, егемендік — баға жетпес байлығымыз.
Қош делік, егемен ел болғаннан кейін, кеңестік қоғамнан арылып, жаңа қоғам құру мақсаты тұрды. Соның алғашқысы – ұлттық мемлекет құру еді. Жалпы тәуелсіздік ұғымы – кең ұғым. Мәселен, экономикалық тәуелсіздік деген болады. Яғни, мемлекеттің өз қолының өз аузына жетуі деген сөз. Мұндай тәуелсіздікке біз мөлшері 2004-2005 жылдары ие болдық.
Рухани тәуелсіздік деген де бар. Біз бұл жолда әлі де күресіп келеміз. Бұл бағытта бодандықта болған ел үшін деколонизация жасау қажет, ал оны жүзеге асыратын зиялы қауым өкілдері. Осы тұста тілге тиек етпесе болмайды, Сталиннің заманынан бастап министрліктердің, республикалардың, ірі өндіріс ошақтардың басшылығына технократтарды қойған. Себебі, соңғы нәтиже бәріне жауап беру керек. Бүгінгі таңда Елбасымыздың ұстанып отырған саясатының бір тармағы да осы.
Тарихқа көз жүгіртейікші, 1911 жылы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деген кітабы шықты. Ол жай ғана туынды емес, ол — Алаш үкіметін орнатқанға дейінгі ұран. Осы секілді, тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетімізде тұратын халықтың басын біріктіретін, барлығын бір бағытқа бұратын идея керек болды. Нәтижесінде, ең бірінші – экономика, екінші – саясат деген ұранымыз көтерілді. Неге? Социализм құрдымға кеткеннен кейін бүкіл республикамыздағы бір-бірімен байланысқан ірілі-ұсақты өндіріс ошақтарының жібі бырт-бырт үзілді. Тоқаруға тап болды. Келеңсіз жағдай орын алды.
Енді жаңа ғана егемендікке қолы жеткен, бірақ жағдайы мүшкіл елге не істеу керек? Осы тұста Елбасымыздың көрегендігі мен салиқалы саясаты барша қазақстандықтарға жарқын жол ашты. Еш ойланбастан, отандық экономиканы көтеретін, оның тетіктерін жасайтын заңдарды жасақтау қажет болды. Бірақ, бұл міндетті ол кездегі Жоғарғы Кеңес орындай алмады. Сайлау туралы заңнан олқылықтар шықты. Нәтижесінде, Кеңес тарап кетті. Жаңа Парламент жасақталғанша, барлық заңдарды шығару құқығын Президент өзіне алды. Бұрынғы одақтас республикалардың көбінен озып кеткеніміздің бір себебі осы.
Елбасының осы бір ұтымды қадамы елімізді жаңа бағытқа алып шықты. Жалпы экономиканы көтермей, басқа саланы қалыпқа келтіру мүмкін емес. Бұл – уақытпен дәлелденген қағида. Осы аласапыран тұста ұлттық буржуазияны құру деген әңгіме шықты. Яғни, бұрын дүркіреп тұрған, алайда тоқырауға түскен барлық өндіріс ошақтарын жеке меншікке беру деген сөз. Бұл үрдіске ұмтылғандар көп болды. Кеңестік дәуірде колхоз, совхоз, аудандарды басқарғандар рухани саладан алшақтау болды да, көштен қалып қойды.
Ұлттық буржуазия деген ұғым көптің көңіліне жаға бермейді, көпшілік қорқады. Бірақ одан үрейленудің қажеті жоқ. Бұл – тарихи категория, экономикалық категория, әлеуметтік категория. Істі білетін, заман көшінен қалмауды мақсат тұтқан, елі мен жерін ойлаған азаматтар осы ұлтттық буржуазияға жатады. Олар ата-баба дәстүрін сақтаған, тәрбие көрген, бойында патриоттық рухы бар жандар. Өз шаруасын дөңгелетіп, мемлекет қоржынына салық төлей отырып, елдің гүлденуіне үлес қосатын азаматтар. Ол қазақ па, татар ма, орыс па, өзбек пе, маңызды емес. Бастысы — Қазақстанның азаматы.
Осындай елі десе жүрегі елжірейтін азаматтардың бірі – бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған белді кәсіпкер Марат Құрманбай. Іскер жанның бизнеске қалай келгендігі жөнінде мен жақсы біле бермеймін. Бірақ, бұл азаматтың жүрегіме жылу сыйлап, көңілімде жұлдыздай жарқ еткен тұсы – «Шәкәрімтану мәселелері» атты сериялық басылымға қаржылай көмек көрсетіп, меценаттық танытқан кезі болды. Міне, ұлттың қамын ойлау, ертеңіне алаңдау, өткенді түгендеуге қосқан үлес деген осы. Кәсіпкердің бойындағы осы бір қасиет оның қазақ мектебінде оқуы. Әке мен шешенің берген тәрбиесі. Кім біледі, бала кезінде мектеп қабырғасында ақынға қатысты бір ойлар мазалады ма екен, қоршаған орта, сол кездегі ақсақалдардың бір айтқан әңгімелері түрткі болды ма екен, әйтеу үлкен азаматтық танытты. Бұл — Мараттың рухани қазынамызға қосқан қомақты үлесі, туған еліне деген сүйіспеншілігі, пәк, таза махаббаты.
Жалпы патриотизмді көтеретін екі-ақ нәрсе: тарихыңды білу және әдебиетіңді білу. Осыдан барып адам бойында ұлтжандылық пен елжандылық туындайды.
Ащы суға тойып алып, «туған елім-ай», «туған ауылым-ай» деп, оның ағашын құшақтап, топырағына аунап, шаң-шаң болу деген ол құр бос әңгіме. Бос әурешілік, ұят дүние…
Ендігі бір айтатын әңгіме, тарихта Кеңес үкіметіне қарсы 1931-32 жылдары көп көтерілістер болған. Халық ашаршылықтың келе жатқанын әбден ұқты. Үкімет малды тартып алды, неше түрлы салықтар енгізілді, тағысын тағы. Осы кезде Шұбартау, Шыңғыстау, Абыралы көтерілістері орын алды. Қан төгіс болды. Адамдар қырылды.
Кеңестік үкімет — аузынан от шашқан жеті басты айдаһар. Ал біздің қазақтар сол оттың алдына қолдарына таяқ ұстап барды. Мұндай қозғалыстар дархан даламыздың барлық жерінде болды, қазір өкінішке орай көбі айтылмайды, ұмытылып та қалды.
Дегенмен, Абыралы көтерілісінің маңызы мен құрбандардың рухына тағзым ету үшін Марат Құрманбай Абыралы көтерілісіне арнап ескерткіш тұрғызды. Қаншама архивтік құжаттарды тексертіп, қажетті жұмыстарға тарихшыларды тартты. Қажет болса ақшасын да төледі. Бұл – тарихқа деген құрмет. Ата-баба рухына деген тағызым. Міне, нағыз ұлттық патриотизм!
Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Абыралыны шағын академия деп тегін айтпаса керек. Бұл өңірден талай академиктер мен талай ғалымдар шыққан. Әлі де бұл үрдіс жалғасады. Талантты, дарынды жастар із басып келеді.
Кезінде Абыралы өңірін Курчатов қаласына қосу керек деген әңгіме шыққан. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып тұрған кезімде аталған өңірде талай рет болдым. Басқа да әріптестеріммен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты жиындар өткіздік. Бірақ, бізден нәтиже болмады. Сонда мен Марат Құрманбайға «байыдың, кемелдендің, қолыңнан іс келеді, халқың қолдайды. Елің үшін Курчатовқа әкім болып баруың керек» дедім. Мысалы, Аягөз ауданы. Аудан бар, Аягөз қаласы бар. Ертең Курчатов Абыралы ауданына бағынатын болады, жалпы құрылымда солай. «Әкім болсаң, ең алдымен Қайнардың жолын жөнге келтіресің» дегенім де бар. Екінші, Абыралы өңірінде ғылыми потенциялды ген бар. Ондағы дарынды балаларды Курчатовтағы ғылыми орталыққа тартып, мүмкіндіктеріне жол беру керек. Ол жерде 2 мың ғалым отыр. Ұлттың болашағы деген осы. Бізге ешкім сырттан келіп көмектеспейді. Өзімізді өзіміз ойлауымыз қажет. Ертеңгі күні кейбіреулер «ол қалтасы қалың болғаннан кейін әкім болып кетті» деу де мүмкін. Маған десеңіз, бай адам бастық болу керек. Бұл енді уақыт еншісіндегі шаруа, оның жүзеге асуы ешқашан кеш болмайды. Менікі осылай болса деген арман ғана.
…Марат Құрманбайдың талайларға жанашыр болып, қайырымдылық көрсетіп жататындығынан да хабардармыз. Осындайда еске түседі, Тарбағатайдың күнгейіндегі Үржарда Серікқажы Олжабаев деген жырау бар. Өз заманында аудандық газетке апарған өлеңдері кейде өтеді, кейде басылмай жатады екен. Бір күні басы ауырып, базарға барыпты. Бара қалса кезіндегі газет редакторының орынбасары Ахметжан Исағалиев сауда жасап тұр дейді. Тыныш тұрмай, өткен-кеткен қыз-келіншектерді қалжыңмен іліп-қағып тұрғаны тағы бар. Талай ақыл айтып, өлеңдерін сынға алған адам ғой енді. Содан, жырауымыз жанына жетіп барып:
Ей, саудагер!
Диуанаға қайыр бер!
Қайыр берсең, өрің тассын, баи бер!
Бар бермекке, жоқ алмаққа жаралған,
Тым болмаса қара өлеңнің майын бер!
Көрдіңіз бе? Бай түк бермесе де, бай болғаны жақсы. Бірақ, ол бере алмай тұра алмайды. Ал шық бермес Шығайбайлар ұзаққа бармайды. Елге байлығын шашқан, қара халыққа қамқорлығын жасаған, ағайын-туыс, дос-жаранды қанатының астына алған ғана дәулетінің қызығын көреді. Мұндайлардың байлығы берген сайын еселенеді. Марат Құрманбай – осындай дәулетті адам. Кімнің байығысы келмейді? Кез-келген жұмыр басты пенде дәулетті болсам дейді. Ол — әркімнің арманы. Байлық дегенді жер бетінде алып жүру оңай емес, мұндай мүмкіндік немесе қабілет тек мыңның бірінің ғана маңдайына жазылады. Ол үшін арыстаннның жүрегіндей жүрек, батылдық, нық сенім, адамдармен қарым-қатынас жасай алатындай мінез керек. Бұл қасиеттер Мараттың бойында бар. Ал енді мұндай қолы ашық жандарды көре алмайтындар да болды. Бұл – қазақ қанымызға сіңген және ешқашан қашып құтыла алмайтын қасиетіміз. Оған шыдаймыз да, төземіз де…
Жә делік… Бір күні таңертең үйден шықсам, кілең аппақ 50-60 джип көпірге қарай ызғытып барады. «Құдай-ау, не боп қалды?» деген ойда қалдым. Сөйтсем, Қайнарға кіре берісте атом бомбасының құрбандарына арналып орнатылған монументтің ашылуына кетіп бара жатқан қонақтар екен. Айтайын дегенім, сондағы Марат Құрманбайдың ұйымдастырушылық шеберлігі. Жаңағыдай ауқатты азаматтардың басын біріктіре білуі. Бұл да үлкен құбылыс. Меценаттық жауапкершілік.
Жалпы Абыралы деген аудан болған, тарихтан белгілі. Өкінішке орай, қазір жоқ. Бірақ, ауданның аты өшіп қалу керек пе? Мұндайдың кебін киген аудандар жетеді, өз заманында дүркіреді, уақыт өтті, тарап кетті. Қазір ешкім де атын аузына алмайды. Ал Абыралының атын өшірмей, жүректерінде оты бар азаматтар қазір үлкен шараларды жүзеге асырып жатыр. Сол жігіттердің басында тағы да Марат Құрманбай тұр. Қараңыз, шынайы елжандылық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі емес пе? Өскелең ұрпаққа үлгі, мақтауға да жарасады, мадақтауға да жарасады!
Былтыр Балқантаудың баурайында, Сарыарқаның төрінде, Қарқаралы өңіріндегі Егіндібұлақ ауылының маңында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған ұлан-асыр той өтті. Сол дүбірлі тойға Семейден барған делегация арасында мен де болдым. Айтайын дегенім, көз сүйсінетін қазақ даласына жүздеген ақшаңқай киіз үй тігілді. Солардың ішінен «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры тіккен 12 қанатты киіз үй бәрінен биік болып, алыстан мұнарлап тұрды. Бұл кімнің үйі? Құрманбайдың үйі! Семей! Мақтаныш па? Мақтаныш!
Мараттың тағы бір ерекше қасиеті – өнер деп соққан жүрегі. Қазақ маңдайымызға біткен бұлбұлымыз Бибігүл Ахметқызы Төлегенованы туған апайындай құрметтейді. Мен осыған куә болдым, сүйсіндім. Бұл – тек бір әнішіге емес, күллі қалың қазақ өнеріне деген құрмет! Тіпті, Марат — мәдениетті құрметтеудің символы десем де артық айтқандық емес. Оның адамгершілік қасиеттері мен мінезінің қарапайымдылығын мейірімін сезінген жандар, туыстары, қызметтес әріптестері, үзеңгілес достары ерекше толғаныспен айта алады. Бизнесті еш ауырсынбай, абыроймен басқарып, жұрттың ақ алғысын, ризашылығын арқалап отырған ардақты жанға бұдан асқан мәртебе жоқ шығар?! Елі десе ет жүрегі елжірейтін, халқы десе қабырғасы қайысатын, қолы ашық, намысы өткір Марат Құрманбай туралы ойым осындай!
…Қазақта бастық болу қиын, бастықтың жары болу қиын. Бүгінгі заманда бай болу қиын, байдың баласы болу қиын. Жұрт жүріс-тұрысыңды аңдып отырады. Аңдып қана қоймай, кем-кетігіңді түгендеп, қадамыңнан кемшілік табуды көздейді. Осының бәрін арқалап жүру – оңай шаруа емес. Маратқа дәулетің таси берсін, абыройың асқақтап, есімің жақсылықпен қатар жүре берсін дегім келеді. Әумин!