БЕКЕТАЕВ Серікбек Исатайұлы,
«Айсүгір» күзет агенттігі» ЖШС директоры
Серікбек Исатайұлы 1962 жылы 19 қазанда Семей қаласының Жоламан ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. №5 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1980-1982 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеді. Еңбек жолын 1983 жылы М.И. Калинин атындағы ет-консерві комбинатында қарапайым жұмысшы болып бастады.
1986-1996 жылдар аралығында Семей қаласының ішкі істер органдарында қызмет атқарды.
1997-1999 жылдары «Семей базары» серіктестігінде күзеттің аға инспекторы болды.
1999-2003 жылдар аралығында әкімшілік директор лауазымына тағайындалып, сауда мәдениетін қалыптастыру бағытында сүбелі үлес қосты.
2003 жылдан бастап 8 жыл көлемінде осындағы «Азамат» күзет агенттігі» ЖШС басқарған.
Серікбек Бекетаев 2003 жылы Семей қаласының №2 сайлау округі бойынша қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
Білімі жоғары. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. Мамандығы – заңгер. Қазір «Айсүгір» күзет агенттігі» ЖШС директоры. Семей, Курчатов, Шар, Балқаш қалаларында 20-ға жуық нысанға қызмет түрлерін ұсынып, 120 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«АҚШЫҢ» ШЫНЫМЕН ШЫҢДАРДЫ БАҒЫНДЫРДЫ
— Серікбек Исатайұлы, еңбек жолыңыз оқырман қауымға таныс. «Семей базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүзеге асырған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
— Мен «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Серікжанұлы Құрманбаймен бір мектепте, бір сыныпта оқыдым. Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген кезім еді. Бір күні сыныптасым Маратпен кездесіп қалып, ол қалада базар салып жатқанын, алда көп шаруалар тұрғанын айтты. Сосын мені күзетке шақырды. Ол кезде шаһарымызда күзет агенттіктері деген болмаған. Әр мекемеде, кәсіпорында өздерінің шағын ғана күзет қызметі жұмыс істеп тұратын. Осылайша, 1997 жылы осында күзеттің аға инспекторы болып тағайындалдым. Жаңа жұмысты бастағанда полковник қауіпсіздік қызметінің бастығы Егор Мефодийевич Костенко деген азамат болды жанымызда, сол кісінің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, көп нәрсені үйрендік. «Семей базарының» енді ғана жұмысын бастап жатқан кез деп айттым ғой, қазіргідей үлкен ғимараттар жоқ. Құрылыс қызу жүріп жатты. Сондағы басты міндетіміз — базар аумағы мен құрылыс материалдарын күзету болатын. Жұмыссыз жүрген көптеген «тепсе темір үзетін» нар жігіттерді еңбекке тарттық.
— Еңбегіңіздің еленгені болар, араға небәрі 2 жыл салып, әкімшілік директор болып тағайындалыпсыз. Бірінші қандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізуге кірісіп кеттіңіз?
— Басшы болу оңай емес, үлкен жауапкершілік қой. Әу баста, Марат Серікжанұлы «Директорлыққа басқа адам табылғанша өзің боласың, қолыңнан келеді. Артынан күзетіңе қайта барасың» деп қадап айтты. Енді басшылық сенім артып отырғаннан кейін, оны ақтауға тырыстым. Бірден сауда орындарының санын көбейтуге бет бұрдық. Нәтижесінде Аймауытов, Шугаев көшелерінде дүңгіршектер мен контейнерлер қойып, сауда орындарын жаңалай бастадық.
— Осындай жауапты істі атқара жүріп, 2003 жылы қалалық мәслихатқа депутат болыпсыз…
— Иә, дұрыс айтасыз. Депутаттыққа үміткер болып, бақ сынап көруге мұрындық болған тағы да Марат Серікжанұлы болатын. Ондайғы ойы — бірлесе отырып халықтың әлеуметтік мәселелерін бірге шешу, халықтың мұңын тыңдап, құлақ түру екен, артынан ойланып отырсам. Сол кісінің ұсынысымен №2 сайлау округі бойынша сайлауға түстім. Нәтижесінде сайлаушылардың басым көпшілігі мені қолдап, жеңіске жеттім.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, 4 жыл бойы ақылдасып, кеңесіп бірсыпыра мәселелердің басын қайырдық. Жоламан кенті – қаладағы шалғай аудандардың бірі. Мұнда ауыз су — күрмеуі шешілмеген мәселе болатын. Әлі де толықтай жөнге келтірілмей келеді. Бірақ, біз сол кездің өзінде Кирпичный көшесіндегі 50-60 үйге ауыз су тарту бойынша кешенді шараларды жүзеге асырдық. Лениногорск көшесіндегі бірқатар үйлер де тіршілік нәрімен қамтылды. Бұл көшеге жанында орналасқан әскери бөлімшеден құбыр тарттырып, құдық орнатып бердік. Мұндай жұмыстарды Марат Серікжанұлы Шығыс кентінде де жүзеге асырды. Мәслихат отырыстарында көтеріп, әкімшіліктің қолдауымен жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Жоламанда автобус аялдамалары болмай, қыстың сары аязында, жаздың ыстығында халыққа қолайсыз болатын. Бұл жағдайдан хабардар болған «Семей базары» серіктестігінің басшысы Марат Құрманбай қаражат бөлдіріп, бірнеше аялдама орнатып бердік. Бұл да игі істердің бірі болды. Сыныптасым «әрқашан халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөл, орын алған мәселелерін шешусіз қалдырма» деп ақыл айтып отыратын. Атқарылған жұмыстарды қазір халық біледі. Әлі күнге дейін көрген жерлерінде ризашылықтарын білдіріп жатады.
Өзім қалалық мәслихатта депутат болып жүрген кезде есте қалған бір оқиға Елбасының қаламызға жасаған сапарымен байланысты. 2007 жылдың маусым айында шаһарымызға келген мемлекет басшысы қала атауын өзгерту туралы ұсыныс жасады. Елбасы өз сөзінде: «Көшеде «Семей», «Семипалатинск» деп қосарланып жазылыпты. «Абай» яки «Алаш» деп атасақ деген ұсыныс бар. «Семипалатинск» деген сөзді шетел инвесторлары полигонмен байланыстырады. Сондықтан бұл қаланы ендігі жерде тек «Семей» деп атасақ қайтеді? Қалалық мәслихат депутаттары солай деп ұйғарса, тездетіп ұсыныс түсірсін» деді. Депутаттар бірауыздан қолдау білдірдік. Санаулы ғана күндерден кейін Президенттің «Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласын қайта атау туралы» Жарлығы шықты.
— «Ақшың» корпорациясының құрамына кіретін ұжымдардың бірі — «Азамат» күзет агенттігі. Серіктестік құрыларда басы-қасында болған адамдардың бірі өзіңіз. Басқардыңыз да…
— Агенттікті құрардағы басты мақсатымыз – өзімізге тиіслі сауда орталығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Басшылықтың шешімімен сауда орнының дәл ортасынан кең бөлме берілді. Оны қажетті құралдармен жабдықтадық. Қазір мақтанышпен айтуға болады, ол кезде шаһарда алғашқылардың бірі болып «Семей базарының» ғимараттарына ұзын-саны 30-дан астам бейнебақылау камерасын орнаттық. «Көш жүре түзеледі» демекші, лайықты деңдейде жасақталып алғаннан кейін күзет қызметін ұсыну үшін келісім шарт негізінде қаламыздан қосымша нысандар ала бастадық. Уақыт өте Өскемен, Астанаға шықтық. Бүгінгі таңда «Азамат» қарыштап дамып келе жатқан күзет агенттіктерінің бірі. Үлкен сенім артуға болады. Сол жетістіктерді көріп, қуанып отырамын.
— Отбасыңыз жайлы айтсаңыз…
— Жарым Рымғайша Орынбекқызы — «Айсүгір» күзет агенттігінде кадр бөлімінің басшысы. Екі қызым, бір ұлым бар. Айданамыз қазір өзімнің жолымды қуып, көші-қон полициясында қызмет етеді. Айжанымыз — есепші. Екеуі де өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, көпке сыйлы болған азаматшалар деп ойлаймын. Ұлымыз Азанбек қазір №30 мектептің 9 сыныбында оқиды. Спортқа жақын, бокспен, суға шомылумен айналысады. Жетістіктері көңіл қуантады. Сонымен қатар, Айсана, Әбілқайыр есімді тәтті жиен немерелеріміз бар. Солардың қызықтарын қызықтап, амандығын тілеп отырған жайымыз бар.
— Серікбек аға, «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді ғой, ұлыңыздың әке жолын қуып, құқық қорғау саласында, яки өзіңіз секілді күзет агенттіктерінде қызмет еткенін қалар ма едіңіз?
— Бұл дүниеде не тәтті, бала тәтті. Не сүйкімді, не қымбат, не артық деп сұраса, бәріне де бауыр етің балаң десек қателеспейсің. Бала – біздің көзқуанышымыз, жанымызға жылу сыйлайтын, ізімізді жалғастырушы ұрпағымыз. Жарық дүниеге келген сәтінен бастап оған қорған болып, балдай қылықтары, былдырлаған тәп-тәтті тіліне сүйсініп қызықтарына тоймай жатамыз. Жұмыстан шаршап келгенімізде, құшақтап бір иіскегеннің өзі барлығын ұмыттырып жіберердей. Солар ештеңеден таршылық көрмесінші деп, еңбектенумен боласың. Әрине, нағыз бақыт деген осы шығар. Ұл-қыздарымызды ешкімнен кем қылмай оқыттық, жақсы тәрбие бердік деп ойлаймыз. Біз анасы екеуіміз балаларға көбіне еркіндік бердік. Ұлымыз оқушы дедім ғой жаңа. Білімге деген ынта-жігері жаман емес. Қазір технологияның дамыған заманы ғой, сол салаға қызығушылығы басым. Ержете мамандық таңдағанда құқық қорғау саласына барам деп жатса менің қарсылығым жоқ. Жалпы үйдегі бала тәрбиесімен жарым айналысады. Сондықтан, жаман болмайды деп ойлаймын.
Мамандық демекші, кәсіп таңдау – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған селқос қарауға болмайды. Шыны керек, қазіргі кезде жастар мамандықтың мәнсабына да қызығады. Болашақ кәсібіне таңдау жасағанда оның жаңағы беделіне қызығып, аяғында опық жейтін жандар қаншама? Білдей жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломы сандықта жататын жастар да бар. Мұндай жайттар қазір жиілеп барады, жасырары жоқ.
Бір қуантарлығы, бүгінгі таңда мемлекет жастардың тегін білім алуына, жұмысқа орналастыруға көптеген мүмкіндіктер жасап қойды. Мұның бәрі де жастардың сапалы білім алып, саналы қызмет етуіне бағытталған. Елімізде білікті кадрларға деген сұраныстың артуы жыл санап ұлғайып келеді. Осындай мүмкіндіктер барда жастар аянып қалмауы тиіс. Жалпы, мамандықтың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар екені белгілі. Қытай ойшылы Конфуцийдің «Жаның қалайтын істі тап, сол кезде ешқашан жұмыс істемейтін боласың” деген мағыналы сөзі бар. Осыны бағыт ету керек секілді. Балама да осыны айтып отырамын.
— Осындай жуапкершілігі мол, әрі қауіпті жұмыстарда жүріп, әдебиеттен, мәдениеттен қол үзбейтін шығарсыз?
— Жас кезімізде кітапты көп оқыдық. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолынан» көп тағылым алдық. Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды қаламгерлердің шығармаларын сүйіп оқимын. Қазір жасырары жоқ, күйбің тіршіліктің қамымен жүргенде көп бос уақыт та бола бермейді. Дегенмен, мерзімді басылымдарды оқып, елімізде, әлемде не болып жатыр деп, көгілдір экранға көңіл бөліп отырамыз.
— Бүгінде ширек ғасырын атап өтіп жатқан корпорацияда көп жылдар еңбек еттіңіз. Өмір беттеріңізден орын алатын ұжым ғой.
— Әрине, «Семей базары» деп аталатын серіктестікке 30-дан жаңа асқан кезімде келдім. Қиын-қыстау заман болды. Марат Серікжанұлымен бірге бар кедергілерді жеңіп, асуларды бағындырдық. «Ақшың» дегенді естісек, құлағымыз елең ете қалады. Жеткен жетістіктерін естісек, марқайып, қуанып қаламыз. Осының барлығы шынайы тілеулес жандардың бойындағы сезім болса керек. Корпорация басшылығы бүгінгі таңда қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Осының өзі үлкен істердің бастауы. Өркендеп келеді. «Ақшың» шынымен де атына затына сай, биік шыңдарды бағындырды. Осыған тек тілеулеспіз. Ел іргесі аман болсын! Тәуелсіздіктің шын бағасын түсіне білейік! Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабековтың мынандай сөзі бар: «Тыныштықтың, тұтастықтың, егемендіктің қадірі дегеніміз – қолда барда қадірі жоқ қымбат қазыналар. Бұл құндылықтардың қадірін білу үшін біз әуелі бір-біріміздің қадірімізді білуіміз керек… Егемендіктің қадірін ұғу – қолыңа жалауша ұстап алып, күліп-ойнап, парадта жүру емес. Тәуелсіздіктің қадірін білу – тәуелсіз мемлекеттегі әрбір адамның қадірін білу, туысыңның қадірін, уақыттың, еңбектің, өмірдің қадірін білу. Бір-бірімізге шуағымызды шашып, біреудің басына қайғы түссе бөлісуге, көмектесуге атсалысып жүруіміз керек. Жұртқа пайдалы, шарапатты адамдары көбейген елдің тәуелсіздігі баянды, мемлекеті мығым болады». Керемет ой-толғам. Әркімнің бүгінгі жеткен жетістігі – егемендіктің арқасы, елдегі тұрақтылық пен достықтың айнасы. Олай болса, ырысы қайнаған, еңбектің зейнетін көрген «Ақшың» корпорациясының барша ұжымына тек жақсылықтар тілеймін!